ӘОЖ 800
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ
Қамарова Н.С.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг
университеті, Ақтау қ., Қазақстан
Аңдатпа. Бұл мақалада белгілі ақын Фариза Оңғарсынова өлеңдеріндегі ұлттық
мінез, ұлттық ойлау, ұлттық таным сипатталады. Ақын өлеңдерінен нақты мысалдар
алынып, қазақ өлеңінің ұлттық ерекшеліктері жан-жақты талданады.
Түйін сөздер: қазақ поэзиясы, Фариза Оңғарсынова, қазақ өлеңі, ұлттық мінез,
ұлттық ойлау, ұлттық таным.
Поэзиядағы сұлулық, сезімнің кір шалмаған шынайы тазалығы, ойдың тереңдігі
арқылы Фариза қазақ поэзиясының рухын асқақтата түсті. Талантты ақындар
шығармашылығындағы қабілет-қарымын айқындайтын көрсеткіш – тек шынайы сезім ғана
емес, сонымен бірге ерекше ойлау өнері. Нағыз сыршыл поэзияны туғызатын – ақынның
үлкен жүрегі. Ақын поэзиясындағы лирикалық кейіпкердің ұлттық сипатымен
ерекшеленген мінез-бітімі, оның қазақ екендігін танытатын психологиялық және ойлау
өзгешелігі ақынның тылсым сырлары ашып көрсетеді. Фариза өлеңдерінен лирикалық
«Мен» арқылы терең түйсік аңғарылады. Кейде тұтас бір буынның өзекжырды сыры ақын
тебіренісімен жарыққа шығады. Ф.Оңғарсынова терең сырлы өлеңдерінде тура
психологизммен бірге жасырын психологизмге көп ден қояды. Ұлтымызға тән мінез ақын
өлеңдерінен көрініс тапқан. Бұл тәсіл – ақынның ерекше шеберлігі. Ақын жанының
тереңінде тұнған сезімді тек көкірек көзімен ғана көру керек:
Елесің қуантардай,
сен жайлы ой кешемін.
Өзіңе дым да айта алмай,
Құрбыңмен сойлесемін.
Қолыңды алам да мен,
Қысуға қысыламын.
Гүлімді саған деген,
Мен оған ұсынамын [1, 282].
Мұнда бозбала психологиясы жасырын психологизм арқылы ашылады. Ғашығының
елесі қуантып тұрған бозбаланың кездескенде ештеңе айта алмай, құрбысымен сөйлесетіні
қалай? Немесе алған гүлін басқаға ұсынатыны несі? Бұл – нағыз ғашық халі.
Кездесем жеке мүлдем,
Кетер деп сыр жалғасып,
Байқамай өтемін мен,
Жаныңнан жылдам басып [2, 205].
Алдыңғы шумақтардан жігіт жанын байқасақ, бұл шумақтағы сезім – қыз сыры.
Қанша көруге ынтықса да, жанынан жылдам басып, байқамай өту де – қыздың сүйген
жігітіне сыр бермеуі. Қазақ қызының табиғатына ғана тән ибалы мінез әдемі жырланған.
Қыз жанының жұмбақ сырын мына мысалдардан да аңғарамыз:
Жиында жұртқа жарқылдап,
Көзге ілмей сені тұрамын [3, 49],
немесе
Қыздардан өрлік қалған ба -
Құлай сүйсе де шектелген:
Сен алғаш сүйіп алғанда,
Ашуланған боп кеткем мен...[3, 50].
102
Бойжеткен қыздың пәк көңілі, ақ жүрегі көрінеді. Ол бірақ сыртқа байқалмайды.
«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» деген Абай афоризмінің көрінісі.
Қазақ қызының ұяң мінезі де тармақтар тасасында жасрынып тұр..
«Әр ақынның өз дарыны, өз интеллектісінің дәрежесіне орай шығар биігі бар. Құс
қанатының қуаты жеткен жеріне дейін көтеріледі десек, ақын да сондай» [4, 42] - деп
көрнекті зерттеуші М. Дүйсенов жазғандай әр ақынның дүниетанымы оның адами кейпін,
азаматтық позициясын, ішкі жан дүниесін танытады. Сондай-ақ әр қаламгердің өз шама-
шарқына қарай дараланған стилі де айқындалады. Ал дара стильдің поэтикасы
Ю.И.Минералов көрсеткендей «ішкі қозғалыс кешені» [5, 32]. Адам жанына қабылданған
нәрсенің бәрі қозғалысқа негізделеді. Лирикалық өлеңнің ішкі қозғалысы – адамның сезім
құбылыстары, эмоциясы, жалпы ішкі әлемі. Ішкі әлем ақын жасаған астарлы образдармен
астасып жатады. Ақынның ішкі дүниесіндегі құбылыстар ғайыптан пайда болмайды, ол –
өмір құбылыстарының әсері. Лирикадағы тартыс, драматизм, психологизм өзге
жанрлардағыдай сюжеттік ситуация арқылы көрінбесе де, ақынның, лирикалық «Меннің»
күйініш-сүйініші, ой-сезімі арқылы көрінеді. Лирик ақын ішкі әлемнің ерекше ырғағын,
сұлу қозғалысын тудырады.
Ішкі монолог тәсілінің әдебиеттің барлық жанрында да белгілі бір көркемдік
қызметі, өзіндік ауыр жүгі бар. Ал лирикалық өлеңдегі көрінісіне Фариза ақыннан бір
мысал алайық:
Мен қашанғы ішімнен шыңғырамын,
Қашан, қашан басылар бұл құмарым.
Ей, адамдар, айтсаңшы біреуің кеп,
Қандай емнен жазылар жынды жаным? [2, 303]
Ақын алай-дүлей сезімін осылай өлеңге түсірген. Ішкі монологты лирикалық
«меннің» баламасы деуге де болады. Фариза ақынның тағы бір өлеңіндегі ішкі монологқа
құлақ түрейік:
О, жасаған! Сүйе алар жүрек беріп,
Неге маған сүюді мұң еткенің,
Дәл осындай қасірет тілеп пе едім? [2, 279].
Мұнда ақынның лирикалық «Мені» мұң шағып тұр. Осылайша
лирикалық
өлеңдердің көбінесе ішкі монологқа, кейде ішкі диалогқа құрылу себебі, бұл – автордың
өзгеше өрелі тыңдаушысын іздеп шарқ ұрғаннан туындайтын құбылыс. Лирикадағы мұң
барлық ақында бірдей болғанымен, оның жеткізілуі әр қалай. Қазіргі қазақ әдебиетінің
кемелденуіне байланысты, көркемдеу құралдарының, бейнелеу үлгілерінің молаюына
байланысты ішкі монолог түрленіп қолданылып, шығармаға көркемдік нәр береді. Бұл тәсіл
көбіне психологиялық талдау ретінде беріледі. Ф.Оңғарсынованың «Әйелдің монологы»,
«Бақыттының монологы», «Бойжеткеннің сөзі», «Жастық шақ монологы», «Қоштасу»
(«Қыз Жібектің соңғы сөзі); «Жантолының монологы», «Жастық шақ туралы элегия», «Кек
немесе келіншектің ызасы», «Аңсау немесе жесірдің зары», «Мұқтаждық немесе жетімнің
монологы» сияқты лирикалық өлеңдердің сезімдік психика циклі – эстетикалық өріс емес,
зерттеу. Ақын өзін ғана зерттеп қоймайды, жалпы адам жанын зерттейді, лирикалық
кейіпкерін де танытады. Жоғарыда аталып өткен ақынның монологтары – лирикалық
кейіпкердің, атап айтсақ, бойжеткеннің, Майраның, Жантолының, Қыз Жібектің, т.б.
атынан айтылады. «Әйелдің монологынан» үзінді келтірейік:
Сенің от құшағыңда
дүнинені ұмытып талықсыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың...
Бірақ өзің айныдың.
Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен дағы жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
103
Сонда ғана есейіп бұл жалғанда,
Бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім [6, 68].
Лирикалық кейіпкердің жан айқайын ақын дөп басып, дәл көрсете білген. Алдамшы
сезім жетегінде кеткен әйел үні ақын жүрегінен сүзіліп шыққан. Бұл – кейіпкер пішініндегі
ақын сөзі. Сонымен бірге лирикалық кейіпкердің ішкі рухани дүниесі лирик ақынның
дүниетанымын да байқатады. Кейіпкер психологиясын танымдық тұрғыдан тану өлең
өрімін табиғи тұтастықта талдауда шеберліктің шынайылық сипатына саяды. Бірсыдырғы
мазмұндау, қарадүрсін, қарабайыр жүйелеу жыр әлемінің жүйесін жасытып, жемісін
желілей алмайды. Нағыз психологиялық өлең – шын ақынның өмірден көрген-түйіндерінен
туған терең толғаныс, әсерлер.
Фариза Оңғарсынованың өзі туралы монологының тағы бірі мынадай:
Жұрт мені қатал дейді,
Найзағайдай мінезі шатырлаған,
Біреулері айтады ақыл маған:
Өркөкірек, тәкаппар, менменсіген...
Ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам,
(Одан сайын мен шіркін қатуланам).
Біреулер қиялдайды,
Мұндай адам ешкімді сүйе алмайды,
Өтірік өлең жазады талықсыған,
Қайдан ғана бал сезім таныс бұған?
(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды,
Ойларымен өздерін алыстырам) [3, 165].
Лирикадағы монолог – ақынның шынайы да мөлдір жаны, ішкі тынысы, ішкі демінің
дірілі. Фариза ақынның кейіпкер психологиясын дәл ашуы бозбала атынан үн қатуы «Мен
өмірді сен деуші ем» (бозбаланың күнделігінен) циклді лирикасынан аңғарылады:
Асықтым әр таңға мен,
Жүзіңді көрем бе деп.
Бұл қайғым тарқар демен,
Өмірде сенен бөлек.
Тіл қатсаң жігіттерге,
Қызғандым аласұрап.
Күңкілшіл күдіктен бе –
Сенделдім дара шығып... [3, 95].
«Қыз сыры» аталатын лирикасында да бойжеткеннің ішкі жан-дүниесі әдемі өріледі.
Бұл айтылған лирикалық кейіпкер жанының толқындары – ақынның өз басынан кешірген
сезім сәттері. Құйылып түскен мөлдіреген әрбір лирикалық өлеңнен Фариза ақын жүрегінің
аяулы лүпілі сезіледі.
Ұлттық көркем ойлау – қазақ поэзиясында кеңінен көрініс тапқан тәсілдердің бірі.
Фариза поэзиясында ұлттық ойлау, ұлттық мінез көбіне төрт түлікті образға айналдыру
арқылы танылады. Ақын жырларында ең көп кездесетін ұлттық образ – жылқы түлігі.
Арман деген елесті қуып келем,
Алып-ұшқан жастықтың тұлпарымен… [7, 30]
.
Адам көңілін жылқының ең асыл тұқымды түріне, дүлдүліне, жүйрігіне балау – қазақ
поэзиясында әуелден қалыптасқан дәстүр. Алып-ұшқан, көтеріңкі көңіл-күйді бейнелейтін
осындай лирикалық туындылардың басым бөлігінде арғымақ, тұлпар образдары ілесіп
жүреді.
Өзімді-өзім қайраумен, тістенумен,
Қуат сорып, ұшқын ап іштегі үннен.
Табанымнан тілінген шөңге жұлып,
Сәйгүлік күшке мінем [8, 170], -
немесе:
104
Сонысымен тәтті де өмір деген,
тұралаған өмірді өмір демен.
Құлазисың, құлайсың, тағы тұрып,
Тағы ілгері желеді көңіл-дөнен [2, 253], -
деп бірде көңіл күйін сәйгүлікке баласа, біресе дөненге телиді. Сәйгүлік күшке міну,
желген көңіл-дөнен – оптимистік сарындағы бейне. Бұл жердегі сәйгүлік те, дөнен де –
ақынның ұшқыр қиялы, оттай ыстық сезімінің көрінісі.
Құпиясы мол ақын жанының күрделілігі мына бір жолдардан да байқалады:
Менде бір толғаныс бар,
(Кейде өзім де түсінбеймін),
Дауыл күнгі дарияның күшіндей бір.
Сонау біздің қырдағы тұяқ тілген,
Бәйге алаңы сияқты дүсірлеймін [7, 31].
Қырдағы дүсірлеген бәйге алаңы – ақын басындағы әрқилы көңіл-күйлер,
психологиялық драматизм, сезім-қиял шиеленісуі мен шарықтауы. Қандай да болмасын
күрделі ой мен сезім күйлерін осылайша қарапайым, көзге елестетерліктей бейнелі жеткізе
білу – Фариза ақын қаламына тән қасиет.
Жыл сайын, ауыл, сендегі,
Қымбаттарыма оралам.
Сақталған көңіл- теңдегі,
Сырды ақтаруға оралам [2, 76].
Тең – ұлттық өмірімізде ата-бабаларымыздың көшпелі өмірінен қалған мұра, көлікке
арту үшін буып-түйген жүк болса, ақынның көңілді теңге балауы, жүрекке артатын сыр
толы «теңі» – ұтқырлықпен бірге ақын жан-дүниесінің байлығы, қымбат қазынасы.
«Жайлауға келгенде» деген өлеңде жайлауға сағынышпен келген, бірақ ауылда
туып, қалада өскен, қала сәнімен киінген ақынның жан дүниесі жайлаудай шалқи жөнеледі:
Жоқ, менің жаным – қазақтың жаны кіршіксіз,
Бал қымыз қайда – әкелші, қалдық күнсіп біз.
Келдім ғой мұнда (қарама, жеңге,аңырып)
Тезекке піскен таба нан иісін сағынып...
Домбыра бар ма? Берейін әсем ән салып,
Қазақтың әнін тыңдайсыңдар ғой тамсанып...
«Қалада өстім, бәрі ерсі мұнда», - демейін,
Қол тимей жатса, сиыр да сауып берейін... [1, 220].
Нағыз ұлттық психология. Ауылын аңсап келген, қалада жүргенде жүрегі «ауылым»
деп соғатын әрбір қазақтың жүрек түкпіріндегі алып-ұшқан сезімді дөп басып көрсеткен.
Сәні қалалық болғанмен, жаны далалық ақынның шынайы толғанысы бұл өлеңде әдемі
өрілген. Атамекенге сағынып жеткенде ақын жаны әсем күймен күмбірлеп кеткендей күй
кешеді:
Сағынып жеткен шағыңда,
Жаз жайлау – атамекенге.
Дала боп дарқан жаның да,
Жадырап қалады екен де...
Ән-күйің қымбат мұнда аса,
Күтпейді сізден сый бөтен,
(домбыра төрде тұрмаса.
Қазақтың үйі үй ме екен!) [7, 18]
Ақын өзінің бейнесі, ойы, сезімі арқылы бұл шумақтардан халқының ұлттық мінезін
танытады. Әр тармақты сипаттап жатудың өзі артық. Қарапайым жолдарға мол сыр
ұялатып, оқырманын ғажайып сезім әлеміне жетелей жөнелтетін Ф.Оңғарсынованың
лирикасындағы ұлттық бояу мына өлеңдерден де танылады: «Жаулықтар», «Түс»,
«Жайлау. Той», «Жерошақ», «Боздақ», «Ертегі елестері», «Туған ауыл», «Киіз үй»,
105
«Оюлар», «Ер-тұрман», «Айналайын ауылдың адамдары-ай!», «Тілеу», «Қазақтың
дәстүрлері», «Қырдағы бәйге», «Жайлау таңы», «Қыз қуу», «Тағдыр», «Қыр қазағының
қартайғандағы сөзі», «Арғымақтары қайда екен бұл даланың», «Жаралған деп жат үшін»,
«Ауыл қызы» және т.б. Жақсы болып көріну – мақсат емес, // ар аттамау – мен үшін басты
мұра [7, 254], – деп ақын өзі жазғандай жан сұлулығы, шынайылық, арлылық – ақынның
өмірде ұстанған басты мақсаты. Бұл мақсат – күллі оқырманына өсиет.
Ф.Оңғарсынова поэзиясын ұлттық поэзиямызды өз жаңашылдығымен байытқан,
өзіндік дәстүр қалыптастырған жаңа арна деп атауымызға болады. Ақындық әлемі сыршыл
сезім, парасатты ой, азаматтық ұстаным, ақындық өлшем бірлігінен тұратын Фариза
поэзиясының қашанда тұғыры биік, жұлдызы жоғары. Ұлттық мінез – Фариза Оңғарсынова
поэзиясының алтын қазығы. Ұлттық идеяға негізделген ақын поэзиясы қазақпен бірге
жасайды.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Оңғарсынова Ф. Он томдық шығармалар жинағы. – Астана, 2004. – Т.1. – 324 б.
2 Оңғарсынова Ф. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1978. –
Т. 1.
3 Оңғарсынова Ф. Ғашық сезім. Лирика. – Астана: Фолиант, 2013. – 224 б.
4 Дүйсенов М. Қазақ лирикасындағы тақырып пен көркемдік шешім // Кітапта: Жанр
сипаты. – Алматы: Ғылым, 1971.
5 Минералов Ю.И. Поэтика индивидуального стиля. Автореферат диссертации на
соискание ученой степени доктора филологических наук. – Москва, 1986.
6 Оңғарсынова Ф. Мен саған ғашық емес ем. – Алматы: Білім, 1999.
7 Оңғарсынова Ф. Он томдық шығармалар жинағы. – Астана, 2004. – Т.2. – 328 б.
8 Оңғарсынова Ф. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1978. –
Т. 2.
Достарыңызбен бөлісу: |