Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасының
Еңбек сіңірген қайраткері.
Автордан
Оқушыларға ұсынып отырған «Қазақ халқының ауыз
әдебиеті» дейтін еңбегіміз алғаш рет 1958 жылы басылып
шыққан еді. Содан бергі жерде бұл кітап туралы баспасөз
бетінде біраз пікірлер айтылды, «еңбектің келесі
басылуында еске алынсын» деген тілектер, нақтылы
ұсыныс, ақыл-кеңестер болды. Айтылған пікірлерді ескере
отырып, кітаптың бірінші басылуындағы мазмұнына
мүмкіндігіне қарай кейбір өзгертулер, қосындылар
енгіздік.
Бұл арада алдын ала бір-екі мәселені ескерте де
кетелік. Алдарыңызға ұсынылып отырған кітапта советтік
дәуірдегі
қазақ
ауыз
әдебиетінің
мәселелері
қарастырылмады. Тақырыбы, мазмұны, көлемі, көркемдік
ерекшеліктері жағынан аса мол дүние болып табылатын
советтік дәуірдегі қазақ ауыз әдебиетін жеке кітап
көлемінде баяндау қажет деп ойладық. Ал қолыңыздағы
кітапта біз қазақ ауыз әдебиетінің революцияға дейінгі
түрлеріне ғана тоқтауды мақұл көрдік.
Тағы бір ескерте кететініміз, біз мұнда ауыз әдебиеті
үлгілерін түріне (жанрына) қарай алдық. Ал сол аталған
түрлердің қайсысы ерте, қайсысы кеш туды деген мәселе,
яғни тарихи дәуірге қарай жіктеу жайы, өз алдына
зерттеуді қажет ететін болғандықтан, бұл кітапта тереңінен
қарастырылмады.
Ауыз әдебиеті туралы түсінік
Қазақ халқының ерте заманда жасаған мәдени
мұрасының бір түрі – халықтың ауыз әдебиеті.
Жазу-сызу өнері болмаған ерте кезде-ақ қазақ халқы
өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы
мен кәсібі, қуанышы мен күйініші, дүние танудағы
көзқарасы т.б. жайында неше түрлі өлең-жыр, ертегі-
әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап шығарған және оларды
ауызекі айту күйінде тудырған. Сондықтан да бұларды
халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық
сөзі, яғни ауыз әдебиеті деп атаймыз. Бұдан, әрине, ауыз
әдебиетін көп адам бірлесіп шығарған деген ұғым
тумайды. Ауыз әдебиетінің қандай үлгілерін болса да әуел
баста жеке адамдар шығарған. Бірақ ерте кезде, жазу өнері
болмағандықтан, ауыз әдебиетін шығарушылардың аттары
хатқа
түспеген,
сақталмаған.
Халық
олардың
шығармаларын ғана сақтаған және оларды ауызша айтып,
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, сөйтіп, алғашқысында жеке
авторлар шығарған шығармалар кейіннен өңделіп,
сұрыпталған, оған коллектив болып творчестволық
өзгерістер енгізіп отырған. Бертін келе ондай шығармалар
көпшіліктің, коллективтің әдебиетіне айналып кеткен.
Орыс халқының ұлы сыншысы В.Г.Белинский
«Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы» туралы жазған
еңбегінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасындағы
айырмашылықтарды айта келіп, ауыз әдебиеті халықтың
ерте замандағы ой-санасының жемісі деп көрсетеді.
«Халық немесе тайпа жазу өнерін білмеуі мүмкін емес»
1
,-
деп, Белинский ауыз әдебиетінің тым ерте кезде, халықтың
жазу-сызу
өнері
болмаған
заманда,
туғандығын
дәлелдейді. Бұл расында да солай. Қай халықты алсақ та,
оның көркем әдебиеті ауыз әдебиетінен басталады. Демек,
1
В.Г.Белинский, Избран. Сочин. Том 2, стр. 86. 1948 г.
ауыз әдебиеті болмаған, бірден жазба әдебиетін жасаған
халық бұрын-соңды тарихта болған емес.
Әдебиеттік жағынан алғанда, қазақтың ауыз әдебиеті
де әр алуан. Халықтың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына
байланысты туған шығармалар, мақал-мәтелдер, аңыз,
ертегілер, батырлар жыры, тұрмыс-салт жырлары, айтыс
өлеңдері т.б. қазақ ауыз әдебиетінің негізгі түрі болып
табылады. Әрине, ауыз әдебиетінің барлық түрі бір
мезгілде туған емес және олардың тууына себеп болған
жағдайлар да біркелкі емес, әркелкі. Бірақ бұл мәселе, яғни
қазақ ауыз әдебиетінің қай кезде, қандай түрі болғандығы,
ғылымда әлі күнге дәлелденбей келеді. Әйткенмен өткен
кезде орыстың және шетелдердің бірсыпыра ғалымдары
ауыз әдебиетінің шығу жайына біраз көңіл аударып, әр
түрлі пікірлер айтқан-ды. Бұл теориялардың қазақ ауыз
әде,биетіне тікелей қатысы болмаса да, жалпы ауыз
әдебиетін зерттеуде алатын орны да бар еді. Сондықтан
бұл теориялардың кейбіреулеріне шолу ретінде қысқаша
тоқтай кетелік.
Өткен ғасырдың орта шенінде Батыс Европада,
Россияда ауыз әдебиетін зерттеген буржуазияшыл
ғалымдар «мифтік теория» дегенді ойлап шығарды. Бұл
теорияны ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында орыстың
Ф.И.Буслаев,
О.Ф.Миллер,
А.Н.Афанасьев
секілді
ғалымдары қолдап, ауыз әдебиеті дінге, діни ұғымдарға, әр
түрлі мифтерге байланысты туды және ауыз әдебиетінің
алғашқы кейіпкерлері құдайлар болды деп қарады. Ауыз
әдебиетін жасауда адамдардың саналы рөлі болған жоқ,
ауыз әдебиетін құдайлардың өздері туғызды, адам баласы
құдайлар жасаған мифтерді ауыз әдебиетіне қосушы ғана
болды және оны өзгертпей, бергі заманға алып келді десті.
Сөйтіп идеалистік көзқарасқа негізделген «мифтік теория»
ауыз әдебиетінің шығу тегін ашып бере алмады.
Экономиканың, қоғам өмірінің ілгерілеп дамуына қарай
ертедегі мифтік ұғымдар да, наным-сенімдер де өзгеріп,
жаңарып отыратынын және олардың жоғалатынын
«мифтік теорияны» жақтаушылар мойындамады және
мойындағысы келмеді.
Ауыз әдебиетінің шығуы жайында өткен ғасырдың
екінші жартысында батыста тағы бір теория пайда болды.
Бұл «ауысып алу» («теория заимствования») теориясы деп
аталды.
Оны
Россияда
А.Н.Пыпин,
В.В.Стасов,
А.Н.Веселовский, т.б. ғалымдар қолдады. Бұлар орыс
халқының ауыз әдебиетін басқа елдердің ауыз әдебиетімен
мазмұны жағынан салыстыра зерттеді және әр елдің ауыз
әдебиетінде ұқсас келетін сюжеттерге айрықша көңіл
аударды. Осының нәтижесінде, бір елдің ауыз әдебиетінде
кездесетін сюжеттер екінші бір елдің әдебиетінен ұшырай
қалса-ақ болғаны, оны олар бір-бірінен ауысып алған деп
есептеді. Мұндай ауысып алулар әр түрлі қарым-қатынас,
сауда-саттық жолдарымен жасалған дейді. Мәселен,
Веселовский орыстың батырлар жырының сюжеті Батыс
Европадан алынған десе, Пыпин оны тек Батыс емес,
Шығыс елдерінен де келген деп дәлелдейді. Орыс халқы
Шығыс елдері ауыз әдебиетінен көп сюжет алған деген
пікірді Стасов та, кейіннен Потанин де баса көрсетеді.
Орыстың батырлар жырында Илья Муромецтің өз
баласымен соғысатыны айтылады. Мұны «ауысып алу»
теориясын қолдаушылар «Шахнамадан» келген сюжет деп
қарады. Сөйтіп, олар әрбір халықтың творчестволық
қабілетін жоққа шығарады. Олардың ойынша, бірде-бір
халық өз тарапынан шығарма тудыра алмақ емес, тек даяр
сюжетке ие болады да, сол сюжетті өз тілінде жырлайды
және олардың мұндай шығармалары бір елден екінші елге
ауысып отырады, қыдырма, мекені жоқ сюжетке
айналады-мыс.
Ауыз әдебиетінің тууы, дамуы жайында «ауысып
алу» теориясы ғылыми теріс, дәлелсіз және қате теория еді.
Марксизм-ленинизм іліміне сүйенген советтік ауыз
әдебиеті ғылымы (фольклористика) бұл теорияны қатты
сынға алып, әрбір халықтың өзіне тән творчестволық
қабілеті барлығын дәлелдеді. Ауыз әдебиетінің қандай
түрін, қандай сюжетін болса да әрбір халық өмірінен,
тұрмыс-тіршілігінен алатындығын айқындады.
Екіншіден, бір халықтың ауыз әдебиетінде, айталық
ертегісінде немесе батырлар жырында кейбір сюжеттердің
басқа бір халықтың ауыз әдебиетіне ұқсас келетіндігі
болады. Мұндай ұқсастық екі халықтың, кейде бірнеше
халықтың, жаңағы сюжеттерді бір-бірінен ауысып
алғандығынан
бола
бермейді.
Ондай
ұқсастық
экономиканың, тұрмыс-тіршіліктің, қоғамдық өмірдің
ұқсастығынан туады. Бір-бірімен ешқандай қарым-қатынас
жасамаған, шалғай жатқан халықтардың ауыз әдебиетінде
ұқсас сюжеттердің болу себебі, міне, осыған байланысты.
Бұған кезінде Г.В.Плеханов та айрықша көңіл аударған
болатын. Ол өзінің «Адрессіз хат» дейтін еңбегінде ауыз
әдебиетіндегі сюжет ұқсастықтарын халықтардың тұрмыс-
тіршілік,
шаруашылық,
қоғамдық
жағдайларының
ұқсастығынан іздейді
2
.
Мысалға Манас пен Қобыланды батыр жайындағы
жырларды алайық. Мұның бірі қырғыздың, екіншісі
қазақтың жыры. Осы екі батырдың туысын жырлағанда
үлкен ұқсастық бар. Мәселен, Манастың әкесі Жақып
баласыз адам болады. Көп уақыт оның еліне жау
шабуылдап күн көрсетпейді. Жақып құдайдан бала тілейді,
жауға қарсы күресетін, ел қорғайтын ұл бер дейді. Ал
Қобыландының
әкесі
Тоқтарбай
да
осындай.
Қызылбастардан қысым көре берген Тоқтарбай құдайдан
бала тілейді, басқыншылардан елді қорғай алатын бала бер
деп жалбарынады.
2
Г.В.Плеханов. Искусство и литература,1948 г.
Сырт қарағанда бір-біріне өте ұқсас келетін бұл
сюжетті қазақ ақындары қырғыздан немесе қырғыз
жыршылары қазақтан алған секілді болып көрінеді.
Шынында олай емес. Бұл сюжет осы екі халықтың ертедегі
өмірінен алынады. Тарихи деректерге қарағанда, қазақ пен
қырғыз елі көп уақыт шетелдік басқыншылардың
шабуылын көрген. Сондай жағдайда басқыншыларға
қарсы аттанып, жаудан ел-жұртын қорғап аларлық ұлды
қазақ та, қырғыз да арман еткен. Мұны олар өздерінің
жырына да қосқан. Осы бір мысалдың өзі-ақ сюжет
ұқсастығы ауысып алу нәтижесінде тумайтындығын, ол
халықтардың тұрмыс-тіршілік, қоғамдық жағдайларының
ұқсастығына байланысты болатындығын көрсетеді.
Рас, ерте заманнан бастап әр түрлі шаруашылық,
мәдени қарым-қатынастар жасаған және көршілес отырған
халықтардың бір-біріне әдебиеттік әсер ететіні болады.
Мысалға қазақпен туыс, ағайындас қырғыз, өзбек,
түрікмен, қарақалпақ халықтарын алайық. Бұлардың
арасында туысқандық қарым-қатынас ертеден келе жатыр.
Олардың әдебиеті бір-біріне әсер еткен, өзара кейбір
сюжетті «ауысып алған» жайы да бар. Бұған қарап, аталған
халықтардың өзіндік таланты, творчестволық қабілеті жоқ,
тек бір-бірінен сюжет алып отырған, сол сюжеттерді ғана
жырлап өткен деуге болмайды. Олардың әрқайсысы үлкен
талант иесі, ауыз әдебиетінің неше алуан әдемі үлгілерін
тудырған және ондай творчестволық іс қолынан келетін
халықтар.
Өткен ғасырдың ақырынан бастап революцияға
дейінгі дәуірде ауыз әдебиетін зерттеу жөнінде жоғарыда
аталғандардан басқа тағы бірнеше теориялар бар. Соның
ішінде ауыз әдебиетінің шығу жайын тексеруде басқа
теорияларға қарағанда аз да болса ғылыми негізі бары –
«тарих мектебі» деп аталған еді. Оның негізін салушы
орыс ғалымы В.Ф.Миллер орыстың батырлар жыры
монғол басқыншыларының шабуылына байланысты туды
деп қарайды. Бұл пікірін ол тарихи материалдар, деректер
келтіре отырып дәлелдейді. Ол батырлар жырын тарихта
болған оқиғалардың айнасы, соның документі деген
қорытынды жасайды.
Ауыз әдебиетін, соның ішінде батырлар жырын,
зерттеуде басқа теорияларға қарағанда «тарих мектебінің»
ауыз әдебиетін халықтың өміріне, тарихына байланысты
туады деуі бұрын айтылмаған тың пікір болатын.
Әйткенмен ауыз әдебиетін түгелімен өткендегі тарих және
оның документі деп қарау қате айтылған пікір еді. Рас,
халықтың тарихынан елеулі орын алған оқиғалар
әдебиетке әсерін тигізбей қоймайды, кейде ол әдеби
шығармалардың тууына себепші де болады. Бірақ та ауыз
әдебиеті тарихи оқиғаларды өз қалпында, шындық түрінде
жырлай бермейді. Тарихи фактілерді негізге ала отырып,
оны ақындық қиял арқылы құбылтып жырлайды, суреттеп
көрсетеді, кейде асырып, кейде өзгертіп елестетеді; ауыз
әдебиеті тарихи оқиғаларды сурет арқылы бейнелейді.
Олай болса ауыз әдебиетін тарихтың өзі, соның документі
деуге болмайды.
Сөйтіп, ауыз әдебиетінің туу, қалыптасу жайын
буржуазияшыл ғалымдар дұрыс түсіндіріп бере алмады.
Бұл мәселені тек марсизм-ленинизм іліміне сүйенген
советтік ауыз әдебиеті адамдардың еңбек, кәсіп етуіне,
тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне және оның дамуына
байланысты туғандығын дәлелдеді. Ауыз әдебиеті халық
өмірімен тығыз байланыса отырып, оны жан-жақты
суреттейді; әр түрлі бейнелеу арқылы елестетеді. Әрине,
бұдан ауыз әдебиеті бірден дамыды деген ұғым тумайды.
Оның кейбір үлгілері ескі дәуірде, рушылдық қоғамда
туған; бертін келе қоғамдық, экономикалық жағдайлардың,
адам баласының дүние танудағы ой-өрісінің ұлғайып
өсуіне қарай ауыз әдебиеті де дамып отырған. Демек,
халықтың қоғамдық өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік
көзқарасы т.б. ауыз әдебиетінің тууына және қалыптасып
дамуына әсер еткен, мазмұн берген. Сондықтан да ауыз
әдебиеті өзінің даму жолында талай тарихи жағдайларды
басынан кешірген, талай таптық, қоғамдық тілектер мен
көзқарастардың елегінен өткен. Әрбір қоғамдық құрылыс,
таптық тілектер ауыз әдебиетінің идеялық бағытына,
мазмұнына
ықпал
жасаған,
әрқайсысы
өздерінің
мүдделеріне сәйкес ауыз әдебиетін тудырған, оны
пайдаланып отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |