Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл – құрал



Pdf көрінісі
бет92/98
Дата13.10.2022
өлшемі2.67 Mb.
#462563
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   98
tileshov erbol kurast akhmet baitursynuly til kural

«Қазақ» газетінен 
... Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, 
Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әртүрлі жұрт 
кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра 
аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп ұйқымызды бөлетін нәрсе. 
Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз 
тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттарға не тұрады. Өз тілімен 
сөйлескен, өз тілімен жазылған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы 
құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп 
болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де 
жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың 
тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды 
тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын 
қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан 
былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып, жоғалуға ықтимал. Біз 
келімсек жұрттан кем болмас үшін оқымай тұра алмаймыз. Оқымасақ 
басқалармен қатар тіршілік ете алмайтынымыз сүттей ақ, күндей жарық. 
Оқығанда ісіміз осы қалпында болса, тіліміздің азып жоғалуы да анық. 
Қазақтың балалары қалай оқып жүр? Елде оқыса, он жыл оқып хат жазуды 
білмейтін ескі жолмен оқиды. Шаһарда оқыса, я сарт, я ноғай 
медреселерінде оқиды. Рус школында оқитыны русша кітап, үйренетіні 
русша жазу, қазақша көбі оқи да, жаза да білмейді. Мұсылман 
медреселерінде оқығандардың естігені әдеби тіл, оқығаны әдеби тілмен 
жазған кітап, жазғаны да сол кітаптың тіліне салып еліктеу. Ол әдеби тіл 
деген қандай тіл? Араби, фарсы сөздер көп кірген тіл. Неғұрлым араби, 
фарсы сөздер көп қосылса, неғұрлым қара халық түсінуге ауыр, тіпті 
түсінбейтін болса, әдебиырақ болады деп тұтынған жолдан шыққан тіл. 
Бұл тіл халықтан тумаған, жаны жоқ тіл. Мұсылманша оқығандарымыз 
әдеби тілмен сөйлейміз, әдеби тілмен жазамыз, қазақша жазсақ, әдеби тіл 
болмайды деп қазақ тілімен жазуға ұялады, қорынады. Русша 
оқығандарымыз қазақ тілімен пікірімізді толық айта алмаймыз, жетпейді, 
русша жазғанымыз оңай дейді. Қысқаша, русша, мұсылманша 
оқығандарымыз қазақ тілімен жазуға қорынып, біреуі русша жазады, 
біреуі әдеби тілмен жазады.
Бұлардың өз тілінен қорынып, жиренетін себебі не? Менің 
ойлауымша, бұл әдеттенуден бірі орысша, бірі әдеби тілмен оқып қазақша 
жазу әдетінде болмағандық. Әдетінде жоқ нәрсе қалыптан тысқары болып, 
басында ерсі көрінеді. Қазақ тілі мен жазу әдетінде болмаған соң русша 
һәм мұсылманша оқығандарымыз қорынады. Бір-біріне жазған хаттарын 


330 
да қазақша жазбайды. Бұлай істеулері ұнамды емес. Бірақ қазақ балаларын 
аталары осы күнгі оқытуына қарағанда «бұл неге солай» деп ғажаптанар 
да іс емес. Сегіз, тоғыз жасынан оқуға түссе, оқыған тілі басқа болса, 
жазғанда сол кітаптардан үлгі алып жазса, олар қайдан қазақша жазуға 
әдеттенер? Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ақтығында қазақ 
тілі азып-тозып, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят 
көрінер, онан әрі не болары белгілі. Оқыған жастарымыз қазақ тілінен 
жиренсе, қарттарымыз мың жасауға болмаса, қазақ тілі жан сақтайтын 
орын жоқ. Сондықтан бұлтақтамай осы бастан істің бетін тура жіберу 
үшін анықтап ашатын нәрсе мынау: қазақ тілін сақтау керек пе, болмаса 
русша болсын, басқаша болсын сөйлеуге жараған соң бәрі тіл ғой, қазақ 
тілі жоғалса, жоғала берсін дейміз бе? 
Біздің газетіміздің таңбасы «Қазақ» яғни қазақтығымызды сақтау. 
Қазақтың әрине аты мен тілі жоғалмаса сақталады.
Бұл айтқанымыз русша, я басқаша оқымасын деген емес, русша тілін 
де білу керек. Бірақ өз тілінен жиренбеске керек деген сөз. Тұтынбаған 
нәрсе жоғалады. Он жыл, он бес жыл еңбек етіп, қиналып рус яки әдеби 
тілдерді үйренгендерге өз тілімен жазуды үйрену қиын деп ешкім айта 
алмас. Русша біздің де, әдеби тілді білудің де орындары бар. Біздің 
қарауымызша оларды өз орындарына жұмсау тиіс. Ақырында 
айтатынымыз, әдеби тілді сүйетін бауырларымызға газеттегі қазақтың 
қара тілімен жазғанымыз ұнамсыз көрінсе, ол кемшілігімізге кешу 
өтінеміз. Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс. 
Аспандағанмен жерден алыс кете алмаспыз. Артылдық дегенмен елден 
алыс кете алмаспыз.


331 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   98




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет