Хх ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері



Pdf көрінісі
бет22/27
Дата26.02.2023
өлшемі1.37 Mb.
#470079
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
kopbaeva mr khkh gasyr basyndagy kazak debieti tarikhynyn ms

Тапсырмалар мен сұрақтар: 
1. М. Сералыұлының қоғам өміріне араласуы, қайраткер дәрежесіне көтерілуі.
2. «Айқап» журналын ұйымдастырып шығарудағы басты мақсаты.
3. «Қазақ халқының мұқтаждығы», «Біздің бұрынғы һәм бүгінгі хәліміз», «Жер 
әңгімесі» мақала-очерктеріндегі ұлт мәселелерінің шешімін табуы.
4. М. Сералыұлының өзге де ағартушы ақындармен (С. Торайғыров, С.Дөнентай, 
Ғ. Қарашұлы, А. Байтұрсынов, М. Дулатов) шығармашылық және 
дүниетанымындағы үндестік.
5. Аударма жанрындағы еңбегі мен жаңалығы. 
6. Көлемді поэмаларындағы дәстүр мен жаңашылдық.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – азат өмірді аңсаушы.
 
Лекцияда қаралатын мәселелер:
1. Ақынның қысқа ғұмыры және әлеумет, қоғамдық қызметтерге араласуы.
2. Сұлтанмахмұт және «Айқап» журналы.
3. Сұлтанмахмұт Торайғыров лирикаларындағы табиғат, әлеумет, махаббаттың 
шеберлікпен жырлануы.
4. Ақынның «Адасқан өмір», «Кедей», «Қайғы», «Айтыс» поэмаларындағы 
көтерілген тақырып және азатшылдықты аңсау.
5. Ақын шығармашылығындағы реалистік және сыншылдық көзқарастар. 
6. «Қамар Сұлу» романының жанрлық сипаты және жазылу ерекшелігі.
7. «Кім жазықты?» романындағы дәуір психологиясының көркем әрі шынайы 
суреттелуі.
8. Ағартушы ақынның шығармаларының тіло көркемдігі және мазмұн тереңдігі.
9. Сұлтанмахмұттың көсемсөз саласындағы рухани мәні терең мақалалары.
10. С. Торайғыров шығармашылығының ұлттық әдебиеттен алар орны.
Пайдаланатын әдебиеттер тізімі:
 
1.Әбдиманұлы Ө. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті Алматы: Қазақ университеті, 
2004 
2. Кенжебаев Б. Мақыш Қалтаев.//Әдебиет және искусство.1950, №12. Кенжебаев Б., 
Есназарова Ө. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. А., «Мектеп», 1966, 260-бет. 
3. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. А., «Жазушы», 1986;,XX ғасыр басындағы қазақ 
әдебиеті. А., «Мектеп»,1993; Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. А., «Ғылым», 1973. 
4. Қирабаев С. Ақын тағдыры // Торайғыров С. 2 томдық шығармалар жинағы. –Алматы: 
Ғылым, 1993-1 том. -197 б.


5. Кенжебаев Б. Сұлтанмахмұт Торайғыров. –Алматы: Қазақ мемлекеттік баспасы, 1957-
120 б.
6. Бисенғали З.Қ. ХХ ғасыр басындағы қазақ романы: зерттеу. –Алматы: Өлке, 1997-268 б.
7. Еспенбетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров. –Алматы: Ғылым, 1992-200 б.
8. Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. –Астана «Фолиант», 2004-304 б.
9. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. –Алматы. Қазақ университеті. 2002-
455 б.
Жас ғұмыры мен жалынды күшін елінің ертеңіне сарп етіп, сол жолда бейнет пен 
азаптың талай ауыртпалықтарын көтерген санаулы жұлдыздардың бірі – С.Торайғыров. 
С.Торайғыров 1893 жылы қазан айының 28 жұлдызында қазіргі Көкшетау 
облысының, Қызылту ауданында дүниеге келген. «Сұлтанмахмұтқа Торайғыр төртінші 
ата, солай бола тұрса да Сұлтанмахмұт өзінің фамилиясына Торайғырды таңдап алған. 
Оның себебі, Торайғырда қазақ халқы жақсылық жағынан ғана біледі. Торайғыр жасанған 
жаудан қайтпаған, найзагер батыр болған. Төр бергенде жат-жақынына қарамайтын. «Өте 
әділ би болған», дейді ақынның немере інісі Шәймерден Торайғыров, Әкесі Шоқпыттан 
қара таныған Сұлтанмахмұт алдыңғы ойлы Нұрғали сияқты ұстаздардың алдын көргеннен 
кейін білімге деген құштарлығы қанаттана түседі. 
Қазақтың талай зиялыларын біліммен сусындатып көкірек көзін ашқан Троицк 
қаласындағы ақынның өткізген жылдары(1912-1914) айрықша оның мәдени-саяси 
көзқарастарының қалыптасуна «Айқап» журналының маңында болуы, әсіресе онда 
қызмет атқаруы ықпалын тигізді. 1913-1914 жылдары жазған «Қандай басшы?», 
«Түсімде», «Бұлар кім», «Бір адамға» өлеңдерінде ақын саяси қоғамдық көзқараспен 
тақырыпты терең қамтиды. 
1914 жылдың жемісі маналатын «Бір адамға» лирикасында ақын бүкіл бір 
халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған. Ол жамандықтан жеріп, әділетсіздікті 
сықақтай отыра, ұнамды бейне идеялын іздестіреді. Эпикалық шығармаға өзек 
боларлықтай ой өлеңнің бір аясына сыйғызған. 
Торайғыров ақындығына тән бір қасиет – лирикалық кейіпкердің жүрек сырын 
монологпен жеткізу. Жалпы алғанда, субектінің көңіл-күйін монологпен жеткізуі күллі 
лирика табиғатына жақын десек те, Сұлтанмахмұтта ол барша өлеңдерін, поэмаларын 
қамтитын жазушылық өмірбаян 1917 жылдың ортасына дейінгі мерзімде ауызға ілікпей 
жүр. Басты себеп бұл уақытта С.Торайғыровтың Семей қаласындағы қырғыз(қазақ) 
комитетіне мүшелікке енуі. «Алаш» партиясының басшыларымен тығыз қарым-қатынаста 
болуы. 
С.Торайғыров «байшыл», «ұсақ, буржуазияшыл» т.б. айдарлардың байыбына 
бармай тағылуы «Алаш ұраны» өлеңіне байланысты. «Алаш ұраны» 1917 жылғы Ақпан 
революциясынан кейінгі іле шала жазылған шығарма. 
Ақпан төңкерісінен кейін қазақ жерінде кеңінен өріс алған автономия алу, өз 
алдына жеке ел болу идеясы «Алаш ұраны» өлеңінен өзекті түйіні кесекті байламы. 
Алаш туы астында 
Күн сөнгенше сөнбейміз. 
Енді алашты ешкімнің 
Қорлығына бермейміз! 
Жасасын, алаш, жасасын! деп ақынның жігерлене жыр кестелеуі сол заман ақиқаты 
көз алдымызға елестеді. 
С.Торайғыров 1917-1918 жылдары «А, дүние!», «Сарыарқаның жаңыры», «Жас 
жүрек», «Не жасаймын» т.б. өлеңдерін жазып, әлеуметтік сан саналы жәйттерді көтерді. 
Ақын «Сарыарқаның жаңбыры» мысал өлеңінде бостандықты бар болмысымен 
асыға күткенін аңғартады. Өлеңде ақын табиғаттағы өзгерісті салыстыра суреттеу арқылы 
өмір өзгерісін меңзейді. «Жаңбыр» символдық образ, әрі табиғатты оятып, сәнге бөлеуіш 


ғажайып күш. Сондықтан да Торайғыров «Сарыарқаның жаңбыры» мысал өлеңінде 19*17 
жылғы ақпандағы революцияны күйіп кеткен меңіреу далаға жан бітірген, шермендегі 
елдің көсегесін көгерткен жаңбырға теңейді. 
Осы бір түбірлі өзгеріс кезіндегі ақынның көңіл-күйі «Жас жүрек» өлеңінде 
өрнектелген. Ақпан революциясы тек «тәтті үміттің қиялы» ғана болып, «шындық», 
«достық таппадым», «өмір бойы алдандым» деп лирикалық кейіпкер жүрек сырын 
ақтарды. 
Болашаққа зор сенім арту, келешектен бір сәтте күдер үзбеу, қоғамдық-саяси 
құбылыстарды жан-жақты қамту С.Торайғыровтың 1918-1919 жылдары дүниеге келген 
«Осы да әділдік пе?», «Өң бе түс пе?», «Дауылдағы әбігер», «Ғайса кім?», «Кезек қашан 
келеді» шығармаларынан молырақ аңғарылады.
Ұлы өзгеріс тұсында дүниеге келген туындыларын оқығанда аңғарылатын түйін 
С.Торайғыровқа тән азаматтық әуен, поэзиясындағы дәуір сипаты революция туғызған 
жаңалықтармен астасып, ұштасып жатады. 
С.Торайғыров лирикасына тән өз ішкі сезім дүниесін бар қырымен оқырманға 
жайып салу тәсілін «Қамар сұлуда» да сақтаған. Романда әр кейіпкер көңіл-күйінің де 
автор көзқарасының да лирикалық, психологиялық сипаты басым. 
Қазақ жұртының бойындағы айықпас дерт қызды малға сатуды әжуалай отырып
көптің көкейінде жүрген саулға суреткерлік көзбен үңіле қарап, елін емірене сүйген 
азаматтық жүрегімен толғана тебіренген С.Торайғыров көргенді, көшелі жастардың 
көбейе түсуін барынша қалады. Қамар, Қасен сияқты жастардың кейде дәлелі 
жетіңкіремейтін, тиянақты әлсіз әрекеттерге араласып кетуі ниеті түзу, көңілі ақ 
қаламгердің ұнамды кейіпкерлеріне шаң жуытпай, оларды тек үлгіге ұстау, жастарды 
тәрбиелеуге пайдалану ниетімен ыңғайлас. 
Қамардың ерте есейіп, тез оянуы, тағдыр тауқыметіне тіреліп, шырғалаңға 
шырмалуы әйелі өлген Жорға Нұрымға айттырылуынан басталады. Қамардың басына 
түскен мүшкіл халді автор көптің аузымен: «Шіркін, Қамардай, шынымен сол дөңкиген 
өгіз секілді немеге кетеді-ау!» деген күйзеліске, күңіреніске толы ашу ызалы жолдармен 
жеткізеді. 
Романдағы тартыстың шиеленісіп, ширыға түскен тұсы Омардың аулына «күйеу» 
Жорға Нұрыммен келуі. Жазушы Қамарды күрес алаңына алып шығуды қажет 
санағанымен, ұнамды кейіпкерлерінің зұлымдыққа төзбейтін, еркіндікті сүйетін өнегелі 
буынның өкілі екендігін ескерген. 
С.Торайғыров 
қазақ 
даласындағы 
ескілікті 
салт-дәстүрінің 
қырсығынан 
сергелдеңге түсіп кертартпа әдет-ғұрыпқа қарсы тұрған Қамар, Ахмет, Қасен сынды 
жастарды көпшілікке үлгі ете отырып, Жорға Нұрым, Оспан би, Қалтан қажылардың 
тағылық әрекеттерін әшкерелейді. 
Шығармада автор бейтарап емес, өзінің ішкі сезім дүниесін, көңіл-күйін барынша 
айқын жеткізді. 
«Қамар сұлу» С.Торайғыров творчествосының ғана емес, бүкіл XX басындағы 
қазақ ауылындағы әлеуметтік таптық қайшылықтар, кетуі кетіп, ішінен іріп, іргесі 
бұзылып бара жатқан қоғамдық ортаның ұсқынсыз келбеті. 
«Кім жазықтыда» қазақ ауылындағы үш ұрпақ, өкілдерінің құлдилай құлдырауы 
межеге алынады. 
Жазушы Тасболат, Әжібай, Қабыш арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті, 
қоршаған ортадағы дертке ұласып, ушыққан салт санадағы өресіздікті дөп басып суреттеп, 
қатал сынға алған. Тасболат бай кенже ұлы Әжібайдың қолын биікке жеткізу үшін оқуға 
береді. С.Торайғыров Әжібай бейнесін жан-жақты ашуды мақсат тұтқан. Мал дәулеттің 
буына малданған 
тұрлаусыз, пәтуәсіз Әжібай ауылдағы әйелдерді Жаңыл мен Жәнішті місе 
тұтпай, енді «Қызыл су» қаласындағы оқыған қыз Аппақайға көңілі кетеді.


Қанша айла шарғыға барып, шашылғанымен Әжібай Аппақайдың көңілін бұра алмады. 
Көп әйел алуды мақтан тұтқан Әжібай әке малын шашып, тағы бірнеше рет үйленеді. 
Әкесіне ас беріп атақ аламын, болыстыққа таласамын деп текке малын шашқан Әжібай 
трагедиясының айқын белгі беруі сұрапыл жұттан соң жүген ұстап қалуы. 
Мал жинап, байлық құраудағы тапқан ақылы -қызы Күлтайды малға сату. Автор 
Әжібайдың 
заңды 
жалғасы 
Қабыштың 
жексұрын 
іс 
қимылдары 
арқылы 
әжібайшылдықтан безіндіреді. Романда XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ ауылындағы 
әлеуметтік таптық қайшылықтардың шиеленісуі, Тасболат, Әжібай, Қабыштардың күні 
өтіп шаңырағы шайқалып бара жатқандығы, жалпы қоғамның азып тозып, құруға бет 
бұрғандығы нанымды меңзеумен суреттелген. Дүниеден тым ерте кешіп, әдебиетте үзіп-
жұлып оншақты жыл ғана қалам тартқан біртуар С.Торайғыровтың әдеби мұрасы 
жариялылықтың ықпалымен толыға, марқая түсті. Кер заманның қанжығасына бөктеріліп 
тарихтың қыртысында қалған дүниелері иесін тапты.
«Таныстыру» (1918) мен «Айтыстың» (1919) ұзақ уақыт жұртшылық назарынан 
тысқары қалып, қоюының басты себебі қазақ қоғамының өткендегі мен болашағы туралы 
толғамдарының большевиктік саясат пен үйлестік таппағаны. «Таныстыру» поэмасы 
Алашорда басшыларын дәріптейтін, «Айтыс» байшылдық ұлтшылдық пиғылды 
әспеттейтін шығармалар деп танылады. 
«Таныстырудағы» Оқыған поэмадағы өзекті ойды желілеуші ғана емес, аумалы 
төкпелі уақыттың лебін сезінетін, көрген түйгені бар тұжырымы мол азамат. Ал оның 
қарсыласы, сұрақ қойып, оқығанға ойтүрткі болған адам да көптің бірі емес, қоғамдағы 
өзгерістерді өзінше топшылайтын, тіпті сұхбаттасының тұжырымындағы шалалау 
қарпылған тұстарды нақтылай алатын зейінді жан. Өзінің білімдар кеңесшісі сияқты үлкен 
ғұламалардың шығармаларына сілтеме жасап отыратын тұстары да бар. 
Халық мұңын мұңдасуда, еңселі ойлар тізбегін тұю тұсында екі кейіпкердің ара 
жігінің байқалмай қалатын кездері де көрініс береді. Шығармадағы қара қазақпен 
оқығанның бойындағы мұндай ұқсастықтармен бірге әрқайсысының психологиялық 
әлемі, сөз саптау мәнері өзінше. Оқыған өзіне мәлім мағлұматтарды көңіл таразысына 
сала жинақтай келіп, салихалы ой түйінімен жеткізсе, кара қазақ өзіне беймәлім дуниені 
сұрауды жалтақтамай, кімдерді не үшін ұнатып, не үшін ұнатпайтынын төтесінен айтады. 
Қара қазақтың: 
Туғанда құдай иіп мұндай заман, 
Сұрайтын бір сөзім бар, сенен балам. 
Тап біздің осы Семей облысының 
Көшбасшы адамдарын айтшы маған, 
- деп басталатын бірінші сұрағы төңкеріс тұсындағы саяси әлеуметтік жайды 
оқығанның тарата баяндауына негіз болады. Осы шумақтағы алғашқы тармақтың 
(«Туғанда құдай иіп мұндай заман») өзі бодандық шеңгелінде жаншылған қалың елдің 
бостандық туын желбіретушілерге деген сенімін білдіреді. 
Оқыған азамат жауабын қазақ елінің басқалармен терезесі тең еркіндікте, 
бостандықта өмір сүруін өмірлік мақсатына айналдырған әйгілі Әлихан Бөкейхановты 
таныстырудан бастайды. 
Түймеге жарқылдаған алданбаған, 
Басқадай бір басы үшін жалданбаған. 
Көркейер қайткенде алаш деген ойдан, 
Басқа ойды өмірінде малданбаған. 
Поэмада Ә.Бөкейхановтың және оның алты миллион қазақ үшін жеке басының 
рахатын «құрбан еткен» серіктерінің абырой атағы сұрақ қоюшы, қарапайым халық 
өкілінің атынан да толықтырылған: 
Басында ол қарағым тұр ғой дәйім, 
Тек ұзақ өмір берсең бір құдайым. 
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов, 


Білемін ол үш ердің айтпай жайын. 
Кешегі қара күнде болмап па еді, 
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым. 
Солардан басқа кешегі кім бар еді, 
Қазақ үшін «шам қылған жүрек майын?» 
Поэмадағы оқыған мен қара қазақтың әңгімесінің жалғасы аты аталған бағыт 
мақсаттарын ұстанған, еліне қадірлі Әліхан Ермекұлы мен Халел Ғаббасұлын 
таныстыруға арналады. Ә. Ермеков қазақтан шыққан тұңғыш профессор математик Томск 
технологиялық институтының түлегі, ел тағдырының шешуші кезеңдерінде талай 
мәртікке барған адам. 
Сөйлеп кетсе қозғалар бойда жаның,
Тас болса да ерітер жүрек қанын.
Шындығы, тереңдігі, әділдігі, 
Тусаң ту, осылай дегізер жанның бәрін. 
Онан соң Халел Ғаббасұлымен жүздесеміз. Төңкерістен бұрын Москва 
университетін тәмамдаған, оқымысты, терең ойлап, алыстан болжайтын адам. Семейде 
«Алаш» партиясы құрылғанда, ұйымдастырушылық іскерлік қабілетімен халық жүрегіне 
жол тапқан жан.
Жас жігіт университеттен оқып шыққан, 
Халыққа қызмет парыз деп миына ұққан. 
Алданбас, алыс болжар, алдын көрер,
Болса да оған мәлім жерге тыққан. 
Айлаға қарай біліп айла құрғыш, 
Табалы қайдан болса, содан ілгіш. 
Бір іске тура план құрылуда 
Деуге болар Семейде осы білгіш, - дейді оқыған Х.Ғаббасұлының сөзі мен ісінің 
бір жерден шығатындығын, шешімділігін, бірбеткейлілігін жоғары бағалайды. Поэма 
желісінен ел басына күн түскен кездегі Х.Ғаббасұлының салқындылықпен қалың жұртқа 
ғана емес, ақынның өзіне тоқтау бола білгені байқалады. М.Әуезов естелігі осының 
дәлеліндей: «Сұлтанмахмұт 1916 жылы Қатон қарағай жағынан қайтып Томскіге оқуға 
кетерде біраз уақыт Семейде тұрды. Осы орайда, қазақ оқығандарының бір жиналысы
болып, онда «июнь жарлығы» туралы мәселе қаралды. Жиналыста кейін алашорда 
басшыларының бірі Халел Ғаббасов «Қазақ» газеті сілтеген бағыт бойынша, «патшаның 
жарлығына карсы болмау керек майданға жігіт беру керек» деді. Сұлтанмахмұт шығып, 
Халелге қарсы сөйледі. Майданға жігіт бермеу керек, ел көтерілгелі отыр, сендер кері 
тартпандар,- деді. Сонда Халел Сұлтанмахмұтқа қатты кейіді, ұрсып тастады. 
«Пырызып» себебінен білді халық 
Толқынға тоқтатқан ақыл салып, 
Ығын шығын қырғыннан өз уезін 
Калды ғой ақылменен аман алып, деді.
Ә. Бөкейханов, М.Дулатов, «Алаштың азаматына!» үндеу хат жариялап, елді 
бекерге қырылып қалудан сақтандырған еді: «Біздің жұртқа айтатынымыз: бұған көнбеске 
болмайды, мұны бұрын да сан рет айттық. Көнбейміз деушінің сүйгені жан тәттілік болса, 
салыстырып қаралық: көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық 
бар? Көнгенде шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт (қазаға да ұшырар, бірақ елдің 
іргесі бұзылмас) қазаға ұшырар деп ауру сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе, 
солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді. 
Көнбегенде көретін ауырлық бағынып тұрған үкіметтің арлығынан бас тартсақ, жау 
жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек 
үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, ол күшті законға сүйеніп істер. 
1916-жылы ұлт қозғалысы тұсында халықтың тұтастай қимыл әрекет жасауына 
алашордашылар бөгет жасады деген айып айдар тағылды да, ал шығындығында сол 


көтерілістің аяғы жаппай тоналу мен қуғын сүргінге әкеліп, қалың елді әуре-сарсаңға 
түсіргенін де тарих бекер дей алмас. Поэмада қазақтың кемеңгер ақыны Шәкәрім 
Кұдайбердіұлы ерекше ілтипатпен аталады. 
Ерте оянған кісінің біреуі осы,
Бұл жұрттың түзеймін деп антұрғанын. 
Бір жолмен Байтұрсынов, Бөкейханға, 
Ақсақал бола алғандай осы кәрің ... 
Бұл қазақтың мақсұты биік алыс, 
Таппаса да сөзіне құлақ салыс. 
Казақ деп жекелеме адамзат де, 
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
Шәкәрім барша қазақтың, бүкіл адамзаттын ынтымағын көксеген, -ақылшы, 
ойшы бейнесінде көрінеді. Нәзипа Құлжанкеліні мен Нұрғали Құлжанұлына 
«Таныстыруда» лайықты орын берілген. 
Ардақты бар Нәзипа деген ханым, 
Газет журнал жүзінде жұртқа мәлім 
Оқыса сондай әйел шығар еді деп, 
Оқығандар бағалар сөздің дәмін. 
Нәзипа Құлжанова Семейдегі оқытушылар семинариясында мұғалім болған. 
Халқымыздың тарихына, ауыз әдебиетіне, тұрмыс-салтына қатысты аса көп деректер 
жинап, кейбірін кезінде жариялаған. Нұрғалиды жақсы білген, кейбір деректерге 
қарағанда, олар ақынға Семей қаласындағы семинарияға түсуге ақыл - кеңес берген. 
Бірге айтайын Нұрғали Құлжан ұлын, 
Жаңылмасақ бұлайша мұның сырын. 
Қайратты, кең ойлайтын сабырлы адам, 
Жасымайтын, бермейтін жанға сырын... 
Бір ұстаған жерінде қалар қатып, 
Кім болса да сөйлейді сөзді батып,
Өз көңілінде түзу деп ұққан ойың. 
Істейді жіберсең де қазір атып. 
Н.Құлжанов жайындағы естеліктер, оның қажырлы большевик ұстанған жолына
өмірінің ақырына дейін берік болған күрескерлігін растайды. Халқына күш жігерін 
аямай қызмет етті. Н.Құлжанов 1919 жылы ақтардын қолынан қаза тапты. Романың
басты мақсаты өз тұсындағы қоғамдық әлеуметтік өзгерістерді дұрыс түсініп, 
елді тура жолға бастайды-ау деген, қазақтан шыққан қайраткерлерді қалың елге 
таныстыру, ой салу. 
Керісінше, ақын Мұқаш Боштайұлы, Жақып Ақбайұлы, Рахымжан Мәрсекұлының 
аттарына ауыр сөздер айтып, олардың әлеумет көңілінен шығатындай ештеңе 
тындырмағанын, жеке бастарының мансабын күйіттеуден аса алмағанын ашына 
суреттейді. Бұл тұстарда ақын кейбір кейіпкерлердің іс-әрекетін бір түрлі бояумен беріп, 
өзіндік таным-сенім шеберлерінде шектелгені де байқалады. 
«Таныстыру» С.Торайғыровтың поэзия жанрындағы тұңғыш талпынысы. Ақын 
уақыт талабына сай жедел жауап беріп, төңкеріс тұсында толқыған ел көңіліне ұялаған 
жұмбақ сауалдардың бірін өнер туындысы арқылы пайымдауға міндет еткен 
Ақынның «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары қазақ әдебиетіндегі мүлдем жаңа 
құбылыс. С.Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасы, - деп жазады көрнекті әдебиет 
тарихшысы М.Мағауин қазақ сөз зергерлерінің ғасырдан-ғасырға ұштасып келе жатқан, 
адам және оның табиғаты, өмір және оның мәні туралы толғауларының бір арнаға келіп 
тоғысқан құймасы, шырқау шыңы тәріздес». 
«Адасқан өмір» (1918) лирикалық философиялық, сюжетсіз поэма. Поэманың өн 
бойында адамның өмірі, коғамдағы орны, әлеуметтік іс-әрекеті турасындағы топшылау 
орын алған. Лирикалық кейіпкер «меннің» дүниеге келген шағынан бастап жарық 


дүниеден қайтқанға дейінгі ғұмыры төңірегінде автордың түйіндеулері монологпен 
берілген. 
Кейіпкердің ішкі толғанысы мен қоғамдық ортамен қатынасын шектемей, 
бөлектемей, оның іс-әрекетін, қимыл-козғалысын бүкіл халықтық күллі азаматтық 
дәрежеге көтеріп жырлауын Сұлтанмахмұттың кол жеткен табысы деп білген жөн. 
Поэмадағы «Мен бала бөлімінде нәрестеге тән пәк психологиялық сезім басым. 
Ақынның лирикалық «мені» жігерлі. «Сыйлар деп дүниеге келдім, міне!» деп өмір 
есігін ашқан! «мен» асқақ сөйлейді: 
Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін, 
Не қылсамда басымды бердім міне! 
Сұлтанмахмұттың сарылып соңына түскен әділдік бостандыққа жете алмай жүрген 
шағында айналасындағы жұртқа тек достық ниетпен карайтын бала «меннің» көңіл 
күйін көтеріңкі беруі орынды. 
Поэманың «Мен жігіт» бөлімінде менің жігіттік шағындағы айналасына, қоршаған 
ортаға көзқарасын барынша тереңдеп қамту арқылы ақын әлеуметтік философиялық 
сырларды ашқан. Лирикалық кейіпкер әкім ойлап, ел билегісі келеді, жауапкершілікке 
қолбасшы да болғысы бар, ғалым болып, дүниеде ашылмаған сырларды пайда жоқтығын, 
байлықпен бақыт сатып ала алмайтынын түсінеді.
Сондағы «менің» іздегені-әділдік. Лирикалық қаһарман қоршаған ортадағы 
жетесіздікті сынаумен шектелмей, халық өмірін жақсартудың басы әділдік пен бақытта 
деп түсінеді. 
Ендеше мен жабысам негізгі іске, 
Әділдікке бас игіз, бақ та, күш те. 
Қарғаймын әділдіктен басқа жолды. 
Өңім тұрсын, кірмесін түнде түске. .. 
Бұл «Мен тоқтадым» бөліміндегі кейіпкер толғанысының түйіні. Торайғыров 
суреткердің әлеуметтік тақырыпты жырлауда қалтарыстарынан көш ілгері озғандығын 
айғақтайтын қомақты пікір. 
Поэмада «ырқына дүние тұрсын дене көнбес», ұйқы тамақ, қайғы жолдас» кәрілік 
кез қайран жиырма бесті сағынатын ұлғайған шақтың қуанышы мен реніші, жеңісі мен 
жемісі келісімді суреттелген. 
Мен өлік мен суық тән, менде жан жоқ, 
Жүрегімді өмір жоқ ыстық қан жоқ 
Үміт жоқ жек көру жоқ махаббат жоқ,
Сезім жоқ кірпігімді қозғар хал жоқ,
Өлеңнің, көрнектілігіне қоса қуатты болуын ескерген Торайғыров поэзиясында 
қайталау көріктеу құралы қызметін атқарады.
Торайғыровтың «мені» әлеуметтік саяси өмірдегі өзгерістерді дұрыс пайымдайтын 
және олар жайлы берік көзқарасы бар кейіпкер. 
Бейшараны шын досқа санар едім, 
Ол үшін оқ астына барар едім, 
Бай жағы жүз мың болса, кедей жалғыз, 
Қорықпай-ақ жалғыз жақта қалар едім, деу өрелі, саналы жанның көкірегінен 
шығар сындарлы, салиқалы пікір. 
С.Торайғыровтың «Адасқан өмірі» қазақ қоғамының алуан -алуан тұрмыс-тіршілік 
қалпын өнер туындысы арқылы салмақтап, философиялық түйіндеудің озық үлгісі. 
С.Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасымен үндес, өзектес туындысы «Кедей» 
(1919). 
Поэмадағы лирикалық кейіпкер - кедей арқылы ақын өзінің демократиялық ой 
пікірін айқынырақ таныта түскен. Поэма бастауында берілген картина үлкен әлеуметтік 
мәселеге меңзейді. Ақын суық сүреңсіз, ызғарлы, қараңғы күзгі түн иттен басқа жолдасы, 


үстіне ілер лыпасы жоқ кедейдің ауыр тұрмыс халі, шығармасының өн бойында 
көрсетпегі де сол. 
Кедейдің аузымен айтқызған: 
Әкем, шешем, арғы атам солай өскен, 
Олардың да өкпесін есек тескен, 
Мен істеген жұмысты олар да істеп, 
Мұқтаждықтан кұтыла алмай күнін кешкен,
деген жолдармен Сүлтанмахмұт тап теңсіздігінің әріден келе жатқан ата жауы екендігін 
көрсеткен. Ұрпақтан -ұрпаққа, өктемдікке төзбестік білдіру -кедейдің бөліп айтарлық 
қасиетінің бірі.
«Көрден тұрған кісідей өңі» бар қаладағы қаналушы кедейдің (жұмысшы) ауыр 
тұрмысын поэмаға енгізу нәтижесінде ақын шығармасының саяси әлеуметтік көтерер 
жүгін кебейте түскен. 
Поэмада кедейге өмір жайлы сұрақ қойғызып, басындағы ауыр халді өзгертуге 
үндеу идеясы бар. 
Байларға өгіз болып өту үшін, 
Дүниеге шынымен-ақ келгенім бе? 
Кедейдің тап мұндай ойға келуі - кейіпкердің өскендігі. Уақыттың ағымына, 
икеміне кетпей тарихи саналы іске, өмірдегі өзгерту әрекетіне даярлық үстіндегі адамның 
қиялы. 
Лирикалық кейіпкер «бейнеттен басқа алдымда үміт жоқ» деп қорықпайды, 
бақытқа жетуге ұмтылады. Торайғыров кедейінің ойынша адамнын басты қасиетінің бірі 
«бақытқа талпыну». 
Жоқ мен бұған разы тіпті болман! 
Бақытты іздеу керек басқа жолдан, 
Бұл жолда көрге дейін өмірін беріп, 
Жан аз ба менен басқа әуре болған? 
Ақынның мұндағы айтып отырған бақыты бүкіл саналы өмірінің идеялы, туында, 
бостандық, «әділдік» атты сөздер жазылған қоғам. Суреткер шығармасымен қоғамды 
өзгертудің қажеттігін аңғартса, өз міндетін атқарғаны деп ұғамыз. 
Сыншыл әдебиеттің белді өкілі С.Торайғыров «Кедей» поэмасымен XX ғасыр 
басындағы қазақ ауылындағы таптық қайшылық, қоғамдық әлеуметтік теңсіздік 
тақырыптарын қозғап, шынайы суреткерлік шешім жасады. Ақың аулындағы қаналушы 
тас кедейдің тұрмысын, халін саяси жағдайын түбегейлі көрсету арқылы типті бейне 
сомдап шығарды. 
С.Торайғыров өмірінің ақырында жазып, аяқтай алмай кеткен шығармасы «Айтыс» 
(1919-1920). 1922 жылғы «Адасқан өмір», 1933 жылғы «Толық жинақта» жарияланып, көп 
жылдар бойы оқырманға жол таба алмай келді. 
Елдікті, егемендікті аңсаған өрелі ойын ақын «Айтыста» қоюлата түсіп, ата 
қоныстың тұтастығы, ана тілі мәртебесінің кемімеуі, салт-дәстүрдің берік сақталуы 
сияқты мәңгілік проблемаларды қозғаған. «Айтыс» поэмасын жазуда ақын қазақ 
фольклорындағы көне де құнарлы жанр айтыс поэтикасына ден койған. Дала ақыны мен 
қала ақынын салыстыра - келіп, қоғамдағы қоршаған ортадағы, өмірдегі, сан қырлы 
әлеуметтік адамгершілік этикалық проблемаларды көтерген. 
Поэмада екі кейіпкер бар - дала ақыны, қала ақыны. Айтысты бастаған қала ақыны 
мен - мендік танытып, менсінбей сөйлейді: 
Сен кімсің семіз, толық тән жағынан? 
Өгіздей бар шығарсың әл жағынан? 
Көрінген, көрнегіңнен, жүрісіңнен, 
Топастығың білінген әр жағынан. 
Сыртқы тұрпат бойынша мінездеме берген қала ақынынын жетесіздігіне дала 
ақыны байсалды жауап қайтарады. 


«Мен, қазақ қазақпын» деп мақтанамын, 
Ұранға «алаш» деген атты аламын. 
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ 
Мен неге қазақтықтан сақтанамын? 
Поэмадағы Ақ Жайықтан Алтайға созылған шалқар даланы еркін жайлаған 
қазақтың ұрпағы екенін дала ақыны тамаша жеткізген. Қала ақыны өз кезегінде 
қарсыласына сол далаңда бөгде жанарды селт еткізерлік не бар, несі қызығарлық деп 
қажайды. 
Кең тынысты дала ақыны бабаларының кіндік кесіп, кір жуған ата қонысын 
сипаттауға келгенде кең көсіледі. 
Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс, 
Иісі аңкып, бетім сүйген самал желім. 
Күндік болып мал менен жанды өсірген, 
Жаз жайлау, күзі күзек қысқы тебін. 
Толтырып жағасына ақ ауылды, 
Мың жылқы жүзіп ішкен шалқар көлім ... 
... Маңайы малға толып, бие байлап, 
Жағалай өзендерді қонған елім ... 
Поэмаға ғасырлар бойы қалыптасып, екшелген бабалардың салт-дәстүрі әдеті 
ерекше ілтипатпен суреттеледі. Дала ақыны қазақ ауылындағы билік дәстүрін 
мадақтайды. «Қағазсыз, полициясыз» екі ауыз сөзбен дау-дамайды тиятын төрелік 
айтқанда турарлықтан таймайтын билерді қаланың парақор, қиянатшыл соттарына қарсы 
қояды. 
«Айтыста» ақын өзі талай рет шығармаларында шегіне жеткізе отырып суреттеген 
тап қайшылығы, қанаушы мен езушінің, каналушының дүрдараздығын жанай өтеді. 
Поэманың жанрлық сипаты да соны қалайды. Қай кезде де болмасын айтыскер ақын 
қарсыласына ұпайын жібермей, үстем шығу мақсатында жаманын жасырып, жақсысын 
асырған. Сол дағды мен дала ақыны да қарсыласы алдында туған елінің мерейін 
үстемдету ниетімен, оның бүкіл адами танымға ұсынуға ұялмай сыятындарын ғана тілге 
тиек еткен. Дала ақыны кезінде ел басына күн туғанда елінің тұтқасы болған, оның 
еркіндігі мен бостандығын армандап сол жолдағы қайшылыққа қайыспаған хандар мен 
бектерді, батырларды үлкен ілтипатпен еске алады. 
Елі үшін қартайғанша аттан түспей, 
Бір күні бел шешініп тамақ ішпей. 
Ел қылған ерлерінен жетім қалып, 
Халыққа болды ол дәурен көрген түстей, - деп елінің есесін ешкімге жібермеуге 
тырысқан, халық жолындағы ұлдарды аңсайды. 
Поэмада ақын - жыраулардың халықтың таным-түйсігін тереңдетуде, талғамын 
қалыптастырып, рухын жігерлендірудегі өзіндік ойын айрықша тілмен суреттеледі. 
Даламның ақындарын айтсам сізге, 
Үлгіге сөз патшасын содан ізде, 
Миға тамақ жүрекке сусын беріп, 
Даңқы кеткен ақын көп бұл үш жүзде. 
Халқымыздың ежелден өлеңді, өнерді қастерлейтін абзал қасиеті, туған жерін, әсем 
даласын, ел қорғар ерін жырға бөлеген ақыны С.Торайғыров суреттеуінде жарасымды, 
нәрлі поэзияға айналған. 
«Ер Тарғын», "Қобыландыны» оқып байқа, 
Абайды оқы, таңырқан, басың шайқа. 
Ақындықтың қуаты есіңді алып, 
Бас алмастан оқырсың қайта-қайта. 
Кешегі Бұқар жырау, Жанақ ақын, 
Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын. 


Ахметпенен Міржақып әм Мағжан, 
Алты алаштың баласы біледі атын, - деп мақтанышпен көркем сөз сарбаздарын 
өнегелейді. 
С.Торайғыров «Айтыс» поэмасында тіл құдіреті, тіл тағдырына терең мән берген. 
Ана тілі адам болмысымен тығыз байланыста, ақыл-ой сезімімен бірлікте екенін тамаша 
жеткізген. 
Қазақтың даналық тұнып тұрған он бір мақалын поэтикалық шумақтарға топтап, 
оқырманды ойланта, толғанта тебірентіп тиянақты тұжырым ұсынады: 
Байқасаң, қазақтың өзінде бар, 
Дүниенің генилігі, пайғамбары. 
С.Торайғыров кейіпкері дала ақыны енді бірде халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы, 
мінез-құлқы төңірегінде ой тербейді. Дала ақынының көзіме қарағанда, қазақ тұрмысында 
жасанды қылымсу, өтірік көлгірсу жоқ үлкенді сыйлау, кішіні қадірлеу қанына сіңген 
қасиет. 
Даламда бар ұят, құдай деген, 
Қалаңдай намысы жоқ жолсыз емен. 
Әділдердің көретін сыйлығы бар, 
Жауыздарға бір жаза бар деп сенем. 
Қала тұрмысының біртіндеп дала өміріне ене бастауынан қорқады дала ақыны. 
Мың Париж, жүз Мәскеудің керегі жоқ, 
Басымда тұрар болса осы қалып, 
Даламның кеңшілдігін, бейқамдығын, 
Жаным іздеп, жүрегім сүйеді анық - дегенде, дала ақынының бойындағы елін елти 
сүйген ізгі махаббат пен жаңалыққа тосырқай қараушылық аралас. 
Мені өз еркіме қой, қалпыма қой, 
Айтатын бар тілегім, қала, саған! 
Еркіндігін, елдігін сақтауды көздеген, ақ та пәк ғұмыр сүрмекші дала ақынының 
мінез көзқарасы. С.Торайғыров дала ақынның кесек - кесек ой қозғап, салмақты түйін 
жасауына кейде тіпті тұлғаланып, биіктеп кетуіне жол ашқан. 
Қала ақының өткір сынына төзіне алуы, біріншіден, кемшілікті аямай мінеу айтыс 
жанрының талабымен үндессе, екіншіден С.Торайғыровтың шаһармен жүздесуімен, 
қаланы тануымен сабақтас. 
С.Торайғыровтың алғаш көрген қаласы - Троицк. Мұнда медреседе оқыды. 
«Айқап» журналында қызмет істеді. Ауру-сырқау медреседегі оқуын тәмамдатпады. 
«Айқап» қызметінен шығып қалды. Шарасы таусылып еліне қайтты. Екінші көрген 
қаласы Семей. Орысша оқуға қабылданбай, Қатонқарағайға сапар шегуге мәжбүр болды. 
Қайта оралып әлеумет ісіне араласуының сәті тағы да түспеді. Үшінші қала Томск. Томда 
да жоқшылық . 
Ауру. Аштық. Осының барлығы Торайғыров көзқарасының анықталуына, 
поэмадағы кейіпкерлер образын сомдауға ықпал жасағандығы даусыз. 
Сендей ме ел болатын елдің түрі? 
Айтасың өтіп кеткен бұрынғыны. 
Ел едім ел болатын дей алатын. 
Бейшара-ау не жайың бар осы күйі?! - деп, сөз кезегі тиген қала ақыны қарымта 
қайыра, сайысқа түседі. Елдікке бастайтын намыс ұстанған жолдан қайтпайтын наным 
сенім, жұртты соңына ертетін ерлерің бар ма дала ақыны? Салмақты сауал, өрелі идея. 
Жоқ сенде мұндай намыс көптен өлген, 
Бабанды тұрғызбасаң қайта көрден. 
Қорласа, дүрелесе, басқа тепсе, 
Тақсырдан басқа сөз жоқ қазақ көнген. 
Дала ақынының жанын жанып, намысына тие айтуында шындық пен жанашырлық 
егіз қатар жүргендігі анық- «Болды да партия, ел іші бүлінді» деп Абайды мұңға батырған 


кеселдің ел арасында өршіп, өрбуі «қаладан қылыш көрмей» жөнге келмеуі, қала 
ақынының түсінігінше, дала қазағынын алтыбақан алауыздығы, ынтымақ, бірліктің 
жоқтығы. 
«Қазақты жарытпайды қазақ билеп»
Есіттім талай қазақ айтты сүй деп. 
Билесе бәрі жабыла билемекші, 
Болмаса қалғанының іші күймек. 
Оязға шабысып, шала бүлініп, пара беріп, шен шекпенге, жез жаққа болыстыққа 
таласатын қазақ ауылындағы надандық әдетті қала өлтіре сынайды. 
Шашты қайырып, шүлдірлетіп, төресініп, 
Мақтануға оқыған, бізге мәлім. 
«Читаю, писаюды» білгендердің 
Қазаққа көріп жүрмін не қылғанын 
«Читаю, писаю», 
- М.Дулатовтың ел үстінен күн көріп, мансап тағына көтерілуінде, «орысша біледі» 
деген жалған куәлікті сатып алған жандарды келекелеген «Қазақ» газетіндегі фельетоны. 
Ғылымға бой ұрмай, техника тілін меңгермей дамыған жұрттар қатарына қосыла 
алмайсың, «күшті» мен «тістінің» аузында кетесің, лепірген бос сөзден гөрі ел іргесін 
сақтайтын ізгі қасиет, ұйымдасқан бірлік ынтымақты тірлік ізде дейді қала ақыны. 
Шығарма 
аяқталмай 
қалғандықтан 
авторлық 
позиция 
көмескі. 
Ақын 
кейіпкерлерінің тоқайласар түйіні әркімді ойлантары хақ. 
С.Торайғыровтың «Айтыс» поэмасы XX ғасыр әдебиетіне қосылған қомақты
олжа, айтулы қазына дәрежесінде. Ақын лирикалық қаһармандарының жан 
дүниесін ақтара ашып, әлеуметтік адамгершілік проблемаларын бүкіл адамзаттық 
деңгейге көтере қозғайды. 
С.Торайғыровтың «Таныстыру», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» туындылары 
қазақ поэмасы тарихындағы жаңа беттер ғана емес, әдебиетіміздегі бедерлі белес, үрдісті 
үлес. С.Торайғыровтың публицистикалық мұрасы сан салалы, онда очерк проблемалық 
мақала, әңгіме, әдебиет сыны, рецензия, мақала репортаж ел аузынан жиған терген, 
аударма материалдары да ұшырасады. Торайғыровтың әр жанрда қалам тартуы зор 
білімдарлығын, жаңалық атаулығы жақын тұруын тағы да әйгілей түседі. 
С.Торайғыров творчествосын ұзақ жылдар зерттеген профессор Б.Кенжебаев: 
«Сұлтанмахмұт публицистикалық шығармаларының бәрі де актуальды күрделі, көкейтесті 
мәселелер жөнінде жазылған; бәрі де аса мазмұнды, терең мағыналы. Сонымен бірге, 
автордың ой пікірлері жүйелі, дәлелді, сөз байламдары, сөйлем құрылыстары нақ, 
қисынды, көркем суретті деп түйген. 
«Зарландым» 1912 жылы жазылған дүние. Жинақтарында әңгіме аталып
жүргенімен, табиғатында проблемалық очерк мақалаға жақын. Немере інісі Шәймерден 
Торайғыров деректеріне қарағанда, жиырма бес, отыз дәптер екен. Ақын «Зарландымда» 
қазақ ауылының қилы-қилы әлеуметтік эстетикалық, психологиялық мәселелерін көтеруді 
ниет еткен. Ең алдымен Торайғыровты толғантатын сұрақ - оқу, білімге ұмтылу. Ата-
ананың балаларын оқытуға құнсыздығы, немқұрайлы көзқарасы, қазақ арасында білімнің 
жолға қойылып, ғылымның таралуына орасан бөгет туғызғандығына назар аударады. 
«Зарландым» туындысымен үңдес, туыстас ойларды «Қазақ ішінде оқу, оқыту 
жолы қалай?» мақаласы. Мақалада автор мұғалім жаңаша оқып, педагогика ғылымынан 
хабардар болғанымен, ойлаған ісін жүзеге асыруға қазақ тұрмысының әлі де аяқтан 
шалып келе жатқанын ашына жазады. 
Замандастарынан оза шауып, зеректігімен, елгезектігімен, ізденімпаздығымен қазақ 
өлеңі мен әнінің жоқтаушысы бола білген Торайғыров асыл мұраның тағдыры туралы 
ойын «Өлең айтушылар» деген мақалада өрнектеген. 
С.Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» мақаласы XX ғасыр 
басында қазақ әдебиеті сыны іргетасының берік қолдануына ұйытқы, негіз туынды 


екендігі даусыз. Мақалада көтерілген проблемалар сың өрісінің кеңейуіне, сыншылық 
ойдын бұтақтана жайылуына айтулы әсерін тигізді. С.Торайғыровтың сыншылдық 
келбетін танытатын шағын мақала рецензиясы «Жаңа кітап» М.Дулатовтың 1913 жылы 
жарық көрген «Азамат» өлеңдер жинағына арналған. Мақалада жинақ «бөтен тілден 
аршыңқы, мағынасы тереңірек», деп мазмұны мен түрі жарасқан, тілі айшықты жинақ 
есебінде бағаланады. С.Торайғыров көркем әңгіме, очерк жанрларына да қалам тербеген. 
Оның «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Жазықсыз тамған қан», «Сақып пен 
Жантұрсын» шығармалары қазақ прозасының алғашқы қарлығаштары. 
1913 жылы жазылған «Ауырмай есімнен жаңылғанымның» тақырыбы жесірлік 
касіретін тартқан әйел басындағы ауыр жағдай. Есінен айырылып, алты жыл қара 
жамылған әйелді, өз ықтиярынсыз көр соқыр, саңырау шалға «жесірімізді тентіретпейміз 
деген желеумен» қоспақшы. Ескі салттың илеуіне түскен бейшара жан қарсылығын ішуге 
бұйырған неке суын аспанға атумен білдіреді. Бұл әйелдің айналасына ғана білдірген 
қарсылығы емес, әлеуметтік теңсіздікке атқан оғы. «Қазақ» газетінде 1915 жылы 
жарияланған «Жазықсыз тамған қанда» бақытына жете алмай сұм заман қатал тәртібінің 
құрбаны болған екі жастың тағдыры баяндалады. С.Торайғыровтың «Әлиханның Семейге 
келуі» мақаласында қоғам қайраткері, ғалым, публицист Ә.Бөкейхановтың елі үшін 
істеген әрекеттерін тере отырып, әдемі жеткізеді. Сұлтанмахмұттың аяқталмай қалған 
«Социализм» (1918) мақаласында автор социализм теориясын мансұқтамай, қарапайым 
тілмен қоғам келбетін түсіндіруге тырысқан. С.Торайғыровтың көсемсөзі мен ұсақ 
прозасы қазақ публицистикасының ой-өрісін жаңа белеске көтерген дүниелер. 
С.Торайғыровтың қай жанрда жазылған шығармалары болмасын дәуір шындығы, ондағы 
қайшылықтар мен әлеуметтік өзгерістерді суреттеуде барынша өткір, сыншыл да 
шыншыл бағыт ұстанған. 
Ақын өз өмірінің мақсатын былай түйеді: 
«... Жасамаймын еңбектей жемісін көзбен көремін деп, Жасаймын бір қолғабыс 
кейінгіге беремін»,- деп жырлайды. Өнерге деген тұрпайы, дөрекі көзқарасқа карсы 
шығып, 
кез-келгеннің 
аузына 
түскен 
«қатын 
ойбайларды» 
өнер 
деп 
ұғуға 
болмайтындығын да өз жырларында талантты ақын анық та, шебер бейнелеген. Өнерді 
өнерден түсініп, оның көркемдігін, суреттілігін, образдылығын арттыруды көздеген. Бұл 
мәселеде Сұлтанмахмұт Торғайғыров ұлы ғұлама ақын Абай пікірлерін жан-тәнімен 
қолдаған жаңашыл азамат десек қателеспейміз. Абайдың өнер жайлы өзекті пікірлерін
басшылыққа алған, соған сүйенген талантты жан өз творчествосына да жоғары 
жауапкершілікпен қарағандығы оның өз шығармаларынан анық көрінеді. Қаның қайнап, 
жаныңды қинап көп тер төгіп шығарған туындыны ғана ол асыл сөз деп біліп, шын 
таланттарды ғана ақын да есептеген. 
Сұлтанмахмұт Абайды өзіне пір тұтып, басқа әріптестерін, 
қаламдастарын Абайды тануға шақырған. «Асыл сөзді іздесең Абайды оқы ерінбе» деуі де 
сондай ізгі пікірдің, ашық-жарқын көңілдің айғағы. «Сөз мәнісін білмесең, өлең оқып не 
керек. Не айтқанын сезбесең, жарапазан не береді?» дейтіні де сондықтан. С 
Торайғыровтың «Кеше түндегі түс, бүгінгі іс» атты сюжетті қысқа толғауында аспан 
әлемдегі планеталар өзара тілдеседі. Бұлт пен жел, Жетіқарақшы мен Үркер тартысып
Айға шағым жасайды. Бірінен екіншісінің көрген қорлықтарын баяндап, әрқайсысы өзіне 
бостандық талап етеді. Бірақ өкінішке орай, олардың ешқайсының шағымдары іске 
аспайды. Бұл арада ақын өз кезеңіндегі бостандық үшін күресті астарлап бейнелейді. 
Сұлтанмахмұт шығармаларының ең бір құнды тарауы махаббат лирикасы
деу өте орынды. Өйткені, оның талантының жарқырап көрінетін тұсы да осы, ол Абайдың 
«Махаббатсыз дүние бос» деген қағидасын түсіне білген. Өмірдің қызығы мен жас
дәуреннің арман-мүддесін махаббатқа, қалтқысыз адал достыққа тірек, өлеңдерінің
көпшілігінде жүректегі шынайы, сырлы да назды сырларды ақтаруға арнайды. 
Мәселен, «Жан қалқам», «Қыз сүю», «Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын», «Назды, нәзік 
ақсәулем» және де басқа шығармалары бірін-бірі құлай сүйген ғашықтарға арналған 


ескерткіш дерлік өте көркем лирика екендігіне талас жоқ. Әрбір ескерткіш мүсіндер ең 
алдымен өзінің сырт көрінісімен көз тартады, ғашық жарды оқырманына ақын да, оның 
әдемі сымбатты портретін жасау арқылы таныстырады. 
Тегінде адам портретін жоғары шеберлікпен жасап шығару, оның ішінде 
мінсіз сұлудың тұлға-тұрпатын бейнелеу оңай шаруа емес. Оған ең алдымен озық
талант, нәзік шеберлік қажет. Шын суреткерлерге тән көрегендік жылт еткенді 
байқағыштық, әсемдіктен әсер алғыш сезімталдық және көргенін көркем сөзбен көсілте 
жырлар шешендік ауадай қажет. Ал, Сұлтанмахмұттың қазақ қызының көркіне сұқтана 
сурет жасауы оның ерең жүйріктігінің, талантының, шеберлігінің куәсі. 
Қыз сұлулығын ақын өмірдің көркі, тіршілік-тынысы деп жоғары бағалайды, бірақ 
жігіттіктің ермегі, құмарлықтың көрегі дейтін қате пікірге мүлдем қарсылығын да ашып 
айтады. Түсіне білген адамға бізді қоршаған табиғат та, қиындығы мен қызығы қатар 
өрілетін өмір де өзіндік сұлулығымен қадірлі, қымбат. Әсіресе, адам сұлулығы, қыздың 
қайталанбас көркі табиғаттын (құдайдың) адамға берген баға жетпес сыйы. Ал, ол сыйды 
қадірлеп ұстай білген абзал, өзінің ғұмырынын соңғы жылдарына дейін Сұлтанмахмұт 
жар сұлулығын жырлаудан жалықпаған ақын. Ғашықтардың бетпе-бет кездесіп, 
арманынан шыққан тұстарын ол Абайша ашық айтып, сыр шертеді. 
Егемен ел болған кезден бастап өзге де таланттар сияқты С. Торайғыров 
творчествосына деген көзқарас түбірімен өзгеріп, оның ірі тұлғасын, ғажайып талантын 
жан-жақты кеңірек тануға жол ашылды. Ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы алатын 
орны көрнекті. Қазақ прозасына қосқан үлесі зор азамат, оны жанр, түр жағынан байытуға 
да сүбелі үлес қосты. Рас, қазақтың жазба әдебиеті XX ғасырдан бастап ерекше 
қарқынмен дамуға бет алды, жазба әдебиетіміз де өркендеп өсті. Ғасырлар бойы дамыған 
қазақ поэзиясының өзі дәуір талаптарына сай өзгеріп жетілуде. Ал, Сұлтанмахмұттың 
поэзиядан прозаға аяқ басқан қадамын тек «Қамар сұлу» романы арқылы көріп қоймай, 
оған қоса көптеген әңгіме, мақала, еңбектерінен де көруге болады. Ақын роман жазуға 
кіріспес бұрын «Зарландым» (1912- ж.) , «Ауырмай есімнен жаңылғаным» (1913 ж.).- және 
тағы да басқа көркем әңгімелер жазған. Сөйтіп әуелі жазудан бастаған қаламгер көлемді 
роман жазуға бет бұрды. 
Азамат ақын таланты сан қырлы, ол белгілі публицист де. Қазақ тілінде шыққан 
«Айқап» журналында қызмет атқарып, күрделі мәселелер жөнінде мазмұнды мақалаларды 
үзбей жазып тұрды. Әрине, қаламгердің бұл саладағы еңбектері өз алдына зерттеуді
қажет етеді. Публицистикалық жұмыстары да жаңашыл ағартушылық сападағы өткір 
сыншы реалист, ақынның жарқын идеясын танытатын мәні зор мазмұнды шығармалар. 
Әсіресе оның «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» (1913ж.) деген мақаласы жаңаша 
оқып, Еуропа мәдениетін тез меңгеруді насихаттайды. «Өлең мен айтушылары», «Қазақ 
тіліндегі өлең кітаптары жайында» (1913ж.) атты мақалаларыда автордың өлеңге, көркем 
өнерге көзқарасын танытады. Қаламгер қалдырған мұралардың ішінде осындай алуан 
түрлі ой қозғайтын қара сөзбен жазылған шығармалар да жеткілікті. Оны терең 
келешектің міндеті. 
Сұлтанмахмұт шығармалары жинау, бастыру, зерттеу ісінің де ұзақ тарихы бар. 
Бұл үлкен істің басында Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлы жазушымыз тұр. Ол 1927 жылы 
15 қарашада Мәшһүр-Жүсіпке жазған хатында «Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел 
жинап, үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін. Одан «басылады» деген хабар алып 
отырмын»- деп жазыпты. Алайда кітаптың жарық көруін тағдыр Жүсіпбекке жазбады. Ол 
1933 жылы ғана Жүсіпбек жазған алғы сөз бен түсініктерсіз жарық көрді. Одан бергі 
дәуірде Сұлтанмахмұт шығармалары бірнеше рет басылды. Оны зерттеу саласында Б. 
Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев, Д. Әбілов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Т. 
Әбдірахманов сияқты әдебиетшілер едәуір еңбек етті. Соған қарамастан қазіргі ұлттық 
әдеби мұраға деген жаңа көзқарас қалыптаса бастаған тұста Сұлтанмахмұттың толық 
жинағын (бұрын басылмаған дүниелерін қамти отыра) бастыру, оны зерттеуге 
байланысты жаңа еңбектер жасау қажеттігі күн тәртібіне қойылып отыр. 


1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, сөздерін жинау науқанына ат 
салысыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «ақын елінің тілі ғой, адал 
туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары 
ғой. Қаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!» деп жазған екен. 
Сұлтанмахмұт шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. Ол көп жанының,бірі емес, от 
болып жанып кеткен, құйрықты жұлдыздай ағып түскен, тұлпар талант еді. Сондықтан, 
Сұлтанмахмұт есімі қазақтың жыр-дариясын құрайтын үлкен, асау, арналы өзенінің бірі 
болып қалмақ. Ол халық жүрегінен құрметті орын алады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет