Оқулық «Мәдениеттану»


Империя дәуіріндегі Римнін, мәдениеті



бет27/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   57
Мадениет тану экзамен

Империя дәуіріндегі Римнін, мәдениеті (IIV ғасырлар)

Б.з.д. 31 жылдан бастап Римнің тарихында жаңа тарихи белес — империя тарихы басталды. Рим мемлекеті Жерорта теңізі аймақтарын, солтүстік Африканы, Еуропаның біраз бөлігін және т.б. жерлерді қамтыған ұлы империяға айналды. Ұзаққа созылған қанды шайқастардан кейін ұлы Цезардың жиен немересі Август (б.з.д. 63 - 14 ж.) империяның негізін қалады, сөйтіп мемлекеттегі барлық өте маңызды лауазымдар (консул, трибун, мәртебелі абыз және т.б.) бір ғана императордың қолына жинақталған саяси құрылымды алғаш рет орнықтырды. Ең бастысы — ол Римнің гүлденіп, көркеюіне айрықша үлес қосты. Ежелгі заманның жазушылары Август кірпіштен қаланған Римді қабылдап алып, оны мермәрдан салып кетті деп тегіннен-тегін жазбаған болар. Витрубийдің сөзіне қарағанда, Август «империя айбынын ғаламат қоғамдық ғимараттар салумен арттыра түсуді» ойлаған. Ұлы қала мен ұлы империяны көркейтіп, мәдени жағынан гүлдендіру әйгілі Рим әміршісінің басты мақсаты болатын. Олай болса, мәдениет үшін грек тарихында Перикл заманы қандай мәнге ие болса, Рим тарихында Август заманы да сондай мәнге ие болды.

Шындығында да, Август заманы — мәдениеттің гүлдену заманы болды. Римнің ұлылығын мадақтау идеясы — I—IV ғасырлардағы империя дәуірінде салынған сәулет өнерінің алып ескерткіштерінде аса айқын көрініс тапты. Август болса ғасыр бастауында «Әлем әміршісі» атанған халықтың талғамына сай қоғамдық ғимараттарды өте көп салдырды. Аполлон ғибадатханасы салынып, Юпитерге арналып храм тұрғызылды. Бүкіл қаланы округтер мен кварталдарға бөлді. Су тасқынын болдырмау үшін Тибрдің арнасын тазартып, кеңейттірді, ол орасан зор тоғыз аквелук императорлық Римді сумен қамтамасыз етіп тұрды. Мемлекет игілігі үшін жасалынып жатқан дәл осындай пайдалы жұмыстар жөнінде Рим жазушысы Юлий Фронтин былай деп сүйсіне жазды: «Тас сеңгірлерді Египеттің пайдасы жоқ пирамидаларымен немесе гректердің даңқы жер жарған, бірақ салтанат үшін салынған құрылыстарымен салыстыруға болмайды».

Империя қалаларында бірнеше қабатты үйлер, соттар мәжілісі өтетін, сауда-саттық жүргізілетін, ұзына бойына колонналар қатарымен бөлінген «базиликалар» деп аталатын портиктер, гладиаторлар шайқасына арналған ондаған мың адам сыйып кететін орасан зор амфитеатрлар, жүзу бассейндері, дене шынықтыру жаттығуларына арналған алаңдар, бай кітапханалар, моншалар және т.б. барған сайын көбейе берді.

Империя заманында императорлар гладиаторлар шайқасы үшін орасан зор амфитеатрлар салғызды. Солардың ішіндегі ең ірісі Римде б. ғ-дың 75—80 жылдары және орта ғасырларда салынған Колизей (колоссеум алып деген латын сөзінен шыққан). Колизейдің биіктігі 50 м, қабырғасы сирек тас (травертин) блоктарынан қаланған. Күмбезді арқаларының үш қабаты қабырғаның ішкі жағындағы алып бағаналарға тірелген. Колизей дәл есептермен ойластырылып салынған. Қабырға ярустарына амфитеатр ішіндегі орындықтар белдігі сәйкес келеді. Колизей ортасында гладиаторлар шайқасы үшін аңдар қуып шығарылатын алаң бар. Оның ағаш еленіне құм төсегендіктен, алаң осылай — латынша «арена» сөзімен аталып кеткен. Арена астында андарға арналған тор мен жараланған, не өлген гладиаторлар үшін арнайы бөлмелер мен су құбыры болған. Аренаға теңіз шайқастарын көрсету мақсатында су толтырылатын. Арена аумағы бірден үш мың жұп гладиатор кіргізуге мүмкіндік берген. Аренаның үстінде сенаторларға арналған мәрмәрдан салынған кең алаң-подиум тұратын, ал арнайы ложада император отыратын. Колизей 50 мың адам сиятындай етіп салынды. Рим ақыны Марциал оны әлемнің ғаламаты деп санады.

Колизей құрылысының негізін арқалар мен итарқа күмбез құрайды. Грекия сәулет өнеріне колонналар қандай тән болса, Рим сәулет өнеріне бұлар да сондай жарасымды.

Ғалымдардың пікірінше, Римнің сәулет өнерінің екінші бір көрнекті үлгісі – 120-125 жылдары император Андрианның (б.з.д. II ғ. басы) тұсында салынған таңғажайып ғимарат Пантеон болып саналады. Бұл ғимараттың аты грек тілінен аударғанда «барлық құдайлардың храмы» деген мағынаны береді. Пантеон - көлемі жағынан алып қарағанда ең ірі римдік күмбезді храм.

Антика дүниесі мәдениетінің тарихында мұндай зор күмбезді храмдар салынбаған, ал осы орасан зор күмбездің диаметрі 43,2 м, ал биіктігі 42,7 м, яғни бір-бірімен шамалас. Осыншама алып ғимаратгы ұстап тұру үшін қалындығы алты метрден астам (6,2 м) шомбал қабырғалар салынған. Пантеонның сырты ақ сылақпен ақталып, күмбездің өзі алтынмен қапталған, қола сырмен жылтыратылған. Храмның еленіне мәрмәр тақта төселген, қабырғасы екі қабатқа бөлінген. Күмбез ішкі жағынан қарағанда аумаған жарты шар тәріздес, оның ортасындағы 9 метрлік тесік — әйгілі «Пантеон терезесінен» храмға жарық сәуле түсіріп тұрады.

Күмбезді ғимараттардың қайталанбас үлгісі болып табылатын бұл теңдесі жоқ әсем ғимараттың авторы Адрианның бас сәулетшісі Дамаскіден шыққан грек Аполлодор болды. Әрине, империя дәуірінде салынған көптеген тамаша мәдени ескерткіштер жасаушылардың көпшілігі гректер немесе шығыстан шыққандар болғаны өнер тарихынан белгілі. Тіпті «Отан әкесі» деп атанған айтулы шешен Цицеронның өзі де вилласын салуды грекке тапсырған екен. Алайда римдіктерге арнап салынған мұндай салтанатты ғимараттар авторлары гректер болғанымен, олар рим сәулет өнеріне тән нақышпен салынғандықтан, рим сәулет өнерінің туындылары болып саналады. Шындығында да, сәулетшінің ұлты кім болғанына қарамастан, Римнің сәулет өнері тек жаңа даму жолындағы Римге төн мәдени міндеттерді ғана шешіп, римдік құрылыс өнерінің мән-мағынасын айқындап отырды. Өзінің гүлдену шегіне жеткен римдік сәулет өнерінің техникалық және композициялық-көркемдік жаңалықтары дүниежүзілік сәулет өнерінің тарихынан басты орын алуы заңды мәдени құбылыс болып саналады, өйткені Рим құрылысшыларының мол тәжірибесін еуропалықтар IX ғ. дейін пайдаланып келді.

Римнің дүниежүзілік мәдениетке қосқан үлесі туралы сөз қозғалғанда империя дәуіріндегі бейнелеу өнері саласындағы аса көрнекті жетістігі — мүсіндік портрет болғандығын ерекше атап өтуіміз қажет. Ғалымдар бұл жанр саласындагы ұлы жетістікті «тек Рим ғана портреттік мүсіннің ұлы дәуірін жасай алды» деп тегіннен-тегін бағаламаса керек. Шындығында да, дүниежүзілік өнер тарихында римдік портрет шынайы өмір шындығы мен адамның қайталанбас даралығын реалистік тұрғыдан бейнелеуімен ерекшеленеді. Римнің портреттік жанр туындылары арқылы ежелгі Римнің рухын сезініп қана қоймай, сол дәуірдің қарама-қайшылықтарынан да хабардар боламыз. Мұндай көңіл-күйді Герцен былай тамаша сипаттады: «Римнің бүкіл құлау тарихы бұл арада қас-қабақтармен, маңдайлармен, еріндермен бейнеленген».

Республикалық құрылыс құлап, империя орнатылған кезден бастап-ақ Рим әдебиеті мен өнерінің алдында императорды мадақтап, оның үстемділігін дәріптеу — мәдениет саласындағы басты міндетке айналды. Грек мүсін өнерінің ықпалымен қалыптасқан мұндай дәріптеу бағыты портреттік өнерде де сақталып қалды. Алайда, римдік мүсіндік портреттің стилі сол дәуірдің тынысына сай қалыптасқан жалпы түсінік-түйсіктермен бірге өзгерістерге де ұшырап отырды. Құдайға балауға дейін жеткен әсірелеумен қатар, тарихи шыншылдық, барынша өткір реализм, психологиялық тереңдік портреттік стильді одан әрі нәрлендіре түсті.

Тарихтан Рим империясын 96-192 жылдар аралығында Антонидтер әулеті басқарғандығы белгілі. Солардың ішінде әлемнің ойшыл алыптарының бірі «Өзіме айтарым» деген тамаша туындысымен белгілі болған император Марк Аврелийдің (161-180 жылдары билік жүргізген) атақты атты мүсініне назар аударайықшы. Осы дәуірдің ең тандаулы мәдени ескерткіштерінің қатарынан орын алатын қоладан құйылған бұл мүсіннен — өзінің өмірлік қағидаларға толы жазбаларында стоицизмді, адам бойындағы даналық — адамгершілік қасиеттерді уағыздаған, жан жүрегі мейірбандыққа толы ақылгөй «философтың» әсерлі бейнесін көреміз. Тарихшылар «таққа отырған философ» деп атаған бұл мүсіннен императордың парасат-мәдениетінің жоғарылығы одан сайын айқындала түскен, яғни айналадағы өмір шындығының қайшылықтарын айқын сезініп, одан алшақтау кетуге тырысқан, өзіндік ой-толғаныстарына беріліп, қиял дүниесіне шомуға тырысқан адамның көңіл-күйі айқын сезіледі. Шындығында да император «Өзіме айтарым» атты еңбегінде «Адам өмірі — қас қағым сәт, оның мәні —. мәңгілік ағыс, түйсігі бұлдыр, бүкіл төні опасыз, жаны — тұрлаусыз, тағдыры — жұмбақ, даңқы — алдамшы», — деп толғана жазады. Империяның орнауы Римнің саяси өмірінде келеңсіз көріністердің белең асуына әкеліп соққы. Билеушілер тарапынан болған зорлық-зомбылыққа қарсылықтың бәрі де аяусыз басып тасталып отырды. Рим ақсүйектері сәулетті сарайларда сауық-сайран салуды машыққа айналдырып, тойлар мен асыл бұйымдарға қыруар қаржы жұмсады. Мұндай ұшан-теңіз ысырап пен думанды бейқам тіршілік императорлық Римді сорақы азғындықтарға әкеліп соқты. Осы кезеңде қалыптасқан мән-жайды атақты сықақшы Ювенал ашына былай деп сипаттады: «Сән-салтанат бізді соғыстан да сұмдық титықтаттың». Міне, осындай сындарлы кезенде Август дәуірінің дәріптеушілік бағытынан портреттік реалистік дәстүрлерге аяқ басу құбылысы байқалды.

Өнер саласындағы қоғамдық талғамның қалыптасуына римдік сатираның көрнекті өкілдері Марциал мен Ювенал ерекше үлес қосты. Ашу мен ызаға толы өткір сатираның кеңінен таралуы сол замандағы римдік мәдениетке және жеке адам тұлғасын танып-білуге, адам сезімі мен мінезінің сыр-сипатын ұғуға деген табиғи талпыныспен тікелей байланысты болды.

Өмір шындығын іздеу мақсатында бұл дәуір мүсіншілері адам бойындағы ең жексұрын қасиеттерді көрсетіп беруден қаймыққан жоқ. Ежелгі Римнің тәжін киген жауыздарының бірі, өзінің қатыгез де лас іс-қылықтарымен аты шыққан, баскесер және қанышер, өмірінің аяғында өзінің жақтастары шаншып өлтірген жас әмірші Калигуланың (29 жасында өлтірілген) портретіне бір сәт назар салайықшы. Оның тесіле қараған көз жанары жан түршігерлік, еріндерін тарс жымқырып алған, жүзінен нелен болса да тайынбайтын шектен шыққан жауыздықтың ызғары сезіледі. Осы бір қатыгез адамның жасаған сансыз зұлымдықтары туралы әңгімелер де жеткілікті. Рим тарихшысы Светоний былай деп жазады: «Балаларының өлім жазасына әкелерін зорлықпен қатыстырып отыратын. Ойынға арналған тағы аңдардың жемтігіне берілетін мал қымбаттаған кезде, ол әлгі аңдардың тас-тырнағына қылмыстыларды тастауға бұйрық берді».

Б.з.д. II ғ. аяғында басталған тоқырау белгілері III ғ.-да одан әрі тереңдеп, Рим империясын жан-жақты қамтыды. Сауатсыздық, адамдардың азғындануы, писсимизм және т.б. - ежелгі Рим мәдениетіндегі тоқырау процесінің терендей түскендігін көрсетті. III ғасырдан бастап сәулет өнері саласында айтарлықтай жаңалықтар болмады десе де болады, ал әлемге әйгілі портреттік мүсін тұрпайы сипат алды, шеберлердің техникалық шеберлігі төмендеді.

ІҮ-Ү ғасырда, яғни кейінгі империя дәуірінде Рим мемлекетін басқару формасы өзгеріп, республикалық басқару белгілерінен жұрдай, шығыстың шексіз монархиялық билігіне негізделген - доминантқа жол берілді. Доминанттың құрылуына байланысты империядағы жағдай біршама тұрақталғанымен де, құлдырау процестері тоқталмады. Нәтижесінде 395 ж. Рим империясы екіге: Батыс (орталығы Рим) және Шығыс (орталығы Константино-поль) бөлініп кетті.

Шығыс Рим империясы, Византия империясы деген атпен 1453 жылға дейін өмір сүрді, бұл христиандық бағыттағы грек мәдениетінің заңды жалғасы болды, Ал Батыс Рим империясы германдықтардың соққысынан 476 ж. құлады. Бұл жыл тарихта Ежелгі дүниенің соңғы, ал орта ғасыр деп аталатын жаңа тарихи дәуірдің бастамасы болды, сөйтіп мәдениет тарихының тағы да бір жаңа беті ашылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет