Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
96
болды. Хан аңға шыққан жер Сейхунның ойпаттау сағасы болатын.
Дария
жазғытұрымғы тасыған кезде осы арадағы кең алқапты алып, қайтадан есесіне
түскен шағында ойдым-ойдым қарасулар қалдыратын. Тым қуаңшылық жылдары
бұл араға сонау Қазықұрт тауынан жайлауға көшіп келген ауылдар, тартылып
қалған қарасулардың балшықтарынан құлаш-құлаш мекре, лақа балықтарды қазып
алатын.
Ауылдар жайлауға келмеген жылдары бұл араны бұғы мен марал жайлайды.
Көл аралары жазық дала, көк шалғын. Сейхун жағасы қалың қамыс, тұтас-
қан жиде ағашы. Бұғы мен маралға бұдан артық қандай қоныс керек?
Әбілқайыр осы араға шатырларын тікті де, қасына кернейші-дабылшы екі-үш
жігіті мен ежелгі серігі Бахтияр-баһадурды ертіп жан-жақтарын шолып келуге
шықты. Астында
жол-жөнекей ер салынбай, тың, жетекте келген Тарланкөк.
Ауыздығымен алысады. Өзгелердің де мінгендері қосаяқтай жүйріктер. Әйтсе де
олардың аттары қамыс құлақтарын қиғаштап, жіті басқанмен де, Тарланкөктей
емес, ауыздығымен алысып келе жатқан жоқ. Сірә, Сейхунның лайлы суы мен
шігір араласқан сұрғылт бетегелері жер-су талғайтын сәйгүліктерге тақа жәйлі
тимеген тәрізді.
Хан тобы әңгімелесе жүріп, бір жазық далаға шықты. Кенет Тарланкөк
осқырына, танауы делдиіп, құлағын тіге қалды. Бұлар «не болды» деп жан-
жақтарына қарап та үлгерген жоқ, дәл алдарынан шаңырақ мүйіздерін арқаларына
сұлата
жатқызып, көгал шөптің үстімен бауырлай ұшқан құстар тәрізді, ұзын
аяқтарын көсілте жазып, теңбіл жүнді бір топ арқар зуылдай өте берді... Үлкен-
кішісі аралас. Шабыстарына көз ілеспейді, нағыз бір селдірлей аққан сағым-
сынды, «Бұлар бізден үрікті ме?» деп хан ойланып та үлгермеді, кенет арқардың
соңынан шұбалана қуған бір ұя қасқырды көрді. Қамысты жердің нағыз қара
қылшықтары, құлынжал арландары. Топтанбай созыла шапқанмен аралары жиі
кетіп барады. Хан тобы бұларды шөптің қалыңдығынан бірден көре алмаған екен,
арқарларды өкшелеп жетуге жақын. Сірә, қасқырлар өздерінің ежелгі әдеттеріне
салып, кезектесіп қуған болуы керек, қарқындарына
қарағанда мына көкжалдар
төтеден қосылған тәрізді, әйтпесе жазық жердің жел ере алмас құдіретті
жүйріктері — арқарлары бұларға шаңдарын да көрсетпесе керек-ті.
Хан тобы шыдап тұра алмады, елегізген жүйріктерінің тізгінін босатып
жіберіп, сойылдарын ыңғайлап, айқай сап қасқырлардың соңынан тұра шапты.
Тарланкөк өзге аттардан бірден суырылып сала берді. Көп кешікпей хан
серіктерінен озғындай шығып қарасын үзді. Әбілқайыр жас кезінде ұрыстарға
тікелей қатысып келсе де, алтын тақтың қызығын
көрген сайын ажалдан қорқа
түскен. Жиырма бестен асысымен-ақ хан ұрысқа қатысуды қойған. Таластың
тағдыры шешілетін қан майданға ол өзінің батырлары мен әскерін айдап салатын.
Тек жау жеңілген кезде ғана жеңіс қуанышын қарсы алуға жұрт алдына шығатын.
Өзі тікелей ұрысқа қатыспайтындығынан хан көптен бері сойыл, найзаны
жұмсауды ұмытқан. Бірақ өзін аңдыған жаудың көптігінен сескеніп, Ордада
жүргенінде наркескенін, атқа қонғанда садағын тастамайтын. Бұл екі қаруды
жұмсауда аса шеберленіп алған. Әсіресе жақ тартуға келгенде, жебесін
құралайдың көзіне дәл қадайтын мерген. Міне, осы қасиеті қазір де өзіне үлкен
жәрдем берді.
Тобылғылы, қурайлы, бозаңы белден келетін жазық дала... Алдарында көгілдір
тоғайлы Сейхун дария... Оңды-солды қамысты шалшық көлдер...
Аспан айнадай