6 Байқоңыр қаласындағы мектептерде оқытудың ерекшеліктері
Қазіргі кезде Байқоңыр қаласының мектептері айрықша жағдайда, атап айтқанда, Ресей Федерациясының Білім министрлігіне қарасты мекемелердің басшылығымен жұмыс істеп жатыр. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын оқушылар құрамын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі төмендегі оқу пәндерін қазақ тілінде оқытатын мектептерде Федералдық базистік оқу жоспарының аймақтық компоненті есебінен оқытуды ұсынады:
-
қазақ тілі 1-11-сыныптар;
-
қазақ әдебиеті 5-11-сыныптар;
-
Қазақстан тарихы 5-11-сыныптар;
-
Қазақстан географиясы 8-9-сыныптар.
Жалпы білім беретін басқа оқу пәндері бойынша, мұғалімдер күнтізбелік-тақырыптық жоспарын, сабақ жоспарларын құруда, оқу материалын дайындағанда оқушылардың Қазақстан Республикасының ерекшеліктеріне байланысты танымдық-ақпараттық материалдарымен танысуына, игеруіне мүмкіндік жасаулары тиіс.
7 Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беру ұйымдарында оқытудың ерекшеліктері
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес мемлекет инклюзивті білім беруді іске асыра отырып, даму мүмкіндігі шектеулі азаматтарды білім берудің барлық деңгейлерінде дамуындағы ақаулықты түзету және әлеуметтік бейімдеу, олардың білім алуы үшін арнайы жағдайларымен қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалпы білім беру үдерісінде балаларды біріктіру ұйымдарының қажеттілігін құруға мүмкіндік туғызатын негіздер, өзара байланыстыру ресурстары мен мерзімдері бойынша іс-шаралар кешені қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыратын іс-шаралар жоспарында:
- инклюзивті білім беру үшін жағдайлар туғызатын мектептер үлесін арттыру;
- даму мүмкіндігі шектеулі балалар арасында инклюзивті біліммен қамтылған балалар үлесін арттыру;
- мектептегі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру және білім беру қызметінің сапасын көтеру көрсетілген.
Инклюзивті білім – бұл мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың жалпы білім беру үдерісіне қосылуына, яғни кедергілердің жойылуына және олардың сапалы білім алуына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік бейімделуіне бағытталған білім беру үдерісі.
Төмендегі санаттар бойынша инклюзивті білім алуға жатқызылатын балалар:
- денсаулығында ақауы бар балалар (мүмкіндігі шектеулі балалар, мүгедек балалар);
- қоғамда әлеуметтік бейімделуі қиын балалар (әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-психологиялық төменгі деңгейдегі отбасылардан шыққан девианттық мінез-құлықты балалар);
- мигранттардың, оралмандардың, босқындардың отбасыларынан шыққан балалар.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті сыныптарға қабылдануы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген «Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидаларының» нормативтік нұсқамаларымен айқындалған.
Жалпы білім беретін мектептердің инклюзивті сыныптарындағы оқушылардың саны білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.
Жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде инклюзивті оқыту жалпы білім беру бағдарламалары бойынша МЖМБС-ға сәйкес жүзеге асырылады.
Инклюзивті білім беру мынадай білім беру ұйымдарында ұйымдастырылуы мүмкін: жалпы білім беретін мектеп, шағын жинақты мектеп және тірек мектебі (ресурстық орталық), түзету мекемесіне қарасты жалпы білім беретін мектеп, кешкі мектеп, девианттық мінез-құлықты балаларға арналған білім беру ұйымы, мектеп-интернат, ерекше режимдегі балаларға арналған білім беру ұйымы және аурухана жанындағы мектеп.
Инклюзивті білім беруді іске асыру отбасының белсенді қатысуымен, коррекциялық-педагогикалық және баланың жеке қажеттіліктерін әлеуметтік қолдау мен балалардың жеке ерекшеліктерінің білім алу ортасына бейімделуі және білім алуына қатысты қажеттіліктерін, яғни білім алуға толық жағдайларды жасау жолымен жүзеге асырылады.
Сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету барысында ең әлсіз санаттағы мүмкіндігі шектеулі балалар ерекше назар аударуды қажет етеді.
Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы және оларға психологиялық-педагогикалық, коррекциялық қолдау көрсету:
1) инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беретін мектеп сыныптарында дені сау балалармен бірге даму мүмкіндігі шектеулі балаларды біріктіріп оқыту (инклюзивті сыныптар).
2) жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда жүзеге асырылады.
Инклюзивті білім беретін арнайы сыныптар оқушылардың даму мүмкіндіктерінің бұзылу түрлері бойынша:
- есту қабілеті бұзылған балаларға арналған (ішінара естімейтін, сөйлеу қабілеті қиын, бірақ есту құралының көмегімен сөздік қорын өз бетінше жинақтау мүмкіндігін сақтайтын балалар);
- көру қабілеті бұзылған балаларға арналған (көру өткірлігі ерекше төмендеген нашар көретін 0,05 – 0,5-ке дейін оптикалық түзетілген балалар);
- ауыр тіл кемістігі бар балаларға арналған (ауызша және жазбаша сөйлеу қабілетінің тұрақты бұзылысы бар, яғни сөйлеу тілінің қарым-қатынас қызметі бұзылған балалар);
- тірек-қимыл аппаратында бұзылысы бар балаларға арналған (қимыл-қозғалысының жартылай немесе толық бұзылысы);
- психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балаларға арналған (психикалық дамуының қалыпты жағдайдан ауытқуы, яғни органикалық минималды зақымдары немесе орталық жүйке жүйесінің функционалдық кемшілігі бар, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы әлеуметтік депривация жағдайында болған балалар);
- интеллектісі бұзылған балаларға арналған (танымдық әрекеттерінің тұрақты бұзылыстары, яғни ақыл-ой кемшілігінің жеңіл және орташа түрі) жүзеге асырылады.
Инклюзивті білім беруді іске асыратын ұйымдардағы білім беру үдерісі Қазақстан Республикасында жалпы білім беретін оқу орындарында білім беру үдерісін ұйымдастыру талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.
Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беретін ұйымдар мыналарды қамтамасыз етуі тиіс:
1) барлық балалардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта деңгейлеріндегі сапалы білімге тең қолжетімділігін;
2) барлық оқушылардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған арнайы жағдайларды жасау;
3) «кедергісіз», қолжетімді білім алу ортасын құру;
4) психологиялық-педагогикалық тұрғыда қолдау (білім беру үдерісі жағдайында баланың дамуын қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық тұрғыдағы қолдау), сонымен қатар қозғалысы шектелген мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау;
5) оқу кабинеттерін қазіргі заманғы құралдармен жабдықтау (желілік түрде әрекеттесетін байланыс және коммуникация құралдары, кең жолақты интернет, аудио- және бейнетехника, компьютерлік, мультимедиялық, интерактивтік және зияткерлік жабдықтар), оның ішінде оқушылардың жекелеген білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған көмекші техникалық жабдықтармен және бағдарламалық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету;
6) оқыту және түзете-дамыту үдерістерін, сондай-ақ бейімдеу және модификациялауды ұйымдастыруға арналған білім беру ресурстарын шоғырландыру және оқу материалын оқушылардың білімділік қажеттіліктеріне пайдалану;
7) оқушылардың қоғамда өмір сүруіне әлеуметтік бейімделу іс-шараларын жүзеге асыру, еңбек және басқа өмірлік дағдыларын қалыптастыруын қамтамасыз етуі тиіс.
Инклюзивті білім беретін жалпы орта мектептерде сабақ ерекше білім алу қажеттіліктері бар оқушыларға даралау тұрғысынан қарастырылып өткізіледі.
Тіл мен әдебиет пәндерінің мұғалімі оқушылардың ауызша және жазбаша сөйлеу тіл кемшіліктерін ескеруі керек, сөздердің дұрыс дыбысталу деңгейінің дамуына, сөйлеу тілінің лексикалық-грамматтикалық жағына, байланыстырып сөйлеу ерекшеліктеріне назар аударуы тиіс.
Математика және жаратылыстану пәндерінің мұғалімі интеллектісі бұзылған балалардың танымдық әрекеті мен эмоциялық-ерік саласындағы ерекшеліктерді ескеруі керек, сонымен қатар, психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалардың психофизикалық ерекшеліктері тұрақты түрде назарда ұсталынуы тиіс.
Адам және қоғам білім беру саласына байланысты пәндерінің мұғалімі балаларды қоғамға бейімдеуде және олардың мінез-құлықтарын түзетудегі жақсы, оңтайлы әлеуметтендірушілік және тәрбиелік әлеуеттеріне (әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-психологиялық жағдайы төмен, оралмандар, босқындар, аз ұлттар отбасыларынан шыққан, девиантты мінез-құлықты балалар) сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөлуі керек.
Музыка және бейнелеу өнері пәндерінің мұғалімі тірек-қимыл аппараты және сөйлеу, есту, көру бұзылыстары бар балаларды оқыту үдерісіндегі қиындықтарын, оңтайлы психологиялық-эмоциялық күйге келтіруін дамытуын, ұсақ моторикасын және танымдық іс-әрекетін белсендіруін ескеруі керек.
Технология пәнінің мұғалімі жеке тәсілдерді қолдану және жеңілдетілген тапсырмалар беру арқылы тірек-қимыл аппараты, ПДТ және интеллектісінде бұзылысы бар оқушылардың сенсорикасы (сезімталдығындағы) мен ұсақ моторикасындағы, танымдық әрекетіндегі ерекшеліктерін ескеруі тиіс.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі тірек-қимыл аппаратындағы бұзылыстарын ескеруі, жалпы және ұсақ моторикасына назар аударуы, сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған балалардың денсаулығын нығайту мен дене дамуына арналған арнайы жаттығуларды жоспарлауы керек. Сонымен қатар, сабақ өткізу кезінде есту, көру бұзылыстары бар балалардың ерекшеліктерін ескеру (анық және нақты командалар беру, әрекеттерді арнайы көрсету және т.б.) және емдік дене шынықтыруларды ұйымдастыру қажет.
Арнайы білім беру ұйымдары мен инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында оқу жылының басталуы мен ұзақтығы, каникул күндері республиканың барлық жалпы орта білім беретін мектептерінде іске асырылып жатқан оқу мерзімдеріне сәйкес бекітіледі.
Арнайы білім беру ұйымдары мен инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесі оқуда қиындықтар туғызатын үйде оқытылатын оқушылардың қабілеттілігіне қарай жеке оқу жоспарлары мен жеке оқу бағдарламаларын бекітеді.
Арнайы білім беру ұйымдары мен инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында үйде оқытылатын оқушылардың дамуының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сыныптар бойынша үйде білім алуының Типтік оқу жоспарында көрсетілген сағаттар ауқымында пәндер бойынша білім мазмұны меңгерілуі қамтамасыз етілуі тиіс.
Оқытылатын пәндер тізімі мен үйде білім алудың Типтік оқу жоспарында көрсетілген сағаттар пәндер бойынша ата-аналармен (немесе олардың орнындағы тұлғалармен) келісе отырып бөледі.
Психологиялық-педагогикалық қолдау қызмет жұмысын ұйымдастыру үшін инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдары мен арнайы білім беру ұйымдарының штатында мына мамандар болуы керек: арнайы психолог, логопед, арнайы педагогтар (тифлопедагог, сурдопедагог, олигофренопедагог), емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, әлеуметтік педагог.
Логопед, арнайы психолог, арнайы педагог т.б. мамандары жоқ жалпы білім беретін ұйымдардың инклюзивті сыныптарында оқитын мүмкіндігі шектеулі балалар психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде және оңалту орталықтарында коррекциялық -педагогикалық қолдау ала алады.
Арнайы сыныптарда білім алушылардың психофизикалық денсаулығын сақтауға бағытталған қорғаушы педагогикалық режим қамтамасыз етіледі.
Қорғаушы педагогикалық режим – бұл балаға үйреншікті және қолайлы, денсаулығын сақтауға әсер ететін баланың іс-әрекетіне бағытталған, оның тәртібін анықтайтын, барлық іс-шаралар жоспарланған режим. Қорғаушы педагогикалық режим келесі факторлар арқылы жүзеге асырылады:
- сыныптағы оқушы санының аз болуы (нормативке сәйкес);
- оқушылардың эмоцияналдық-тұлғалық дамуының ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың арнайы әдістерін қолданудың негізінде психологиялық қолайлы жағдай жасау;
- оқушылармен жеке және топтық жұмыс барысында оқу нәтижесінің мониторингі мәліметтерінің негізінде оқу іс-әрекетінің нәтижелі болуын қамтамасыз ету;
- оқу материалының күрделілігі мен көлемінің мөлшерленуіне қарай эмоциялық, психикалық, дене жүктемесін ескеру;
- психологпен арнайы релаксациялық, психотерапиялық сабақтар;
- әр сабақта емдік-түзету іс-шараларын қоса отырып динамикалық үзіліс жүргізу;
- оқушылардың еңбекке қабілеттілігін және қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып оқушының жұмыс орнын, сынып бөлмесін ерекше жабдықтау;
- температура режимін басқару, жалпы мектеп ғимаратының жарықтану талаптарын сақтау.
Мигранттар мен оралмандардың балаларына арналған психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің арнайы бағдарламасы қажетті жағдайда қолдау көрсететін қызмет мамандарымен әзірленеді. Инклюзивті білім берудің мақсаттары мен міндеттеріне тиімді жету мақсатында жалпы білім беретін мектептер оралмандарды бейімдейтін және біріктіретін орталықтармен, кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдейтін орталықтармен, арнайы білім беру ұйымдарымен, сондай-ақ ПМПК, оңалту орталықтары мен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерімен серіктестік ұйымдастырады.
8 Оқу үдерісінде сандық білім беру ресурстарын пайдаланудың әдістемелік ұсынымдары
Ұлттық жобаны іске асыру аясында Электрондық оқытудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - ЭОАЖ) құрылды: білім беру ұйымының порталы, Ұлттық білім берудің деректер базасы (бұдан әрі - ҰБДБ), ішкі корпоративтік портал, электрондық кітапхана, білім беру ұйымдарын басқару жүйесі және электрондық оқытудың басқа да компоненттері.
Аталған Электрондық оқытудың ақпараттық жүйесі https://e.edu.kz. сайтында қолжетімді.
ЭОАЖ-дың маңызды компоненті 7511 сандық білім беру ресурстары (бұдан әрі - СБР) орналастырылған электрондық кітапхана болып табылады. Кейіннен ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген барлық электрондық білім беру контенті, сонымен қатар әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік құралдар, бейнесабақтар, мұғалімдердің авторлық әзірлемелері мен т.б. орналастырылатын болады.
2011 жылдан бастап ЭОЖ-ге 7511 СБР әзірленді және орналастырылды:
- қазақ тілінде оқытатын мектептердің 2-11-сыныптарына арналған қазақ тілі пәні бойынша 1159 СБР;
- 5-11-сыныптарға арналған Қазақстан тарихы бойынша 468 СБР;
- 1-6-сыныптарға арналған математика бойынша 806 СБР;
- 7-11-сыныптарға арналған алгебра бойынша 712 СБР;
- 7-11-сыныптарға арналған геометрия бойынша 600 СБР;
- 7-11-сыныптарға арналған физика бойынша 872 СБР;
- 8-11-сыныптарға арналған химия бойынша 920 СБР.
Сандық білім беру ресурсы – ЭОЖ-на қосылған, мектептерге онлайн режимінде қолжетімді, бір оқу пәнінің нақты тақырыбы бойынша әзірленген сандық форматтағы дидактикалық материалдар.
СБР міндеті – оқытушыны ауыстыру емес, қосымша оқу материалдарын ұсыну, білім мазмұнын ұсынуда жаңа мультимедиалық, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға мүмкіндік беру, оқушының назарын зерделеп отырған құбылыстың ерекшеліктеріне, оны көрнекілік арқылы көрсетуге тоғыстыруды талап ететін оқушылардың назарын оқу тақырыптарының неғұрлым маңызды аспектісіне аудару, сабақтың мазмұнын өмірмен, қоғамның қажеттіліктерімен, оқушылардың жеке өмірлік тәжірибелері және қызығушылықтарымен тығыз байланыстыруды қамтамасыз ету.
Әрбір СБР кіріктірілген кешенді ұсынады және құрамына оқу пәнінің белгілі бір тақырыбы бойынша мультимедиалық түсіндірмелердің элементтері, интерактивтік тапсырмалар мен тест тапсырмалары кіреді. СБР-дің мұндай құрылымы электрондық оқыту жүйесінде оқушылардың өз бетінше белсенді жұмысын қамтамасыз етеді, ал мұғалімге сабақтың әрбір түрі немесе кезеңінің нақты дидактикалық материалдарынан туындайтын оқытуды ұйымдастыру кезінде аталған ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді: жаңа тақырыпты түсіндіруде, материалды бекітуде немесе оның білімді меңгеру дәрежесін тексеру кезінде.
Кәсіби диктордың баяндаған көрнекі көрермендік образдар арқылы теориялық материалдарды анимациялық ұсыну оқушының түрлі сезім мүшелеріне әсер етуін қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде тақырыпты бейнелі түрде қабылдауға әсерін тигізуге, пәнге деген қызығушылығы арттыруға ықпал етеді. Мектеп оқушылары көрнекі анимациялар мен бейнеклиптерді көре отырып, мектеп кабинетінде көрсету мүмкін емес нәрселерді терең танып-біле келе, танысып отырған құбылыстың мән-жайына терең бойлай түседі.
Сабақта анимациялық көрнекіліктер мен бейнероликтерді қолдана отырып жаңа материалды түсіндірудің педагогикалық амалдары мынадай мүмкіндіктер береді: проблемалық жағдаяттарды құру, салыстыру; зерделеп отырған құбылыстың басты белгілерін ажырата білу, белгілі бір дерек пен құбылысқа зейінін шоғырландыру; тірек сөздерді, терминдерді дәптерге конспектілеу, мұғалімнің сұрақтарына жауап беру, бейнеролик мәтінін қайталап айтып беру; оқушылармен әңгімелесу т.б.
Интерактивтік тапсырмалар оқушыларда пәндік білім, білік пен дағдыларды қалыптастыруға арналған, сонымен қатар олардың стандарттық емес есептерді шығара алу, өмірдің әртүрлі салаларында кездесетін проблемалар мен жағдаяттарды шеше алу қабілетін жетілдіреді. Тапсырмалардың түрлі болып келуі оқыту барысында білімді тек меңгеруден сол пән бойынша құзыреттерді қалыптастыруға қарай жүріп отырады, оқушылардың өмірдегі шынайы әрекеттерге шынайылықпен қатыса алмау мүмкіндігін жақсартады. Тәжірибелер оқушының түртпе арқылы басқарып отыратын виртуалды нысандармен түрлі операциялар жасауы арқылы іске асырылады. Бірізділікпен өтілетін нысандардың өзгерулері (геометриялық фигуралардың, зат формаларының, заттардың түстері т.б. өзгеруі) оқушыларға танымдық үдерісте белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай жұмыс оқушыларды шынайы өмірде мұндай тәжірибелерді жасау мүмкіндігі болмайтын жағдайттарда жаратылыстану ғылыми тәжірибелерімен таныстыруға мүмкіндік береді.
СБР-ға жаттығулар орындау, картамен жұмыс жасау, сәйкестіктерді белгілеу, сөйлемдерді толықтыру, кесте құру, сөзжұмбақ, ребус шешу т.б. тапсырмалар енгізілген. Математика, алгебра, геометрия пәндері бойынша СБР-да көптеген жағдайларда оқушыларға әрбір кездейсоқ таңдау бойынша ұсынылатын тапсырмалар базасының маңызы зор. Сол себепті, жауапты есте қалдырудың тек механикалық жаттанды түрінен оқушының саналы есте сақтауына қарай жүру логикасы қалыптасады.
Білімді бақылау автоматтандырылған тестілеу есебінен жүргізіледі, ол оқушылардың білім жетістіктерін объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді. Әрбір тақырып бойынша бақылау сұрақтарының саны оқушылардың жас ерекшелігіне қарай және тестілеуге берілетін уақытқа қарай ауытқып отырады: 1-4-сыныптар үшін – 7 сұрақ, 5-9-сыныптар үшін – 10 сұрақ, 10-11-сыныптар үшін – 15 сұрақ.
Мұғалімдерге көмек ретінде сандық білім беру ресурстарын пайдалану бойынша оқу-әдістемелік құралдары әзірленді:
- электрондық оқыту жүйесімен кіріктірілген оқу үдерісінде математика, алгебра, геометрия, физика, химия пәндері бойынша сандық білім беру ресурстарын пайдалану жөніндегі оқу-әдістемелік құрал;
- пәндер бойынша сандық білім беру ресурстарын қолданушылар нұсқауы;
- ЭОЖ-де «СБР дизайнері» модулін пайдалана отырып авторлық бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтар.
Әдістемелік ұсынымдар ҚР БҒМ сайтында (https://e.edu.kz/98) «Педагогтерге арналған нұсқау» бөліміне, сондай-ақ Ұлттық ақпараттандыру орталығының http://nci.kz сайтына орналастырылған және барлығы да ашық қолжетімді болып табылады. Оқу-әдістемелік құралдардың мақсаты – сабақтың әрбір түрі мен кезеңіндегі нақты дидактикалық міндеттерден туындайтын нақты сабақтарда СБР-ды пайдалану тәжірибесімен таныстыру. Педагогтер ұсынылатын сабақтың сценарийлерін толық не жартылай иемдене алады, ол үшін СБР материалдарын өзінің сабақ жоспарына енгізіп, сабақтың қай кезеңінде қолдануы керектігін алдын ала анықтап алады.
9 Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде балаларға қосымша білім берудің ерекшеліктері
Қазіргі уақытта адамның білімділігі тек арнайы (пәндік) білімдермен анықталмайды, отандық және әлемдік мәдениетте, құндылықтардың заманауи жүйесіндегі бағыт-бағдары бар, қоғамда әлеуметтік белсенді бейімделуге, өмірлік таңдау жасауға, өздігінен білім алуға және жетілуге қабілетті тұлға ретінде жан-жақты дамуына байланысты.
Сондықтан жалпы білім беретін мектептердегі білім беру үдерісі тек нақты бір білімге, біліктіліктер мен дағдыларға ғана бағытталмай, сонымен қатар баланың әртүрлі жоспарлы дамуына, оның шығармашылық мүмкіндіктеріне, қабілеттіліктерін ашуға және адамның жеке даралығына жататын тұлғалық бастамаларына, өздігінен әрекет жасауына, қиялына, өзіндік ерекшелігіне бағытталуы қажет. Мектептің білім беру жүйесі бала тұлғасының жан-жақты дамуын, білім беруді дараландыру мен дифференциациялау проблемаларын шешуді ескермей, білім беруді транцляциялауға бағыттағанға дейін, оқушылардың өзін-өзі анықтауы және өзін-өзі іске асыруы жарияланған ұран қалпында, жеке тұлғаға бағытталған тәсіл – орындалмайтын тапсырма күйінде қалуы мүмкін.
Бүгінгі тәжірибеде адамның білімділігіне қойылатын талаптар базалық білім берумен ғана қанағаттандырылмайтынын көрсетеді. Базалық білім беру адамның бейімділіктерін, қабілеттіліктерін және қызығушылықтарын, оның әлеуметтік және кәсіби өзін-өзі тануын дамытудың негізгі факторы болып табылатын қосымша формалды емес білім беруді қажет етеді.
Республикада алғаш рет негізгі (базалық) және балаларға қосымша білім беру тең құқылы, әрбір баланың тұлғалық және жеке даралық дамуына қажет бірін-бірі өзара толықтыратын компоненттер ретінде қарастырылуда және осыған байланысты бірыңғай білім беру кеңістігін құрайды. Осы жағдайда мектеп білім алушылардың дамуындағы зияткерлік қателіктерді жеңе алады және оларды қоғамда сәтті әлеуметтендіру негізін жасай алады.
Жаңа білім беру стандарттарын енгізу жағдайында балаларға қосымша білім беруді негізгі жалпы білім беру бағдарламаларының құрылымына енгізу өзектілігі мектепте алған білімнің тәжірибелік жағын, біліктілік пен дағдыларын, білім алушылардың танымдық мотивацияларын ынталандыруға жағдай жасайтын жалпы білім берудің вариативтік құрамдас бөлігін күшейту қажеттілігімен байланысты. Қосымша білім беру жағдайында балалар өздерінің шығармашылық әлеуеттерін, заманауи қоғамға бейімделу дағдыларын дамыту және бос уақыттарын толық ұйымдастыру мүмкіндігін алады. Бала тұлғасын «жақын арадағы даму аймағы» ретінде балаларға қосымша білім беру, балалардың қалауларымен қажеттіліктерінің әрқашан ұштасатын, білім беру үдерісін жекелендіруді, мектептің, ауданның, өңірдің білім беру үдерісінде әр балаға жеке білім беру траекториясын жасап шығаруды қамтамасыз ете алады.
Қазіргі кезде жас ұрпақты тәрбиелеуде қосымша білім берудің рөлі ұлғайып келе жатыр. Олардың өмірде өздігінен дамуын қамтамасыз ететін балалардың қабілеттіліктері мен мүмкіндіктерін анықтауға және дамытуға байланысты әлеуметтік проблемаларды шешеді.
Балаларға қосымша білім беру, тұлғаны оқытудан, тәрбиелеуден және шығармашылық дамытудан басқа, әлеуметтік маңызы бар басқа да проблемалар қатарын шеше алады, олар: балалардың бос уақытын қамтуды, олардың өздігінен жетілуін және әлеуметтік бейімделуін, салауатты өмір салтын қалыптастыруды қамтамасыз етеді, бақылаусыздықтың, құқық бұзушылықтың және балалар мен жасөспірімдер арасында бейәлеуметтік көріністердің алдын алады. Балаларға қосымша білім беру негізінде таңдау бойынша сапалы білім беруді қамтамасыз етеді, балалар мен жанұялардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын, жалпы қоғамның сауықтыру проблемаларын шешеді.
Балаларға қосымша білім беру балаға өзінің жеке дара білім алу жолын анықтауға, өзінің қабілеттеріне сәйкес, оқу үлгеріміне қатыссыз, табысқа жету мүмкіндігін береді. Қосымша білім беруде бала сабақтың түрлерін, мазмұнын өзі таңдайды, сәтсіздіктен қорықпайды. Осының барлығы табысқа жетудегі психологиялық ахуал тудырады, бұл өз кезегінде оқу ісіне оң әсерін тигізеді.
Қосымша білім берудің міндеттерін іске асыруда, мектеп, бір жағынан, білім беру стандарттарын меңгерту қажеттілігімен, екінші жағынан, білім беруді ізгілендірудің негізі болып табылатын білім беруді жаңғыртудың маңызды принциптерінің бірі – тұлғаның еркін дамуына жағдай жасау арасындағы барлық қарама-қайшылықтарды шешеді. Гуманистік педагогика баланы жеке дара тұлға ретінде қабылдауға, оның өздігінен дамуы және өзін-өзі анықтау құқығын қорғауға бағытталуымен ерекшеленеді. Қосымша білім беру саласының осы өлшемдерге ең көп жауап беретіндігі анықталды. Мектеп стандарттарын меңгеруге, пәнге бағытталған, базалық білімге қарағанда, ол өзінің мағынасына байланысты тұлағаға бағытталған болып табылады. Тек мектеп қабырғасында білім берудің екі түрінің түйісуі негізінде бөлек бір баланың, сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарының дамуына септігін тигізе алады. Бұл жағдайды түсіну – қосымша білім беруді негізгі білім берумен тең дәрежеде қабылдау жолындағы мектеп педагогтерінің психологиялық бөгеулерді жеңу негізі.
Қосымша білім беру қызметінің негізгі мақсаты балаларға өз ойларын білдіруге, өздігінен дамуға және өзін-өзі анықтауға жағдай жасау. Бұл мақсатты іске асыру үшін білім алушыны объект ретінде қарастырмай, белсенділік, дербестік, коммуникативтілік сияқты жеке қасиеттерді дамытуда мүмкін болып табылатын оқытудың субъектісі ретінде қарастыру қажет.
Балаларға қосымша білім беру жүйесінде білім беру үдерісі нақты өзіне ғана тән сипаттамалық ерекшеліктері бар:
– негізгі оқу уақытынан бос уақытта балалармен іске асырылады, бағыт және қызмет түрлерін таңдау, жыл бойы қызмет сферасын ауыстыру мүмкіндігі болуымен ерекшеленеді;
– еркіндікпен, бастамалармен және барлық қатысушылардың белсенділігімен (балалардың, ата-аналардың, педагогтердің), қатаң реттелмеуімен және қатаң талаптардың жоқтығымен сипатталады;
– білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған танымдық қызығушылықтарын дамытады және білім алушыларға сабақтардың түрлі бағыттары мен түрлерін үйлестіру құқығын береді;
– оның барлық қатысушыларына формалдық емес жайлылық сипатта болады.
Тек білім беру үдерісіне ғана сенім артуға болмайтыны туралы айтатын уақыт туындады, қосымша білім беруді екінші кезекте қабылдау стереотипін артта қалдыру қажет және оның оқытудың, тәрбиелеудің, баланы дамытудың ортақ үдерісіне біріктіре алатын объективті мүмкіндігін түсіну қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |