Екіншіден, түріктік этномәдени тұтастықтың тарихи тұрақтылығының тағы бір себебі Орталық Азияның мыс-темір кендеріне бай болуымен де қатысты. Металл өндеуді өте ерте кезден меңгерген прототүріктік мәдениет бұл аймақта қуатты күш болған. Мәдениет тарихын зерттеушілердің кейбіреулері шумерлік металлургия мен Сібірлік қару-жарақтардың ұқсастығын атап көрсетеді (О. Сүлейменов, Н. Оспанұлы, М.М. Әуезов т.б.).
Үшіншіден. А. Гумилев атап көрсеткендей, дала биоценозының тағдырын көптеген жағдайда құрғақшылық пен ылғалдылық циклдерінің ауысып тұруы шешіп отырған. (Қиял патшалығын іздеу. А., 1992, 18-бет). Полюстік және тропикалық ауа мұнараларының алмаса әсер етуі еуразиялық даланы не қуаң шөлге, не гүлденген далаға айналдырған. Мысалы, Гоби көзінде шөпті дала, ал Арал мен Каспийдің арасы шалғынды мекен болған. Айталық, IX ғасыр ылғалды болса, XI ғасырда далада қуаңшылық басым болған. Даланы құрғақшылық басу түрік-моңғолдардың өлсіреуіне және олармен көршілес қытайлардың, ирандықтардың, славяндардың, маньчжурлардың күшеюіне өкеп соқты. Мысалы, дағдарыс жағдайындағы Қытайды басып алған далалықтардың ұрпақтары (көбісінің аналары қытай әйелдері) көшпеділік дағдыдан айырылып қалды. Кейін Қытай күшейген кезде олар қытайланып кетті және өлсіреген Дала отырықшы өркениеттің боданына айналды. Яғни, ландшафгың ауысуы, не ондағы түбегейлі өзгерістер автохтонды мәдениеттің икемделу (адаптация) қабілетін кемітті.
Осыған дейін айтылған қағидалардан бір қорытынды жасауға болады. Тарихтағы салмақты және салыстырмалы тұрақты өркениет аймағын тұтас кеңістіктік континиум деп қарастыру керек. Әртүрлі мәдениеттерді салыстырғанда үлгі ретінде олардың жеке бөліктерін емес, қалыптасқан суперэтностарды алу қажет.
Кеңістік аясындағы мәдениеттің табиғи қалыптасқан тұтастығын бұзу осы мәдениетті терең күйзеліске ұшыратады. Мұны Еуразияны Ресей отарлауынан анық байқаймыз. Орыс казактары көшпеніділер үшін табиғи кедергі болып табылатын өзендерге бекініп алды. Скандинав теңізшілерінің навигациялық әдістерімен таныс казактар өзендерді орыстың байырғы жерлерімен байланысу артериясы ретінде шебер қолдана білді. Ал көшпеділер үшін өзен транспорттық байланыс құралы болмап еді. Көшпеділерден салт атпен соғысуды жақсы үйренген казактар қайықтарын да тастамады. Осының нәтижесінде көшпеділік этномәдени кеңістіктің буыны үзілді, тұтастығы бүлінді.
Кейін Столыпин әрекеттері нәтижесінде қазақтар және басқа да көшпеді халықтар өздерінің шұрайлы жерінен айырылды. Бұл көшпеділік этномәдени кеңістіктің егіншілік алқабына айналуына негізгі себепкер болды. Ал бұл процесті прогресшіл немесе реакцияшыл деп бағалау әр мәдениет үшін әртүрлі сипатта.
Жалпы алғанда, кеңістіктің этномәдениетке тигізетін әсерін дұрыс бағалау керек. Қысқаша айтқанда, Отаны жоқ халық болған емес. Бұған бүкіл тарих куә. Әрине, кеңістік ерекшелектері (ландшафт, биоценоз, оқшаулық ж.т.б.) өркениетке үлкен әсер етті. Алайда, басқа мысалдар бұл қағида-ның абсолюттігіне күмән келтіреді. Айталық, Солтүстік Американың прерийлерінде, Аргентинаның пампасында, Австралияның жайылымдарында номадалар пайда болмады. Яғни, өркениетті дұрыс түсіну үшін басқа да факторларды қарастыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |