Қ ы з Ж i б е к
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзi жалтылдап,
Алтынды кебiс сартылдап,
Жүйрiк аттай ойқастап,
Құнан қойдай бой тастап,
Қалмайын деп ұялып,
Жан-жағын қарап байқастап,
Кер маралдай керiлiп,
Сары майдай ерiлiп,
Тәңiрi берген екi аяқ,
Бiр басарға ерiнiп.
Ауылдың алды бел едi,
Белден көшкен ел едi,
Атқан оқтай жылысып,
Ор қояндай ығысып,
Қылаң етiп, қылт етiп,
Сылаң етiп, сылт етiп.
Тау суындай қылаңдап,
Сүмбiдейiн сылаңдап,
Мықындары бұлтылдап,
Айдынды туған қыз Жiбек
Отауға қарай жөнелдi.
Сол уақытта қараса,
Қыз Жiбектiң дидары
Нұр iшiнде пiскендей,
Қыз Жiбектiң екпiнi
Ұжмақтан самал ескендей.
169
Сол уақытта бiр көрген
Шыбын жанын кешкендей.
Сылдырап Жiбек жөнелдi,
Неше түрлi сәулетпен
Iңiрде шайтан көшкендей.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты,
Бiр көрмекке ынтық боп,
Төлеген мырза шонықты.
Талма түстiң шағында,
Айдында туған қыз Жiбек,
Төлегенге жолықты.
Өңшең молда жиылса,
Мәселе кiтап оқыр-ды.
Шариғат сөзiн жақсылар
Ақылменен тоқыр-ды.
Асылдан туған қыз Жiбек
Төлегеннiң мойнына
Асыла барып отырды.
Төлеген сонда сөйледi,
Сөйлегенде бүй дедi:
«Келдiң, Жiбек, қасыма,
Отыра кеттiң асыла,
Кешегi сәлдең қай жақта
«Той болды» салсаң басыма».
Жiбек сонда сөйледi:
«
Қынама бешпент қынадым,
Әзiлмен сiздi сынадым,
Сынамаққа бiр сөздi,
Әзiл қылып айтып ем,
Әлi ұмытпай жүр ме едiң,
Төлеген мырза, шырағым!»
Екi ғашық қосылып,
Әңгiме дүкен құрады.
Екеуiнiң суретi
Ләйлi-Мәжнүндей болады.
Екi бекзат қосылса,
Күндей балқып тұрады.
Екеуiнiң нұрына,
Көрген жанның барлығы
Тамаша-қайран қалады…
Достарыңызбен бөлісу: |