111
Ертегінің негізгі сюжетіне мұндай эпилогтың жалғасуы, – сөз жоқ,
батырлар жырының ықпалы. Өйткені ертегі
эпилогында айтылатын ұрпақ
жалғасы – қаһармандық эпосқа тән шежірелік тұтастанудың өзі, оның үстіне
ертегі эпилогының мазмұны мен рухы қаһармандық эпостағы сияқты таза
батырлық сипатта болады. Мәселен, ертегі эпилогына тән батырлық сипат
пен ұрпақ жалғастығын қырғыздың «Манасынан» («Сейтек», «Семетей»),
түрікпеннің «Героглысынан», қазақтың «Қырық батырынан» т.б.
шығармалардан көреміз. Бұл заңды. Себебі бақташы-көшпелі түркі
халықтары фольклорында ұзақ уақыт бойы, тіпті ХХ ғасырдың басына дейін
қаһармандық эпос басты рөл атқарды,
онда халықтың этикалық,
эстетикалық, моральдық, имандылық (нравственный) түсініктері мен
қасиеттері толық бой көрсетті. Қаһармандық эпостың осынша уақыт бойы
сөнбей, қайта дамып, жаңғырып отырғаны
патриархалды-феодалдық
қоғамның табиғатына да байланысты болды. Рулар мен тайпалардың өзара
қақтығысы, бір жағынан, сыртқы шапқыншылармен жиі соғыс,
екінші
жағынан, қаһармандық эпостың шарықтап шырқап, біздің дәуірімізге жетуіне
жағдай жасады. Болмыста рулық әдет-ғұрыптардың сақталуы ақсақалды,
жасы үлкен адамды, ата-ананы сыйлауға, олардың айтқанын екі етпеуге
тәрбиеледі. Әкесі жүзеге
асырмағанды баласы, ағасы орындай алмағанды
інісі орындау – рулық қауымның ең басты заңы еді. Осы заңды сақтаған адам
өмірде де, фольклорда да дәріптелді, мадақталды. Сөйтіп, қаһармандық
эпоста, оның әсерімен ертегіде генеалогиялық циклдену процесі пайда
болды.
Біз осы кезге шейін түркі халықтары ертегісінің
композициясындағы
айырмашылықтарды қарастырдық. Сонымен қатар ортақ белгілер бар екенін
де айтуымыз керек. Енді біз соған тоқталайық.
Әдетте, бұл халықтардың ертегілерінде кейіпкер туралы, оның тұрмыс-
жағдайы, мекен-тұрағы жөнінде мәлімет беретін кеңейтілген бастамадан
(развернутый зачин) кейін
пролог айтылады. Ол прологта ертегі оқиғасы
басталғанға дейін кейіпкердің өмірге келу тарихы баяндалады: перзентсіз
ерлі-зайыптылар неше түрлі
тауқымет шегіп, әйтеуір балалы болады. Сол
бала ертегінің кейіпкері болып шығады [24]. Осы пролог түркі
халықтарының көптеген ертегілерінде, жырларында, дастандарында
кездеседі, тіпті кейінгі орта ғасырда
туған әдеби шығармаларда да
ұшырасады. Ғалымдардың айтуы бойынша біз айтып отырған прологтағы
болашақ қаһарманның керемет жағдайда тууы туралы мотив көптеген
халықтың фольклорында бар және ол өте көне заманда, матриархат дәуірінде
етек алған тотемистік түсініктермен байланысты [25]. Ендеше, түркі
халықтары ертегісінің композициясында пайдаланылатын пролог-мотив
типологиялық түрде барлық елде пайда болған, ал түркі халықтарында олар
бөлінбей
тұрған заманда туып, кейін әр халық жеке ел болып кеткен кезде
өзінше дамып, көркемделіп, көркем фольклордың әр жанрына кірігіп кеткен.
Ертегі поэтикасын құрайтын компоненттің бірі –
көркемдеу құралдары
Достарыңызбен бөлісу: