«Ұлттық ДӘСТҮР – Қазіргі қазақ руханиятының Өзегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы



Pdf көрінісі
бет2/37
Дата29.02.2024
өлшемі1.26 Mb.
#493209
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
ғylymi-maqalalar-20.06.2022-3

ӘОЖ 391/395(574) 
ББК 63.5 (5Қаз) 
 
 
© Ш.Есенов атындағы Каспий
технологиялар және инжиниринг 
университеті, 2022 
ISBN 978-601-308-779-5 



ӘОЖ 398.331 
 
НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ТАРИХЫНЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 
 
Артықбаев Ж.О. 
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 
Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан 
Мақала ҚР БҒМ грантымен қаржыландырылатын «AP08856996 Маңғыстау 
аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулық мәтіндер, 
эпитафиялық жазба мәтіндері, петроглифтер)» ғылыми жобасы аясында жазылды. 
Аңдатпа. Мақалада наурыз мейрамының тарихы туралы автордың зерттеу 
нәтижелері баяндалады. Автор Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, 
он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірде. Оған қатысты автордың 
ғылыми уәждері осы мақалада алғаш рет ұсынылып отыр. Сонымен бірге мақалада наурыз 
мейрамына қатысты қолданылатын қазақтың ырым, наным, салт-дәстүрлері тарихи 
тұрғыда талданады.
Түйін сөздер: Наурыз, амал, көрісу, ұлыстың ұлы күні, наурыз көже, Қазығұрт. 
Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл 
бұрын тойлана бастаған. Біріншіден, шығысында Қытай қамалынан басталып Дунайға 
дейінгі жерді алып жатқан далалық алқап адамзаттың «һоmo sapiens», яғни саналы адам 
есебінде қалыптасқан ортасы. Оған себеп далалық алқап жылдың төрт мезгілі түгел 
континенталды табиғи ортада жатыр, бұл жерде адам табиғатпен партнер, бірде жеңіледі, 
бірде жеңеді. Бізден солтүстікке қарай жыл он екі ай адам жігерін құм қылатын қыстың 
суығы ұрып тұрады, бізден оңтүстікке қарай жыл он екі ай бойы адам жігерін езіп жіберетін 
ыстық аймақтар бар. Табиғатпен тепе-теңдікті ұстау үшін біздің ата-бабаларымыз оны 
жақсылап зерттеуге мәжбүр болғандығы аян. Наурыз деп біз алдымен күн мен түннің 
теңелген уақытын айтамыз, оны бар тіршілігі далада өтетін, еркін ойлы, ұшқыр қиялды 
сахара адамы аңғармағанда кім аңғарады ?! ХІХ ғасырдың соңында тау-кен өндірісіне 
келген Нельсон-Фелл пікірі: 
- Алтын бесік... 
- Табиғатпен үндестік... 
Екіншіден, қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен 
байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың 
жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде 
қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі 
ата-анасынан, біреуі баласынан айрылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан 
шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кеменің 
Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен 
санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай 
есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда 
қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі 
уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа 
санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да 
Нұқ пайғамбардың кемесі тура Наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін 
Топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми 
зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың 
жылдар бұрын болғанын айтады.
Үшіншіден қазіргі өркениеттің қарқынды дамуы сондай, біз өзімізді ата-
бабаларымыздан ақылдырақ санайтын болдық, бұл адасқандық, адами негізден айрылып 



бара жатқандығымыз. Адамзаттың ең үлкен жаңалықтары көне тас ғасырында жасалған, 
біздің бабаларымыз миллион жыл бойы шошқа тағалап жүрген жоқ, тірішілікке керекті 
негізгі ұғымдарды қалыптастырды. Біз сол заманда қалыптасқан ұғымдармен, өзіміз соның 
маңызына бойламасақ та, әлі өмір сүріп келеміз. Наурыздың тарихын бергі заманнан іздеу 
адамзаттың көне тарихын, жасампаздығын мойындамаудың көрінісі. 
Наурыз сөзі Еуразия халықтарының көпшілігінде бар, әсіресе үнді-иран, герман-
латын тілдес халықтарда «новый», «нью», «нео», яғни «жаңа» деген мағынада 
қолданылады. Қазақта тұтас бір айдың аты және ай болғанда жылдың басы. Осыған 
қарағанда бұл сөз Еуразия халықтары жеке тілдерге жіктелмей тұрғанда пайда болған көне 
ұғым. Жоғарыда біз Нұқ пайғамбар заманы туралы сөз еттік қой, сол сөзіміздің бір дәлелі 
осы мысал. Мен наурыз сөзі қазаққа сырттан (парсыдан, соғдыдан т.б.) келіп сіңіп кетті 
деген пікірлердің бәрі негізсіз деймін. Әлемде өзінің жерінен Нұқ пайғамбардың кемесі 
тоқтады деп белгі көрсете алатын төрт халық қана: арабтар Жуды тауын, еврейлер Сион 
тауын, армяндар Арарат тауын, қазақтар Қазықұрт тауын көрсетеді. Енді осыншама тарихи 
мұраны сақтап келген қазақты өзіміз келіп өзгеге телиміз, дұрыс па ? Жарайды біз парсыдан 
алдық дейік, сіз солтүстіктегі чуваш халқының наурызды «ноурас-ойахе» дейтін себебін 
түсіндіріп бере аласыз ба, олардың парсыға қатысы шамалы емес пе ? Мысалы «тасаттық» 
чуваш тілінде – Тазару, Қудай –саха тілінде Худай т.б. 
Наурыздың басы деп революцияға дейінгі уақытта 14 наурызды айтатын, бұл ескі 
юлиан есебі бойынша. Совет үкіметі еуропалық календарды қолдану жөнінде декрет 
қабылдап бұрыңғы есеп өзгерді, осылайша біз қазір Наурызды 22 наурыз күні тойлап 
жүрміз. Ертеде қазақ арасында ай мен жұлдыздың қозғалысын бақылап отыратын 
есепшілер болған, олар сәл өзгеріс болса халыққа хабарлап отырар еді. Себебі аспан 
денелері де мәңгілік қозғалыстағы тірі дүниелер, алашақ, берешектері болады. Осыған 
қарағанда дәл тепе-теңдікті шығару қазір астрономдардың міндеті, ондаған-жүздеген 
жылдарда олардың орын өзгертіп отыратыны сөзсіз.
Қазақ халқы ертеде Сырдың бойын қыстап, Сарыарқаны жайлап жүргенде 
Мәуреннахрға бір табан жақын болған. Оқимын деген жастар ғалымдардың қаласы аталған 
Бұхарға асығатын еді, қазақтың саудагердері де қойларын сол Бұхардың базарына 
айдайтын. Сол себепті қазақтың Наурызды тойлайтын дәстүрінде Мәуреннахр өлкесімен 
ортақтық көп, Наруыздың келген сәтін анықтайтын астрономиялық есепті де қазақ «Бұхар 
есебі» дейді. Егер қазақтың байырғы дәстүрлі заманына келсек Мәшһүр Жүсіп шежіресінде 
қызықты деректер бар екенін айтқан жөн. «Наурыздың келген сәтін жандыда балық біледі» 
дейді шежіреші: «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып 
ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол 
балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс 
шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші 
жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, 
жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: 
«Жаңа жыл тойы! »- деп.
Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк 
тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы. «Самарқанның көк тасы» Бұхар хан тағына иелік 
жасаймын деген патшаларды ақ кигізге көтергеннен кейін, әдейілеп алып келіп 
отырғызатын қасиетті тас. Қазақтың хандарының ішінен бұл тасқа Тәуекел отырған.
Наурыз туғанда хандар мен сұлтандар тұтқындарға кешірім жасайды, зынданда 
отрығандарды босатады, құлдар азаттық алады, сол себепті «Самарқанның көк тасы жібіді» 
делінеді. 
Шежіре деректері Наурыз мейрамы сегіз күн қатарынан тойланады дейді. Қазақтың 
қариялары «орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той-мереке 
қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған» дейді екен. Мен этнограф есебінде болса болар 
деймін, себебі қазақ бір жағынан кең халық, екінші жағынан қонақжай. Осы екеуі қосылса 
Наурыздың жайнап кететіні сөзсіз. Оның үстіне ол заманның байлары да қазақ қой, 



қазіргідей мәңгүрт емес, сырттан келген жел қайық емес. Қазақ шежіресі «наурыздаманы 
қай жерде асқан атақты бай болса, сол бай қылады екен» дейді. Біздің қазіргі байлар кіріссе 
Наурыз мейрамы да жайнап кетер еді. 
Наурыздың бірінші күні ханның өзі бастап ордада, қалың елдің ортасында балықтың 
қарны жарқырап аунап түскенін аңдиды дедік қой. Ол кезде Түркістанда кім көп, сарт көп,
олар қарнайларын тартып, даңғыраларын ұрып қаланы азан-қазан қылады. Әзіреті Сұлтан 
мешіті ішіндегі құжыраларды мекен қылған қаптаған дуаналар әлем-жәлем киініп, аса 
таяқтарын салдыратып тойдың қызығына олар да қосылады. Қызық думан кезінде жастар 
қазақтың мүшел деген он екі жылдық есебіне сәйкес кеп киіп шығады. «Кеп» қазіргі маска 
деп жүргеніміз, яғни бет-жүзін жасырып киіп алатын жасанды түр. Қозы көрпештің Баян 
сұлу ауылына келгенде Тазшаның кебін киетінін есіңізге алыңыз. Наурыз келгенде он екі 
жылға ие болған жануардың біреуі таққа мінеді, біреуі тақтан түседі, өзгелері де орнынан 
бір-бір саты жылжиды. Наурыз тойында шығырды алып келіп алаңның ортасына орнатып
он екі жылға ие боған жануарлардың кебін киген адамдардың бәрін сол шығырға 
отырғызады. Осының бәрі үлкен карнавалға айналады. Әрине, той мереке өзінен өзі 
басталып, әнші –күйшілер ортаға шығып, бишілер тойды қыздырырып жатады.
Наурыз аяқталатын күні хауызға қантты аямай төгіп, жұрт жабыла қант татыған 
сиропты ішіп «той тарқар» өткізеді. Ертеде Түркістанда хан ордасының жанында үлкен 
тоған, одан шығарылған бірнеше арық, олардың бойында хауыздар болған. Жазға қарай 
хан ордасы Әзіреті Сұлтанға таяу Кәріз деген жерде Бақ Жаһан деген тоғайдың ішінде кигіз 
үй тігіп тұтас көшіп барады. Кәріз деген жер астынан судың ағысын реттеп отыратын 
құдықтар жүйесі. Үлкен апан құдықтар қырық күн шіледенің ыстығында елдің жан 
сақтайтын, демалатын бір көркем жері. Наурыз бұл Кәрізге де келіп өзінің жалғасын тауып 
жатады. 
«Той басы» мен «той тарқар» аралығында толып жатқан той-домалақ өз кезегімен 
өтіп жатады. Оның ішінде балуан күресі, аламан бәйге, жорға жарысы, көкпар т.б. бар, оның 
бәрін бір мақалада түгендеудің өзі қиын.
Көрісу қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Қазаққа қыс мезгілі 
қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға 
дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал 
ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт 
басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы –жан ашуы, қыс-қамытта бір 
жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен 
араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары 
бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста та жайылым керек, ол уақытта қазақ 
шөп -азық дайынадамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін
Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады ?
Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай 
сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде 
тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі. Наурызда арнайы наурызнама жасап құрбы-құрдас, 
бастас-сыйлас азаматтар бір-бірінің ауылына барады. Наруызнама жасап арнайы келген 
адамға деген құрмет шексіз болады. Дәулеті жеткендері «тоғыз» деп тоғыз мал байлайды, 
орта шаруалар ат мінгізіп, шапан кигізіп жатады. Әйтеуір наурызнама жасап келген адам 
құр қол қайтпау керек, тіпті бір көйлектік деп мата береді. 
Қазақ қызықшыл халық. Наурыз мейрамы күндері қызды-қыздымен, жігіт-
желеңнің ұйымдастыруымен қайынғасы мен келіні, құдасы мен құдағиы, жеңгесі мен 
қайыны т.б. көрісіп жатады. Даланың бала сияқты аңғалақ халқы әр әдемі қимыл, әр 
маңызды сөзге бола той-мереке жасайды. Осыны бәрі елді көңілдендіріп, бәрі де мәз-
мейрам, қыстың ызғары той мерекемен естен шығады, қыстың шығыны, қиындығы 
ұмытылады. Наурыз мейрамы да осы үшін керек қой. Наурыз көжені дайындап үйренгені 
рас, бірақ Наурыздың тағамын әлі түгендеп бола алмай жатырмыз. Ертеде берекелі 
бәйбішелер Наурызға дайындықты жазда бастайды. Ең алдымен Наурыздың басты тағамы 



жент дайындалады. Қыс бойы тас қайрақтай қатып тұрған қарын-қарын жентті бәйбішелер 
«Самарқанның көк тасы жібіген күні, біздің жент те балқып, босады» деп дастарханға алып 
шығады. Жоғарыда айттық қой Наурыз мейрамының дастарханын байлар көтереді деп, 
олар семіртіп мүйізі шаңырақтай нән өгіз сояды. Осы Наурызға өгіз союдың өзі көне дәстүр, 
яғни бұл мейрам жылқыны қолға үйретпей тұрған уақытта қалыптасқан дегенді білдіреді.
Жағдайы келсін-келмесін әр қазақ Наурыз мейрамында қазан көтереді. Көрші-
қолаңды шақырады, жолаушы жүрген халыққа таратады. Әр қазанда бас болуы шарт, сол 
себепті тым кедей деген адамның өзі қыста сойылған қойдың басы болса, соны Наурызға 
алып қалып Наурыз көже пісіретін қазанға салады. 
Осы сияқты дүниелер көп болса керек, мен тағам жағдайын онша жақсы білемін деп 
айта алмаймын. Қазақта қәзіргі күні орнықты, берекелі бәйбішелер болса, солардан сұрау 
керек. Қазақта батагөй ақсақалдар ертеде көп болған, қазірде де бар. Наурыз мейрамында 
тілі орамды, шешен, елге сыйлы ақсақалдар халықтың ортасында арнайы бата береді. Осы 
батаны «Наурыз батасы» деп атайды. Елдің бәрі шын ниетпен тыңдағаннан кейін, көңілдері 
босағаннан кейін, бәрі бірдей «әмин» деп жылап отырған себепті сол ақсақалдардың 
айтқаны келіп, елдің басы өсіп, малы көбейіп, берекесі тасады. Бұл жерде ең бастысы елдің 
шын ниеті. Бұл күндері де бата беретін адам табылады ғой, тек елдің іші таза, ниеті дұрыс 
болуы керек. Әрине бата беретін адам да дуалы ауыз, сөзі мен ісі бір болғаны жөн, әйтпесе 
судыратып сайрап берген дүниенің бәрі бата емес қой. 
Наурызға қатысты айтылмай жүрген бір дәстүр бар. Мәшһүр Жүсіп «Ол күні 
қожаларға оқытатын, наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол 
кітаптың аты «Салдама» дегенді жазады. Бұл ақпарттан екі нәрсені ұғып қалу керек деп 
есептеймін. Біріншісі қазақтың ұғымында «қожа» дегенііңіз ғалым, білімді кісі, яғни 
Наурыз мейрамында ғалымдардың дәрісін тыңдау керек. Екінші Наурыз мейрамының 
тарихына қатысты ескі кітаптар болса соны іздестіру керек. Салдама деген сөздің өзі де 
ескілікті дегенді білдіріп тұр емес пе ?! Бұл жерде ғалымдардың орыны ерекше, Наурыз 
мейрамы ғылымды да ұлықтағаны жөн. Егер біз Наурыз мейрамын қайта жаңғыртамыз 
десек осы күні той тойлап, ән-күйді қызықтаумен қатар ғылым адамдарына да ерекше бір 
құрмет жасалғаны жөн. Пайғамбарымыз айтқан ғой «отыз күн оразаның сауабынан бір күн 
ғылыммен айналысқанның сауабы көп» деп...Қазақтың байлары осы күні ғылым 
адамдарына арнайы сый беріп жатса ғалымға мерей, байға сауап, елге мереке емес пе ?! 
Түрік-моңғол тілдес елдер ұлыс деп мемлекетті айтады. Мемлекет араб сөзі, 
ортағасырларда арабтардың келуімен бірге кірген, ал ұлыс тым ерте заманнан бар сөз.
«Ұлыстың ұлы күні» деген нені білдіреді? Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі 
Наурыз мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет 
сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын. «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз қазақтың бұрын 
мемлекеті болмаған т.б. деп былшылдап жүргендердің бәрінің аузына құм құятын тарихи 
дерек емес пе ?! Наурыз мейрамы біле білген адамға Қазақстанды мекендеген сан түрлі 
этностардың басын қосатын нағыз халықтық мейрам. Тек қазақ емес,өзге де халықтардың 
арғы тарихында Наруыз болған. Соны біз ғалымдар жазуымыз, зерттеуіміз керек. Мәдениет 
саласындағы азаматтар бүгінгі күні Наурыз тойына жоғарыда айтылған әдет-ғұрыптарды 
кіріктіруі керек, яғни бәіріміз қоыслып Наруызды шын мәнінде жалпы халықтық мейрам 
есебінде жаңғыртуымыз керек. Соңғы кезде Қазақстандық сәйкестікті қалай 
қалыптастырамыз деген сияқты сұрақтар көтеріліп жүр. Мен айтар едім Наурыз сол 
сәйкестікті қалыптастыратын ең мықты тетіктердің бірі деп. 
Наурызды қазақ баласы өмір бақи тойлап келеген, оның тарихы оны мың жылдан 
асатынан жоғарыда айттым. Әрине, қазақ баласы Сырдың бойында қыстап жүрген заманда, 
Түркістанда Әз Тәуке сияқты хандары отырғанда Наурыз тойы ерекше болған. Кейін 
хандықты жоғалтып Ресейдің боданы болғанда да Наурызды тойлай бердік, бірақ 
мемлекеттік мейрамды мемлекеті жоқ халық өз дәрежесінде қалай тойлайды ? Біртіндеп 
наурыздың мәртебесі түсе берді. Совет үкіметінің қазаққа жасаған қастандықтарының бірі 
ХХ ғасырдың 20 жылдары Қазақ автономия алғаннан кейін мәртебесі қайта жаңғыра 



бастаған мейрамды ескіліктің қалдығы деп тиып тастады. Шындығында Совет үкіметі 
Наурыздың тәуелсіз елдің мейрамы, яғни «Ұлыстың ұлы күні» екенін өзіне сенімді 
ғалымдар арқылы біліп, анықтап барып шешім қабылдады. 
СССР-де большевиктік темір тәртіп босаңсып, жариялылық, қайта құру кіргеннен
кейін қазақ елі 1988 жылы бұл мейрамды қайта жаңғыртты. Наурыздың қазақтың дәстүр-
салтын есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде 
қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келіп түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың 
тұсау кесерін өткізеді деген сияқты. Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық 
тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша Наурыз біздің 
ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың 
көрсеткіші. Мен бұл жерде бір адамды, немесе халықты кіналайын деп отырған жоқпын. 
Шамасы Ресей отаршылдығы, Совет үкіметінің қырып-жою саясаты қазақтың рухын, 
өзіндік санасын осындай ауыр деңгейге жеткізген. Ұлттық жаңғыру ауыр жүріп жатыр. 
Қазақ этнографиясын білетін ғалымдарды үкіметтің пайдалануы да кем болып тұр. Нағыз 
ғалымдар отыратын жерді «атаңнан мал қалмасын, тал қалсын» деп өтірік мақал ойлап 
тапқыш қулар билеп алған. Қазақ бірінен бірі амандық сұрағанда «мал-жаның аман ба?» 
дейтін халық, атадан қалған малдан «жоқ, маған тал керек» деп безген қазақтың моласын 
көргем жоқ. Ал бүгінгі күні дәл Наурыз мейрамы қарсаңында «Атаңнан мал қалғанша, тал 
қалсын» т.б. деп әр жерде ұрандар іліп қойғанын көресің. Осы уақ мысал өз тарихымызды, 
өз этнографиямызды білмейтінімізді көрсетеді.
Сонда да Наурыздың енді ұмытылмайтынына сенемін. Наурыз түбінде 
Қазақстанның ең басты мейрамына айналатыны сөзсіз.
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Хисамитдинова Ф.Г. Мифологический словарь башкирского языка. –М: Наука, 
2010. – 456. 
2. Қазақ тілінің этимологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1966. – 240. 
3. Каракузова Ж. К., Хасанов М. Ш. Космос казахской культуры 
4. Тіл таңбалы ақындар // Құрастырған Қ.Жылқышыұлы. Ақтау: Printing House, 2016. 
Т 2 – 432 с. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет