Оқулық «Мәдениеттану»


Эллинизм дәуірінің мәдениеті (б.з.д



бет24/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   57
Мадениет тану экзамен

Эллинизм дәуірінің мәдениеті (б.з.д. IV г. аяғы- б.з. .)

Эллинизм — ертедегі грек құлиеленушілік қоғамның соңғы, аяқталған кезеңі болды. Грекия тарихындағы бұл тарихи кезең Александр Македонскийдің (б.з.д. 356-323 ж.) бүкіл Грекияны жаулап алуымен тығыз байланысты болды. Ол он жыл ішінде, б.з.д. 334 жылдан 324 ж. дейін, Кіші Азия жағалауынан Үндістан шекараларына дейін, Қара теңізден араб сахараларына дейінгі ұланғайыр жерді басып алды. Ежелгі дүниеде дәл осындай орасан зор мемелекет ешуақытта да болып көрмеген болатын. Сөйтіп, грек мәдениеті тарихында эллинизм кезеңі басталды. Бұл дәуір Александр Македонский державасының барлық жерінде грек мәдениетінің таралу дәуірі болды, яғни бұл кезеңді Шығыс және Батыс елдері мәдениетінің тоғысу кезеңі десек те қателеспеген болар едік. Өздерін парсы билеушілерінен азат еткені үшін Египет абыздары Александрды күн құдайы Амонның перзенті деп жариялады. Ал Александр өзін Македонияда да, Грекияда да құдай деп санауға әмір берді. Ұлы Александрдың бұл зор мемлекеттің құрылымында грек мәдениеті жетекші орында болды. Барлық заманның дерлік ең ірі қолбасшысы және жиһангері ретінде даңққа бөленген, ұлы Александр отыз үш жасында дүние салды. Ол өлгеннен кейін (б.з.д. 323 ж.) бұл империя ыдырап, бірнеше патшалық династиялар құрылды.

Сауданың қаулап өсуі, әсіресе Шығыста жаңа қалалардың дүниеге келуіне зор ықпал етті. Мысырдағы Александрия, Сириядағы Антохия мен Кіші Азиядағы Перғам эллиндік елдердің мәдени орталықтарына айналды. Шығыс елдерінде грек қалаларының пайда болуы Мысыр мен Вавилонның мәдени мұрасымен, ғылыми жетістіктерімен гректердің кеңірек танысуына даңғыл жол ашса, ал өз кезегінде жаулап алынған халықтар грек мәдениетін қабылдады. Сөйтіп, Грекияның сан ғасырлар бойы жинақталған мәдени жемістерінің шығыс өркениетімен өзара ұштасуының зор тарихи маңызы болды. Эллинизм дәуіріне дейінгі кезеңдердің өзінде-ақ шығыс елдерін аралаған грек көпестері мен теңізшілері пирамидалар мен храмдардың аса қомақтылығына, патша сарайларының сән-салтанатына, дарынды шеберлердің қолынан шыққан монументтік мүсіндер мен әсем етіп салынған қабырғалық өрнектерге таң-тамаша қалатын. Өз кезегінде Грек қалаларының бай құлиеленушілері Шығыс шеберлерінің аса сәнді маталарын, металдан жасалынған көркем бұйымдарын да жоғары бағалаған. Одан қалды гректерді Ежелгі Шығыс халықтарының діни ұғымдарынан туған мифологиялық туындылары да барынша баурап алды, тіпті эллиндік мифологияға ұқсас нышандар да табылды. Мысыр мен Алдыңғы Азия өнерінің сәндік өрнектеріне еліктеу ою-өрнектерді тандаған кездерде айқын сезілді. Ежелгі Шығыс мифологиясы бейнелерінің ықпалымен архаикалық құмыра өрнектеу өнерінде арыстан денеді, әйел басты, құс қанатты сфинкстер, қанатты жылан, құйрықты дию-пері адамдар, бүркіт басты, қанатты арыстандар-грифондар, өлгендердің аруағы болып есептелінетін адам басты құстар - сиреналар және т.б. пайда болды.

Сонымен Шығыстың ежелгі мәдениетімен жанасу жағдайында грек мәдениеті жаңа сатыға көтерілді. Жаңа мемлекеттер өзінің күш-қуатын орнықтыру мақсатында бұрын-сонды болып көрмеген көлемде қалалар салу ісін қолға алды. Ел билеушілері өз сарайларының сән-салтанатына ерекше мән берді және өз үстемдіктері мен даңқын арттыру үшін өз маңына өнер мен ғылым өкілдерін топтастырып, өз сарайларын мәдени орталыққа айналдыруға барынша күш салды. Жер-жерден жиналған ірі ғалымдар мемлекет есебінен ғылыми жұмыстар жүргізді. Сондай ғалымдардың, өнер адамдарының ең көп шоғырланған жерлерінің бірі - Александриядағы патша сарайындағы ғылыми орталық болып саналатын Мусейон болды. Бүгінгі «музей» сөзінің шығу тегі осы муза ордасымен сабақтас. Мұнда Архимел, Эвклид сияқты талай ғұлама адамдар ғылыми жұмыстармен айналысты. Муздар храмы тез арада халықаралық академияға, ірі ғылыми мәдени орталыққа айналды. Бұл дәуірдегі ғылыми жаңалықтардың басым көпшілігін Александрия ғалымдары ашты. Мысалы, Эвклид геометрияның бастауы туралы еңбек жазды, Гиппарх іргеді жұлдыз каталогын құрастырды, географ Эратосфен жер шеңберін біршама дәл анықтады, астроном Аристрих Самоский тұңғыш рет жер мен планеталар күнді айналады деген данышпандық болжам айтты. Ең бастысы - Александрияда дүние жүзіндегі кітаптардың басым көпшілігі шығарылды, дәлірек айтқанда, ғылымның барлық саласынан шығармалар жинақталған 700 мың папирус орамы бар әйгілі кітапхана орналасты.

Біздің ойымызша, эллинизм өнерін бірыңғай тұтас өнер деп қарастыруға болмас. Өйткені, бұл дәуірде Александрияда, Пергамда, Грекияда, Родос аралында, Сирия қалаларында дербес өнер дәстүрлері болды. Бірақ оған қарамастан сәулет, мүсін және сурет өнерлері бүкіл орасан зор эллиндік дүниеле гүлдене берді.

Б.з.д. II ғ. өмір сүрген атақты мүсінші Александр (Агесандр)-дың қолынан шыққан Париждегі Лувр музейінің мақтанышы «Милос Венерасы» деген атпен тарихқа енген Афродитаның мүсіні қазір бүкіл дүние жүзіне белгілі болып отыр. Бұл мүсіннің өн бойында грек өнерінің ғасырлар бойғы үздік жетістіктері ғажайып үндестік тапқан. Махаббат құдайының бұл сырлы бейнесі өзінің маңғаздылығымен де, нәзіктігімен де көрген адамды бірден баурап алады.

Әлемнің жеті ғажайыптарының қатарындағы «Александрия шырағы» эллинистік дүниенің сауда жолдарының орталығымен қатар, эллинизм мәдениетінің ордасы болғандықтан «Жаңа Афины» деген атаққа ие болған Александрияда тұрғызылды. Бұл жағдай эллинизм дәуіріне біртұтас жобамен салынған алғашқы қалалардың бірі болып саналатын Александрияның даңқын одан әрі арттыра түсті. Шырақ биіктігі 120 метрлік, үш қабатты мұнара сияқтанып салынды, ұшар басында теңіз әміршісі Пассейдонның қола мүсіні орналастырылды. Шырақтың айналып тұратын жүйесі күмбезде жанған оттың жарығын одан әрі күшейте түскен, соның арқасында от 60 шақырым жерден көрінетін болған. Шырақ Александрияның әрі бекінісі, әрі қарауыл мұнарасы болған, мұнараға астрономиялық жабдықтар, желбағар (флюгер), сағат орнатылған. Рим империясы құлағаннан кейін шырақ төңірегіне жарық шашуын тоқтатты, ең соңында жер сілкінісінен күйреді. Көне шырақтың қалдықтарын кейіннен түріктер бекіністер салуға пайдаланған, ол бекіністі қазіргі уақытта да көруге болады.

Грек өнерінің соңғы айтулы мәдени ескерткішінщ бірі — Троялық абыз Лаокоон мен оның балаларының апат болуын бейнелейтін мүсіндер тобы. Бұл таңғажайып өнер туындысын жасаушылар родостық шеберлер — Агесандр, Полидор және Афанодор болды. Мүсін сюжеті Трояның күйреуі жөніндегі аңыз-хикаядан алынған.

Эллинизм дәуірінде дін саласында жаңа құбылыстар байқалды. Солардың бірі кейбір ежелгі шығыс елдеріне тән, патшаны құдай дәрежесінде мадақтауға негізделген - монархтарға табынушылық болды. Патшалық етуші монархтар мен олардың әйелдері құдайлар деп танылып, оларға құдайлардай сый-құрмет көрсетіліп, храмдар салынды. Эллинистік діннің екінші бір белгісі — «Тағдырға табынушылық» адамдарға үстемдік етуші табиғат пен қоғамның сұрапыл күштері жайындағы гректердің ескілікті ұғымдарымен байланысты өмірге келді. Бірақ эллинистік дінге ерекше тән қасиет — синкретизм еді (гректік және шығыстың діни ұғымдарының түрлі элементтерінің өзара араласып кетуі).

Қорыта келгенде, ежелгі грек мәдениетінің шұғыласы антика өркениетінен анағұрлым кеш пайда болып, ғасырлар бойы өз сәулесін түсіріп келеді. Б.з.д. IV ғ. пайда болған эллинистік мемлекеттер көп уақыт өмір сүрген жоқ, өйткені б.з.д. ІІ-І ғ. өзінде-ақ олардың көпшілігін құлиеленушілік Римнің қалың қолы жаулап алды. Дәл осы тұстан бастап қазіргі Италия мемлекетінің жері көне мәдениеттің орталығына айналды. Сөйтіп антика өнерінің жаңа тарауы болып есептелетін Ежелгі Рим мәдениеті басталды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет