Індеттік ерекшеліктері. Шешекпен сүт қоректілер мен құстардың барлық түрлері дерлік
ауырады.Індеттенуді талдаған кезде вирустың қай түрінің қандай жануарларды ауруға
шалдықтыратынын ескеру қажет. Жануарлардың кейбір түрлері сол түлікке ғана тән шешек
вирусына бейім, ал кейбір жануарларда бұл вирустың бірнеше түрлері ауру қоздырады.
Шешекпен барлық сүт қоректі жануарлар және құстар ауырады. Қыста және көктемнің
басында жиі байқалып, ауыр өтеді. Әсіресе жас төл, асыл тұқымды малдар және көрікті құстар
тез шалдығады. Шешек вирусының бастауы – ауруы жасырын кезеңдегі және ауырып жазылған
вирус алып жүруші жануарлар. Жұғу факторына малдың азығы мен күту жабдықтары жатады.
Сыртқы ортаға вирус дертке шалдығып, сыдырылып түскен эпителиймен, танаудан, көзден,
ауыздан аққан сорамен бөлінеді. Ауру қоздырушысы қан сорғыш жәндіктермен де берілуі
мүмкін. Өйткені олардың денесінде 100 күнге дейін сақталады. Сонымен қатар төлге сүт пен
плацента арқылы, ал балапанға жұмыртқа арқылы беріледі.
Дерттенуі. Вирус денеге тері арқылы және ауыз бен тыныс жолдарының кілегейлі
қабықтары арқылы енеді. Теріден оның жарақаттанған немесе сызат түскен жерлерінен өтеді,
ал А гиповитаминозы кезінде зақымданбаған теріден де өтуіне мүмкіндігі бар. Қанда вирустың
көбеюіне байланысты аурудың бастапқы кезеңі дененің ыстығы көтеріліп, көрінетін кілегейлі
қабықтардың қызарып, танаудан сұйықтың бөлінуі арқылы байқалады. Аурудың одан әрі өрбуі
қоздырушысының эпителийге әуестігінен туындайтын теріде экзентема (қызамық) пайда
болуына байланысты. Шешек бөртпесі деп аталатын бұл құбылыстар бірнеше сатыдан тұрады:
розеола – ауру жұқаннан кейінгі 1-2 тәулік ішінде байқалатын қызарған дақтар;
папула – келесі 1-3 күнде пайда болатын бөрткендер;
везикула – бөріткендердің 5-6 күнде қолдырап, сарғыш түсті сұйыққа толуы;
пустула – везикуланың ішіндегі сұйықтың 2-3 күнде түсі күңгіреттеніп, іріңге айналуы;
круста – папуланың жарылып, сұйықтың сыртқа шығып, қарақошқылданған қабыршақ
пайда болып, астыңғы сау эпителийдің жетіліп, 5-6 күн ішінде қабыршақтың түсіп, орнына
тыртық пайда болуы.
Шешектің осылайша өрбуі адамда, сиыр мен жылқыда байқалады. Қой мен ешкіде және
шошқада везикула пустулаға айналмай, бірден қабыршақ пайда болады да, шешекке диагноз
қою біршама қиындыққа соғады.
Құстарда дертке шалдыққан эпителий тез жетіледі де, өсе келе теріде сүйел тәрізді
шоғырланады, ал кілегейлі қабықтарда сыдырылып түсетін қабыршақтар түзеді. Мұндай
қабыршықтанып сыдырылу дифтерияға тән құбылыс болғандықтан шешек дифтериті деп те
аталады. Жалпы алғанда құста шешек папула түрінде емес пролиферациялық құбылыс ретінде
өрбиді.
Жануарларда вирус денеге тері арқылы өткенде әдетте жеңіл ғана орны шектелген шешек
процесі байқалады. Егер ауру қоздырушысы респираторлық немесе алиментарлық жолмен
енсе, септицемия өрбіп, тері мен кілегейлі қабықтарда түгелдей шешек шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |