Тапсырмалар мен сұрақтар:
1. Ш. Құдайбердіұлының өміріне қатысты тың деректер жинастыру.
2. Абай мектебінің үлгісін алушы және оны дәріптеуші тұлға екенін дәлелдеу.
3. Шәкәрім шығармашылығындағы адам тағдыры, жан, тән, өлім, өмір
мәселелерінің әдеби философиялық көркем сипаты.
4. Ш. Құдайбердіұлы өлеңдеріндегі азаматтық сарын.
5. «Қазағым», «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ», «Партия адамдары», «Бостандық туы
жарқырап» өлеңдеріндегі ақындай ойдың эволюциясы.
6. Шәкәрім лирикасындағы көркемдік шеберліктің сыры.
7. Ақынның көрнектрі туындылары «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік -Кебек»
поэмаларындағы жазғы әдебиетке тән тарихи-әлеуметтік, әдеб-эстетикалық
талаптарға жауап беретіндігі.
8. Шәкәрім – шебер аудармашы.
9. Шәкәрімнің қазақ прозасына қосқан үлесі «Әділ-Мария» романындағы қазақ
өмірінің шындығы.
10. Шәкәрімнің жаңадан табылып жатқан шығармалары.
11. Шәкәрім шығармашылығының тарих, философия, әлеуметтану, әдебиеттану
ғылымдарында зерттелуі.
Ағартушы – демократтық бағыттың өкілдері
М. Сералин - ағартушы, демократ және қайраткер
Лекцияда қаралатын мәселелер:
1. М. Сералыұлының жалынды өмірі мен жарқын шығармашылыққа қадамы.
2. М. Сералыұлы-қазақтың алғашқы журналисі.
3. «Айқап» журналы арқылы ақынның ұлт мәдениетіне қосқан үлесі.
4. Ел тағдыры, жерді игеру, білім алу, қала салу идеяларын насихаттаған әңгіме,
очерктері.
5. Аударма жанрындағы еңбегі.
6. Сюжетті поэмалары «Күлкәшима», «Топжарғандардағы» композициялық
ерекшелік және тіл көркемдігі.
7. Ақын, журналист шығармашылығының қазіргі таңдағы зерттелуі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қалиев Е. М.Сералин – ағартушы, демократ және қайраткер / Ұлағат, 2002, №5
2. Левитская И. Живые драгоценности. Алма-ата,1976,79с.
3. Суханбердина У., Дәуітов С. «Айқап». Алматы,1995.
4. Ужгин С. Странички былого. Воспаминания. Кустанай.Обл.истор.-краев.музей.-
С.2.
5. Суханбердина У., Дәуітов С. «Айқап». Алматы,1995, 47-б.
6. Суханбердина У., Дәуітов С. «Айқап». Алматы,1995, 112-бет.
7. Суханбердина У., Дәуітов С. «Айқап». Алматы,1995, 232
8. Кенжебаев Б. Журналист Мұхамеджанов Сералин. Алма-Ата, 1957.
9. Бейсембаев К. Прогрессивно-демократическая и марксисткая мысль в Казахстане
нач. XX в. Алма-Ата, 1965; Зиманов С., В.И.Ленин и советская национальная
государственность в Казахстане. Алма-Ата, 1970.
10.Ергөбеков С. «Гүлкәшима» - ғашықтық жыры / Жұлдыз, 2005,№3
11. Ергөбеков С. М.Сералиннің «Киіктің көз жасы» атты дастаны туралы / Қазақ тілі
мен әдебиеті, 2004, №6.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының демократ ағартушысы, әрі қайраткер
тұлғаларының бірі- Мұхамеджан Сералин. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін Туған
халқының санасын оятуға, қараңғылықтан құтқарып оқу- білімге қол жеткізуге, қазақ
елін көркейтуге, алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосуға арнаған еді.
Оның өмірі мен қызметі қазақтың белгілі ағартушы демократтары. С. Көбеев, С.
Торайғыров, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және басқаларының идеяларымен,
көзқарастарымен тығыз байланысты.Осы қазақ зиялыларының бір ғана мақсаты қазақ
халқының санасын ояту болды. Олар қараңғылықтан жапа шегіп өз қолындағы
байлығынан айырылып, отаршылдық езгіге түсіп, енсесі езілген халықты ояту үшін
аянбай күресті. С. Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам»,
десе А. Байтұрсынов:
Қазағым елім, қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Тонауда малың, қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып»,- деді.
М. Дулатов:
Көзіңді аш, оян қазақ , көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті , дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас- ты»,- деп айтты.
Ал, М. Сералин болса қазақтың басындағы ауыр халді арылтып, санасына
жарық сәуле шашу үшін қазақтың мұң- мұқтажын баршаға жеткізу үшін, қазақ
зиялылырының ой- пікірлері мен көзқарастарын бір жерге түйістіру үшін алғашқы
басылым «Айқапты» шығарды. «Айқап» қазақтың мұңын айтып, жоғын жоқтаған
тұңғыш журнал болды. Айқап беттерінде қазақ зиялылары жандарына батқан ащы
шындықты айтып, қазақтың халі жері туралы, теңсіздік туралы мәселелерді көтерді.
М. Сералин 1872 жылы қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданында
дүниеге келген. Ата- бабалары Түркістан маңында қоныстанған, мал
шаруашылығымен айналысқан. Әкесі Серәлі ақын және әнші болған. Өлеңді ауызша
да, жазып та шығарған. Ол кісінің ақын екеніне «Сұлу ағаш» деген өлеңі мысал
бола алады.Өлеңінде қазақтың жерінен айрылып, шаруалары шайқалып, кедейлікке
ұрынған халін сипаттайды. «Мен әкемнен осы өлеңді естідім, бірақ ол кезде жазып
ала алмадым.Кейіннен сол әкемнен естіген жырды «Топжарған» деген поэмаға
айналдырып жаздым деп айтушы еді әкем»,- деді Ғалия Мұхамеджанқызы.
13 жасында Серәлі Орынбай ақынмен айтысқан. Серәлі мен Орынбайдың
айтысын 1943 жылы қазақ жазушысы Шахмет Құсайынов жазып алып, Қазақ КСР
Ғылым Академиясының ғылыми кітаптар қорына берген.
Қазақ өнерінің жанашыры, қазақ әндерін көп жинаған А.В. Затеевич Серәлі
ақынға мынадай баға берді; «Песню Сералы я лично склонен считать одним из
перлов настояшего сборника. По своей форме она необыкновенно светла и
оригинальна».
Серәлі ақынның немересі Ғалия Мұхамеджанқызының қолында ақынның
қайтыс болар алдында жазған өлеңі болуы керек, мынадай өлең жолдары бар.
«Сағатым менің теңгелік бағасы артық,
Барады ғұмырым өтіп күн- күн санап.
Әр түрлі ойға алған қиялым көп,
Оң жолға баса бергей құдай қалап.
Тақаурап осы күнде тұрған шағым,
Қайтып болған соң мал мен бағым,
Үзілмей жеті атадан келе жатқан,
Кеттің бе азып - тозып әруағым».
Осы өлең жолдарынан біз Серәлі ақынның өз заманында айтулы ақындардың
бірі болғанын аңдаймыз. Жоғарыда айтылған өлең жолдарының соңында былай
делінген:
Ойласам бұл дүниенің бәрі фәни,
Фәниден адам бар ма қалған бақи,
Сахабба, 33 мың пайғамбарлар
Алланың сүйер досы Мұхаммед те
Алланың аманатын қақ тапсырып,
Ол дағы бұ дүниеден өткен сапар».
Ақынның араб әрпімен (төте жазумен) жазылған қолжазбасын қосымша бетте
жіберіп отырмыз. Серәлі ақын 1876 ж.дүниеден қайтқан.
М.Сералин 1880-1887 жылдары Троицк қаласындағы медреседе оқыды. Оқуды
аяқтағаннан кейін оны шешесі Қостанай қаласындағы туысы Арыстан Мыржақып
ұлына жіберді. Қостанайда екі кластық орыс- қазақ училищесінде оқыды. Оқудағы
кезінде алғырлығымен, зеректігімен мұғалімдердің көзіне түсті. Орыстың белгілі
адамдарымен танысады. Ильиннің ақылымен Орынбордағы оқытушылар
семинариясына түседі. Бірақ бұл аяқтай алмай, туған жерінде еңбекке ерте араласты.
Осы кезден жас Мұхамеджанның ағартушылық қызметі басталады.Қазақ балаларын
оқытудың өзінің міндеті деп санады. Осы мақсатпен қазақтар жиі қоныстанған Арал
өңіріне келіп бала оқытады, ақындық пен айналысады. Ақын 1900 жылы
«Топжарған» поэмасын жазды.1900 жылы «Гүлқашима» поэмасын жазды.
1900 жылы М.Сералин Троицк қаласына келіп, Янушев деген саудагер
приказчик болып жұмысқа тұрды. Янушевтің тапсырмасымен Орынбор, Қостанайдың
біраз жерлерінде болып, халықтың өмірімен жете таныса бастады. Алдыңғы қатарлы
ойшыл зиялылар мен кездесті. Сералиннің қоғамдық идеясы мен саяси
көзқарасының қалыптасуына Троицк қаласында болуы көп әсерін тигізді. Осында
орыс- татар халықтарының өнері , әдебиеті мен танысады. Жас кезінде кітапқа өте
құмар болған ол Қазан, Уфа, Орынбор қалаларынан орысша- татарша кітаптар
алдырады. Орыс- татар әдебиеттері мен танысуы оның ой - өрісін кеңейте түсіп,
демократ – ағартушылық көзқарасының қалыптасуына әкелді. Халық ауыз әдебиетін
жинады.
М. Сералиннің саяси идеясына және ағартушылық көзқарастарының
қалыптасуына негіз болған, яғни ол нәр алған үш қайнар көздері болды. Біріншісі,
қазақ халқының өмірі, тұрмысы, өнері мен әдебиеті. Себебі ол қазақ ауылының
тұрмысын көріп өсті. Сондықтан да қазақтарды отырықшылыққа көшіріп, егін
салуды, кәсіп етуді армандады. Кейіннен «Айқап» журналында қазақтың жер
мәселесі туралы көп жазды.
Қазақты көшпеліліктен құтқарып, отырықшы елге айналдырса, онда елдің
шаруашылығының, мәдениетінің дамуына әсер ететін жақсы білді. Қала да
көркейеді, халық та өседі. Осы орайда М. Сералиннің рухани нәр алған бұлағы
қазақтың ақын- жыраулары еді. Оларды оқу арқылы, өзі де жақсы білетін қазақтың
мұңы мен жоғы Сералиннің болашақта ұлтының күрескер жанашыры болуына әсер
етті.
Екінші, М. Сералиннің саяси көзқарасының қалыптасуына орыс зиялыларының
себепші болуы. Ужгин, Ильинский, Ашморин, Сосновский және басқа да орыс
зиялыларымен жиі араласты.Олар арқылы орыс өнері және әдебиетімен танысып,
саяси- идеялық, ағартушылық көзқарастарын толықтыра түсті.
Үшінші, татар мәдениеті мен әдебиеті ерекше орын алды. Оған себеп
Сералиннің шешесі ноғай Бекшентаевтың қызы еді, әрі саудагер Янушевпен туыстық
жақындығы болған. М. Сералин татардың тарихшы- этнографы Шагабудин
Марджанидің еңбектеріне қатты қызықты. Ш. Марджанидің 100 жылдығыдна М.
Сералин арнайы мақала жазып, онда шығыс халықтарының орыстармен байланысын
нығайтудың қажеттілігін айтты. «Себебі орыс мәдениеті шығыс халықтарының
мәдениетінің дамуына әсер еттеді», -деді.
М.Сералиннің саяси- қоғамдық белсенділігі ағартушылық идеаларымен қатар,
оның саяси күрескер ретіндегі тұлғасын қалыптастырады. 1911 жылы «Айқап»
шыққанға дейін М. Сералин саяси шыңдалған белсенді күрескер еді. Ол туралы С.
Ужгин былай дейді: «Когда в 1905г.в Росси широко раскинулось революционное
движение, М. Сералин не был уже в категории тех демократически настроенных
казахских интеллигентов,которых сабытия в Росси озадачили своим бурным
размахом, он увидел в них неизбежный этап в судьбах Росси и населяющих ее
народов в движении вперед к более светлому будущему».
М.Сералин 1905 ж. «Уклар» (Стрелы) және ұл «Әлгасраль Джадиду»
басылымдарын оқып ағартушылық және саяси бағыттағы мақалаларға баға беріп,
сараптап отырды. Орыс- татар ұлттарының демократиялық прогресшілдік ой елегінен
өткізіп отырды. Сол себептен 1905 жылы Қостанайдағы революциялық үйірме
ұйымдастырған митингіге қатысып С. Ужгинмен пікірлес болды. Қазақ ауылдары М.
Сералин арқылы қоғамда болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды біліп отырды.
Ауыл балаларын оқыту үшін жаңа үлгідегі мектептер ашуға белсене атсалысты. Осы
мектептерге орыс- татар оқуының ең тиімді, озық жақтарын енгізуге тырысты.
1919 жылы Орынборға барып, «Ұшқын» газеті редакциясында жұмыс істеді,
1921 жылы Қостанайға қайта барып, мұнда Шұбар болысының атқару комитетінің
төрағасының орынбасары, «Ауыл» газетінің редакторы (1923- 1926ж.ж.)болды.
Кеңестердің Бүкілқазақстандық ІІ съезінің, Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезінің
делегаты болды. 1924 жылы И.В. Ленинді жерлеуге қатысып, «Жоқтау» атты өлеңі
мен «И. В. Ленинді жерлеу» деген мақаласын жариялады. Ол сонымен бірге
қазақтың алғашқы журналистерінің бірі еді. «Айқап» журналымен «Ауыл» газетінде
басылған мақалаларының тақырыбы мазмұнына қарай ағартушылық прогресшыл
бағытта болғаны баршамызға белгілі.
1928 жылы өз ауылында қарыз серіктестігін, жерді бірлесіп пайдалану
серіктігін ұйымдастырды. Өкіметтен шаруаларға күш- көлік, соқа- сайман алып беріп,
ауылының шаруашылығын көтеріп, мәдени жолға салады.Барлық саналы өмірін
туған халқына аянбай қызмет етуге арнаған бір туар тұлға 1929 жылы дүниеден
қайтты.
М. Сералинді ХХ ғасырдағы өз халқының болашақ қамын ойлаған демократ –
ағартушы, күрескер, қайраткер тұлғалардың бірі деп айта аламыз.1911 жылы 10
қаңтарда Троицк қаласында қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» 1- нөмірі шықты.
Оның негізін салушы да,авторы да, идеялық жағынан ұйымдастырушысы да М.
Сералин болды. Журналдың бұлайша аталуын М. Сералин былай түсіндірді: «Біздің
қазақтың «Әй, қап» демей тұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық,
қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз
ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмайды. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың
қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық.
Басымыз қосылмады. «Қап» ынтымақсыздығымыз- ай дедік. Болыс, би, ауылнай
боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға «ендігі
сайлауда көреміз, қап, бәлем- ай!» дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде «қап»
деп қапы қалған істері көп. «Қап» деген қапияда өткен істеріміз көп болған соң
журналымыз өкінішімізге ылыайық «Айқап» болды.
Журнал 1915 ж. қыркүйек айына дейін «Энергия» баспасында қазақ тілінде
басылып жүрді.
«Айқапта» шыққан материалдар, саяси - әлеуметтік мақалалар, әдеби
шығармалар, қазақ арасындағы ағарту мәселелері, ана тілі, әліппе, емле мәселелері,
бостандық, теңдік мәселелері болды. М. Сералин «Айқаптың» бір неше санында
былай деп жазды; «Заман ғылым заманы болғайсың, әрбір жұрт қатарынан кейін
қалмас үшін, ақша аямай кітап,газет, һәм журнал бастырып халыққа таратудың
әждәһәтінде».
1911 жылғы нөмірінде Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ өлкесі», М. Сералиннің
«Қазақ қай заманда Россияға қосылған». Қ. Бәтішұлы «Қазақ шежіресі», М.
Дулатовтың «Жер мәселесі», «Екі қыздың мұңы» және тағы басқа да мақалалар мен
әңгіме, өлеңдер басылды.
1912-1913 жылғы нөмірлерінде алғы сөзі ретінде М. Сералин бірінші жер
мәселесін; екінші, партияға бөлінудің жер ішіндегі залалын; үшінші оқыту мәселесі;
төртінші қыздар мен әйелдерді оқыту мәселесін көтерді. «Айқаптың осы
жылдардағы басылымдарында М. Жұмабаевтың өлеңдері, М. Дулатовтың «Жазу
тәртібі», У. Халилиннің «Тіл сақтаушы» атты мақалалары шықты. А. С. Пушкин,
А.П. Чеховтың аудармалары жарияланды. М. Сералин Фердаусидің «Рустем - Зораб»
дастанын аударып жариялады.
Осы айтылғандардың ішінде әлеуметтік саяси мәні зор тақырыпты көтерген
М. Көпеевтің «Туысқан - бауырларыма бір насихат» деген мақаласы. Автор қазақ
үшін көкейтесті мәселені көтерген. Қазақтың басындағы жаугершілік қыйн
кезеңдерде халықтың қырғынға ұшыраған, қаналғаны, малдан айырылып тоналғаны
туралы айта келіп, Ресей жұртымен ынтымақтасу, олардың жақсы қасиеттерін
үйрену, оқуға, ғылымға, өнерге қол созу жөнінде айта келіп, ел ішіндегі орыс оқуы
жастарды бұзады деген кері тартпа қараңғылық пікірге қарсы шығады.
М. Дулатовтың «Жазу тәртібі» мақаласы. А. Байтұрсыновтың қазақша жазуға
тәртіп пен үлгі көрсетіп, әліппе бастырмақшы болғанын жазады. Бірақ кейбіреулер
А. Байтұрсыновты түсінбеген. А. Байтұрсыновтың артық әріптерді кемітіп, қазақ
тіліне қолайлы етіп жасаған әліпбиіне ноғай жазушыларының реніш білдіргенін
айтады. «Қазақтың оқығандары қазақ балаларын өз тілінде үйрету үшін жеңілдікті
басқа ретпен тапса, ноғай жазушылары өкпелер ме екен?». Мақаланың негізгі
мақсаты қазақ әліппесін жасау және осы әліппені жөнсіз сынағандарға А.
Байтұрсынов жақсылап оқысын деген пікір тудырады.
У. Халилин жазған «Тіл сақтаушы» мақаласы ана тілі төңірегінде мәселе
қозғайды. Сол кездің өзінде тілді сақтау, ана тілінде оқу, іс қағаздарын, сот және
кеңсе істерін ана тілінде жүргізу М. Сералин, А. Байтұрсынов, С. Сейфулин
көтерген аса маңызды мәселелер еді. Бүгінгі күн тәртібінен түспей келе жатқан
өзекті тіл мәселесі кезінде арыстарымызды да қатты толғандырған екен.
1914-1915 жылдары «Айқапта» басылған материалдарда қазақтар арасындағы
дау- тартыстар, кейбір қазақ зиялыларының пікірлерінің алшақтығы туралы сыни
мақалалар жазылған.
«Қазақ» газеті де жер мәселесін көтерді. Ә. Бөкейханов Думада көтерген
«Жер законы» туралы «Қазақ» газетінде алғаш пікірлер болды. Мысалы, «Жер
бүтіндей қазақтікі», «Жер сатылмайды»,сырттан келе жатқан келімсектерге тиім
салу,көшіп келуді тоқтату жөніндегі көкейтесті мәселелер бойынша «Айқап» бас
қосып съезд өткізуді ұсынды. Ал «Қазақ» газеті жиналыс қылмай- ақ баспа бетінде
сөйлессек қайтеді деп ұсыныс жазды. Қазақтардың тұриысы жөнінде де «Айқап»
пен «Қазақ» арасында тартыс туды. «Айқап» отырушылдыққа көшуді айтса, «Қазақ»
ата- бабасынан көшпелі қазақ көшпеліліктен бірден қол үзе алмайды деді. Осы
мәселелер төңірегінде Сабыржан Ғаббасов өз ойын білдіріп «Ашық хат» жариялады.
Қазақ зиялылары арасындағы пікір алшақтығы мен кемшіліктерді айта келіп, былай
дейді: «Айналдырған бір журнал, бір газет, бір- біріңді көре алмағандай
көрінесіңдер. «Айқапқа» айтар өкпеңіз болса, халық майданына қоймай- ақ өз
араларыңда бітірсеңдер болатын еді ғой.Алты млн. қазақ халқына жолбасшы болған
«Айқап» емес пе. «Қазақ» газетін де тудырған «Айқап» емеспе? Сіздің «Айқапқа»
тиісетініңіз қазақ халқына бас қос, сияз қос, мұң- мұқтажды халық майданына қой
деген сөз ғой. «Адам бол» деген сөзде не айып бар? Жер жүзінің тарихында
сөздердің бәрі де сиязбен болған емес пе?
Мінекі, өзіміз байқап отырғандай, «Қазақтың»да «Айқаптың» да көтергені бір
мәселе- ол қазақтың қамы еді. Келіспеген себебі олар қайтсек қазаққа тиімді болады
деп әрқайсысы өзінше қарайлаудан туған көзқарастар еді. Өйткені отаршылдық
езгісінен еңсесі түсіп дамудан артта қалған елде бұл мәселені бірден оп оңай шеше
қою мүмкін емес еді. Қазаққа қолайлы, тиімді жағын көп ойластырғаннан қазақ
зиялылары көп жағдайда өзара келісе алмады. 1915 ж. соңғы нөмірлерінде Ә.
Бөкейханов «Он төрт тоғыз бола ма?» деген сөзін жариялады. Патша өкіметінің
Думасына (1009ж.) қазақ жері туралы закон жобасы жіберілген еді. Бөкейханов
қазақ жерін қорғағаны бәрімзге белгілі. М. Сералин, А. Байтұрсынов және
басқалары «Айқап» беттерінде жер мәселесін ұдайы назардан түсірмеді. Қазақтың өз
жері өзінде болған жағдайда, ол мемлекет болып, тарих жүзінде өмір сүре алады.
Мемлекет болып өз жерінің қожасына айналғанда, қазақ сол жердің байлығын
өзінікі екенін сезінгенін, шаруашылығы өркендеп, қала көбейіп, қазақ жастары
ғылым мен білімге, өнерге қол жеткізе бастағанын М. Сералин «Айқап» беттеріне
«Қазақ шежіресі», «Келешек заманның қамы» «Жер мәселесі» және тағы басқа
еңбектерінде жариялады.Көзі ашық қазақтың зиялылары көтерген жер мәселесі М.
Сералиннің де көкейтесті ойлары еді. Соның нәтижесінде Ресейдің Челябинск жеріне
қосылған Қостанайдың жерлерін қайтарып алуға үлес қосты. Отырықшылдыққа
көшіру үшінде барынша тер төкті. М. Сералин көңіл бөлген мәселелердің бірі әдет-
ғұрып, салт- сана еді. Осы орайда жарық көрген мақалалар ескіліктен арылып,
жаңаша өмір сүруге уағыздалған.
М. Сералин және басқалары әйел теңдігі мәселесін көтерді. Қазақ әйелдерінің
санасын оятып білім, алуға, еркіндікке жетуге арналған өлең, әңгімелері
жарияланды.
М. Сералин тіл мәселесі туралы көп айтты. Өзі ана тілін , құрмет ету қажет
деді. М. Сералиннің осы ой - пікірлерінен өз ұлтының жанашыры, қамқоры, ұлтының
ұйтқысы екенін жақсы байқаймыз. Қазір көтеріліп жүрген тіл мәселесін ұлтының
келешегін ойлаған Сералиндер сол кездің өзінде - айтқан болатын. «Қазағым»,
«халқым», «елім» деп еңіреген ерлер «Айқаптың» төңірегіне жиналып, халқының
санасын оятуға бағытталған ересен еңбектерін атылмыш журналдың бетіне
жариялады.
Мұхамеджан Сералиннің бірінші поэмасы «Топжарған». Ол 1900 жылы
Троицкіде бөлек кітап болып шықты. 1903-1907-1915 ж.ж.қайта басылды.
«Топжарған» поэмасының тақырыбы қазақ халқының өмірінде ХІХ ғасыр 360-
40 жылдарында болған оқиғаға байланысты: Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт -
азаттық қозғалысқа байланысты.Автор поэмасының басында Кенесарының және оның
маңына жиналған топтың кәсібін, іс- әрекетін былай суреттейді.
Қаңтарда Жыланшықты қыстау екен,
Жайлауға Торғай суын көктей өткен.
Қараса, Қомалақтың қара отына,
Наурызбай, Кенесары мал семірткен.
Поэманың кейіпкері жас Адай жігіт өз елінен ғашықтық жайымен немере
ағасын атып өлтіріп, қашып шығады: бір- екі жыл Теке маңын, Жайық бойын кезіп
жүреді: тама, шекті, шеркес руларын аралайды. Ұрлық істеп күн көреді.
Осылай жүріп кейіпкер бір күні Кенесарының шекті руына мал ұрлау, ел
тонауға келген үш жігітіне кез болады. Олар Адай жігіт ұйықтап жатқанда ұстап
алып, аты мен тұтқынды олжа етіп Кенесарыға алып барады олар бара жатып адай
жігітке:
Біз елден апта болды шықтық шетке,
Шектіден мал ұрлауға келсе епке,
Толғанда аттың мойны сен кез келдің,
Құлақ сал, Олжасың мына кепке,
Біз сені Кенеханға апарамыз,
Құл қылып бірімізге біз аламыз,- дейді.
Хан алдына барғанда жортуылшы жігіттер мақтанады: тұтқын жігітті қуып
жетіп біз ұстадық, ат үстінде сайылып, жеңіп, байлап матап алдық дейді.Адай жігіт
мұның бәрінің жалған екенін, ұйықтап жатып қолға түскенін айтады.
Тақсыр-ау, астымда атым жүйрік желден,
Жарыста озушы едім қалың елден.
Қашсам да, құтылар ем қолға түспей,
Ушеуі ат үстінде болсам көрген,-
дейді.
Сонда жортуылшы жігіттер ханға тұтқынның сиықсыз, жаман, жауыр атын
әкеп көрсетеді. Хан тұтқын жігіттің әлгі сөзіне сенбей және шын жүйрікті тани
алмай , оған ертең осы атпен қашып көр деп қаһарланады.
Ақын мұнан кейін бауырынан жараған тұлпар мініп, қашқанды қууға
әзірленіп, құнығып тұрған хан жігіттерін қуғыншыларды суреттейді.:
Бәрі де өңшең бөрі ішкендей қан
Тиындай көрінбейді көзіне қан.
Жігіттер қатар - қатар түзеп тұрған шақта
Ордадан нөкер ертіп шығады хан...
Поэмада, мұнан әрі, қашқалы тұрған тұтқын жігіттің қалпы сүреттеледі. Ол
жалаңдап тұрған қанішерлердің найзасының ұшында тұрмын деп сезбейді.
Салмақтана түседі.
Кенесары жігіттерінің бәрі де қашқынның шаңына ілесе алмай қалды.
«Періме, адамзат па, шайтан ба?»- деп, ертеңіне жиналған топ қашқан жігітті
әңгімелеп отырғанда, ол есіктен сәлем беріп, кіріп келеді. Өтетілеудің ақшасын
өзіне қайтарып береді.Кенесары жігіттен оның кім екенін сұрайды. Жігіт оған өзінің
әлгі тарихын баяндайды. Ақырында ол өзінің сол өңірге Кенесарыны іздеп келгенін
айтады. Ол өз ықтиярымен Кенесары тобында қалады.
«Топжарған» поэмасында Мұхаметжанның тілі таза; ақын бұрынғы діни кітап
сөздерді аз қолданған, тіпті қолданбаған десе де болады. Тарихи шындықты,
реалдық өмірді таза қазақ тілінде, нағыз реалистік сөздермен реалистік жарасты
теңеу, салыстырулармен суреттеген. «Топжарған» - тарихи- реалистік, көркем поэма.
М. Сералиннің «Топжарғаннан» соң жазған поэмасы – «Гүлкәшіма». Ол алғаш
рет 1903 жылы жврияланған. Тақырыбы - қазақ қызының бас бостандығы,
сүйіспеншілігі.
Жалпы, бұл тақырып қазақтың ауыз әдебиетінде ежелден бар екндігі
белгілі.Бірін – бірі ұнатқан екі жастың сүйіспеншілік жолындағы күресі, оған қарсы
қойылған кейбір тосқаулар, содан кейде екі жастың опат болып жатуы ХІХ
ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде орын
алған тақырып.
Біз бүгін сөз етпек болып отырған Мұхамеджан Сералиннің «Гүлкәшіма»
поэмасы да осы әдеби дәстүріміздің заңды жалғасындай. Екі жастың
сүйіспеншілігі,әртүрлі себептермен қосыла алмай құса болуы (әріне, сол уақыттағы
сана сезім әсері) жиі- жиі кездесіп отырғаны айқын. Қызды малға сату, теңіне емес,
кеміне беру секілді теңсіздікке, әділетсіздікке шыдамаған жас жүрек кейде өзін- өзі
құрбандыққа айналдырады.
Енді ақынның «Гүлкәшіма» поэмасы жөнінде, оның әдебиетімізде алар орыны,
маңызы жөнінде айтқан әдебиет зерттеуші- ғалымдарымыздың бірді- екілі пікірлерін
келтірелік. Ең алдымен Мұхамеджан Сералин мұрасын зерттеде, оны бүгінгі
оқушыға жеткізуде ақын шығармашылығын тұтастай алып қараған Бейсенбай
Кенжебаевтың еңбегі орасан зор. Сондықтан да біз поэманы талдамас бұрын ол
кісінің зерттеу еңбектеріндегі поэма жөнінде айтқан пікірлерін назарға ала
отыралық:
«Мұхамеджан Сералиннің «Гүлкәшима» поэмасы - қазақ әдебиетіндегі тұңғыш
реалистік поэмалардың бірі. Бұған дейінгі поэмалар негізінен ауыз әдебиеті
үлгісіндегі эпостық, салттық жырлар мен ертегідегі Шығыс әдебиеті дәстүріндегі
ертек, қиял- ғажайып қиссалар, дастандар еді...
...тақырыбы, идеялық мазмұны жағынан болсын, сюжеті мен
композициясының қисынды,қызықты болып келуі, реалистік жайларды көрсетуі
жағынан болсын «Гүлкәшіма» бірқыдыру жақсы көркем шыққан поэма,бұл өз
заманында жаңа көрініс, үлкен табыс»,- деп Бейсекең айтса, «Қазақ әдебиеті
тарихының» ІІ томының екінші кітабында М. Сералинге арналған тарауда (ғалым,
Ә. Дербісәлін) ақынның «Гүлкәшіма» поэмасы жайында былай делінеді.
«М.Сералин өз кезеңінің өте үлкен мәселесіне арнап бірінші рет қалам
тартқан қазақ қызының аянышты өмірін шындық түрінде суреттеген жазушы болды.
Бұдан М. Сералин өз дәуірінің көкейкесті мәселесімен түсіне және оған өз
шығармашылығы арқылы белседі үн қоса білген ақын деген қорытынды туады».
Поэма төрт бөлімнен тұрады.бірінші бөлімде автор «Сөз басында» деп атап,
онда өзі куә болған бір жайды баяндайды.болған оқиға желісі негізінен мыналар
еді: Қалаға жәрменкеге бара жатқан автор жолда бір шал - кемпірдің үйіне қонады.
Шал мен кемпірдің Баймұхаммет есімді әрі ақын, әрі оқыған жалғыз баласы сол
күні үйде жоқ екен. Жәрмеңкенің тарқар шағында ақын бір ғажап хабар естиді.
Тобыл өзенінің жағасында бір жас жігіт ғашықтық дертінен өзін- өзі бауыздап
өлтіріпті. Бұл жігіт жаңағы шал кемпірдің жалғыс баласы екен. Қазақ дәстүрімен
көңіл айтуға келген ақынға әкесі мен шешесі Баймұхамметтің кітап, дәптер салған
сандығын көрсетеді. Ол сандықтан Баймұхамметтің өлең жазған бір дәптері
табылады.
Екінші бөлім - «Баймұхамметтің дәптері» аталады. Бұл бөлімде Баймұхаммет
пен Гүлкәшіманың ең алғаш қалай жолыққаны, өзара қалай хат алмасып тұрғаны ,
жігіттің қызға өзінің жүрек сырын баяндауы, айттырып қойған күйеуіне ұзатылар
тойы, ұзатылып бара жатқанда ішкі сырын жігітке ашып, өзінің де Баймұхамметті
бір көргеннен -ақ ғашық болғандығын айтып хат жазып кетуі.
Үшінші бөлім - «Қалтадан шыққан қағаздағы сөз» Мұнда Баймұхаммет өз
өмірін не үшін қиып бара жатқаны, себеп болған жайт - Гүлкәшімаға ғашық
екендігі, сол ғашығына қосыла алмау себебі жырланған.
Соңғы төртінші бөлім - «Сөз соңында», сөз ақын атынан айтылады. Ол
оқушысына бұл қиссадан қандай ғибрат алдың деп сауал қойып, оған өзі жауап
береді. Қазақтың жаман әдетінен екі жас жаман қорлық көрді. Біреуі сол қорлыққа
шыдамай, сүйгеніне қосыла алмағанына қапа болып өзін- өзі өлтірді, екіншісі ата-
ананың дегенінен шықпай, салт – дәстүрді бұзбай, сүйген жігітін тастап, айттырған
күйеуіне ұзатылды. Бірақ ол да бүкіл өмірі қорлықта өтетін,өмір бойы шырағы
өшкен сорлы дейді. Екі жасты қор етіп отырған қазақ дәстүрін, жаман әдетін
сынайды. Жастарды өнер білімге ұмтыл, халқыңа пайдаңды тигіз деп уағыз айтып
аяқтайды. Мұхамеджан Сералин өзінің аталмыш поэмасын кейінгі жастарға үлгі,
ғибрат болсын деп жазған. Бұл жөнінде ақын былай дейді:
...Реттеп қадери - халқисса қылдым,
Қыссаға «Гүлкәшіма» есім бердім.
Бір ғибрат заманға болар ма деп ,
Қызыл гүл тау аралап тастан тердім.
Әрине, әрбір өнер туындысы оның қай саласы болсын, белгілі бір дәрежеде
адамға тәлім – тәрбиелік ғибраты болары, сол үшін жазылары хақ. Бірақ осы мәселе,
яғни өнер туындысын дүниеге әкелу мақсаты міндетті түрде ең бірінші ғибраттық,
мақсатта болуы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ
ақын - жазушылары шығармаларында орын алды.
«Гүлкәшіма» поэмасының негізінен үш - ақ кейіпкері бар. Екеуі - жас ғашықтар
- Баймұхаммет пен Гүлкәшима. Үшінші кейіпкер - екі жастың іс- әрекетін бағамдап,
пайымдап, оқушысына жеткізіп отыратын екі ғашықпен оқушы арасындағы дәнекер
тұлға - ақынның өзі. Поэма төрт бөлімнен тұрады. Соның ішінде «Сөз басында»
деп айдар тағылған бірінші бөліммен «Сөз соңында» аталған соңғы төртінші бөлім
тікелей ақынның өзінің «басынан кешкен жайттары» - поэманың дүниеге келуіне
себепкер болған оқиғалар және одан жасалынған қорытынды ойларБұл жөнінде
жоғарыда азды - көпті әңгімелеп өттік.Сондықтан да ендігі сөз етеріміз екі кейіпкер-
Баймұхамед пен Гүлкәшима жайында болмақ. Поэмада айтылар негізгі ойды осы екі
кейіпкер көтеріп тұр. Өйткені поэманың бүкіл сюжеттік желісі композициялық
арқауы осы екі жастың арасындағы іс-әрекетке, сезім түйсінулеріне негізделген,
соған бағындырылған.
Сонымен бірге ақын сомдауындағы Гүлкәшима қыз- ертеңгі ана. Жас та болса,
үлкен аналық жауапкершілікте,адал аналық сезімінде. Әйелдің жар алдындағы,
ананың сәби алдындағы таза сезімділігі алдымен бүкіл адамзат, оның ішінде
ұлттардың рухани жағынан таза өсуінің, өнуінің көзі. Автор ойы сол
көкжиекте,ақын қазақ қызын сол ар тазалығы көкжиегінен іздейді. Іздейді де
табады.
...Айтайын мағлұм болсын сізге халім,
Ілгері тілеуім бар менің жаным,
Тудырған бұзық болса аналары,
Кейінгі не болмақшы балаларым,
Нәсілін адамзаттың өрбітуге,
Біздерді хақ жаратқан шамаладым...
Болашақ ұрпағы үшін, оның алдындағы өзінің аналық адалдығы үшін өзін
әрқашанда таза ұстар Гүлкәшима - ақын жүрегіндегі қазақ қызының символдық
нұсқасы.
Енді поэмада Баймұхамет бейнесінің сомдалуына келер болсақ, ол ақынның
кей сәттерде өмірге көзқарасымен келіспеген кереғар бейне. Бірінші . поэманың
негізіне шын өмірде болған оқиғаның алынуы,сүйгеніне қосыла алмаған
Баймұхаметтің өзін- өзі өлтіруі.Сол оқиға негізінде ақынның осы поэманы жазып,
онда өз еркінен тыс кейіпкер өлімін сол болған қалпында көрсетуі.
Екінші ,сүйіктісі Гүлкәшиманы - ата- ана, сол кезеңдегі қазақ қоғамының
дегенінен шықпаған биязы қазақ қызын өз бақыты жолындағы күреске қоса алмай,
бұйығы қазақ қызының санасында төңкеріс жасап өз соңына ерте алмаған кейіпкер –
Баймұхаметтің өзіне- өзі қол жұмсауы. Өз өмірін сүйіспеншілік жолында қиюы.
Махаббатсыз, сүйусіз салпаң құлақ өмірге лағнет айтуы.
Үшінші, автор мен кейіпкер арасындағы кей сәттегі кейіпкер келіспеушіліктің
болуы табиғи нәрсе. Өйткені , автордың туындысында бар кейіпкер оның көңілінен
шықпай, артық іс- әрекетке бармай жатса, не, бір бағытта ғана әрекет етсе, онда
тіпті көркем туынды дүниеге келмеген болар еді. Келсе, кейіпкерлері дараланбай, іс-
әрекет үстінде бір- бірінен айырғысыз болып, ақын алдына қойған биік
шығармашылық мақсатына жете алмаған болар еді. Баймұхаметтің бұл әрекеті
сүйіскен екі жастың қосылуына бөгет болып, тосқауыл қойған ескі әдет- ғұрыпты
қоғаммен болған белгілі бір дәрежедегі күрес формасы.Қоғамдағы қасаңданып қатып
қалған дәстүрді өзгертуге,санаға сәуле түсіру мақсатында жасалған ұлы әрекет. Ұлы
әрекет иесі- ғашықтық жолындағы ұлы құрбандық.Баймұхамет нық шешімді тұлға.
Сүйгені үшін әрқашан дайын. Бірақ ол күреске бұйығы қазақ қызы – Гүлкәшима
жоқ. Сондықтан Баймұхаметке өлімнен басқа жол қалмағандай.:
Отына ғашықтың шыдай алмай,
Кешірдім өзімді-өзім бұл дүниядан...
Өз ғұмырым ақырда өзім тамам еттім,
Айрылып сүйген жардан жүрген жаман...
Баймұхамет өз өлімімен бұл дүниеде қазақ қоғамында қалыптасқан дәстүрге
қарғыс айтқан жан.
Поэма сол кездегі қазақ даласындағы қоғамдық дертті мәселелердің бірі- әйел
бас бостандығы мәселесін көтерудегі һәм шешу жолындағы алғашқы қадам. Ғашық
жар, махаббат жөнінде қазақтың фольклорлық дүниелерінен бастап М. Сералиннің
«Гүлкәшимасына» дейін талай сөз болған. Бірақ дәл «Гүлкәшима» поэмасы секілді
әйел бостандығы жөнінде, оны бүкіл халықтық, қоғамдық дерт ретінде, кең көлемде
сөз еткен дастан жоқ десек қателеспеспіз.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде М. Сералиннің «Гүлкәшима»
поэмасынан соң, бұл тақырыпта қалам тербеушілер қатары көбейе түскені белгілі.
М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» , С. Көбеевтің
«Қалың мал», Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы дүниеге келіп, қазақ
әдебиетінің көркем жанрын толықтыра түсті. Ал осы шығармалардың көш басында
Мұхамеджан Сералин шығармашылығы, оның ішінде «Гүлкәшима» поэмасы тұр деу
шындық шырайы.
М. Сералиннің бізге келіп жеткен поэзиялық шығармаларының бірі- «Киіктің
көз жасы» атты дастаны.Бұрын баспа беттерін көмермеген.Шағын дүние. Көлемі он
шақты бет. Қазақстан Орталық мұражайы қорында сақтаулы. Тұпнұсқа емес.
Көшірме.
Шығыстық діни қисса- дастандар түрінде жазылған дүние болып шықты.
Дастан тақырыбы жағынан діни аңыздық үлгіде. Оқиғасы ертегі сипатты. Кейіпкері
Жәбірейіл пенріште, Мұхаммед Пайғамбар және жөйіт аңшы мен Киік. Дастанның
оқиғалық желісін не мазмұнын өзімізше сөз етер болсақ, дастан автордың өз
оқушысына арнаған бір шумақ өлең жолымен басталады:
Құдая әр пендені өзің қолда,
Жақпайсың рахметіңмен біздей құлға.
Сөйлейін пайғамбардан бір хикаят
Жамағат, құлақ салып мұны тыңда!
Онан әрі дастан оқиғасы Жәбірейіл періштені құдайдың
Мұхаммет пайғамбарға жібергені туралы айтумен өрбиді:
Жәбірейіл бір күн келді, я пайғамбар,
Құдайым сәлем айтты құлағың сал.
Жолына Мәдиненің шықсын дейді.
Алла тағаланың бұйрығымен, ол бұйрықты періште
Жәбірейілдің жеткізуімен пайғамбар Мәдиненің жолына шығып, алыстан бір
қарайғанға көзі түседі. Не болса да жақындап көрейін деп келсе, қақпан құрып
жүрген жөйіт екен. Қақпанына бір киік түсіп, соны қуып жүреді. Қақпанды сүйретіп
қашып жүрген киікті жөйіт аңшы ұзатпай- ақ ұстап алады.
Жақындап келген пайғамбар сойылғалы жатқан киіктің жан қиналысын көреді.
Мұхаммед Пайғамбарды көрген киік оған мұңін шағады:
Сөйлейді пайғамбарға киік жатып,
Өзінің көңіліндегі мұңын айтып.
Кәпірге кіріптармын, әй, Мұхаммет,
Мен мұнан құтылармын енді қайтып...
Бар еді жаңа туған екі қозым,
Не қылып, жетім қалып күн көреді.
Басыма бұл дәулетті тәңірім салды,
Жапанда екі қозым жетім қалды.
Туғалы қозыларым үш күн болды,
Құдайым жетімдікке рауа қылды,
Мұхаммет кепіл болсаң мен барайын,
Емізіп қозыларым мен келейін.
Баланың ризығын хақ жеткізер,
Тақсыр- ай, себебіңмен мен көрейін.
Киік зарын естіген Мұхаммед рахым , өтініш айтып, Алла
тағалаға жалбарынады. Киік жанына араша сұрайды:
Құдайым, бұл махлұққа рахымың сал,
Баршасы жүмілә жанның сізге мұқтаж.
Кәрімсің не қылсаң да құдіретің мол.
Алла тағала жалбарынып, Мұхаммед Пайғамбар аңшы
жөйттен киікті кепілдікке сұрайды. Қозыларын тез емізіп келсін, сосын сойып жей
бер дейді. Бұл сөзге көнбеген аңшы:
-Ұстадым бұл киікті қуып зорға
Далада жүрген аңға кепіл болып,
Мұхаммед, сенде сірә ақыл бар ма?!
Далада жүрген аңға бек сенесің
Киікке кепіл болып бар ма есің?!
Берейін кепілдікке, я, Мұхаммед.
Бұл киік келмей кетсе, не бересің?
Пайғамбар бұл киік келмей кетсе, бір киіктің орнына он
киік беретін болып, киікті кепілге алып, оның тез келуін қадағалап, шығараып
салады. Киік те Мұхамедке уәдесін беріп, қозыларын ақырғы рет емізіп келмекке
аттанады. Қозыларын емізіп тұрып, оларға болған жайды баяндап жылайды. Ана
киік тез еміп қалуларын сұрайды. Сонда қозылары ана киікке біз сенен қалып не
боламыз. Түбі аштан өлеміз. Онан да біз де сонда барайық, тағдырдың жазғаны осы
болар.
...Шара басқа түссе өлім ноқта
Ақырда ана таппай біз де өлерміз...
Анажан дұрыс болар біз әм ерсек
Көп дәулет- ақ сүтіңді барғанша емсек.
Көрген соң қақымызға дұға қылар
Себеппен пайғамбардың жүзін көрсек,-деп екі қозысы ілесіп,
бір киік үшеу болып,уағдалы уақыттары өтпей- ақ келіп қалады. Бұл жағдай аңшы
жөйітке қатты әсер етеді. Осы сәт дастанда былай берілді:
Бір киік үшеу болып келе жатыр
Ол жәйіт мұны көріп қалды қайран.
Үшеуі жолға түсіп келді жетіп,
Айтылған уағдасы кетпей өтіп.
Сертіне мына киік жеттіғой деп,
Жәйіт тұр қайран болып, есі кетіп,
Жылайды сонда жөйіт көңілі балқып,
Менен де даладағы киік артық.
Осылайша даладағы жануар киіктің Мұхаммед пайғамбарға
берген уағдасын орындап, сертте тұруына қатты қайран қалған жөйіт енді маған дін
үйрет деп, Мұхаммед пайғамбарға өтініш етіп, ісләм дініне кіреді.
Расулалла енді маған дін үйрет деп,
Мұсылман болды сонда иман айтып,
Жөйітке пайғамбарым дін үйретті,
Құдай бір пайғамбарым хақ деп үйретті.
Пайғамбар үмбетім деп шапағат етіп,
Құдайым жаратқан соң барша үмбетті.
Киікке ұлықсат беріп қоя берді.
Ол ғаріп тізесін бүгіп тағзым қылды.
Пайғамбар үмбетім деп шапағат етіп,
Құдайым жарылқасын мумын құлды.
Шығыстық үлгідегі шағын дастан осылай аяқталды. Оның
өн бойына өрілген оқиға өрімі соған сәйкес ақын сөз саптауы, мақамы бізге осыны
аңғартады. Құдіретті күшті Алла тағаланың өзі бейкүнә киіктің жайын біліп, оны
қатыгез аңшы қолынан құтқарып, араша болу үшін Жәбірейіл періштені Мұхаммед
пайғамбарға жұмсап отыр. Алла тағала әділ. Әр ғаламат істің шебері. Теңдесі жоқ
құдіретті күш иесі.
Қақпандағы киік мұңлық Мұхаммед пайғамбарға мұңын шағады. Оның мұңын
пайғамбар жан – жүрегімен сезініп, түсінеді. Араша болады. Дастандағы Мұхаммед
пайғамбар бейнесі – қаталдыққа жаны қас,зұлымдыққа қарсы күреске даяр, мейірімді
тұлға. Ғажайып шапағатты жан. Кұдыреті күшті Алла тағаланың жердегі өкілі.
Жөйіт дінсіз. Сондықтан да ол надан, қатігез. Алла тағаланың құдіретімен
болған жайға еріксіз күә болған қатал да дінсіз жөйіт дінге кірді. Көкірегіне сенім
жүрегіне жылы сенім ұялады.
Дастандағы киік бейнесі - мұсылманшылықтың Алла тағалаға, оның жердегі
өкілі Мұхаммед пайғамбарға деген шексіз берілгендіктің, сүйіспеншіліктің символдық
тұлғасы.
Бұл дастан қараған кісіге ақынның бұрынғы екі поэмасынан, табиғаты
жағынан тым бөлек секілді көрінеді. Расында да солай екні даусыз. Бірақ байқап
қараған кісіге бұл дастанның оның бізге бұрыннан мәлім «Топжарған» және
«Гүлкәшима» поэмаларымен іштей байланысты рухани сабақтастықта екендігі анық
білінеді
Мұхаметжан Сералиннің үшінші поэмасы- «Рүстеп Зорап». Ол орыс тілінен
аударылып, «Айқап» журналының 1914 жылы 22, 23, 24- сандары мен 1915 жылы
2,3,4,5,9,- сандарында басылды,бөлек кітап болып шықпады. Мұхаметжан поэмаға
ұзақ түсінік жазған. Онда әуелі поэманың кімнен,қалай аударылғанын хабараған:
«Қадірменді оқушыларымыздың алдына салып отырған мына «Рүстеп - Зорап»
қиссасы - фарсы тілінде жазылған атақты «Шаһнама» деген кітаптің бір саласы.
Рюккерт деген немістің бір шайыры «Рүстеп Зорап» қиссасын «Шаһнамадан алып,
бір жағы тәржіме, бір жағы ұйқастыру секілді қылып немісше жазған...соны орыс
шайыры Жуковский 1846-1847 жылдары орысша өлең қылып, арттырып, кемітіп
қалыбына лайықты істеп шығарған. Мен оны шамам келгенше қазақ тіліне
Жуковскийдің шығарған қалыбынан тым алстатпай аударуға тырыстым»,- деген.
Мұнан кейін ол «Шаһнама» және оның авторы, жазылу тарихы, қай тілдерге
аударылғаны, оның ішінде қазақ тіліне де аударылғаны жер жүзі әдебиетіне тигізген
әсері туралы қысқашы мағлұмат береді:
«Шаһнама» жыры дүниеге таралған соң мұның шайырларға зор әсері
болған... Осы күнде қарасақ Фердаусидің астамдықпен айтқаны:
Мен өзімнің жырымнан
Биік сарай салдырдым,
Жел, жаңбыр оған жетпестей
Өлсем де тірі болармын,
Ақылы барлар оқылық
Жыр жазған кітап қалдырдым
Өмірге өшіп кетпестей»,-деген сөзі түп- түгел расқа шығып
отыр»,-дейді М.Сералин.
Ақырында, ол - поэмаға ұзақ түсінік жазған себебін аңғартады: «Мақсат -
кейбір сыншылар : «Бұл – баяғының мылжыңы. Мұны несіне жазып машақаттанған.
Мұнан халыққа келер түк пайда жоқ деп айта келса, соларға қарсы жауап орнына
тұрсын деген. Жоғарыда аты аталған жұрттар адасса, мен де адасқаным дегім
келгені»,- дейді.
А. В. Жуковский аударып жазған «Рүстеп - Зорап» он кітаптан тұрады. 1)
«Рүстемнің аңға шығуы», 2) «Зорап», 3) «Хеджир және Гүлдаферид», 4) «Рустем
және Кейқуат», 5) «Ақ сарайдағы той», 6) «Зорап және Хеджир», 7) «Рүстеп -
Зорап» (бірінші ұрыс), 8«Рүстеп- Зорап» (екінші ұрыс), 9) «Рүстеп- Зорап» (үшінші
ұрыс), 10) «Рүстем» деп аталады. Мұхаметжан қазақ тіліне тек бірінші кітаптың
атын алған да, басқаларын «Екінші кітап», «Үшінші кітап» деп атаған. Поэма
кішкене кіріспе сөзден басталады. Оның орысшасы былай:
Из книги царственной Ирана
Я повесть выпешу для вас
О подвигах Рүстем - Зорап.
Осыны Мұхамеджан былай келтірген:
Ау, азамат, мырзалар,
Жыр жырлауға азырақ,
Сіздерден жауап сұраймын.
«Шаһнамадан» көшіріп,
Иран жұрттың ерлері
Рүстем мен Зорап жайынан,
Жалықпай құлақ салыңыз,
Азғана кеңес құрайын.
Поэманың басы орысша былай басталады:
Заря едва на небе занялась,
Когда Рустем, Ирана богатырь
Проснулся, встав с постели, он сказал.
Осыны Мұхаметжан былай аударған:
Бір заманда, бір күнде,
Таң сарғайып атқанда,
Иранның ері Рүстем ер,
Төсегінен тұрыпты.
Өзінен- өзі ыңыранып,
Әңгіме кеңес құрыпты.
Поэманың екінші кітабының басы орысша былай басталады:
Пора пришла- и у Темины
Родился сын, прекрасный,
Как месяц. Радостно ,гордостно его
Прижала к есердцу иать и со слезами
Им любавалась: Он был вылитый Рустем.
Осыны Мұхамеджан:
Күні жеткен шағында,
Темиден бір ұл туған
Толған айдай балқыған,
Иісі жұпар аңқыған.
Қуанышы мен қорқынышы
Араласқан анасы
Баласын басып жүрекке
Шалқар көлдей шалқыған,
Нағыз Рүстем сипаты, деп аударған.
Осы келтірілген мысалдардан Мұхамеджан Сералин «Рүстеп- Зорап» поэмасын
орсшадан дәлме- дәл, сөзбен- сөз аудармай, еркін аударған; оның кей жерін кеңейтіп,
кей жерін қысқартып отырған, кей жерін дәл аударып, кей жерінің мағынасын ғана
берген.
Ал Мұхамеджан өлеңді аударуға, тіпті өлең жазуға шебер емес. Оның
өлеңдерінің кейде өлшем, ұйқасы жетпей де жатады, кейде керекті болып шықпайды
да. Бірақ «Шаһнаманы» қарапайым сөздермен аударса да, қазақ тілінің стилімен
жазған.Жер жүзі әдебиетінің асыл қазыналарының бірі болған «Шаһнаманы» қазақ
тіліне аудару үлкен де тарихи, мәдени мәні зор жұмыс еді.
Мұхамеджан Сералиннің орыс тілінен аударған екінші шығармасы- «Жусан»
ол қазақ тұрмысынан, Қазақстан туралы көптеген әңгіме, очерк, мақала жазған Сібір
жазушысы Антон Сорокиннен (1924 жылы қайтыс болған) аударылып, «Айқап»
журналының 1915 жылғы сандарында басылды. Онда қазақ даласын суреттеп береді.
Ақынның осы еңбектенуі оның халыққа қазақ әдебиетіне қызмет етуге
тырысқандығын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |