Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library
117
Əмірші соның ешқайсысына мəн бермеген маңғаз қалпы. Таудың тастай суық
суы тірсегін шағып, аяғын үрке басқан сала құлаш ақ боздың басын бостау
ұстапты. Жылға-жылға көп тарамның бəрінен сыр білдірмей өтіп келе жатқан
жануар өзеннің ұлы табанындағы соңғы арнаға жете бергенде сүрініп кетті.
Бейқам отырған Ұлы Əміршінің шалқақ басы оқыс бұлғаң етіп, қамшы ұстаған
қолындағы сұқ саусағынан əлдене сусып түсіп кеткендей болды. Жүрегі дір ете
қалды. Қолына қарап еді – сұқ саусағындағы баяғыда үлкен қайынатасы ажал
аузында жатып, бұны өз орнына əмір қып тағайындаттырғанда салған, қасына
зұлыстар елінен ғана келетін аса сирек тарғыл-тарғыл мысық көз тас қондырған
күміс жүзік жоқ боп шықты.
Ол сұқ саусағындағы жүзіктің орнындағы бозаң тапқа қадала қарады. Екі
қапталынан екі нөкер жігіт емпеңдеп жетіп қалған екен; ол көзінен ызғар
шаша, оқыс жалт бұрылды да, бойын тіктеп ала қойды. Тізгінін тарта ұстап,
қайтадан маңғаз қалпына көшті. Əміршінің қас-қабағын аңдап үлгерген екі
нөкер үн-түнсіз орындарына жылысты.
Əміршінің жүрегінің басын суық қармағандай жайсызданып қалды. Əлгіні неге
жорырын білмей дал боп келеді. Ол оны саусағынан еш уақ тастап көрген емес-
ті. Қуғын-сүргінде де, талай-талай алыс жорықтарда да қылп етпеген киелі
жүзіктің бүгін кеп аяқ астынан өз-өзінен сусып түсіп қалғанын ішінен
жақсылыққа жорыған жоқ. Мынандай алыс сапар алдында тап болған бұл тағы
қай тұспал?
Ол енді манағысындай емес, əлденеге тіксіне бастады. Қол шаһардан шықпай
тұрып, алдын ала жіберген шолғыншыларға ызаланып келеді. Өткел аузына
құжынатып қарайған халықты иіріп қойыпты. Осы жолғы аттанысы бұрынғы
жорыққа аттанғандағыларына мүлдем ұқсамайды. Бəлкім бəрі аяқ астынан
қауырт шешілгендіктен бе екен, əлде Байтақ шаһардың тап іргесіндегі тоғыз
жолдың торабы өткел басына жүргінші жолатпау қиын бақайткен күнде де,
дəл мынандай ызы-қиқы қара нөпір оған үнамай келеді. Əлденеден секем
алғандай. Ол əрдайым жорықңа аттанып бара жатқанда əскер əтетін, əсіресе өзі
өтетін көшелер мен жол бойына көлденең көз жуытпайтын-ды. Қанша
дегенмен, ит арқасы қиян алыс жорыққа, жарығы таусылмағандар болмаса,
көбісі өлім құшатын жат жердегі шайқастарға жұрттың бəр-бəрінің түгел
дерлік риза бола қоюы екіталай-ды. Көп ішінен не шықпайды, біреу-міреудің
көңіліне қара қашып жүрсе, қапы қалмас үшін əскер өтетін көшелерге жан
баласын аттатпайтын. Байтақ шаһарды басына көтеріп, керней шалып, дабыл
қағып бара жатқан қарақұрым қолға қала халқы аулаларынан шықпай тесік-
тесіктен сығалап қарайтын-ды. Содан екі тунемелік жерге дейін жол
бойындағы жүргінші біткенді аулаққа қуып тастап отыратын. Бұл жолы бəрі
аласапыран болды да кетті, ондай-ондай ұсақ-түйек, тіпті есіне де кірмепті.
Бəрін өзің айтып, жөн сілтеп беріп отырмасаң көретін күнің қашан да осы. Сəл
көзің тайса, аузың тынса болды, жұрттың бəрі бос белбеуленіп шыға келеді.
Талай жорықтың басы-қасында жүрген шолғыншы мыңдықтың басшысының
мына қылығына əбден қанына қарайып отырса да, сырт көзге сыр алдыртпай,
тістеніп бақты. Осыдан ол неме тек көзіне түссін, бəлем...
|