Оқулық «Мәдениеттану»


Республика дәуіріндегі Римнін, мәдениеті (б.з.д. ІҮ-І ғасырлар)



бет26/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   57
Мадениет тану экзамен

Республика дәуіріндегі Римнін, мәдениеті (б.з.д. ІҮ-І ғасырлар)

Б.з.д. ІҮ-ІІІ ғасырларда Рим этрус қалаларымен қоса, бүкіл Апенин түбегін өзіне бағындырды, ал III—I ғасырлардағы қантөгіс соғыстарда римдіктер өздерінің басты бәсекелесі Карфагенді күйретіп, одан соң іле-шала Грекия мен Шығыс Жерорта теңізі өңіріндегі біраз мемлекеттерді жаулап алды. Бұл жайында аса көрнекті грек тарихшысы Полибий былай деп жазды: «Римдіктер белгілі дүниенің бәрін дерлік өзіне бағындырып алды, сөйтіп, өз құдіретін ата-бабаларының үш ұйықтаса түсіне кірмеген, ал кейінгі ұрпақтары басып оза алмайтын шырқау биікке көтерді». Б.з.д. I ғасырда Рим ежелгі дүниенің аса ірі құл иеленуші мемлекетіне айналды.

Дүниежүзілік өркениетке гректердің де, римдіктердің де қосқан үлесі ұшан теңіз, бұл ұлы халықтар бірін-бірі толықтырып отырды. Міне, сондықтан да болар, қазіргі Еуропа мәдениетінің іргетасын қалау — бұл ұлы халықтардың ортақ мақсаты, ортақ ісі болды. Әрине, гректер өнердің қай саласында болса да көш ілгері болды, римдіктерге қарағанда ғылымға да көп үлес қосты, диалектика саласында да шеберліктерін көрсете білді. Тіпті Рим өнерінің тұтастай алғанда грек өнерінен туындағанын тарихи тұрғыдан дәлелдеуге де болатын шығар. Алайда, Римнің ғасырлар бойы жинақтаған мәдени мұрасы Еуропаның мәдени іргетасын қалауда айрықша орын алатынын естен шығармаған жөн. Тарих беттеріне тереңірек үңіле қарасақ, римдіктердің алғашқы кездерде өздерін тағыларша ұстағандығын байқауға болады. Мысалы, Ювенал өзінің сатиралық бір шығармасында гректердің көркем дүниесін бағалай алмаған дөрекі рим солдатын шынайы көрсетеді, ол солдат өзінің қалқаны мен сауытын әшекейлеу үшін атақты суретшілердің қолынан шыққан кубоктарды ұсақтап, сындырып тастаған. Б.з.д. 146 ж. Коринф қаласының қалауымен антика тарихының гректік дәуірі аяқталады. Ионий теңізінің жағасында орналасқан бұл қала грек мәдениетінің басты орталығы болатын, бірақ гүлденген бұл мәдени ошақты Рим консулы Муммийдің солдаттары жоқ қып жібереді, ал өртенген сарайлар мен храмдардағы асыл қазыналар Римге жеткізіледі. Алайда, арада екі ғасыр өткеннен кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Ендігі жерде Рим ақсүйектері өнердің қадірін түсіне бастады, сөйтіп қираған Коринф қайтадан түлеп, тамаша мәдени ескерткіштермен жасанып шыға келді.

Жалпы б.з.д. III ғасырдың аяғынан бастап Римнің әскер басылары жаулап алынған грек қалаларынан өнер шығармаларын кемемен тасып әкетіп жатты. Бұл жағдай римдіктердің көркемдік талғамын дамытуға жол ашты. Римнің қоғамдық ғимараттары, храмдары мен алаңдары Мирон, Фидий, Скопас, Поликлет, Лисипп, Пракситель сынды ұлы шеберлердің мүсіндерімен толды. Үздік өнер туындыларының үлгілерін жасауға Рим ақсүйектері қыруар қаржы жұмсады, сөйтіп грек мүсіншілерінің ең атақты ескерткіштерінің көшірмелері көптеп дайындала бастады. Олардың көпшілігі біздің заманымызға дейін сақталған. Грек суретшісі мен рим суретшісінің қоғамдық жағдайында жер мен көктей айырмашылық болды. Грек суретшісі құл иеленушілік демократия жағдайында еркін болды, өйткені, ол бірінші жағынан өзі мекендейтін мемлекет-қаланың полис мүддесін көздейтін болса, екінші жағынан өз едінің еркін азаматы екендігін сөзіне білді, сөйтіп суретшілік өнер оларды биік мұраттарға жетеледі. Ал Рим суретшілеріне келсек, олар азаматтық құқығы болмағаңдықтан саяси оқиғалардан шалғай болды, оның үстіне олар көп жағдайларда еркіндік алған бұрынғы құл немесе ата тегі грек құл санатындағы адамдар болатын. Міне, сондықтан да болар, римдік суретшілер мен мүсіншілердің есімдері көп сақталмаған. Өнер туындыларына тұтынушылық тұрғыдан қарау мүсіншіні берілген тапсырманы мұқият орындаушыға және жай ғана көшірмешіге айналдырды. Демек, олар кәсіби шебер болғанымен, нағыз дарын иелері дәрежесіне көтеріле алмады. Бірақ Рим мәдениетінің дамуындағы мұндай келеңсіз жағдайлар заман ағысында өз шешімін тапты, соның нәтижесінде мәдениет пен өнердің дамуы жаңа арнаға түсті.

Римдіктердің табиғи шығармашылық даналықтары сәулет өнері ескерткіштерінде мейлінше байқалады. Рим сәулетшілері ғимараттарының өзіндік ерекшелігі, олардың мемлекет қажеттілігін ескеріп салынуы болатын. Сондай таңғажайып ескерткіштердің бірі Римді оңтүстік Италия қалаларымен жалғастыратын ең атақты, ең ежелгі жол — Аппий жолы болып саналады. Мұның құрылысын б.з.д. 312 ж. Аппий Клавдий қолға алған болатын. Бұл жол талай тарихи уақиғалардың куәгері, өйткені осы жолдың бойында б.з.д. 71 ж. Спартак көтерілісіне қатысқан құлдар асып өлтірілген.

Б.з.д. III—II ғ. аралығында Рим құрылысшылары сәулет өнерінде берік те су өткізбейтін бетонды алғаш рет пайдаланды. Бұл жаңалықтың арқасында ірі ғимараттар мен күмбезді шатырлар салуға мүмкіндік туды.

Республика дәуіріндегі Рим сәулет өнерінің дамуына б.з.д. I ғасырда өмір сүрген әрі инженер, әрі сәулетші Витрубийдің «Сәулет өнері туралы он кітап» деп аталатын трактатының ықпалы орасан зор болды. Бұл ғылыми еңбек сол замандағы құрылыс тәжірибесінің нағыз энциклопелиясы болатын. Ол ғимараттар салудағы басты талаптарға: ғимараттың пайдалылығына, оның беріктігі мен әсемдігіне ғылыми тұрғыдан ерекше мән берген. Витрубийдің бұл еңбегі Рим заманында кең тарап, ал қайта өрлеу дәуірінде шынайы даңққа бөленді.

Рим республикасы дәуірінде сәулет өнерімен қатар ежелгі дүние өнерінде ерекше орын алған реалистік мүсіндік портрет те дамыды. Грек шеберлерінің қолынан шыққан портреттермен салыстырғанда римдік мүсіндік портреттер бірден көзге түседі, өйткені римдік суретшілер ұлы адамдардың бейнелерін салған уақытта, басқа азаматтарға үлгі боларлықтай асқан сұлу, жан-жақты жетілген, кемел адамның бейнесін жасауға тырысты. Осындай шығармашылық ізденістің нәтижесінде портреттердің эмоционалдығы айқындалып, әсерлігі күшейді, яғни оларды айрықша даралап көрсетуге тырысушылық байқалды. Портрет жанрының кеңінен тарауы «ата-бабаларды құрметтеу» дәстүрімен де тығыз байланысты болды.

Римдік портретте — Римнің тарихы жатыр, шарықтау кезеңі мен қайғылы ажалы жатыр. Өйткені, Рим императорларының арасында ізгілігімен, даналығымен аты шыққан аса ірі мемлекет қайраткерлерімен қатар, атаққұмарлар, ойына келгенін істейтін қанышер-деспоттары да болды. Осы орайда портреттің дамуына б.з.д. I ғасырда римдік чиновниктерге өз мүсіндерін қоғамдық орындарға қоюға берілген құқық едәуір ықпал жасады.

Рим әдебиетіне келетін болсақ, бұл салада грек әдебиетінің ықпалы зор болды. Алғашқы кезде гректер рим жазушылары болды, тіпті алғашқы әдеби шығармалардың өздері де грек тілінен латыншаға аударылған. Алғашқы рим ақыны Ливий Андрониктің ұлты грек болған, ол кейіннен ұлы Гомердің «Одиссеясын» ғана емес, атап айтқанда, Софокл мен Еврипидтің шығармаларын және тағы да басқа грек трагедиялары мен комедияларын латын тіліне аударды. Ал шын римдік жазушы б.з.д. III ғ. аяғы мен II ғ. басында өмір сүрген Плавт болды. Оның «Тұтқындар», «Үш бақыр» және т.б. комедияларында Рим империясының тіршілік-тынысы барынша қамтылды. Одан кейінірек комедия жанрымен айналысқан — Теренций (б.з.д. 125—159 ж.) грек авторларының, әсіресе Менандрдың шығармаларын латын тілінде қайталап беруден аса алған жоқ. Ал рим трагедиясына келсек, ол нақты өмір шындығынан алшақтау болды және грек трагедияларына еліктеушілік сезіліп тұрды.

Бұл дәуірдің ең дарынды жазушылары, прозаның шеберлері Варрон мен Цицерон болды. Варронның (б.з.д. 116—27 ж.) ең әйгілі «Древности дел божеских и человеческих» атты шығармасы әрі тарихи, әрі географиялық, әрі діни энциклопедия болды. Ол сонымен бірге бірталай грамматикалық, тарихи-әдеби, философиялық еңбектермен қатар Римнің атақты адамдарының өмірбаянын да жазған.

Осы кезеңдегі әлемнің ойшыл алыптарының бірі — аса көрнекті қоғам қайраткері, от тілді, орақ ауызды, күміс көмей шешен, дарынды заңгер, философияның білгірі, тамаша жазушы ұлы ғұлама — Цицерон болды (б.з.д. 106-43 ж.). Римнің саяси өміріне белсене араласқан, ол осы саясат саласына байланысты «Мемлекет туралы», «Заңдар туралы» және т.б. ғылыми трактаттар жазды. Ұрпағына мол мұра қалдырған ұлы философ. «Құдайлардың табиғаты туралы», «Көріпкелдік туралы», «Академиктер ілімі туралы», «Тағдыр туралы», «Достық туралы», «Қарттық туралы», «Жамандық пен жақсылық туралы» және т.б. трактаттарында философияның еркіндік, бақыт, азаттық сияқты категорияларына жан-жақты талдау жасайды.

Тілінен бал тамған, лебімен отқа өртейтін әрі шешен, әрі философ Цицеронның негізінен соттарда сөйлеген 58 сөзі, 800-ден астам хаттары бар. Цицерон сол дәуірдігі философиялық идеялардың ықпалында болды. Олай болатын себебі, грек мәдениетінің ықпалы рим философиясында да айқын аңғарылды. Сондықтан да болар, Римде жеке философиялық жүйелер мүлде қалыптаспады десе де болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет