303
Абай адамның ерекше пенде ретiнде жаратылғанын ескертедi:
«Адам баласынан махшарда (о дүниеде. – С.М.) сұрау беретұғын
қылып, жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар» (аталған
әдебиет, 87 б.). Дүниедегi
өлi табиғат, тiршiлiк болсын – бәрi де адам
үшiн жаратылған: «...Жер – мақтасын, кендiрiн, жемiсiн, кенiн, гүлдер –
гүлiн, құстар – жүнiн, етiн, жұмыртқасын; хайуандар – етiн, сүтiн,
күшiн, көркiн, терiсiн; сулар – балығын, балықтар – уылдырығын, хатта,
ара балын, балауызын, құрт жiбегiн – һәммасы адам баласының пайда-
сына жасалып, ешбiрiнде бұл менiкi дерлiк бiр нәрсе жоқ, бәрi – адам
баласына таусылмас азық» (аталған әдебиет, 88 б.), – деп қорытады ұлы
ойшыл. Ал мұның бәрi де Алла тағаланың адамға деген сүйiспеншiлiгiн
көрсетедi, олай болса, адам да Жаратқанды барлық жан-тәнiмен сүюі
керек, сонда ғана ол өз өмiрiнiң мән-мағынасын табады.
Сонымен, адам –
ғарыштың өзегi, ерекше пенде. Бiрақ, соған
қарамастан, ол – шектеулi, өлшемдi, ал Алла тағала – өлшеусiз, шексiз.
Сондықтан «бiз Алла тағаланы өзiнiң бiлiнгенi қадар ғана бiлемiз, бол-
маса түгел бiлмекке мүмкiн емес... өлшеулi бiрлән өлшеусiздi бiлуге
болмайды» (аталған әдебиет, 83 б.). Бiз бұл арада Абай ойының сол
кездегi Еуропа топырағындағы ағартушылардан анағұрлым терең
екенiн байқаймыз: әңгiме дүниенiң
бәрiн қайта өзгертуде емес, ол
тәкаппарлыққа, Құдаймен теңесуге деген адам ынтасын туғызып, оны
шайтан жолына түсiредi. Сондықтан Абай:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бiр кiрпiш дүниеге,
Тетiгiн тап та, бар қалан!» – деген ұран тастайды.
Абай – Жаңа дәуiрдiң перзентi. Сондықтан ол Орта ғасырлардағы
ойшылдардың
тақуалық философиясын қабылдамайды. Оның
ойынша, егер барлық адамдар тариқат жолына түсiп, материалдық
дүниеден
бас тартса, онда «дүние ойран» болар едi. «Бұлай болғанда
малды кiм бағады, дұшпанды кiм тоқтатады, киiмдi кiм тоқиды,
астықты
кiм егедi, дүниедегi Алланың пенделерi үшiн жаратқан
қазыналарын кiм iздейдi (аталған әдебиет, 92 б.) деген сұрақ қойып,
ойшыл оны Құдай алдындағы күнә ретiнде қарайды. Алла тағала
дүниенi адамға «рақатын көрмегiне бола жаратқан», қазiрет Ғосман,
Ғабдурахман
ибн Ғауф, Сагид ибн Абдукас сияқты Пайғамбардың
жақындары да өз байлықтарымен даңқты болған.
Алайда байлықтың да байлығы болады. Кейбiреулер мал жинау,
мүлкiн көбейту арқылы басқалардан озып, өзiн биiкке көтерiп, дандай-
сып кетедi. Екiншiлер кемтарларға көмектесу, өзiн өзгелерге тәуелдi
еткiсi келмеу үшiн баюға тырысады. Соңғы жолды Құдай қалайды.
Нағыз адамға тән биiктеу – ол рухани самғау.
Адамның абыройы