ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Тоқаев Қ.-Ж. К. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан // Абайта-
ну антологиясы. Он томдық. Антологияның Бас редакторы проф.
Ж.Қ. Түймебаев. І том. Ойлар, толғаныстар, естеліктер / құраст.,
түсінік. жазғ.: Л. Мұсалы, Б. Даутова, Г. Қасымақын; жауапты ред.
Б. Жақып; жалпы ред. басқ. Ж. Дәдебаев. – Алматы: Қазақ универси-
теті, 2021. – 3-14-беттер.
2. Құнанбаев A. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. ІІ том.
Аудармалар мен қара сөздер / Жалпы редакциясын басқарған Ы.Дүй-
сенбаев. – Алматы: Ғылым, 1977. – 312 б.
3. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жи-
нағы. І том. Өлеңдер мен поэмалар / Жалпы редакциясын басқарған
Ы.Дүйсенбаев. – Алматы: Ғылым, 1977. – 454 б.
4. Кант И. Сочинения в шести томах. Том 4, часть 1 / Под общей редак-
цией В.Ф. Асмуса, А.В. Гулыги, Т.И. Ойзермана. Редактор четвертого
тома В.Ф. Асмус. – М.: Мысль, 1965. – 544 с.
89
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ
ӘЛ-ФАРАБИ МЕН АБАЙ
1. ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ
ҰЛТТЫҚ МАҢЫЗЫ
Көшпенділер өркениетінің орталығы болған қазақ даласы
әлемдік білім мен ғылымның не бір даналарын өмірге әкелді.
Солардың ішінде кезінде «екінші ұстаз» атанған Әл-Фарабидың
жұлдызы ғаламдық руханият айдынында ерекше жарқырап тұр.
Өмірдің парадокстары көп. Сондай парадокстардың бірі
әлемдік ғылымның көш бастаушыларының бірі болған ұлы баба
Әл-Фарабиды ұрпақтары күні кешеге дейін онша біле бермеді.
Қанша уақыт өтсе де асылды тот баспайды. Өткен ғасырдың
екінші жарымынан бастап, адамзат ақыл-ойының кемеңгері Әл-
Фарабидың жарық жұлдызы қайта жанып, әлемдік руханият
әлемінде жаратылыстың заңымен адам болып өмір сүрудің жал-
пыға ортақ қағидаларынан нұр шапақ шашуда. Ұлылар өлмейді.
Өзі өлгенмен артында қалдырған сөзі өлмейді. Өйткені, ол сөз-
дерде артында қалған ұрпақтарының, одан қалды, жалпы адам-
зат баласының бір-бірімен тату, бақытты өмір сүруіне көмекте-
сетін жолдарды көрсетіп, осы жолмен жүруді ұрпақтарына ми-
рас етіп қалдырған. Әл-Фараби салып кеткен осы жолды қазақ
даласынан шыққан небір ғұламалардың, ақын-жазушылардың,
қоғам қайраткерлерінің ары қарай жалғастырып, адам болып
өмір сүрудің, қоғамдық дамудың, ұлттық жаңғырудың даңғыл
жолына айналғанын көреміз.
Ұлылар қашанда бір-бірімен үндестік тауып жатады. Осын-
дай үндестікті қазақ даласынан шыққан екі ұлының – Әл-
Фараби мен Абайдың артында қалған мұраларынан да байқай-
мыз. Араларында қаншама ғасырлар, не бір замандар жатқаны-
мен де екі алыптың дүниетанымындағы адам қайткенде, адам
болып бақытты өмір сүреді, қоғам қайткенде, адамның жан-жақ-
ты жетілуіне жағдай жасайтын бағытта дамиды деген мәңгілік
сауалдың төңірегіндегі ойларының бір арнадан шығып жататын-
дығына таң қаласыз. Мұның басты себебі, олардың ұлы даланың
90
ұлы топырағынан шығуы, сол кездегі далалық дүниетанымды,
Шығыс пен Батыстың ілім-ғылымын толық меңгергендігі, ис-
лам мәдениетінің өкілі болғандығы болса керек.
Осы жағдайлар мәселеге бір жақты келмей, әртүрлі қыры-
нан, әртүрлі көзқараспен қарап, дұрыс қорытындылар жасауына
мүмкіндіктер ашқан. Философияда күні бүгінге дейін бір-біріне
қарама-қарсы екі түрлі бағыт бітіспес күреспен қатар өмір сүріп
келеді. Материалистер «Адамды тұрмыс билейді» десе, идеа-
листер сана билейді дегенді алға шығарады. Енді осы бір күр-
делі мәселенің екі данышпанның еңбектерінде қалайша көрініс
тапқандығына назар аударайық.
Әл-Фараби ғылым салаларын жүйелегенде, ең алдына тіл
білімін қояды. Өйткені, өмірді тану, ғылым адамның ойлау қа-
білетімен тікелей байланысты. Тіл, ойлау жоқ болса, ғылым да
жоқ. «Бұл айтылғандардың барлығын пайымдау жолымен – өз
ойымызды қалай жеткізу керектігінен, үйрету немесе үйрену ке-
ректігінен, қалай баяндау, сұрау, жауап беру керектігінен абст-
ракциялану арқылы таптық. Осы себепті барлық ғылымдардың
ішіндегі ең бірінші ғылым тіл туралы ғылым деймін. Ол заттар-
ға, яғни субстанция мен акциденцияларға атау береді. Екінші
ғылым – грамматика, ол атауларды қалай реттеу керектігіне,
субстанциялар мен акциденциялардың орналасуын білдіретін
сөздер мен сөйлемдерді және содан шығатын салдарларды құрас-
тыруға үйретеді». Бұл жерде ғұламаның адамның адам ретіндегі
саналы тіршілігінде, адамның өмірдің құпияларын танып-білуі-
не көмектесетін ғылыми ізденістерінде тілдің айрықша орнына
ерекше мән бергендігі көрінеді. Ғылымдардың ішінде бірінші
орынға тілді, екінші орынға қойған ғұлама үшінші орынға дұ-
рыс ойлай білудің заңдылықтарын зерттейтін логиканы қояды.
Әл-Фарабидің анықтауынша, тілдің сан қырлы қызметі ті-
келей логикамен байланысты: «Ол қорытынды алу үшін логика-
лық фигураларға сай баяндауыш сөйлемдерді қалай орналасты-
ру керектігіне үйретеді. Солардың арқасында біз танымағанды
танимыз, ненің ақиқат, ненің жалған екендігі туралы пікір айта-
мыз» (сонда, 94-бет).
Әл-Фараби адамның бақытты болуы үшін ол білім-ғылым-
мен қаруланып, жан-жақты жетілген болуын, «Ғылымды кәсіп,
91
өнерді нәсіп етіп алмауы керек, әрі оны мол дүние табу құралы
етіп жібермеуі қажет» екендігін ескертеді. Сондықтан да білім-
ғылым тәрбие жұмыстарымен қатар жүріп отыруы аса маңыз-
дылығын қатал ескертіп, «тәрбиелі ғалым – ғалым, тәрбиесіз ға-
лым – залым» деген бұл күндері нақылға айналып кеткен сөзін
қалдырды. Абай ғұламаның салып берген сара жолын ары қарай
жалғастырып, ұрпағына ғибрат болар терең ойлар айтты: «Ғы-
лым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақ-
лық һәм адамдық дүр» (Отыз сегізінші сөз), «Ғылымның бір аты
– ақыл» (сонда), «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген
нәрселерменен» деп білген Абай елінің ертеңін біліммен, ғылым-
мен байланыстырды. Сондықтан да ол халқын оқуға, білім алуға,
ғылымды үйренуге шақырды. «Ғылым» Алланың сегіз сипаты-
ның бірі екендігін еске салды: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан
ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (Оныншы
сөз). Абайдың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғы-
лым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен
оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (Он сегізінші сөз),
«Ғылым мал табу құралы емес, мал ғылымды дамыту үшін қа-
жет Ақын «Ғылым таппай, мақтанба», «Білімдіден шыққан сөз»,
«Интернатта оқып жүр», «Ғалымнан надан артпас ұққанменен»,
«Мен боламын демеңдер», «Түбінде баянды еңбек егін салған»,
«Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезген», «Жасымда ғылым бар
деп, ескермедім», т.б. өлеңдерінде жастарды білім-ғылымға үн-
деп, оның жақсылыққа бастар бірден бір жол екенін ескертеді.
Әл-Фарабидің адам концепциясында жүрек аса маңызды
орынға ие. Өйткені, адамның бақытты болу жолындағы өмірінің
барлығы осы жүрек арқылы басқарылады. Жүрегі таза, жылы
адамдар ғана бақытты өмір сүре алады. Оған себеп, жүрек –
адамның денесіндегі ең басты орган; адам ананың құрсағында
жаратыла бастағанда, ең алдымен жүрек жаратылады; адамның
басқа дене мүшелерінің барлығы ми арқылы жүрекке қызмет
етеді: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мү-
шесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше;
бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені ол барлық
басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді. Бі-
рақ бұл тек жүрекке қызмет етеді және жүректің табиғи ниетіне
92
қарай, бұған басқа мүшелер қызмет етеді. Ми жүректен кейінгі
мүше ретінде әрекет етеді, басты мүше бейімделе алмаған жер-
де оның орнын басады, оның өкілі болады, әр іске бейімделіп
отырады; жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету
тек қана миға тән қабілет. Мәселен, жүрек – ішкі табиғи жылы-
лықтың көзі... Ми (мұнда) жүрекке қызмет етеді, сезімдік жүйке
тамырларға өз күшін бойында сақтайтын қуат бітіреді, бұл қуат
қоректендіруші (күштердің) сезімтал болуына мүмкіндік бере-
ді... Мүшелердің ішінде тұңғыш рет жүрек пайда болады, бұдан
кейін ми, одан соң бауыр, одан кейін көкбауыр, сонсоң басқала-
ры пайда болады. Бәрінен соң барып, қимылға келетіні – жыныс
мүшелері... Үстем күштің мекені – жүректе» [2, 289-295].
Абай «Он жетінші қара сөзінде» жүректі былайша сөйлете-
ді: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды,
жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсек-
те, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, то-
ңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып
жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып,
төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге
рақым қылдыратын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақы-
рында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламай-
мын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан
жиреніп, тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, ме-
йірбаншылық дейтұғын нәрселеердің барлығы менен шығады,
менсіз осылардың көрген күні не?».
Жүректің жақсы болуы адамның ақылды, қайратты болуы-
мен тікелей байланысты. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: «Ыс-
тық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абайдың жырлауын-
ша, адамды адам қып сақтап қалатын да, өмірдің қандай тығы-
рықтарынан алып шығатын да – осы үш қасиет. Осы жолдарды
оқығанда, «жүрек көзі ашық» алға үлкен мақсат қойып, таудай
талап қылған, айтар сөзін ойланып сөйлеген, істер ісін ақылға
салып істеген, өмірді, адамдарды жүрегімен сүйе білгендер ғана
сұм жалғанда бақытты өмір сүре алады деген ойлар ойға келеді.
Абай да адам өміріндегі жүректің атқарар қызметіне ерекше мән
берген. Мида қорытылған ой жүректің сарабынан өтіп барып,
сөзге айналып, сыртқа шығады.
93
Ақынның айтуынша, сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жет-
пейді»; «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз»;
жүрексіз айтылған сөз – жалған сөз; ондайларға сенбе. Өмірдің
әділетсіздіктерін қайнаған ішінде жүріп көп көрген, барынша
сезінген халқының көзі, сезімі, жыршысы атанған ақынның жү-
регі – «қырық жамау». Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете
қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас. Достық, қызық, бар
қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі. Ар мен ұят
сынбаса, өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі ‒ деп
жырлаған ақын жүректің адамның рухани өміріндегі шешуші
рөлін дәл айтып отыр.
Поэзия ‒ адам жанының сыры, сезімі. Ал осы сыр мен се-
зімнің ұясы ‒ жүрек. Абай лирикасында сезім мен сырға толы
«жүрек» сөзі жиі қолданылады. Адам «Ақылдың тілін алса,
жүрек ұмыт қалады», «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған
шықпайды» дейтін Абай жүректен жарып шыққан не бір әсем
теңеулерді, эпитеттерді, метафораларды шебер қолдану арқылы
қазақтың қара сөзіне жан бітіріп, өлеңнің поэтикалық, ойшыл-
дық қуатын күшейтіп, көркемдік кестесін құлпыртып, сөзден
сурет салған.
Абайдың айтуынша, жан жүректе жайғасқан. Жүрек қан-
дай болса, адам да сондай. Адамның бүкіл тыныс-тіршілігі жү-
рек арқылы басқарылады. Жүрегі жылы, тәрбиелі болса, ондай
адамның ішкі жан дүниесі де – таза; рухани жағынан жетілген
адам өмірде көп қателеспей, дұрыс өмір сүре алады. Абай адам
баласының бақытын оның жүрегінің тазалығымен тығыз байла-
ныстырады.
Адамның рухани жан дүниесінің мекені саналатын жүрек
сөзі ақын поэзиясында метафорлық тіркестерге айналып, қанат
жайып, «жұмбақ адамның» «жүрек түбіне» қарай тереңге тарта
береді. Осы бір ғана «жүрек» сөзінің түрліше қолданылуының
өзінен-ақ ақынның өзі салған автопортретін де көруге болады.
Абайдың лирикасында «жүректің» көркем де шебер қолданыс-
тарынан мың құбылып, құлпырған сөздің поэтикалық қуатын
байқаймыз. Бұл жердегі ақынның «жүрегі» – философиялық ка-
тегория.
94
Абай ХIХ ғасырдағы қазақ руханиятында классикалық
философияның орнындағы халықтық дүниетаным негізінде
еуропалық ілім-білім жетістіктеріне сүйене отырып, адам кон-
цепциясын – «толық адам» ілімін жасады деуге болады. Абай
Әл-Фарабидың адам өмірінің, дүниетанымының негізі ретінде,
«жүректі» атаған ойын адам болмысының негізгі кілті ретінде
өте орынды қолдана отырып, жалпы рухани құндылықтар төңі-
регіндегі зәру проблемаларды терең көтере білді. Бұл жерде қа-
зақ топырағынан шыққан екі ұлы айтқан ой-пікірлерінің арада
мыңнан астам жыл уақыт өтсе де бір арнадан шығып жатқаны
көрінеді.
Ұлы философ Әл-Фараби адам бақытты болуы үшін ол ақыл-
парасаттың иесі, жүрегі таза, жылы болуы керек десе, ақын Абай
ең алдына оның ойының дұрыс болуын, яғни мидың қызметін
қояды. Екі ұлы да адам өміріндегі сандаған ойларды қорытып,
ой ойлап, даналыққа, парасаттылыққа жетелейтін, дұрыс жолды
табатын мидың, сол мидың қорытып ұсынған «ақылдарының»
ішінен дұрысын қабыл алып, «жылылыққа орап», сөз арқылы
сыртқа шығаратын жүректің қызметтерін аса жоғары бағалаған-
дықтары, бірін бірі толықтыра түскендіктері көрініп тұр.
«Әбден жетілген адамдардың ғана жандары мәңгі өлмейді»
(Әл-Фараби). «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, // Өлмейтұғын
артына сөз қалдырған» (Абай). Иә, ақыл-парасаттың шыңына
шығып, оны ой елегінен өткізіп, артта келе жатқан ұрпақтардың
бақытты өмір сүруіне көмектесетін «өлмейтұғын сөз» қалдыр-
ған ұлылардың рухтары мәңгі жасай береді.
Достарыңызбен бөлісу: |