10.3. Ұлттық шоттар жүйесіндегі негізгі макроэкономикалық
көрсеткіштер және оларды есептеу әдістері
Экономикалық теория ұлттық өндірістің жиынтық көлемі
мен нәтижелерін өлшеу үшін ұлттық шоттар жүйесін және оның
құрамындағы агрегатталған макроэкономикалық көрсеткіштерді
қолданады.
Ұлттық шоттар жүйесі (ҰШЖ) – бұл елдің экономикалық
қызметінің жалпы нәтижелері туралы көрсеткіштерді алу үшін
құрылатын кестелер мен есепшоттар түріндегі өзара байланысқан
статистикалық көрсеткіштердің жүйесі. ҰШЖ-н алғаш рет американ-
дық экономист, Нобель сыйлығының иегері (1901-1985) Саймон
Кузнец жасаған. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап ол
Біріккен Ұлттар Ұйымымен мақұлданып, барлық елдерге стандартты
жүйе ретінде ұсынылды. ҰШЖ-не кіретін әртүрлі көрсеткіштер
ұлттық өндірістің деңгейін белгілі бір уақыт мезетінде өлшей,
экономиканың қызмет етуіне әсер ететін факторларды ашып көрсете
және экономиканың болашақтағы даму үрдістерін анықтай алады,
мемлекеттің экономикалық саясатын қалыптастыруға және оны
жүргізуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, ҰШЖ ұлттық экономиканың
тепе-теңдік жағдайын және оның жағдайына әсер ететін экономика-
лық саясаттың жай-күйін анықтайды. ҰШЖ-де бір жағынан, қолда бар
ресурстардың жалпы көлемі, ал екінші жағынан, сол ресурстардың
қолданылу деңгейі анықталады. Ол экономикалық қатынастарға
қатысушылардың арасындағы жиынтық айырбас операцияларының
тепе-теңдігін көрсетеді.
ҰШЖ құрамында жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) аса маңызды көрсеткіш
болып табылады. ЖІӨ – бұл бір жыл ішінде белгілі бір елдің
территориясында өндірілген соңғы тауарлар мен қызметтердің
нарықтық ақшалай құны. ЖІӨ-ді дұрыс есептеу үшін берілген жылы
өндірілген соңғы тауарлар мен қызметтердің құны есепке алынуы тиіс,
яғни бұл жерде қайта есептеу болмау керек. Бұл соңғы игіліктер үй
шаруашылықтары немесе фирмалар шеңберінде тұтынылады және
аралық өнімдерге қарағанда қайта өңдеуге қатыспайды. Мысалы,
азық-түлік тауарлары, кір жуғыш машиналар, шаштараз қызметі, т.б.
Ал осылармен салыстырғанда, мәселен, нан зауытының нан пісіру
үшін сатып алатын ұн өнімі аралық өнім болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |