Өз бетінше дайындыққа арналған сұрақтар:
1. Рух дегеніміз не?
2. Жан мен рух арасындағы айырмашылықты көрсетіңіз.
3. Қазіргі қоғамның рухани құлдырауының себебі неде?
4. Рухани құндылықтар деп нені айтамыз?
5. Қандай саяси-құқықтық құндылықтарды білесіз?
6. Моральдық құндылықтардың ерекшеліктері қандай?
7. Әсемдік дүниені құтқара ала ма?
8. Діни құндылықтардың ерекшеліктері қандай?
9. Діни экстремизмнің себептері неде?
10. Отанды сүю дегеніміз не?
Рефераттар тақырыптары:
1. Көне заман философиясындағы жан-дүние мәселесі.
2. Ортағасыр философиясындағы рух мәселесі.
3. Сенім мен білім арақатынасы: Ф.Аквинский және Ибн-Рошд.
4. Ренессанс дәуірі: тәндік-сезімдік өмір бағдарының қалыптасуы.
5. Жаңа дәуір: рухты ақыл-парасатқа теңеу.
6. К.Ясперс: адамның шынайы ахуалы – рухани ахуал.
7. А.Швейцер: этикалық өрлеу – ең қиын да шынайы даму.
8. Л.Толстой мен М.Гандидің моральдық көзқарастары.
9. Экзистенциализм және гуманизм.
10. Қазіргі адамзаттың рухани дағдарысы.
548
ХVII тарау. Философиялық антропология.
Адам болмысы
§ 1. Адам ұғымы
Адам – ғарыштың тудырған ғажап пендесі. Өйткені оның денесі
болса да, ол ең алдымен – рух. Осы тұрғыдан алып қарағанда, адамның
басқа тіршілік әлемінен айырмашылығы – ол шексіздікке кетеді.
Сондықтан ғасырлар бойы қайсыбір дін «адамды Құдай жаратты» деген
қағиданы осы уақытқа дейін ұстап отыр.
Философияның көп мәселелері ішіндегі ең өзектілерінің бірі – адам
мәселесі. Бүгінгі таңда тек гуманитарлық ғалымдар ғана емес, соны-
мен қатар жаратылыстанушылар да «антроптық принципті» қолдап
отыр. Осыдан 13 млрд. жыл бұрын «Ұлы жарылыстың» негізінде пайда
болған дүние – ғарыш әлемі қажетті түрде сан алуан кездейсоқтықтар
тоғысының барысында тіршілікті, содан кейін саналы пендені, адамды
тудырады екен.
Философия тарихында мыңдаған жылдар шеңберінде адамға деген
сан алуан анықтамалар жасалды. Солардың ішіндегі ең кең тарағаны –
«Homo Sapіens» – саналы адам, яғни ол – рухани пенде. Адам өз алдына
неше түрлі мақсат-мұраттар қойып, соларды іске асыруға ұмтылады.
Оларды іске асыру жолында ол басқа адамдармен сан алуан саналы
қарым-қатынасқа түседі. Адамның неше түрлі алаңдау мен күту, қайғы
мен қасірет, шаттық пен шығармашылыққа толы ішкі рухани өмірі бар.
Американ саяси қайраткері, сол елдің «Конституциясын» жасауға
атсалысқан Д.Франклин адамға «Homo Faber» – құралданған адам деген
анықтама берді. Шынында да, тек қана адам еңбек құралдарын жасап,
оларды үнемі пайдаланады. Мысалы, маймыл жерде жатқан бұтақты,
я болмаса тасты алып пайдалануы мүмкін. Бірақ содан кейін ол оны
лақтырып тастайды да, оған екінші рет қайтып оралмайды. Бірде-бір
маймыл өз ойына сәйкес келетін жасанды құрал жасап көрген жоқ. Оны
істей алатын – тек қана адам.
Уақытында ұлы Аристотель адамды «Zoon Polіtіkon» – қоғами жануар
деген болатын. Ол да – адамның тектік қасиеттерінің бірі. Өйткені ол
басқа адамдармен бірігіп қана өзінің сан алуан қажеттіліктерін өтей
алады, яғни қоғамның шеңберінде ғана өмір сүре алады. Алғашқы
қауымдық қоғамдағы жазалаудың ең қатаң түрі – адамды остракизм-
деу, яғни рудың шеңберінен шығарып тастау болатын-ды. Жалғыз
қалған адам ары қарай өмір сүре алмай, жыртқыштарға жем болады.
И.Кант адамның ішкі ар-ұжданына таңғалып, оған «Homo Morales»
деген анықтама берген болатын. Уақытында ұлы Абай оны «нұрлы
жүрек» десе, Шәкарым «үш анықтың» біреуіне жатқызды. Егерде
549
адамның ар-ұжданы болмаса, ол жануарлардан қулық-сұмдығы
жүздеген есе асатын нағыз жантүршігерлік сайтанға айналар еді. Бүкіл
көркем әдебиеттің дәріптейтін аса құнды адамның қасиеті – оның
ар-ұжданы. Қиын-қыстау жағдайда нағыз адам өз ар-ұжданын, абы-
ройын сақтап қалу жолында өзінің тәнін құрбан етуге дейін барады.
Австрия ғалымы В.Франкл Құдайды ғарыштан, тіпті оның ар жағынан
іздеу керек емес, ол адамның ішіндегі оның ар-ұжданы деген ғажап ой
айтады.
«Homo Aestetіcus» – сұлулыққа ұмтылған адам деген анықтама
да бізге адамның ғажап жағын көрсетеді. Адам – дүниедегі кез кел-
ген нәрсенің әсем жағын байқап, одан ләззат алатын пенде. Ыстық
жаз күндерінің бірінде Күннің орасан зор қан-қызыл түсте батуы
ешкімді де немқұрайды қалдырмайды. Керісінше, ол бізге шабыт
беріп, шығармашылыққа, табиғаттың кереметтігін мойындауға, оған
бас июге итермелейді. «Әсемдік дүниені сақтап қалады», – деген
Ф.Достоевскийдің нақыл сөзі жоғарыдағы ойлардан шықса керек. Біз
болсақ тек қана ар-ұжданға, моральдық құндылықтарға сенер едік,
өйткені, өкінішке қарай, бүгінгі өмірде салқын лебізді, ар-ұжданның
талабына сәйкес келмейтін сұлулық жиі кездеседі.
Голландия ойшылы И.Хейзинга адамға «Homo Ludens» – ойнай-
тын адам деген ат қойып, сол жөнінде көлемді еңбек жазды. Адам өз
өмірінің шеңберінде жүздеген әлеуметтік рөлдерді ойнайды. Мысалы,
ол – әке, жұмыста – есепші, біреудің жолдасы, я болмаса туысы, саяси
партияның мүшесі, ауладағы футбол командасының капитаны т.с.с.
Әрбір рөлдің мазмұны мен әлеуметтік нормалары өзгеше. Тіпті өлер
алдында адам сол рөлді ойнап, ол да оны қоршаған жақындарына өнеге
болып қалады. Сонымен, рөлдер тек театр сахнасында ғана ойналып
жатқан жоқ, ол бүкіл жер бетінде адамдар бар жерде жүріп жатыр. Ал
жануарларға келер болсақ, олардың күшіктері бір-бірімен ойнап, өз
табиғи түйсіктерін оятады, уақыт өтіп есейген сәтте олар тоқталады.
«Homo Erectus» – тік жүретін адам деген анықтаманың да терең
мазмұны бар екенін байқаймыз. Адамға ұқсас маймылдардың тарихи
адамға айналу барысында, оның алдыңғы екі қолы жерге түскеннен
кейін босап, еңбек ету арқасында нағыз ғажапқа – ешқандай теңдесі
жоқ адамның қолына айналады. Адам өз қолдарымен 2000-нан артық
әртүрлі нәрселерді жасайды екен (микроскоп арқылы көздің жара-
сын тігуден бастап, алып экскаваторды басқаруға дейін!!!). Бірде-бір
жануардың осындай икемі бар дене мүшесі жоқ. Егерде жер бетіндегі
адамдардың бәрі де жойылып, тек бір ғана адамның қол сүйегі қалса,
соған қарап, ғарыштан ұшып келген саналы пенделер осы жер бетінде
ақыл-ойдың, рухтың болғанын байқар еді!!! Өйткені адамның қолы –
550
рухтың дүниеге келу барысындағы сонымен бірге қалыптасқан туын-
дысы.
Француз ойшылы Э.Кассирер адамға «Homo Sіmbolіcus» – нышан,
белгі жасайтын адам деген анықтама берген болатын. Кең түрде
алғанда, нышанға қайсыбір халықтың тілі, бабалардан қалған аңыз-
дастандар, дін, өнер қағидаларын, неше түрлі өмірдегі кездесетін
белгілерді (мысалы, машинамен келе жатып, алдымыздан ортасында
қызыл кірпіш көрсетілген дөңгелек белгіні көргенде біз тоқтап, ары
қарай жүрмейміз) т.с.с. жатқызамыз. Қайсыбір нақыл сөздер, көркем
әдебиеттегі салыстырма, бейне, мысалдардың т.с.с. ар жағында неше
түрлі мән-мазмұнның жатқанын байқауға болады. Мысалы, Про-
метей бейнесі – бізге адамды шынайы сүю (гуманизм), ал Сизиф –
нәтижесіз зардапқа әкелетін еңбек, Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу мөлдір
махаббаттың белгілері ретінде көрінеді.
Ф.Ницше адамға «уәде беретін жануар», Ж.Ж.Руссо «бұзылған
жануар» деген анықтама берген болатын.
Адам сондай күрделі, сан қилы пенде болғандықтан, оған бере ала-
тын анықтамаларды жалғастыруға болады. Мысалы, адам – «күле ала-
тын», «жылай алатын», «өлетінін білетін» т.с.с. пенде. Бірақ У.Оккамның
ұстарасы: «Мән-мағынаны қажеттіліктен тыс көбейту керек емес», –
дейді. Олай болса, жоғарыда көрсетілген адамның қасиеттеріне
негізделе отырып, оған біршама көлемді анықтама беруге мүмкіндік
келген сияқты. Адам – санасы арқылы дүниені танып-білетін, соның
нәтижесінде еңбек құралдарын жасап, өзара бірігіп, айнала қоршаған
ортаны өзгертіп, сан алуан қажеттіліктерін өтей алатын пенде дер
едік. Ал жоғарыда көрсетілген және басқа да адамдардың сан алуан
қасиеттерін осы анықтамадан бірте-бірте шығаруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |