ӘОЖ 398.331
ӘЙЕЛДЕР ТУРАЛЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРДІҢ ҚАЗАҚ
ЭТНО-МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ОРНЫ
Нұрдаулетова Б.
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялавр және инжиниринг
университеті, Ақтау қ., Қазақстан
Мақала ҚР БҒМ грантымен қаржыландырылатын «AP08856996 Маңғыстау
аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулық мәтіндер,
эпитафиялық жазба мәтіндері, петроглифтер)» ғылыми жобасы аясында жазылды.
Аңдатпа. Мақалада қазақтың әйелдерге қатысты салт-дәстүрлерінің сакралды
сипаты қарастырылады, оның рухани құндылық ретіндегі орны көрсетіледі, қоғамдағы
тәрбиелік, білімдік қызметіне талдау жасалады.
Түйін сөздер: салт-дәстүр, этно-мәдениет, қазақтың әйелдері, рухани құндылық.
Сакралды кеңістікті толықтыратын бейвербалды мәтіндердің бірі – ұлттың салт-
дәстүрі. Салт-дәстүрдің астарында халықтың, ұлттың ғасырлар бойы жинақталған киелі
ұғымы бар.
„Этнос" сөзінің қазіргі ғылыми айналымдағы мән-мағынасын былайша
тұжырымдауға болады: белгілі бір мекенде тарихи өсіп-өнген, ортақ және орныққан тілі,
мәдениеті, психикасы бар, сондай-ақ өздерінің әрі біртұтастығын, әрі өзгелерден
14
ерекшелігін сезінетін сана-сезімі қалыптасқан, өзіндік атауға (этноним) ие адамдар
қауымын „этнос" дейді [1].
Жазушы, этнограф А.Сейдімбеков «мәдениет» терминінің ғылыми анықтамаларына
талдау жасай келіп, тек қана атылшын тіліндегі әдебиеттерде мәдениетке" 160-тан астам,
батыс еуропалық әдебиеттерде 250-ден астам анықтама берілгендігін жазады. Жазушының
баяндауынша, мәдениет туралы «адамзат әрекетінің қуралы»деп келетін жиынтық пікірлер,
немесе «табитаттың бергені емес, адам қолынан шыққанның бәрі» деген қарапайым
анықтамалар, «қоғамдағы адамның қоршаған ортаға бейімделуі тудыртан биологиядан тыс
құралдар мен механизмдер жиынтығы» дейтін таза абстракциялық тужырымдар да бар [1].
Жазушы талдаған батыстық мәдениеттанушылардың қатарында Э.Тэйлордың
тұжырымы ерекше, ол: «адам қабілеті игерген білімнің жиынтыты, діни сенім, өнер,
парасаттылық, заң, салт-дәстүр, әдет-ғүрып т. б. мәдениеттің аясына жатады» [2, 18], –
дейді.
Соныменен, біздің ойымызша, ұлттық мәдениеттің негізгі өзегі – салт-дәстүр.
Мысалы, қандай да бір технологиялық жетістік, өнер түрлері т.б. өркениет туындылары
жалпыадамзаттық сипатта болуы мүмкін, бірақ салт-дәстүр тек белгілі бір ұлттың ғана
ғасырлар бойы қалыптастырған мәдениет туындысы болады және сол ұлт үшін мәнін
жоймайтын құндылық ретінде танылады. Ұлттың салт-дәстүрі жойылған кезде, ол ұлт жай
ғана адамдардың тобырына айналады.
Себебі салт-дәстүр – белгілі бір ұлттың қоғамдық, отбасылық қарым-қатынастарын
реттейтін, өмір сүру дағдыларын жүйелейтін жазылмаған табиғи ережелер жиынтығы. Ол
ғасырлар бойы ұлттың тәжірибесі негізінде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Оның
басты қасиеті – ұлтты біріктіру, тұтастандыру, өзге ұлттардан айрықшаландыру, тәрбиелеу,
жеке тұлғаның кісілік нормаларын қалыптастыру, өмірге бейімдеу. Салт-дәстүр ұлттық
танымға негізделген символдар арқылы анықталады.
Салт және дәстүр сөзі қосарланып айтылғанмен, салт пен дәстүр ұғымдарын жеке
категория ретінде қарастыруға болады. Зерттеушілердің берген анықтамасына сүйенсек,
дәстүр кеңірек ұғымдағы ережелер жиынтығы болса, салт дәстүрден шығатын жекеленген
ғұрыптар, іс-әрекеттердің тұрмысқа енгізілген түрлері. Қазақта «әр елдің салты басқа, иті
қара қасқа» деген сөз бар, ол әр елдің (рудың, тайпаның, ұлттың, халықтың) тұрмыс-
тіршілігін, өмір сүру дағдысын ерекшелеп, көрініп тұратын салты бар деген сөз. Мысалы,
Ақтан Керейұлы «Қазақтың салты» атты толғауында:
Кешегі бір кең күнде
Біз — қазақ деген ел едік,
Мандала мен мақпалдан
Бешпент-шалбар салдырған.
Термелі жаулық, ақ көйлек,
Сусынын шұбат қандырған.
Мырза жігіт сыпайы
Ағыйма шекпен, жадағай,
Атлас, мақпал түрменің
Талайын киіп қызықтап,
Жүрген де жерін таң қылған [3,179], - деп, қазақтың өмір салтын сән-салтанат,
еркіндік, қонақжайлылықпен, үлкенге құрмет, кішіге ізет тәрізді моралдық ізгілікпен
байланыстырады. Осы салттан айрылған күні қазақтың басына тар заман келді дегенді
меңзейді.
Адам баласының өміріндегі негізгі үш кезең – туу, үйлену, дүниеден озу бастан-аяқ
халықтық салт-дәстүр, ырымдармен бекітіліп, түрлі жоралғы (ритуал) түрінде тұрмысқа
енгізілген. Солардың қатарында әйелдерге арналған салт-дәстүрінің өзіндік ерекшеліктері
бар. Жер дауы, жесір дауы. Мәселен, ер бала он үш жасында, қыз бала тоғыз жасында
кәмелетке толады. Қазақтың салтында керегенің үш көгіне жеткенде қыз баланы
тұрмыстың қам-қарекетін үйренуге баулиды.
15
Біз баяндамамызда қыз бала, әйел аналарға байланысты қазақ дәстүріндегі бір-
бірімен сабақтасып жатқан екі салтты әңгіме етеміз.
Бірінші: қазақ әйелінің орамалы не жаулығы туралы.
Қазақ әйелі жас ерекшелігіне, әулеттегі статусына (қыз, келін, ене) қарай орамал,
шарқат, шәлі, жаулық салып, кимешек кигені белгілі. Олардың түсі ақ не қызыл болған.
Кейде аппақ жаулықты не кимешекті сәндік үшін көкшіл бояға салып, көкбараздап киетін
де сәнқой, кербез әйелдер болғаны «Абай жолында» айтылады [4].
Қазақта «қара жамылу» тіркесі бар. Бұл күйеуі қайтыс болған қайғылы, қаралы
әйелге қатысты айтылғанмен, қазақта қара орамал тарту, қара жаулық салу деген салт жоқ.
Біздің ойымызша, қара жамылу деген тіркестің мағынасы қара орамал салыну емес, қаралы
болу деген түсінікті береді. Бұл жердегі қара сөзінің түсті беретін мағынасынан гөрі
«қайғы» семантикасы басымырақ. Қаралы үй, қара салыну, қара тігу, қарасын беру, қара
асы, қарасына сою, қаралы ту, қараны жығу тіркестері өлім концептісін құрайтын салт-
дәстүр, ырым, жоралғылар, бұл жерде де қара сөзінің түсті беру мағынасынан гөрі, «қаралы
болу» деген ұғымдық астары басым. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы
этнографизмдерді зерттеген профессор Е.Жанпейісов қаралы болуды қызыл түспен де
білдіретін салттың бар екендігін айта келіп, «Ал «АЖ» тілінде қара тек қара түспен ғана
байланысты кездеседі, яғни өлген адамның артында қалғандарының жасы да, кәрісі де –
қай-қайсысы да үнемі қара киімді болып келеді» [5], – дейді. Ғалымның «қара тек қара
түспен ғана байланысты» деген тіркесіндегі алдыңғы қара сөзі түсті емес, қайғылы күйді
білдіріп тұр. Жазушы М.Әуезов XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың
этнографиялық болмысын жан-жақты суреттеген айтулы шығармасында Бөжейдің жесір
қалған бәйбішесіне қара желек жамылдырып қояды. Мүмкін бұндай ырым не салт Шығыс
өңірінде болған болар. Біз оған кепілдік бере алмаймыз, дегенмен біз оқыған бірде-бір әдеби
шығармада қайғылы әйелдің қара желек жамылуы туралы деректі кездестірмедік. Дегенмен
әйелдің басына қара желек жамылуы жамандықтың, қайғы қасіреттің белгісі екені айқын.
Қазақ халқы қалай болғанда да басына қара салынуды жаман ырымға жорыған, оған тыйым
салған.
Қарақалпақстанның Навои ауданының Кенимах ауылындағы ақ маңғыт руының
адамдары арасында көк түске байланысты мынадай ырым, салт бар: күйеуі өлген қаралы
әйелге көк көйлек кигізіп, көк орамал тартады. Бір жыл өткеннен кейін, күйеуінің жылдық
асында жесірдің туысқандары не абысын-ажындары ақ көйлек кигізіп, ақ орамал тартып,
«көгің ағарсын!» деген тілек айтады. Маңғыстауда күйеуі қайтқан әйелдің бір жылдан кейн
орамалын ауыстыратын ырым бар. Ол «бұдан былай еріңнен азатсың, басқа ерге шығуға
болады» дегенді білдіреді. Сонда көк орамал бұрынғы неке мен болашақ болуы мүмкін
некенің арасындағы аралық көпір қызметін атқарады. Бір ақ ормалдан екінші ақ орамалға
өту үшін ортасында көк орамал болуы қажет. Бұл жерде ақ орамал – неке деген ұғымды
береді [6].
Башқұрттарда көк тию – «адамға не балаға, малға көз тию» мағынасында: «Кеше
һоъо кешене кәбергә, малды казанъа илтә» [7, 344 с.]
Қазақтарда көзі көк кісі туралы: «көзі өткір екен, көзі көк екен, көзі өтіп кетпесін»
деп сақтанады.
«Көсегең көгерсін» деген тілек жастарға айтылады. Қазақ тілінде көсеге сөзі дербес
қолданылмайды, ұйғыр фольклорында: «Жиғлимң, қыз, жиғлимаң, Тойуң болур, Алтун
бөшүк, көшүгә, өйүң болур» (Жылама, қыз, жылама, тойың болар, алтын бесік, көсеге, үйің
болар.) Көшүгә (көсеге) хакас, алтай, тува, моңғол тілдерінде «жаңа түскен келінге, жас
отауға құрылған шымылдық» деген мағынаны білдіреді. ҚТЭС-де көк сөзінің «көктеу ,
көгеру» мағынасымен байланыстырып, «көсегесі көгеруді» ұрпақ жаю, көбею ұғымымен
байланыстырады [8, 106-107]. Біздің ойымызша, көк көсеге (шымылдық) құрудың
астарында жаңа түскен келінді немесе жас отауды басқа әлемнен оқшаулау семантикасы
бар. Адам баласына екі жағдайда шымылдық құрады: жас келін түскенде, беті ашылғанға
дейін шымылдық астында отырады, кейін ол шымылдық жас отауды өзгелерден оқшаулап,
16
келін перзентті болғанға дейін тұрады. Перзентті болған келін сол шаңырақтың толық
мүшелігіне өтіп, әрі қарай шымылдықпен тұмшаланбайды. Екінші жағдайда, қайтыс болған
адамды үйдің оң жағына салып, шымылдықпен тасалайды. Осындай ырым туралы
этнографтар Қаракөзова мен Хасанов жақсы түсінік береді: «Как только человек умер, его
сразу переносят на правую сторону юрты и опускают занавеску. Смысл занавески довольно
интересен: его опускают, когда невеста сидит, ожидая первого прихода жениха; невесте
лицо закрывают, когда она едет в аул своего мужа в первый раз» [9].
Біздің жағдайымызда, шымылдықтың ақ немесе қызыл емес, көк болуы маңызды
болып отыр (көсегесі көк түсті болу, көсегесі көгеру). Шымылдық құрудың
коннотациясында оқшаулау, бір дүниеден екінші дүниеге (хаостан космосқа немесе
керісінше) өтудің аралық кезеңі деген ұғым жатыр. Олай болса, көк түс – екі дүниенің
ортасындағы өтпелі халді білдіретін түс болуы керек деп ойлаймыз.
Көк түс – түркілер үшін Тәңірінің мекені – ғаршымен түстес болғандығы үшін де
киелі, құдіретті, түркілер үшін көк аспан көк Тәңірісімен ассоциациянып,
«Көк арбаға мінерміз, көн шарықты киерміз» (Қалнияз жырау) [10] «Шарық –
теріден тігілген қарадүрсін аяқкиім [1]» Көк арбаға міну кедейлік, пақырлық, мүсәпірліктің
белгісі ретінде алынып тұр. Бұл жерде де біз көк түсінің хаоспен (өліммен) байланысты
реңкін көреміз. Көк арбаға міну жарықтан қараңғыға, байлықтан кедейлікке өту.
Сәлем ету – келіннің ата-енесіне, қайнаға, қайын апаларына деген құрметінің белгісі
ғана емес, әйелдің некелі жары бар, толыққанды отбасының мүшесі екендігінің де белгісі
(статус). Себебі қазақта күйеуі қайтқан әйел бұдан былай сәлем ету құқығынан айырылады,
оған сәлем етуге рұқсат жоқ. Яғни, тиісті жерінде келіннің сәлем салмауы – жаман ырым,
өзінің жарына, отағасысына өлім тілеумен бірдей. Сәлем салмаудың тағы бір себебі, ерлі-
зайыптының бірі дүниеден озғанда екеуінің некесі бұзылады, күйеуі қайтыс болған
минуттан бастап, ол әйел күйеусіз, тұл қалған әйел болып есептеледі. Ер адам әйелінің
қырық күндік садақасынан кейін, әйел адам күйеуінің бір жылдық асынан кейін басқа
адаммен некелесуге құқығы бар. Сол түсінікке сәйкес қазақта «орамал ауыстыру» рәсімі
бар.
Қазақстанның оңтүстік өңірінде келіндер қолдарын кеудесіне қойып, басын сәл иіп
сәлем етсе, Маңғыстаудың келіндері оң тізесінің үстіне оң қолының сыртын қойып, бір (оң)
тізесін барынша бүгіп сәлем салады. Осындай сәлем салуды біз этнографиялық экспедиция
кезінде Қарақалпақстанның Кенимах аулындағы маңғыт руының адамдарынан көрдік.
Маңғыттардың бір бөлігі Ноғай Ордасы дәуірлеген тұста Маңғыстау жарты аралын
мекендегені туралы тарихи деректерден білеміз. Маңғыттардың Маңғыстаудан келгендігі
туралы олардың өз араларында аңыз әңгімелер де біршама сақталған. Бұл дегеніміз – салт-
дәстүрдің өте әріден келе жатқан тарихи таным екендігін көрсетеді және түрлі әлеуметтік,
саяси т.б. факторлармен жан-жаққа ажырап кеткен ұлттар мен ұлыстардың бастапқы
бірлігін, тұтастығының айғағы олардың ортақ салт-дәстүрлері бола алатынын дәлелдейді.
Салтты бұзу – қоғамнан аласталу. Тарихымыздағы Еңлік-Кебек, Қалқаман-Мамыр,
Ақбөбек – Қайып, Қодар мен Қамқа туралы аңыз-хикаялар осындай салт бұзудың салдары
туралы баяндайды.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. Оқу құралы. – Алматы, Санат,
1997. – 464 б.
2. Тэйлор Э. Первобытная культура, М., 1989
3. Нұрдәулетова Б.И. Көне күннің жыр күмбезі. Алматы: Жазушы, 2007. – 494 б.
4. Әуезов М. Абай жолы. Алматы: Жазушы,
5. Жанпейісов Е. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тілі. Алматы: Ғылым,
1976. -168 б.
6. 2018 жылғы экспедиция материалдары. Ақтау, 2018
17
7. Хисамитдинова Ф.Г. Мифологический словарь башкирского языка. –М: Наука,
2010. – 456.
8. Қазақ тілінің этимологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1966. – 240.
9. Каракузова Ж. К., Хасанов М. Ш. Космос казахской культуры
10. Тіл таңбалы ақындар // Құрастырған Қ.Жылқышыұлы. Ақтау: Printing House,
2016. Т 2 – 432 с.
Достарыңызбен бөлісу: |