Кітапхана қорын толықтыруға және оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 6-бабының 1-тармағына сәйкес колледждер үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі оқулықтарды сатып алу және жеткізу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болады.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі шеңберінде бір білім алушыға оқулықтар, оқу-әдістемелік әдебиеттер және оқу құралдарын сатып алуға арналған шығыстар көзделген, олар 5 АЕК-ті құрайды, бұл білім беру ұйымдарына кітапхана қорын жыл сайын жаңартуға мүмкіндік береді.
Облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім Басқармалары көзделген қаражат есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды жүзеге асыратын меншік нысанына қарамастан колледждерде оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу бойынша тоқсан сайын мониторинг жүргізуі қажет.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының көрсеткіштерінің бірі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тілінде оқулықтар әзірлеу болып табылады.
Көрсеткішке қол жеткізу үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын (бұдан әрі - ТжКБ ұйымдары) қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету қажет. Техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыруды қазақ тіліндегі заманауи оқулықтармен, әсіресе арнайы пәндер (модульдер) бойынша қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып табылады.
Қазіргі уақытта кітап индустриясы нарығында арнайы пәндер бойынша отандық баспалар басып шығарған оқулықтар да, қазақ тіліне аударылған шетелдік оқулықтар да бар.
Осыған байланысты, облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім Басқармалары (бұдан әрі-білім Басқармасы) ТжКБ ұйымдарымен және бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктермен бірлесіп (ОӘБ тізбесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 509 бұйрығымен бекітілген) әр оқу орнының сұраныстары мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, қазақ тіліндегі арнайы пәндер (модульдер) бойынша оқулықтар тізбесін айқындау жөнінде тиісті жұмыстар жүргізу қажет.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде білім Басқармалары мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асыратын ТжКБ ұйымдары үшін жыл сайын қазақ тілінде 180 оқулықты сатып алу бойынша жұмысты ұйымдастыруы қажет.
Осылайша, осы көрсеткішті уақтылы орындау үшін білім Басқармалары ағымдағы жылдың 10 қыркүйегіне дейінгі мерзімде аралық ақпаратты және 10 қарашаға дейінгі мерзімде 1-қосымшаға (қазақ тілінде оқулықтар сатып алатын оқу орындарының тізбесі және саны) сәйкес қорытынды ақпаратты ұсынуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |