113
Сүлеймен қарақшы
Еппен басып бергi жақтағысына таяп, үзеңгiмен оның
басына бар күшпен бiр соқты. Соққының тарс еткен дыбысы
шыққанымен, қасқыр тырс етiп, қимыл көрсетпедi. “Демек,
мұнысы өлiп қалған екен” деп, екiншiсiне жақындай бергенде,
ол арс етiп, өзiне таяған Сүлейменге атылмақ болып әрекеттендi.
Дегенмен қарнынан сұғылған қанжар жарақаты бойын түзеуге
шамасын келтiрмей, бүктелген күйi бiр аунады да, ырылдап
айбат шектi. Сүлеймен оны үзеңгiмен аямай екi рет ұрды. Қасқыр
қорылдап барып, жан тәсiлiм қылды. Олардың ендi шын өлгенiне
көзi жеткен Сүлеймен атының жанына барып, оның ерiн шештi
де тоқымдарын жерге жайды. Ердi жастанып жата кеткенiмен,
алғаш рет жапан далада жалғыз қалғандықтан ба, тез ұйықтай
алмады. Есiне бағана өзi өлтiрген орыстың попы түстi. “Ит, кәпiр-
ай, жанындағы арсалаңдаған ит секiлдi мас жiгiттерiнiң сөзiн
сөйлеп, өзiме тиiспегенде, ажал таппас едi-ау. Өзiнен болды. Несi
бар, жынымды қоздырып. Титтей де обал жоқ өлiмiне. Бұдан
былай қалғандары қазақтарға тиiспей жүретiн болады.
Соның
кесiрiнен Ордабекке бара алмай, екi өлi қасқырдың жанында
жатысым мынау айдалада. Осыдан поптың адамдары ауылыма
барып, лаң салатын болсыншы,
Топыш пен Қасқабайды ертiп
келiп, түн iшiнде ойрандарын шығарып кетейiн.
Айтпақшы, мына қасқырлардың қоршауында тұрғанда көзiме
көрiнген кiсi кiм болды? Шайтан болса да, әйтеуiр бейне-
сұлбасы маған таныс сияқты. Бұрын да бiр жерден көрдiм ғой
оны. Астындағы ақбоз арғымақты да көргем. Құдай-ау, қай жерде
көрдiм… Иә, иә, ендi есiме түстi. Билiкөлдегi Керiмбай болыстың
тойында орыспен күресiп жатқанымда, ол маған бiр көрiнiп, дем
берiп кеткен жоқ па едi? Япыр-ау, ол қайбiр жылы Шыршыққа
бара жатқанда «Әулиетас» үңгiрiнде шешеммен бiрге түсiме
кiрген кiсi емес пе? Бiрде түсiмде, бiрде өңiмде көрiнетiн оның
кiм болғаны? Ауылдағы Сұлтан атаның iнiсi Достай қария: “Бая-
ғыда Төле бабаның жаны қысылған шағында қасына келiп, дем
берiп, желеп-жебеп жүретiн ақбоз атты, қара сақалды әруақ-кiсiсi
болған екен. Ылғи аттан түспей жүретiн жарықтық сол әруақ кiсi
Төле өлген соң, одан тараған ұрпақтарды айналшықтап жүрген
тәрiздi. Кезiнде ол Қожамжар мен Шойбек датқаға да ауық-