ӘОЖ 801.81
ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ КИЕСІ, КИЕЛІ СӨЗДІҢ ИЕСІ
Нурдаулетова Б.И.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг
университеті, Ақтау қ., Қазақстан
Мақала ҚР БҒМ грантымен қаржыландырылатын «AP08856996 Маңғыстау
аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулық мәтіндер,
эпитафиялық жазба мәтіндері, петроглифтер)» ғылыми жобасы аясында жазылды.
Аңдатпа. Мақалада жыраулық дәстүр, оның қазақ мәдениеті тарихындағы орны,
жыраулық дәстүрдің ауызша поэтикалық дәстүр ретінде зерттелуі, жырауларғы қатысты
түркілік атаулар, олардың тарихи қалыптасуы, маңызы талданады.
Түйін сөздер: Жырау, феномен, поэтика, ауызша дәстүр, А.Лорд, М.Пэрри, тарихи
поэтика.
Жыраулық дәстүр туралы сөз болғанда оның басты ерекшелігі ретінде алдымен
жырдың ауызша дүниеге келіп, ауызша таралу қаситеті аталады.
Ауызша поэтикалық дәстүр күллі адамзат тарихындағы ерекше мәдени құбылыс
екені сөзсіз, ал жыраулық дәстүрдің «жанды эпикалық» формада XX ғасырға дейін
жоғалмай жетуі қазақ, туысқан қарақалпақ, башқұрт, қырғыз халықтарында ғана мүмкін
болып отыр. Ауызша эпостық дәстүрдің қаншалықты маңызды екендігін мойындаған
американдық фольклорист Милмэн Пэрри 1933-35 жылдары Боснияға екі рет экспедиция
ұйымдастырды. Көптеген жыршылардың даусын аудиожазбаға түсірді, олардан сұхбат
алды. Гомердің «Одиссеясының» ауқымды көлемде жырлануын хатқа түсірді. Осынша мол
байлықтың жазу-сызусыз мәдени ортада қалыптасып, ғасырлар бойы сақталып келгендігі
«ауызша жанды эпикалық дәстүрдің» (живая устная эпическая традиция) бар екендігінің
айқын дәлелі болды. Осының негізінде атақты фольклорист, классикалық филологияда өз
орны бар зерттеуші Милмэн Пэрридің «ауызша теориясы» дүниеге келді. Бұл теория
Пэрридің шәкірті Альберд Лордтың зерттеулерінде жалғасын тапты. Бұл зерттеу
бағытының кейіннен әлемдік, соның ішінде неміс фольклористикасында ықпалы зор болды.
Соның ізімен ауызша жырлау дәстүрі сақталып келген Алтай, Монғолия, Сібір және түркі
халықтары эпостарын жанды түрде жазып алып, салыстыра зерттеу көп нәтижелерге қол
жеткізді. Ұстазы Милмэн Пэрридің ізгілікті ісін жалғастыруды өмірлік мұрат тұтқан
Альберт Лорд XX ғасырдың 40-50 жылдары Албания, Югославия, Болгария, Македония
елдерінде болып, көзі тірі жыршылардың (сказители) жанды орындауында көлемді
эпикалық туындыларды жазып алды. Эпостың пайда болуы туралы батыс ғалымдарының
98
қаншама теориялары болды, бірақ солардың қай-қайсысы да Пэрри-Лордтың «ауызша
теориясы» жеткен шындықты аша алмады. Себебі олар эпостың қалыптасуы туралы теория
«поэтикалық практикаға» сүйену қажеттігін ескермеді. Бастапқыда Гомердің «эпикалық
құдіреттілігінің сырын» тану мақсатынан шыққан зерттеу идеясы жалпы эпикалық өнердің
тылсым құпиясын ашуға арналған теорияның қалыптасуына жол ашты. Бұл жөнінде
А.Лордтың өзі «Сказитель» деп аталатын атақты еңбегінде: «Нам представляется что уже
на заре человеческого сознания значение профессии эпического сказителя было
чрезвычайно велико и начиная с древнейших времен сказители внесли огромный вклад в
духовное развитие человечества», – деп жазады. Осылайша өздеріне дейінгі ғылымда
қалыптасқан эпикалық дәстүрді «халықтық шығармаларды жатқа айтушылық» деп келген
түсініктің ұшқары теорияға негізделгендігін дәлелдеп: «жырдың әрбір орындалысы
жыршының қайталанбайтын қолтаңбасын көрсететіндіктен, шын мәнінде, жеке дара
шығарма болып табылады... Жыршының өзі әрі дәстүр, әрі сонымен бірге даралық және
автор» [1], – деген тұжырым жасайды.
Жырау (сказитель) – өзіне дейінгі немесе өзінің шығарған туындысын жай ғана
жатқа айтушы емес, - ол сол шығарманы тудырушы суырыпсалма ақын. Эпос жырлаушы
бір уақытта әрі әнші, әрі орындаушы, әрі шығарушы, ақын. Ол дәстүрдің жай жеткізушісі
емес, мәдени дәстүрді жасаушы суреткер. Европалық түсінікте бұндай ұғымды қабылдау
қиын, себебі, олар орындаушы мен авторды бір бейнеде көруге дағдыланбаған. Альберт
Лорд барлық жыршы-жырауға тән екі сипатты атайды: біріншіден, олардың әріп
танымайтын сауатсыздығы, екіншіден, эпикалық поэзияны орындаудың жоғары
шеберлігіне қол жеткізуге деген ұмтылыс. Әсіресе бірінші сипаты оларды әдеби
ақындардан ерекшелейді. Жазу-сызуы кенже дамыған ортада сол халықтың өмір дағдысы
эпикалық оқиғалардың тууына алғы шарттар жасай алса, сол ортада эпос өнерінің
гүлденетіні сөзсіз. Керісінше, қоғам жазу-сызуды меңгеріп, оны тіпті ауызша поэзияны
таратуға да пайдаланатын болса, жазу эпикалық сюжеттерді жеткізу құралына айналып,
сауатты аудитория жасайтындай деңгейге жетсе, бұндай аудиториялар білім мен көңіл
көтеретін мүмкіндікті ауызша эпикалық дәстүрден емес, кітаптардан іздейтін болады,
нәтижесінде бағзы поэтикалық өнер бірте-бірте жойылады. XX ғасырдың басында
қалаларда жыр айту үрдісінің жойылуы оны тыңдайтын ортаның табылмағандығынан да
емес, мектептердің жедел дамып, жазу-сызудың қала адамдарының өмір сүру дағдысына
тереңдеп енуіне байланысты болды.
Альберт Лорд аталған еңбегінде ұстазы екеуі материал жинаумен айналысқан XX
ғасырдың 30 жылдары Югославияда атақты жырау-жыршылардың көзі тірі болғандығын,
олармен бетпе-бет отырып, жырлатып жазып алудың, жырау-жыршылықтың құпиясы
туралы сауалдарға олардың өз ауыздарынан жауап алудың, тіпті олардың жырлау
техникасын, даусын, мақамын, сөздерді қалай құбылта алатынын жанында отырып,
бақылағаны туралы баяндай келіп, салыстыру үшін орыс және Орта Азия халықтарындағы
ауызша жырлау дәстүрін зерттеудің американдық ғалым үшін ешқандай мүмкіндігі
болмағандығына өкініш білдіреді.
Жыраулық дәстүр туралы сөз болғанда оның басты ерекшелігі ретінде алдымен
жырдың ауызша дүниеге келіп, ауызша таралу қасиеті аталады. Қандай жыр (жыраулық
дәстүр туғызған) болмасын белгілі бір оқиға үстінде, ерекше шамырқанған немесе толқыған
сезім үстінде, кейде оқыс жағдайларда дүниеге келіп, сол бойда тыңдаушысына таралып,
сол тыңдаушылары арқылы әр жерде қайталанып жадыда өшпестей жатталып қалып
отырған. Жыраулар хандар мен билердің ақылшысы, кеңесшісі ретінде хан мен қарапайым
халықтың арасында бітім айтқан, ханның ойын қараға, қараның мүддесін ханға жеткізіп
отыратын қоғамдық-саяси қызмет атқарған, жорықтарға қатысқан. Шешендік сөздер мен
билік әңгімелерді іс барысында сол бойда ойдан шығарып айта алатын адамдар ғана жырау
ретінде мойындалған. Яғни жыраулардың қоғамдағы орны мен қызметінің өзі өлеңді
суырып салып айтуды, ойлау шапшаңдығы мен шешендікті талап етеді.
99
Жыраулардың тағы бір ерекше қасиеті олардың жаттау қабілетіне байланысты.
Қазақта «жадкештік қасиет» дейді. Бұл «жад, жады» сөздерінен шыққан, «есте сақтау
қабілеті ерекше» адамдарды осылай атайды. Жыраулар өз шығармаларымен қоса өзге де
әріптестерінің, ұстаздарының жыр-толғауларын, батырлық жыр-дастандарды жатқа айтқан.
Маңғыстаулық Абыл, Нұрым, Қашаған жыраулар «Қырымның қырық батыры» деп
аталатын қырық дастаннан тұратын жырлар циклін 3 ай бойы үзбей, мүдірмей,
тыңдаушыларының алдында ауызша жырлаған. Осы үрдісті XX ғасырда Мұрын жырау
Сеңгірбекұлы жалғастырды.
Қазақ әдебиетінің және қазақ әдеби тілінің тарихында жыраулық дәстүр XVIII
ғасырлардан бастап ақындық мектепке ұласты. Академик Рәбиға Сыздық жыраулық пен
ақындықтың айырмасын былай көрсетеді: «Жырау – ақындық қабілеті бар жай ғана адам
емес, ол ең алдымен қоғам қайраткері, ақылшы, көсем. Жырау кез-келген ұсақ-түйек
күнделікті тұрмысқа қатысты жай-күйлерді жырлауға тиісті емес... Демек, жырау жоғары
тақырыптарды – қоғамдық мәні бар жайттарды толғайды, адамдарға ақыл айтып, кеңес
беру, жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа үндеу сияқты жүк арқалайды. Ал ақынның
мұндай әлеуметтік биік сатыда тұруы шарт емес, ол – қарапайым халық ішінде жүріп,
олардың күнделікті қуаныш-ренішін, мұң-мұқтажын, арман-тілегін көріп-біліп, соларды
жырлайтын дарын иесі. Ақын поэзиясының азығы – күнделікті өмір, өз айналасы, өзін
қорщаған табиғат, сондықтан ақынның тақырып өрісі еркіндеу. Мұның тіл үшін үлкен мәні
бар». [2, 130-131] Қазақ мәдениеті тарихында жыраулық үрдістің ақындыққа ұласуының
тарихи себептері бар екені ақиқат. XVIII ғасырда қазақ қоғамында саяси өзгерістер болды.
Хандық құрылыс бірте-бірте тарих сахнасынан ығыстырылып, мемлекет басқарудың жаңа
құрылымдары қалыптасты. Хандық басқару жүйесімен бірге жыраулардың хан ордасында
атқаратын миссиясы да бұрынғыдай өзекті болмай қалды. Бірақ елді ұйыстыру, елі мен
жерін қорғауға үндеуде жыраулардың идеологиялық қызметі әлі де қажет еді. Сондықтан
XVIII ғасырдан бастап, ақындық пен жыраулық қатар дамыды, осы кезеңдегі ауызша
поэзияға қатысты «ақын-жыраулар» термині қолданылады. Ақтамберді, Тәтіғара, Үмбетей,
Бұхар жыраулармен қатар Шал, Көтеш ақындардың шығармалары осы кезеңде дүниеге
келді. Айта кететін жайт, бір автордың өзі әрі жыраулық, әрі ақындық дәстүрді ұстанды.
Мысалы, Абыл, Нұрым, Ақтан, Аралбай, Қашағандарды ақын деп те, жырау деп те атайды.
Қазақ тілінде «ақын-жыраулыққа» қатысты «жырау», «жыршы», «ақын», «шайыр»,
«тақтақ» сөздері қолданылады. Қарақалпақ, басқа да кейбір түркі халықтарында «бақсы»
сөзі де «ақынның» орнына жүрген. Бақсы біздің түсінігімізде: «шамандық сенімнің басты
өкілі. Қолына қобыз алып, аспаптың сиқырлы үнімен түрлі тосын қимыл-қозғалыстармен
(билеу, секіріп үйдің шаңырағына шығып кету, темірді қыздырып аузына салу т.б.) аурудың
иесін, жындарды аластайтын ерекше қасиетті, табиғаты жұмбақ адамдар». Бақсы сөзінің
этимологиясын Қ.Жұбанов музыка тарихына қатысты еңбегінде кеңінен сөз еткен:
«Қазақтың бақсылары, есепшілері, тістің құртын шақыратындар, жыланды, бүйіні
шақыратын тамыршылар, қобызшы, домбырашы, әншілер – көбісі сол шаманнан
өрбігендер. Бұл жалғыз қазақта ғана емес, қоғамның дамуының белгілі дәуірінде қай елде
де болған нәрсе. Алғашқы әзірде қобыз немесе басқа түрлі инструментке қосып өлең айтып,
сол өлеңмен ауруды емдеп, немесе басқа түрлі аспап үнімен, сиқырлы істерімен тиісті
міндетін атқарып жүрген шамандар бері келген соң қоғам ішіндегі түрлі зиялылардың аты
болып кетті. Ежелгі ұйғырларда бұл сөз оқымысты мағынасында болған... Қазақта «ауруды
бағу» дегендегі «бақ» түбірі осы «бақсы» сөзімен түбірлес болуы керек.» [3, 278-281] Әрі
қарай ғалым түрлі тілдердегі бақсы сөзінің баламасына мысал келтіріп, бақсы сөзінің «әнші,
ақын, музыкант», «көркемөнерші», «хатшы» мағынасында жұмсалғанына тоқталады.
Сондай-ақ Қ.Жұбановтың көрсетуінше, түрікпендерде музыкант «бақшы» деп аталады, кез-
келген адам бақсы бола алмайды, ол тұқым қуалайтын қасиет. Қырғыздарда «жомоқшылар»
қасиетті, киелі саналып, олар жыр айтқанда үй шайқалған, дауыл соғып, бүкіл дүние
«табиғат тактісінде билеп кететін болған [3, 278-281]. Ш.Уәлихановтың «Қазақтардағы
шамандықтың қалдығы» атты атақты еңбегінде бақсылық пен ақындықтың қатынасы
100
жөнінде: «Шамандық дегеніміз – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат
және өлгендердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау... Шаман сиқырлы қасиеттерімен
қоса, білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, күйші де, сәуегей және
емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Қазақтар шаманды бақсы дейді, ол сөз монғолша
оқытушы деген, ұйғырлар бахшы десе, түрікмендер осы атаумен өздерінің ақындарын
атайды» [4, 11-14], - деген пікір айтылады. Академик В.М.Жирмунский өзбектердің
халықтық дастандарды орындаушыларды бахши, шайыр, джироу деп үш түрлі атайтынын
жазады. Соның ішінде бахши атауына ерекше тоқталып: «Бахшиның екі жақты мағынасы
бар: бір жағынан бақсы халықтық түсінікте сиқыршы, халықтық емші, музыканың
магиялық күшімен аурудың иесін – жындарды қуушы, екінші жағынан эпикалық
жыршыларды, ұзақ дастандарды орындаушылар» [5], – деп көрсетеді. Академик
А.Н.Веселовскийдің «Тарихи поэтика» еңбегінде де ерте дәуірдегі өлең-жырлардың
магиялық күштермен байланысты болғаны айтылады. Адамның балаң дәуірінде өлең,
музыка еңбек ұжымының (қауымдастықтың) бірлесіп сиқырлы күш шақыратын құралы
болған, яғни адамдар өлеңнің сиқырына сенген деген ой айтылады [6] А.К.Боровков
«жырау» сөзінің Өзбекстанда сирек қолданылатынын, эпос орындаушылар «бахши»,
«шайыр» аталатынын жазады [7, 69] Қазақ әдеби тілін зерттеуші профессор Е.Жұбановтың
пікірінше Қарақалпақтың батырлық жырларды орындаушылардан ең үздік шыққандарды
«өгіз жырау» деп атайды. Зерттеуші: «Мүмкін бұл түркі нәсілді халықтардың арғы атасы
болып саналатын мифологиялық «оғыз қаған» есімімен де байланысты болар» [8, 11-14], –
деген ой айтады. Сонымен бірге өгіз атауын узан сөзімен байланыстыратын пікірлер де бар.
В.В.Бартольдтың түсіндіруінде узан деп көне түркі тілінде ұзақ дастандарды, немесе оғыз-
намені (оғызнаме сөзін А.К.Бартольд жалпы ұзақ дастандардың, батырлық жырлардың
атауы ретінде береді) арнайы аспаптармен жырлайтын өнерпаз аталған.
Жоғарыдағы пікірлерді саралай келе, қазақ және басқа да түркі халықтарында
жыраулық өнердің, жалпы ақындықтың ерекше қасиетті, киелі саналғанын түсіну қиын
емес. Жырдың киелі саналуы да ұзақ дастандардың поэтикалық құндылығын жоғалтпай
ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыруына басты себеп болса керек.
Қазақ халқының мәдениет тарихында жыраулық дәстүрдің алатын орны ерекше.
Ауыз әдебиеті мен жазба мәдениетіміздің арасын жалғайтын алтын көпір ретінде ХҮ-ХІХ
ғасырларда туып қалыптасқан жыраулар шығармашылығы қазақ халқының шешендік,
суырыпсалмалылық қасиеттерін, жаткештік қабілетін, әншілік өнерін, философиялық терең
даналығын бойына сіңіріп, кейінгіге жеткізген тұтас бір дәуірдегі ұлттық рухани, мәдени
болмысымызды танытатын ерекше феномен болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Лорд А.Б. Сказитель. Москва: Издательская фирма «Восточная литература»,
1994. – С 366
2. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарнихы. Алматы: Санат, 2004.
3. Қ.Жұбанов Қазақ тілі жөнінде зерттеулер. Алматы, Ғылым. 1999
4. Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалар. Алматы: Ғылым. 1985.
5. Жирмунский В.М. Теория литературы. Поэтика. Стилистика. Ленинград, 1977.
6. А.Н.Веселовский «Историческая поэтика» М., Высш.школа, -1989. - 404c
7. Вопросы изучения тюркоязычного эпоса. – «Вопросы изучения эпоса народов
СССР». С
8. Жұбанов эпос тілінің өрнектері. А., Ғылым, 1978. 183б.
Облыстық «Маңғыстау» газетіне жіберілді.
101
Достарыңызбен бөлісу: |