Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library
125
мықты болса, біздің лақабымызсыз өз бетімен іс тындырып көрсін деп,
уəде байласып қойғандай, тырп етпей жатып алды.
Əмірші мынандай меңіреу тыныштықты ішінен сан саққа жорып бақты.
Бірақ ешқайсысының қисыны келмейтін сияқты. Шаһар халқының
арасында кездерінің жауын алып тұрған, керкем көгілдір мұнараны
тұрғызған жасөспірім жігіттің аяқ астынан үн-түнсіз жоғалып кеткені
жайында ешқандай қаңқу тарамауы миға кірмейді-ақ. Хан базардағы
қарайған халықтың көзге ұрып тұрған көк мұнара жайында ауыздарына
үн толтырып қойғандай, жақ ашпай қалғандары, сірə, тегіннен-тегін
болмаса керек. Əлде бұл жуырда ғана білген сұмдықты олар баяғыда-ақ
естіп біліп қойған ба? Əрине солай. Жұрт жаңа мұнараның соқырға таяқ
ұстатқандай көзге бірден түсетін тосын сиқырын əлдеқашан-ақ талай
саққа жүгіртіп үлгерген-ді. Бұл түсінгенді олар түсінбейді дейсің бе? Енді
сол сұмдық масқара тістерінен шықса, бастары кететінін біліп, іштерінен
тынып пұшайман боп жүрген шығар. Сонда осыншама халықтың
арасынан бір көбік ауыз көкіменің табылмағаны ма? Əлгіндей сандырақ
аузынан абайсыз шығып кететіндей есерсоқ ешкім болмағаны ма? Бұл
қаншама қылышынан қан тамып, қатаң тəртіп орнатқан күнде де ел
аузына дəл осындай берік құлыптың салына қалуы мүмкін бе, сірə?!
Əмірші осы бір масадай жабылып жатқан мазасыз сұрақтардың
ешқайсысына қисынды жауап таба алмады. Маңайы түп-түгел масасы мен
сонасы қаптаған қара балшыққа айналып кеткендей. Аяғын аттаса болды,
аранын ашып жатқан жұтпа ұйық бірден тұңғиығына тартып ала
жөнелетіндей. Есік жаққа телміріп, тырп етпей отырады да қояды.
Алтын шайған абажа есік апталар бойы қылп етпей тұрып алды.
Ақырында Əміршінің пəлен күннен бергі сарыла күткен шағы да келді.
Абажа есік жайлап ашылып, ар жағынан жансыз көрінді. Бүгежектеп
ішке озды. Бұның қарсы алдына жетіп тоқтады. Иіліп-бүгіліп тағзым етіп,
бұның аузына қарап тұрып қалды.
- Иə, не естіп, не білдің?
Жансыз бұның жүзіне жалтақтай қарағыштап, əңгімесіне кірісті.
Базардағы жұрт Əмірші енді мынандай мұнара өз астанасынан басқа
ешқайда салынбасын деп, шебердің екі көзін ойып алып, қаңғыртып
жіберіпті десіп жүрген көрінеді. Əмірші жансыздың жүзіне ұзақ тесіліп
отырды да, бара бер деп есікті нұсқады. Жансыз жылысып шығып кетті.
Əмірші арқасынан ауыр жүк түскендей, орнынан атып тұрды. Шуылдақ
тобырдың айтып жүргені, шынында да, миға қонады. Біресе күлімдеп
жайнап шығатын, артынша-ақ өкпелеген жас баладай жəудірей қалып,
қырық құбылып тұратын мынау сиқыр мұнараңы тек аспан астындағы
ең ауыр тəж бен ең биік тақты иемденген бұның ғана астанасында
тұруға лайық екені де рас. Ондай əсем мұнараны басқа қалаларға да
салып, бағасын түсірмеу керек дегендерінің де əбден жаны бар. Ендеше
мынау жарық жалғанда енді мұндай мұнара салынбауға тиісті. Ондай аса
сирек өнер қонған бір туар шеберлердің қашанғы киетін кебін əлгі жас
|