Ауылды көтерудің үш жылдық бағдарламасын жасау ауыл экономикасын көтеру ғана емес, ұлттық дәстүрді, мәдениетті қолдау, әлеуметтік- тұрмыстық жағдайды жақсарту” - делінген болатын жолдауда. Мұның бәрі де тәуелсіздікті нығайту мақсатында жасалған іс-шаралардың алғашқыларының бірі деуге болады. Себебі қордаланып қалған мәселелерді шешу уақытты, еңбекті қажет етеді. Осындай кезде ұлы ғалым Д.И.Менделеевтің мына бір өсиеті ойға оралады “Еңбектеніңіздер: тыныштықты еңбектен табасыз, басқа ештеңеден таба алмайсыз! Көңіл көтеру өкінішті сезім, ұзақ қуаныштың ізін қалдыратын – еңбек. Еңбекті ерекше сезіммен сүю – болашаққа деген көзқарастың мықтылығы.” Дәл сол жылдары “Денсаулық” саласында да біршама өзгеріс байқалды. Мәселен, жабылып қалған фельдшерлік акушерлік пункттер қалпына келтіріліп, ауыл мектептерін көтеруге назар аударыла бастады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: “Қысқа мерзім ішінде барлық мектептер компьютерлендіріледі” дегенде шалғайда жатқан ауыл адамдары: “Басқа-басқа, бізге жақсылықтың жетуі екіталай-ау” деп сенімсіздік көрсеткені де болды. Бірақ облыстық білім департаменті мен аудандық оқу бөлімі басшыларының ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде компьтер класы ашылып, оқушылардың сенімі арта түсті. Үстіміздегі жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа әлемдегі, жаңа Қазақстан” атты халыққа жолдауында мектеп мәселесі де тыс қалған жоқ. Мұнда 100-ден аса мектеп салу бұйырылса, оның 18-і Алматы қаласының еншісіндегі мектептер екенін мәлімдеді. Ал қалған мөлшердегі мектептер еліміздің көптеген қаласында бой көтермек.
Оқыған озар, оқымаған тозар демекші ауылды көркейту, 2030 жылы өркениетті дамыған елге айналу, тек қана оқу, ғылым, білімнің арқасында қол жетпек.
Елімізде тәуелсіздік таңының атуына, оқып өркендеуімізге елім деген азаматтар еңбек етті.
Сен жанбасаң лапылдап,
Мен жанбасам лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?
– деген Н. Хикметтің сөзін ұран етіп, жастардың қамын жеп, ерен еңбек етіп жүрген адал да, асыл азаматтарымыз өте көп. Осындай асыл азаматтарымыз ғана жастардың ой-санасын шым-шытырық пікірлерден тура бағыт алып, адастырмай алып шықты.
“Елу жылда - ел жаңа, қырық жылда - қазан” демекші ауылымыздың көрінісі жастармен жаңарып жатқаны баяғыдай көрінгенімен тапшылықтан молшылыққа, жамандықтан жақсылыққа, қараңғылықтан оқу бейнетке рақатты түрде өмір сүруге ұмтылып келеді. Алайда ауылды еске алғанда жүрек неге сыздайды? Дүниедегі ең аяулы адамыңды перзенттік сағынышпен еске алғандай жаның құлазып сала береді. Өйткені ауыл соңғы жылдары бүкіл Қазақстанға дем беріп отырған күшінен айрылып қалды. Сол мәртебелі рухты ауылға қалай қайтарамыз? Елбасымыз бір сөзінде «...ауылға жаны ашып жүрген ғалымдар мен дәрігерлер, жазушылар, тағы басқалар барсын, көмектессін, өзі туған өлкеге демеді ме? Олай болса жұмыла көтерген жүк жеңіл емес пе? Ынтымақ бар жерде ырыс бар, ырыс бар жерде, мейірім, шапағат та болады. Мейрім болса адам біткен жақсы іске ұмтылып, бойындағы бар жақсы қасиеттерін жанында жүрген жайсаң жандарға жұғысты етеді. Болашақта 50 дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін қалың қазақ отырған ауылды көтеру керек. Неге? Себебі ұлттық салт-дәстүр, тәлім-тәрбие, әдет-ғұрып, тіл, т. с. с. толып жатқан дәстүрлердің мықты ірге тастары ауылда».
Ұлтымыздың ешбір мәдениеті ұмыт болмай, жас мемлекеттің іргесі нығайып, гүлденген, дамыған мемлекетке айналсын.
әдебиеттер
-
Өтеш Қарашин. Тәуелсіздік тағлымы. // Ақиқат. № 11-12 2006. 8-9бб.
-
С.Бандаренко, Б.Отарбаев. Тұрақтылық – тәуелсіздік тұғыры. // Егемен Қазақстан 2005.
-
Шириаздан Елеукенов. Қазақ әдебиеті Тәуелсіздік кезеңінде. //Ақиқат, 2003 № 10.
-
Қ.Жүкеш. Егемендік пен Тәуелсіздік бір тарихи оқиғаның екі сатысы. // Саясат.
-
Жақан Молдабеков. Қазақстанудың бүгінгі мен ертеңі. //Ақиқат. 2002. № 4.
-
А.Жолдасбайқызы. Азат елдің айнасы. // Абай 2002. № 1.
-
Жабайхан Әбілдин. Біз дамыған елдер қатарына қосыламыз.//Астана.
-
Марат Мәжитов. Тәуелсіздік белесінде. // Ақиқат. 2003. № 12.
-
А.Зейнуллин., С.Смағүл. Бес жылдың белесінде, Тәуелдік таңы нұрлы. // Астана. 2002. № 6 (бет 7).
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Қазақстандағы экономикалық, саяси, әлеуметтік-рухани реформалар және бүгінгі жетістіктер қарастырылған.
Резюме
В статье рассматривается экономическая, политическая, социально-духовная реформы и сегодняшние достижения Казахстана.
ӘОЖ 371.011
Адамгершілік тәрбиесі бағытындағы зерттеулерге сипаттама
Қалиев С.Қ. - п.ғ.д., профессор,
Нұрмұхамбетова А.А. – магистрант ( Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Қазіргі таңда еліміздегі оқу-тәрбие жұмысымен байланысты болып жатқан жаңартулар білім мен тәрбие жұмысын қайта қарауды талап етіп отыр.Тиянақты білім беру жүйесінде оқушыларға тәрбие жұмысын дамытуды да басты мақсат етіп қоюда.
Қоғамдық қатынасты гуманизациялаудың және руханилықты қалыптастырудың ең бір басты құралы адамгершілік тәрбиесі болып саналады. Ал, ол қоғамның демократиялық принциптер негізінде дамуына мүмкіндік береді. Бұл мәселенің шешуі көптеген жағдайда «адамгершілік тәрбиесі» ұғымын анықтаумен байланысты. «Педагогика және психологияның» түсіндірме сөздігінде адамгершілік тәрбиесі-тұлғаның адамгершілік сана-сезімін, іс-әрекетін қалыптастырып, құндылық бағдарын айқындайтын тәрбиенің түрі. Адамгершілік тәрбиесі білім, білік, дағдыларды игертумен бірге, тұлғаның ар ұжданын, танымдық қызығушылығын кешенді түрде байытады. Адамды сүюді, оның бостандығын, құқығын, қадір-қасиетін құрметеуді рақымшылық пен шыншылдық қасиеттерін қалыптастырады» - деген /1/. Адамгершілік тәрбиесінің теориясы мен практикасының тарихи тамыры тереңде жатыр. Адамгершілік тәрбиесі мәсәлелеріне Ресей ғалымдары аса зор мән берді. Егер Қазан төңкерісіне дейінгі педагогтар (К.Д. Ушинский, Н.И Пирагов, Л.Н Толстой және т.б.) тәрбиенің негізін тұлғаның еркі мен бас бостандығын көздейтін адамгершілік заңын қолдануды керек етеді десе, ал, Қазан төңкерісінен кейінгі ғалымдар (Н.К. Крупская, П.П. Блонский, А.С. Макаренко, С.Т. Шацкий, М.М Пистрак, В.Н. Шульгин және т.б) жаңа адамды қалыптастыру проблемасын тәрбиелеушілерде қоғамдық мақсатты іске асыру негізінде ұйымдастыруды талап етеді.
Алып ойдың кеніші - Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлаг Әл- Фараби «Ақылдың мәні туралы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жайында» т.б еңбектерін жазып қалтырып, әділдік, инабаттылық, мейірім, жомарттық т.б. адамгершілік қасиеттерді адам бойында дарытуды көздеген болатын. Ол адамгершілік тәрбиесін бірінші орынға қойды /2/.
Адамды бақытқа жеткізетін даналық жол-қайырымдылық, имандылық, адамгершілік екендігін дәлелдеді. Ал оған жетудің кілті тәлім-тәрбие, адамның өзін-өзі тәрбиелеуі екендігін айтып «адамгершілікке негізделген татулық, жарасымдылық, келісе білушілік бақытқа жеткізетін жол деп қарады. Ол жол-қайырымдылық» деп көрсетті ұлы бабамыз. Болашаққа үлкен сеніммен қарау, соған ұмтылу ешкімді жәбірлемей, ар- намысына тимей қарым- қатынас жасау-әділет жолы. Бұл қасиеттер тәрбие арқылы адам бойына сіңетіндігіне сеніп, оған машықтандырып, жаттығуды қолдады. Тәрбие арқылы жүзеге асуға тиісті асқақ арманға толы бабамыздың педагогикалық толғанысы осыдан он бір ғасыр бұрын айтылғанымен де күні бүгінге дейін өзінің қадір- қасиетін жоймаған, қайта уақыт озған сайын жаңарып, жасара беретін пайымдаулар.
Егеменді еліміздің болашақ иегерлерінің бойына ұлы ұстаз нұсқаған адамгершілік қасиеттерді, мейірім шапағаттарды балбөбектердің сәбилік шағынан бастап дарытуға ниеттенсек, басшылыққа алсақ ісіміз табысты болары хақ.
Қазақ халқының көне тарихындағы аты әлемге мәшһүр болған ойшылдарының тәрбие жөніндегі даналық ойларын қарастырсақ, Х1 ғасырдың ұлы мұрасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» атты еңбегі ойға оралады. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікте» адамгершілік қасиеттерді саралап көрсете келіп, осындай тәлімгерлік ойларды келер ұрпаққа бағыштаған. Бұл дастан 72 тараудан тұратын 6600 тармақ болса, онда- Әділет, Бақыт, Ақыл, Қанағат деп аталатын бейнелік есімдер арқылы аталып отырған төрт қасиет суреттелген. Дастандағы кейіпкерлер кеңесінде өмір сүрудің ережелері, мінез-құлық, ақыл-ой, адамгершілік әдептерінің озық үлгілері, дидактикалық таным- түсініктер суреттелген. Ізгілікке жетелейтін ғибраттар айтылған:
Тәрбиеші ал ізгілікті, көмесі,
Ұл- қыз жақсы, таза болып өседі...
Ұл- қызыңа әдеп үйрет, білім бер-дейді.
Бастауы көне ғасырда жатқан адамгершілік танымда тәрбиенің ізгілік жолы отбасынан басталатындығын Жүсіп Баласағұн дөп басып, дәл суреттеген:
Ақ сүтпенен бірге енуі жақсылық,
Айнымайды елі, алғанша ажал, тапсырып...
Іште біткен қылық, парыз мойныңа.
Ұлы ғалым халықтық тәрбиедегі адамгершілік, адамдық, қайырымдылық өнегелері отбасынан бастап өркендетіп, салт- дәстүрге орай бойға дарытатындығына ден қойған.
Ендеше, тәрбие ана сүтімен дарыса, адамның бүкіл өміріне жалғаса беретін құбылыс екендігін және отбасылық өнеге қандай болса, келешекте оның нәтижесі де сондай болатындығын нақты нұсқаған ол:
Егінжай бір бұл дүние көлемі,
Немене ексең, соның ертен өнеді.
Сенікі- шындық, менікі- ойын,
Бой ұсындым шынға, ойынды қойдым.
Жіберме зая күніңді өтер,
Өткен күн келмес, өтер де кетер-деп сәуегейлік білдіреді
Халықтың дәстүрлі сипатқа үйлесімді мінез- құлыққа тәрбиелеу- әрбір тұлғаның жарасымды тіршілік етіп, өміріне көрік беретіндігін нұсқайды.
Кісі көңілі нәзік шиша, шарайна
Мұқият бол, шағып алма, абайла.
Ашуда- сақ, сабырлы бол сасқанда...
Жылы сөзбен күле сөйле, жадырап,
Бақыт қонып құтың тасыр жамырап...
Жомарт сақи бол, қырсығып есірмей-деп ақыл айтады.
Ұлы бабамыз құрмет тұтқан мінез-құлық жөніндегі толғаныстарын және халқымыздың дәстүрлік ғұрпы мен танымына орай айтқан әр саладағы тәлімдік болжамдарын, дидактикалық пайымдауларын өмірге жарасымды қолдана білсек, бүгінгі ұрпаққа ешбір жаттығы жоқ, өмірін көріктендірерлік ғибраттар.
Қазақстандағы ғылымның әр саласы бойынша айтылған қадау-қадау ізденістер мен пікірлер болмаса, түбегейлі зерттеулер жазылмағандықтан, халқымыздың ертедегі дана ойшылдарының педагогикалық тағылымдары жұртшылыққа толық жетпей отыр. Оны жүзеге асыру болашақтың, яғни біздің ісіміз.
Ұлттық тәлім-тәрбиенің маңызы және оның жеке тұлғаның рухани дамуына тигізер әсері туралы ой-пікірлердің қалыптасуына Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды халқымыздың ойшылдары, ағартушылары мен өнер қайраткерлерінің қосқан үлесі зор болды.
Ыбырай Алтынсарин /3/ халық педагогикасының адамгершілікті, үлкенді сыйлауды, өнеге үйретуді уағыздаған негізгі қағидаларын жақсы біліп, оны басқа халықтардың озат ой-пікірлерімен толықтырып дамытты. Ол елді надандыққа қамап отырған феодалдық-патриархалдық, кертартпа отаршылдық саясатты сынай отырып, туған халқының келешегіне зор сеніммен қарайды.
Тәрбие мақсатының айналасындағы айтыс көне заманнан басталады. Көне данышпан ойшылдар тәрбиенің негізгі мақсаты-рақымшылдық, адамгершілікті тәрбиелеу екенін дәлелдеп бақты. Ал, рақымшылық, адамгершіліктің не екенін түсіндіруге келгенде, олардың ойы әртүрлі болып келді.
Платон ақыл, сезім және жігер сияқты қасиеттерді алдымен дамыту қажет деп есептесе, Аристотель ерік пен шыдамдылыққа, әділдік пен ұстамдылыққа, ақылдық пен рухани жан тазалығына көңіл бөлген.
Ағылшын философы және педагогы Дж. Локк тәрбиненің басты мақсаты-ер жігіттікті қалыптастыру «өз ісін ақылды да жан-жақты жүргізе алатын» адамды тәрбиелеу деп санаған. Сонымен қатар бұндай адам белсенді, іскер ,болып, ұшқыр ойлы, білімді болып келуі қажет деп есептеген.
Француз материалисі К.Гелвеций тәрбие негізіне біртұтас мақсат қажеттігін айтқан. «Мұғалімнің мақсаты-оқушылардың жүрегін адамгершілікке, ақылдарын шындыққа, ақыры соңында сезімтал да дұрыс пікірі бар жастарды тәрбиелеп, қоғам мүддесімен пікірлес патриоттар шығару».
А.И Герцен тәрбие мақсаты-қоғамдық зұлымдықпен күресе білетін еркін, іскер, адамгершілігі мол, жан-жақты дамыған адам тәрбиелеу деп көрсеткен. Чернышевский болса, тәрбие мақсаты-қоғамға адал, таза өз мүддесін қоғам мүддесімен біріктіре алатын адамды тәрбиелеу деп санаған.
Осы ой-пікірлерді қорыта келіп, адамгершілік тәрбиесінің жалпы міндеттеріне тоқталатын болсақ:
-
әрбір адамды өзі өмір сүріп отырған кезеңдегі қоғамның алдында тұрған мақсат-міндеттеріне, адамгершілік қасиеттердің тұтастығына сай тәрбиелеуді қамтамасыз ету;
-
адамгершілік сананы, сезімді, көзқарасты тәрбиелеп жетілдіру;
-
жас ұрпақта Отанға, қоғамға, еңбекке, адамдарға, өз-өзіне деген адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу;
-
ізгілік, парасаттылық қасиеттерін тәрбиелеу.
Ал, мектеп жағдайына келетін болсақ, оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеудің педагогикалық міндеттері төмендегідей:
-
оқушылардың белсенді өмірлік позициясын қалыптастыру;
-
қоғамдық борышқа деген саналы көзқарасын тәрбиелеу;
-
сөз бен істің бірлігін қамтамасыз ету;
-
адамгершілік нормаларын ауытқуға жол бермеу.
Бұл міндеттерді шешу оқушыларды қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке дайындаумен тығыз байланысты. Ол баланың мектепке барған алғашқы күнінен басталады. Алғашқы еңбек дағдылары сабақ үстіндегі міндеттерді орындаумен байланысты туындалған. Алғашқы еңбек дағдылары сабақ үстіндегі міндеттерді мүлтіксіз орындауда басталады. Оқу-бала үшін еңбек, қоршаған ортаны танып-білу, жаңа ғылыми білімдерді игеру адамгершілікке тәрбиелеудің басты құралдары болып табылады.
Адамгершілік тәрбиесінің мазмұнына балаларды интернационалдық рухта тәрбиелеу де жатады, өйткені ол адамгершілік тәрбиесі негіздерінің бірін құрайды. Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан мектепте әртүрлі ұлттың балалары оқиды, олардың бәріне бірдей білім, тәрбие беріліп, бірдей қамқорлық жасау керек. Осының өзі-ақ балалардың бір-біріне жолдастық, достық сезімін тәрбиелеудің қажет екенін көрсетеді.
Адамгершілік тәрбиесінің мазмұнына баланың адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу де жатады, әсіресе олардың үлкендерді сыйлау сезімін тәрбиелеусәбилік шақтан басталады. Үлкенді сыйлау–асқаралы да асыл сезім. Үлкендердің беделін мойындау, тыңдау, көңіл бөлу, құрметтеу, қамқорлық жасау сияқты балалардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру және бұл сезімнің көрініс табуы-жақсы тәрбиенің белгісі.
Адамгершілік тәрбиесіне қарапайымдылыққа тәрбиелеу де жатады. Балаларды жөнсіз көп мақтау, артық бағалау зиянды ықпал етеді. Бұл кейде балалардың мақтаншақ, өркөкірек, жалқау болуына әкеп соқтырады, әсіресе қабілетті балалардың іс-әрекетін әділ мақтай отырып, оларға талап пен тапсырманы күшейте түскен жөн. Қайырымдылыққа тәрбиелеудің негізі-баланың адамгершілік қасиетін дұрыс әділ бағалау.
Жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі шарты-көпшілікпен өзара қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру. Көпшілікпен қарым- қатынас жеке адамның мүддесін көптің мүддесіне бағындыруға, бірге өмір сүруге және еңбек етуге тәрбиелейді. Көпшілік өзара қарым-қатынастың алғашқы бастауы балалардың бірлескен іс- қимылында көрініс тауып, мақсат бірлігінде, мақсатқа жету үшін жұмыла күш жұмсауда іске асады.
Әдебиеттер
-
Педагогика және психология түсіндірме сөздігі. -А.: Мектеп, 2002.
-
Кубесов А. Педагогические наследие Аль- Фараби. -А., 1989.- 159с.
-
Алтынсариннің таңдамалы педагогикалық мұралары. -А.: Рауан, 1991. - 200б.
Түйіндеме
Мақалада адамгершілік тәрбиесі туралы айтылып, осы бағыттағы ғалымдардың даналық ой-пікірлеріне, зертттеулеріне шолу жасалған. Адамгершілік тәрбиесінің жалпы және педагогикалық міндеттері қарастырылған.
Резюме
В статье проведен общий обзор исследований видных ученых в области нравственного воспитания, рассмотрены общие педагогические задачи.
ХІХ ғасырдағы Кореяның білім беру жүйесіне жалпы сипаттама
Қиясова Б.А. - п.ғ.к. (Алматы қ.,, ҚазМемҚызПИ)
Дүнижүзінде білімнің ролі артып отырған бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру жүйесі, әлем халықтарының білім беру мен тәрбие жүйесіндегі тәжірибесімен, бағыт – бағдарымен деңгейлес болуы қажет. Бұл Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуының бірден – бір жолы.
Демек, халықаралық педагогикалық тәжірибені жан-жақты талдау және сол тәжірибені біздің елімізде қолданудың мүмкіндіктері мен жолдарын іздеу, еліміздегі білім беру саласын дамытуға өз үлесін қосады деп тұжырымдауға болады.
Азия елдерінің ішінде даму қарқыны жоғары Оңтүстік Корей Республикасы. Бүгінгі таңда Корей Республикасы сауаттылық деңгейі жөнінен алдыңғы қатардан орын алуда. Бұл фактор соңғы отыз жылда ел экономикасының қарқынды дамуына өз ықпалын тигізді. Аталған мемлекет дүние жүзі бойынша Сингапурдан кейін мектептерді компьютерлендіру мен интернет желісіне қосу саласы бойынша екінші орынға шықты. Бұл айтарлықтай жетістік болып саналады. Корейліктер тұлғаның өзін-өзі тануының негізгі әдісі және қоғамда белгілі бір жетістікке қол жеткізудің құралы ретінде білімге үлкен мән береді. Мектептердің бүгінгі үлгісі ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары пайда болған. Сондықтан бұл мақалада осы елдің бүгінгі қол жеткізген табыстарына емес, білім беру жүйесінің қалыптасып, дамуына ықпал еткен кейбір мәселелерге тоқталуды жөн көрдік.
Ресми білім беру ісі Кореяда б.д.д. 57 б.д. 668 жылдары аралығында қалыптасты, басқа елдердегі сияқты білім алуға тек ақсүйек тұқымынан шыққан ұл балалардың ғана құқы болды. 372 (б.д.д.) жылы Когуре королдігінде - Тхэхак атты алғашқы мемлекеттік жоғары оқу орны ашылған. Үш ғасыр өткеннен кейін 682 жылы Силла королдігінде – Кукхак Ұлттық конфуциялық колледжі іске қосылды. Аталған оқу орындарында негізінен Конфуции ілімі оқытылды.
Кореяда ескі аристократиялық түсінік бойынша білім беру ісінің негізгі мақсаты – жастарды мемлекеттік қызметке дайындау еді. Қытайдың классикалық үлгісі бойынша өз білімдерін көрсету – дайындық деңгейінің негізгі өлшемі болып саналды. Бұл дәстүр ХІХ ғасырдың соңына дейін, яғни Кореяға батыс елдерінің ықпалы жүргізілгенше сақталды. 1882 жылы король Кочжонның қоғамның барлық азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында білім алу мүмкіндігі туралы жарлығы шықты. Аталған жарлық Кореядағы білім беру ісінің жаңа бағытта дамуына кең жол ашты. Нәтижесінде 1886 жылы Ихве хактан атты қыздарға арналған тұңғыш мектеп, ал 1887 жылы ұл балаларға арналған Кенсин орта мектебі ашылды.
ХІХ ғасырдың ортасында Корея орталықтанған феодалдық мемлекет ретінде өмір сүрсе де Қытайдың вассалдығынан, яғни алым-салық төлеуге тәуелділіктен әлі арылмаған еді. Сондықтан Кореяның мәдениеті де негізгі идеологиясы да Қытайдың ықпалында болды.
Ал білім беру жүйесінде саяси-этикалық ережелерді жаттауға негізделген білім мен тәрбие басымдылық көрсетті. Өйткені, мемлекеттік қызметке орналасу үшін “кваго”(конфуцилік білім) емтиханын тапсыру міндетті болды. Яғни, білім беру жүйесі: оқу пәндерінің көлемі, оқыту әдістемесі, оқу бағдарламасы т.б. конфуцилік канондарды оқытуға бағытталған.
Мектептегі міндетті оқулықтар қатарында “Сибсамгёнь” (Он үш кітап) жүргізілді. Оның ішінде “И-цзин” (Өзгеріс кітабы), “Шу-цзин” (тарих кітабы), “Ши-цзин” (Ән кітабы), “Чжоу-ли” (Чжоу әулетінің әдет-ғұрпы), “И-ли” (Әдет-ғұрыптар және ережелер), “Ли-цзи” (Әдет-ғұрыптар жазбасы), т.б. канондық шығармалар тізіміне кірді.
Корей мектептерінің бағдарламасына енген конфуцилік шығармалармен танысу үшін оқушылар он мыңдаған иероглифтік таңбаларды білулері керек еді, оған шамамен сегіз жылдай уақыт кететін.
Ежелгі қытай иероглифтерін меңгеру қиындықтарына қарамастан, бұл жазу түрі феодалдық Кореяда ХІХ ғасырдың соңына дейін қолданылды. Сонымен бірге, ХҮ ғасырдың ортасынан бастап елде “кунмен” деп аталатын ұлттық алфавит те қоса жүрді. Бұл алфавит өзінің қарапайымдылығымен көпшіліктің көңілінен шықты.
Алайда елдегі үстем тап өкілдері бұл алфавитті қолдану олардың мәртебесіне нұқсан келтіреді деп есептеп, оны қолдануға және кең таралуына құлықты болмады.
ХІХ ғасырдың ортасында Кореяда мектептің мемлекеттік және жекеменшік түрлері жұмыс істеді. Мемлекеттік мектептің қатарына ХІҮ ғасырда негізі қаланған Сеул қаласындағы Сонгюнгван жоғары конфуцилік коллегиясын жатқызуға болады. Сонгюнгван Кореяда ірі мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын бірден-бір конфуцилік ілім ордасы болып есептелді.
“Сонгюнгван” деген сөздің өзі конфуцилік ілімге табыну орыны деген мағынаны білдіреді. Сонгюнгванның оқыту жүйесінің құрылымы “Кенгук тэджонда” (Мемлекетті басқарудың ұлы заңдары. ХҮғ.) қарастырылған. Соған сәйкес мектеп тікелей Иеджоға (Салтанат Палатасына - Палата Церемоний) бағынды және янбан (ақсүйектер) балаларын конфуцилік мораль негізінде оқыту мен тәрбиелеу жауапкершілігін мойнына алды.
Сонгюнгванда оқу мерзімі Конфуцидің тоғыз канонына сәйкес тоғыз кезеңде жүргізілді. Оқытудың ең төменгі сатысы “Да сюэ”, ал ең жоғарғы саты “Чжоу ли” немесе “И-цзин” трактатын меңгеру болды. Оқушылар көктемде және күзде емтихан тапсырды. Бақылау жүргізу барысында ең алдымен шәкірттердің шығарма жазу қабілеті тексерілді.
Сеул қаласында жоғарыда аталған мектептен басқа ХІІІ ғасырдың екінші жартысында пайда болған конфуцилік орта мектептің ролін атқарған Хактан мектептерін атауға болады. Кореяның білім беру жүйесінің тарихында бұл мектептер “Сахак” деген атпен де белгілі.
Сахак – деңгейі жағынан Сонгюнгван мектептерінен төмен тұрды. Сахак мектептерінде көп жағдайда Сеул янбандарының балалары оқыды. Үлгерімі жоғары оқушылар Сонгюнгванда оқуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге білімді шәкірттерге “сэнвон” атағын алу үшін кваго мемлекеттік емтиханын тапсыруға мүмкіндік берілді. Мемлекет тарапынан аталған мектептерге қамқорлық жасалып отырды, мәселен жер телімдерімен қамтамасыз етті.
ХІХ ғасырдың ортасында конфуцилік мектептер жабылып, орнына батыстық үлгідегі оқу орындары пайда бола бастады. Дегенмен “Пэдже хактан” “Ихва хактан” сынды кейбір мектептер конфуцилік атауларын сақтап қалды.
Мемлекеттік мектептердің қатарында уездерде, болыстық орталықтарда жұмыс жасаған хянге деп аталатын провинциялық оқу орындары... Хянге жергілікті басқару органдарына бағынды, сондықтан жергілікті әкімшілік орталықтарында ашылды. Аталған мектептерде де конфуцилік білім берілді, оған қоса ауыл шаруашылығы мен жібек шаруашылығына қатысты элементарлық білім берілді. Хянгеде де жергілікті янбандардың балалары оқыды.
Кореядағы жекеменшік конфуцилік мектептердің бірі совон деп аталатын храмдық мектептер. Мұндай оқу орыны алғаш рет 1541 жылы Кёнсан провинциясында “Пэк Ундон мектебі” деген атпен ашылды. Алғашқы кезеңде шіркеулік мектептердің саны 30-ға жуық болды. Ал ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда олардың саны әрбір сегізінші провинцияда 80-90 дейін жетті.
Совон мектептері мемлекеттік мектептермен салыстырғанда саны жағынан ғана емес, кейбір жеңілдіктерге ие болуымен де алға шықты. Совон мектептеріне қабылдауға таптық шектеулер қойылмады.
Совонда негізгі пәндер “Сышу”, “У-цзин” ал қосымша пәндер ретінде тарихи жылнамалар, Конфуций шәкірттерінің шығармалары, ежелгі қытай әдебиеті, поэзиясы оқытылды. Совон мектептерінің басты ерекшеліктерінің бірі – диспут түрінде өтетін мектептің ішкі жағдайларын талқылауға арналған оқушылардың жиындары. Уақыт өте келе аталған жиындарда елдің тыныс-тіршілігі, мемлекеттік аппараттың жағдайы, шенеуніктердің мемлекеттік қызметті өз мүдделеріне пайдалануы, жер-жерлердегі шаруалар көтерілістері сынды қоғамдық-саяси сипаттағы мәселелер қарастырыла бастады.
Елдегі ішкі саяси жағдайлардың өзгеруіне байланысты диспут тақырыптары да өзгеріп отырды. Саэксовон – совон мектептерінің ішінде үкмет тарапынан ерекше құрметке бөленген, ірі жер бөліктерін салық төлемей пайдаланған мектептердің қатарына жатты. Бұл жағдай оларды ірі саяси күшке айналдыра бастады.
Алайда, 1864 жылы билік басына келген тэвонгун (ханзада-референт) совон мектептерінің қоластындағы жерлерге салық сала бастады, ал 1871 жылы аталған оқу орындарының көпшілігін жабу туралы бұйрық берді. Совон мектептеріне жүргізілген тексеру шараларынан кейін, Королдік ревизор Пак Мунсу оның қабырғасында моральдық ахуалдың өте төмен екендігін баяндаған.
Феодалдық Кореядағы кең таралған конфуцилік бастауыш сатыдағы оқу орындарының бірі – содан мектептері. Саны жағынан бұл мектептер басқа мектептерден анағұрлым көп және жеке адамдардың қаржыларына ашылды. Бірнеше адам жиналып хунджан (мұғалім) шақырып, балаларының сауатын ашатын. Бұл мектептердің бүгінгі күнге дейін Кореяның кейбір аудандарында сақталған деген пікірлер бар /1/.
Содан мектептерінің оқушылары ең алдымен “Цзянь цзывень” (мың сөз) оқулығы бойынша қытай иероглифтерін оқып үйренді. Содан мектептерінде бұдан басқа “Кемонпхён” (Балаларды оқытуға арналған кітап), “Донмон сонсып” (Оқуға арналған кітап) сынды негізгі оқу құралдары пайдаланды. Оқыту процесінде мерзімді әдіс қолданылды, яғни жаз айларында күрделі пәндер оқытылмай, тек өлең мен заң негіздерін жаттады, ал көктем мен күз айларында тарихи тақырыпта шығармалар жазып, ежелгі қытай әдебиетімен танысты, қыс айлары канондық шығармалармен танысуға арналды. Мұндай мектептер жекеменшік болғандықтан, үкмет оларға айтарлықтай көңіл бөлмеді, қаржыландыру тек ата-аналардың мойнында түсті. Сондықтан аталған оқу орындарының жағдайы сын көтермейтін деңгейде еді.
Осылайша, ХІХ ғасырдың ортасында Кореяда білім беру жүйесі негізінен таптық сипатта болды. Оған тек янбандардың балалары ғана қол жеткізе алатын. Оқыту конфуцилік канондарды жаттаумен шектелді. Алайда, соған қарамастан, аталған оқу орындарының білім беру ісінің дамуына өз үлестерін қосқандығын жоққа шығаруға болмайды.
Әдебиеттер
-
Пак В.П. Просветительские движения и система образования в Корее второй половины ХІХ в. и начала ХХ в. – М., 1982.
-
Справочник. Корея. – М., 1993.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада ХІХ ғасырдағы Кореяның білім беру жүйесінің өзіндік ерекшеліктері мен оның аталған саланың дамуындағы ролі қарастырылған.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается роль и особенности системы образования Кореи в ХІХ веке.
қазақ отбасындағы этноәлеуметтік қарым-қатынастардың бала тәрбиесі мен Ұлттық тұтастықты сақтаудағы маңызы
Қоңырбаева С.С. - Әлеуметтік және гендерлік ғылыми зерттеулер институтының «Отбасындағы гендерлік әлеуметтендіру» зертханасының меңгерушісі
(Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Қазақ халқының әлеуметтік ұйымының бастапқы ұясы патриархалды отбасынан бастау алатын ата-бабалары немесе әулеті болса, олардан құралатын ру-тайпа одан бірнеше есе үлкен болған.
Қазақ қоғамының негізіне айналған ру-тайпа, әулет және олардың барлық мүшелері бір-бірімен қандас-туыстас болып есептеледі. Қазақ халқының этникалық ерекшеліктеріне кеңес заманында оң баға берген ғалымның бірі антрополог О.Ысмағұлов “Антропологиялық зерттеулерге қарағанда, ежелгі және осы замандағы Қазақстан тұрғындарының генетикалық байланысы ІІІ мың жылға тарта уақыт бойы үзілмегендігін” жазған еді /1/.
ХҮІІІ ғасырда қазақ халқының арасында рулық салт-сананың сақталып келгенін олардың әр түрлі туысқандық қарым-қатынастарынан көре аламыз. Ең алдымен, жеті аталық ұстанымға негізделген бұл жол қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, этнопедагогикалық, этноәлеуметтік ұлттық рухани тұтастығын қамтамасыз етіп отырған.
Сонымен қатар, туысқандық қарым-қатынастар түрлі жағдайда тікелей мұрагері немесе әмеңгері қалмаса, қандай да бір көмек түрінде байқалады. Мәселен, қыз ұзату, келін түсіру, кісісі өлгенде аза салу, яки кездейсоқ апатқа ұшырағанда мал мүліктен айырылғанда ымырашылдық еркін көрініс берген. Жалпы алғанда, осындай жүйе арқылы ХҮІІІ ғасырда қазақ даласында ата-бабамыздан келе жатқан халқымыздың этноқауымдық бірлестігі оңайлықпен ыдырамайтындығын көрсетті. Қазақ қоғамының этноәлеуметтік ағзасының негізі болып табылатын руларды, оның іргелі бөліктері – ауылдарды жасы үлкен, жоғары мәртебеге ие, шаруашылық тетігін білетін, тәрбиені жүйелілігіне мән беретін тәжірибелі ақсақалдар басқарған. Олар жас ерекшеліктеріне орай “абыз”, “ру басы”, “ел ағасы” деген атаулармен аталған. Отбасы мүшелерінің әлеуметтік рөлдері ел-жұрттың, ауылдастың, рудың, аталастың, әулеттің және үш жұрттың мүддесін, яғни, рухани тұтастығын көздеді. Отбасының туысқандық қарым-қатынастары жөнінде теориялық негіз болатын ойды отбасы туралы алғаш зерттеушілердің бірі Ф.Энгельс айтқан болатын: “Семья одан әрі дами бергенімен, туысқандық жүйесі бір орында қатып қалады, бұл жүйе әдетке айналғандықтан өмір сүре беретін болса, семья оның шегінен шығып кетеді /2/.
Қазақ отбасында өз ұрпағын болашақ отбасылық өмірге даярлаудың басты ұстанымдары: физиологиялық ұстанымы, әлеуметтік ұстанымы, діни ұстаным, әлеуметтендіру ұстанымы, сабақтастық ұстанымы:
-
некеге тұруға рұқсат берілген 18 жас баланың дене бітімі мен ағзасының дамып жетілуі, өсіп-толысуы толық сипатта кәмелетке толуын білдіреді. Жасы жеткен перзентін отбасылық өмірге дайындаудың физиологиялық тұрғыдан қажеттілігі айқын;
-
ата-ананың ұлғаюы немесе олардың тірек болуының әлсіздігі арқылы тұрмыс-тіршілігін, отбасының тауқыметін көтеруге жасы жеткен баласын отбасын құруға бейімдеу, әлеуметтік ұстаным арқылы қажеттілік туғызу;
-
“Үйленуге мүмкіндігі бола тұрып, үй болып басын құрамағандар менің үмбетім емес” деген Ислам пайғамбарының қағидасына сай, үй болу, тұрмыс құру, жұбайлық өмірге дайын болудың бірден бір діни сенім жолы;
-
отбасында берген тәрбие мен заман талабына сай өмірге бейімдеу арқылы өз тұрмысын өз қолымен құруға қызығушылықтың тууы әлеуметтендіру ұстанымы арқылы мүмкіндік табады;
-
сабақтастық ұстанымы әкенің жолын жалғастыру, ата жолын қуу, әулеттің атын жалғау, шежіреде ат қалдыру немесе ұлт мүддесін көздеп, қажеттілігі арқылы болашақ отбасылық өмірге даярлаудың бір жолы.
Осындай ұстанымдарды этноәлеуметтік рөлдерді меңгерту арқылы іске асыру қолға алынар болса, онда қазақ халқының ерекшелігі, табиғилығы, мәдениеті ұлттық тұтастық пен беріктігін сақтаған болар еді.
Этнопедагогиканың атасы саналған Г.Н.Волковтың айтуы бойынша, этнопедагогикада үш ұстаным бар. Бірінші – табиғилық, екінші – мәденилік, үшіншісі – халықтық. Табиғилық ұстанымы педагогика ғылымына философия категориясынан бұрын келіп жетті. Жер жүзі халықтары бұл қағиданы ескермей, бала тәрбиелеген емес. Осыған орай психологиядағы ғылыми ұстанымдардың біріне географиялық детерминизм ұстанымы жатады. Бұл ұстанымның мән-мағынасы адамдардың психикалық ерекшеліктерін зерттеу барысында оның өмір сүріп отырған белдеуінің тұрмыс-салтын ескеру керектігі жөнінде айтылады /3/.
Жоғары сынып оқушыларын отбасылық өмірге даярлауда этноәлеуметтік рөлдерді меңгертуге тәрбиелеудің табиғилық ұстанымы - жас ерекшеліктері мен биологиялық толысу ерекшеліктерін ескеру; генетикалық мүмкіндік пен тұқым қуалаушылық мүмкіндіктерді ескеру; таза, мықты ұрпақ әкеліп, сабақтастық жолын сақтау.
Мәденилік ұстаным арқылы - отбасылық мүшелері арасындағы қалыптасқан дәстүрлі қарым-қатынасты сақтауда әлеуметтік рөлдерді меңгеруін ескеру; отбасы және әулет, ру және үш жұрт арасындағы этноәлеуметтік рөлдерді игеру және өмірде атқаруға дайын болу;
Халықтық ұстаным арқылы - этноәлеуметтік рөлдерді меңгерудің қыр-сырын насихаттау, өмір салтына ендіру.
Осылайша, отбасылық өмірде этноәлеуметтік рөлдерді меңгертуге тәрбиелеу мен әлеуметтендіру мәселесін ұстанымдар арқылы қарастыруға болады. Этноәлеуметтік қарым-қатынастарды реттейтін, іске қосып, жүзеге асыратын – этноәлеуметтік және әлеуметтік рөлдер. Этноәлеуметтік рөлдерді меңгертуге тәрбиелеу мен әлеуметтендіру отбасы, әулет, аталас, ру, жүз, ел бірлігін, ұлт тұтастығын сақтау, бауырмалдықты күшейту, сыйластықты арттыру, салт-дәстүр мен төл мәдениетімізді дәріптеуге қол жеткізеді.
Қазақ халқының сан ғасырлар қалыптасып, тарих талқысынан өткен, салт пен әдет-ғұрып аясында өрбіп, тәрбие шеңберінде дамитын, заман талабымен жаңғырғанымен, қалпын сақтайтын тамаша дәстүрлері бар. Солардың негізгісі – “үш жұрт”. “Үш жұрт” ұғымы – туысқандықты сақтайтын этноәлеуметтік тұтастық. “Жігіттің үш жұрты” болып патриархалды түсінікке сай айтылғанымен, мейлі ер, мейлі әйел болсын, отау тігіп отбасын құрғаннан бастап, туысқандық қарым-қатынасты үш жұрты арқылы өрбітеді.
Үш жұрттың біріншісі – өз жұрты. Оған әкесінен тараған бірге туған бауырларымен бірге әкесінен арғы аталарынан қосылатын ағайындарына дейінгі туысқандары жатады. Оларды жеті атаға дейін санай бастағанда бір қауым ел болатын ағайын-жұрт. Өз отбасыңдағы әке мен шеше, ата мен әже, аға мен іні, апа мен қарындас немесе сіңілі, сондай-ақ, өз бауырларыңның жарасты жұптары: жеңге мен келін, жезде мен күйеу бала, абысындар бір шаңырақ астында туысқандық қарым-қатынас арқылы өз міндеттерін – әлеуметтік рөлдерін атқарады.
Екіншісі – нағашы жұрты: туған анасының төркін-жұрты. Яғни, жиеннің танымы бойынша шешесінің туған әке-шешесі, ата-әжесі, аға-інісі мен апа сіңлілері және олардың жұптары мен балалары. Осы орайда нағашы ағаның баласы да нағашы іні болып, туыстық қалпын сақтағанмен, нағашы апаның баласы “бөле” деп аталады. Өйткені, оның сүйегі басқа жұрттыкі.
Үшінші – қайын жұрт: жігіт үшін алған әйелінің төркіні немесе әйелдің келін боп түскен жері. Келген келін үшін: қайын ата мен қайын ене, қайын аға мен абысын, қайын апа мен жезде, қайын іні мен келін, қайын сіңлі мен күйеу бала т.б. Ал, жігітке қайын ата мен қайын ене, қайын аға мен жеңге, қайын апа мен үлкен бажа, балдыз бен келін, балдыз бен кіші бажа сияқты қайын жұрт деп аталатын туыстар тобы.
Этноәлеуметтік рөлдер “үш жұрт” аясында өз қызметін жан-жақты өрістетеді. Халқымызда “Ағайын жұрт – күншіл, қайын жұрт – міншіл, нағашы жұрт - сыншыл” деген сөз бар. Бұл бір жағынан әлеуметтік-психологиялық сипаттама болғанымен, әлеуметтік-педагогикалық жағынан үш жұрттың адамды тәрбиелеудегі ұстанатын қағидасын көрсетеді. Демек, қазақтың жігіті немесе қызы үш жұртына жағу үшін үш түрлі ұстанымға сай әлеуметтенуі тиіс. “Күншіл”, “міншіл”, “сыншыл” ұстаным – адамды шыңдайтын аса өткір талаптар.
Өз жұртын күншіл деудің өзі ағайын жұрттың өз адамына деген талабының жоғарылығы. Қазақ тілінің сөздігінде “күншіл – іші тар, қызғаншақ” деген түсінікті береді /4/. Қазақ өз туысы мен өз ағайынына әр ісімен есеп беріп отыруы қажет. Жолға шығарда қоштасып, келсе барып сәлем беріп, іс бастарда ақылдасып, өз тойыңда ағайынға ерік беріп, олардың тойы мен азасында басқа жұрттан мол үлес қосуы қажет. Бұл талаптан шығу өте қиын, екінің бірінің қолынан келе бермегендіктен де өз жұртыңның өкпесіне қаласың. Ағайын арасындағы араздық осы міндеттердің дұрыс орындалмауынан шығады да “күншіл” деген айып тағылады. Дегенмен, бұл да ағайынмен арадағы этноәлеуметтік қарым-қатынасын реттеудің биік талабы.
“Міншілдік” пен “сыншылдық” – талабы жоғары, басқа, өзге жұрттың үлесі. Міншіл саналған қайын жұрт туралы “Жағаңның қызылдығы мен қолыңның ұзындығына қарайды, жуас болсаң жүндейді, мықты болсаң күндейді” дейді. Әлеуметтік тұрғыдан қойылған бұл талапқа төтеп беру, өмір сүру салтында ыңғайын алу, ығына жығылу – психологиялық шеберлікті қажет етеді. Құдаласу мен құдандалы-жекжаттық қарым-қатынастың реттелуі – тұтастықты сақтаудың басты кепілі. Этноәлеуметтік рөлдер мен этноәлеуметтік қарым-қатынастардың аса қажеттілігі мен сынға түсер жері осы.
“Нағашы жұртың – сыншыл, жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші тілеуқор болып жүреді” дегендейін, сынаудың түбі адал ниет екендігін байқауға болады. “Жиен ел болмас” деп, қайрай сынағанымен, “қыздан туғанның қиығы жоқ” деп, сыртқа теппей бауырына тартқан. “Қыздың баласын кезек сүй” десе, оның сүйегі басқа екендігін ескерткендігі. “Жиен неге ел болмасын, малы болса” деу арқылы өмірге ынталандырады. Жиен нағашыға еркін, “жиенді ұрғанның қолы қалтырайды” деп, нағашы жиендер үшін еркіндік педагогикасын қолданады. Демек, нағашы жұрт баланың кішкентайынан тәрбиеленуі мен әлеуметтенуіне өзіндік үлес қосатындығынан да адамның тәрбие мектебінен лайықты орнын алады.
Бұл “үш жұрттың” жігітті немесе қыз баланы тәрбиелеуде өзіндік өмірге бейімдеу-әлеуметтендіруде, тәрбиелеуде өзіндік педагогикасы, өзіндік психологиясы бар екендігіне көз жеткіздік. Демек, “үш жұрт” мүшелерінің де өз рөлі – өз үлесі бар екендігіне де көз жеткізуге болады.
“Өз жұртың” - өзіңді өмірге әкелген әке-шешең немесе ата-анаң. Бұл жерде “әке” мен “ата” атауы шатыстырылмауы керек. “Ата” да әкенің бір кездегі ресми атауы. Абай: “Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ”, - деп айтқандай, ата – бұл күнде де әкеге ресми атақ. Бірақ, ата – ана сөзімен қатар тұрғанда, әкені ұқтырады да ата әжемен қатар тұрып үлкен әкенің атауын береді. Отбасындағы әлеуметтік рөлдерді анықтау үшін толық отбасын түсіндіруден бастайық.
Қазақ отбасында тәрбиеге мейлінше ықпалды ата мен әже рөлдері. Әкеге әке болып келетін тұлға, отбасы педагогикасына ерекше ықпалды бейне – Ата. Беделі жағынан әкеден жоғары, өмірлік тәжірибесі бай, эмоциялық-мейірімділік тұрғыда тәрбие беруді меңгерген, отбасының тірегі. Бала тәрбиесіне үлес қосуға мүмкіндігі бар. Отбасындағы ең үлкен рөл – атаныкі. Өз отбасы мен басқа балаларының, ағайын-туыстың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысатын ақсақалдар этноәлеуметтік қарым-қатынастың реттеліп, этноәлеуметтік рөлдердің сақталуына басшылық жасап отырады.
Әже – жанұядағы ғана емес, өзінің басқа балаларының отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін, балаларды өмірге бейімдеудің қарапайым түрлерін мейірім арқылы жеткізе білетін ақылшы, отбасының алтын қазығы. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтау арқылы, отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы этноәлеуметтік қарым-қатынастарға ықпалды жол көрсетуші. Әке – отбасының иесі, ерекше беделді тұлға. Алайда, беделдік пен биліктің басымдығынан әке педагогикасы тәрбиелеуші қызметтен көрі басқарушылығы басым түсіп жатады.
Ата мен әже педагогикасы арқылы отбасында тәлім алған, өмірлік дағдылары қалыптасқан баланың жан-жақты әлеуметтенгендігі мен әлеуметтік рөлдерге бейімделгендігі адамгершілік сипаттарымен көрініс береді. Бұл бір жағы тәжірибелілік нәтижесі болса, екінші жағынан, тұрақты да ерінбей-жалықпай мейірім арқылы берілген тәрбиенің жемісі.
Әке – шаңырақ иесі. Отбасы мүшелерінің жауапкершілігі толығымен ер-азаматқа жүктеледі. «Отағасы» деп аталуының себебі де осында болса керек. Үйге табыс кіргізу, жан басы мен мал басының қамқорлығы, өз балаларын өсіріп-тәрбиелеуге мүмкіндік жасау, ағайын-туыс арасындағы байланыс ер адамның басшылығымен жүзеге асырылуы тиіс.
Әйел – отбасының ұйытқысы. Өмірге бала әкелуден бастап, уақтылы емізіп, бағып-қағып, өсіріп-тәрбиелеу – әйел-ананың тікелей міндеті. Үй-ішінің, отбасы мүшелерінің тазалығы, тамақ дайындау, үй-іші тірліктерін ұқсату, туған-туыстармен әлеуметтік қарым-қатынастар орнату сияқты көптеген мәселелер әйелдің араласуымен атқарылады.
Әке мен шеше – отбасында баланы әлеуметтендіретін басты тұлғалар. Өз перзенттерінің заманға лайық білім алып, тәрбиеленуіне жағдай жасайды. Барлық істе өздері үлгі болады. Шын жанашырлық та туған ата-ананың көңілінен табылады.
Отбасындағы ер баланың рөлі үйде басқа балалардың да болуына байланысты, ата-ананың талабына сай жүктеледі. Ұлдың үлкені отбасындағы балаларға жаппай қамқорлық жасайды. Ұлдың кенжесі – «қара шаңырақ» иесі. Ата-анаға етене жақын өседі, себебі: өскенде ата-анамен бірге тұратын – кенже ұл. Үйдегі жалғыз ұл анасынан әлпештеу көргенімен, әкенің бірден-бір сенімді көмекшісі болуға тиіс.
Сырттың жұмыстары: отын-су әкелу, малға қарау, жем-шөп дайындау, қора-қопсы, аула тазалықтарын реттеу жүктеледі. Егер үйде қыз бала болмаған жағдайда анасының да үй-ішіндегі жүгін жеңілдетуге тырысады. Базарға, дүкенге барып азық-түлік әкелу, тұрмыстық заттарды қозғау сияқты жұмыстарға, сынған жеңіл-желпі заттарды шегелеу, бекіту, жалғау тәрізді істерді атқаруға үйренеді. Үйде ешкім болмаған жағдайда өзіне өзі қызмет ете білетіндей (ас пісіріп ішу, кірін жуып-үтіктеу, ине ұстап, түйме қадау т.с.с.) дағдылар қалыптасса айып емес.
Қыз бала табиғатынан-ақ отбасылық жұмыстарды атқаруға бейім болып келеді. Сәби жасынан қуыршақпен ойнатудың маңызы зор. Өз ыдысын жинап үйренгеннен бастап-ақ, дастарқанға не қойылу қажеттігін, қандай ыдыстарға не салыну керектігін білу арқылы үстел жасау, кір жуу, шаң сүрту, гүл өсіру, үй тазалығы сияқты жұмыстарды бірте-бірте меңгеруі тиіс. 12-13 жастан бастап тамақ даярлауды үйреткен дұрыс. Іс тігу, үй-ішін көңілге қонымды үйлестіре қою сықылды жұмыстардың қыз балаға тікелей қатысты екенін ұғындыру қажет.
Қыз балаға өмірде жүктелер жауапкершілік аз емес. Отбасындағы басқа балаларға көмекші болып, болысып жүреді. Қызы бар үйдің өзіндік қызығы бар. Сезімталдық пен мейірімділікті отбасындағы өз рөлін меңгеруге негіз ету керек.
Қыз баланы балиғат жасына, табиғи өзгерістерге дайындау өте қажет. Ананың немесе отбасында жеңге мен үлкен қыз балалардың оңаша әңгімелесуі, құпия ұстауы, сыр сақтауы маңызды. Бұл үлкен жауапкершілікті сезіндіру өте қажет.
Отбасындағы келіннің рөлі өзінің келген ортасын сыйлау, құрметтеу арқылы үй-ішінің тірліктерін атқаруды меңгерумен басталып, отбасылық қарым-қатынастың реттелуі келіннің іс-әрекетінен көрініс табады. Қайын-жұрттың атын атамау – ат тергеу, үлкенге құрмет көрсетіп, бата алу, сәлем жасап – алғыс алу сияқты сыйластық кілті келінде болуға тиісті. Басты мақсат: келген жерінде орнын табу, сыйлай білу, сыйымды болу арқылы өз тамырын жайып, өсіп-өну.
Жеңгелік рөл келіннің келген жеріндегі өзінен кішілерге қамқорлығын көрсетуі арқылы іске асады. Өзінен үлкен болғанымен, күйеуінен кішінің бәрін “қайны-қайынсіңлілер” қатарында қарап, оларға жарасымды да ұтымды және өздеріне ұнамды ат қоюы – жеңгенің келген ортасына сіңісуінің басты шарты. Қайныларына қыз таңдауға бағыт-бағдар, кеңес береді. Өйткені, бір шаңырақ астында өзімен абысынды-келінді жақын жүретін, қызметті бөліп атқаратын әйелдің дұрыс адам болып келуіне немқұрайлылық танытпайды. Ақылдасып, қыз көңілін табуға психологиялық нұсқаулар, ұсыныстар жасайды. “Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан” деген мәтел қайныны шын қолдаушылардың бірі екендігі. Қыз бала үшін жеңге таптырмайтын жанашыр. Өз тәжірибесінен көргені мен түйгенін айта отырып, сыр бөлісетін жеңгелер институтының әлеуметтік мәні биік болуы тиіс. Этноәлеуметтік рөлдің ішінде жауаптылығы жағынан да, жақындығы жағынан да жеңгенің рөлі жоғары.
Қазақ отбасында күйеу бала рөлін алып жүрудің де өзіндік қырлары бар. Күйеу балаға ғана қатысты қайын-жұрттың үлкенінен-кішісіне дейін тіл табысу, көңілінен шығу – құдалық қарым-қатынасты реттеудің басты факторы. Үлкен жиындарда күйеу балаға тапсырылатын жұмыстар оның қарымдылығына сай жүктеледі. «Күйеу атымен күл тасы» деген мәтел күйеу баланың қандай тұрмыстық жұмыстарға дейін көмектесетіндігін көрсетсе, оның сыйласымға ие болуын «әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деп бағалаған. Күйеу баланың рөлі қайын-жұрттың ортасында жүзеге асып, баға беріледі. Халқымыз күйеу балаға ағайын арасындағы той-қазада арнайы тапсырмалар жүктегенімен, “пайғамбарымыз да күйеу баласын сыйлаған” деп, сый-құрмет көрсетіп отырады. Мал сойылғанда күйеу бала үшін арнайы мүше – төс тартып, жеңгелер тарапынан этноәлеуметтік қарым-қатынастықты жүзеге асырып, сыйластықты дамытып жатады /5/.
“Өкіл әке” мен “өкіл шеше” рөлдері де ел ішінде бүгінге дейін сақталған. Төркіні алыс қыз, кәсіп іздеп келген кірме жігіт немесе туған-туысы жоқ жетім-жесірге қазақтың бауырмалдығы мен қайырымдылығы туысқандықтың осындай бір жасанды жолын қарастырады. “...өкіл ағайын болғандар туған әке, туған баладан кем қатынаста болмаған. Өкіл ағайындардың бір рудан болмағы міндетті емес. Кез келген жарлы-жақыбайға, жетім-жесірге өкіл әке болады да өкіл баласының өз қолы өз аузына жеткенше қамқорлығына алады. Өкіл ағайындардың балалары бір-біріне үйленуге болмайды. “Әкемнің өкіл баласы еді” деп Сисембей деген кісіні әкем өмір бойы қатты құрмет тұтып өтіп еді” - дейді белгілі сәулетші С.Назарбекұлы /6/.
Қазақтың тұрмыстық өміріндегі әлеуметтік рөлдер осылайша ерекшелене түседі. Туыстық қарым-қатынастар мен әлеуметтік рөлдердің сипаттылығы мұнымен шектеліп қалмайды, этноәлеуметтік рөлдер арқылы да жан-жақты қырлары ашыла түсері сөзсіз.
Туыстық жақындықтарға байланысты қазақы этноәлеуметтік рөлдер өз сипаттарын заманға сай жақсарта отырып, ұлттық ерекшеліктерді де жоғалтпауға, құндылықтарын бағалауға, оның тәрбиелік маңызын арттыруға үлес қосады.
Қазақ отбасындағы туыстық қарым-қатынастардың сақталуы һәм сыйластық ұлттық этникалық, рухани тұтастықты сақтаудың негізі болмақ.
әдебиеттер
-
Исмагулов О. Этническая антропология Казахстана. А. 1982. 170-б.
-
Маркс.К., Энгельс Ф. Таңдамалы шығармалар. – 3 том. – А.: Қазақстан. 1981. 231-б.
-
Волков Г.Н. Этнопедагогика. – Москва, 2000. –67 с.
-
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы. Дайк-Пресс. 1999.
-
Қоңырбаева С.С. Отбасы: бала мен ата-ана. Алматы, 2006. 35, 37-б.
-
Жігіттің үш жұрты: (туысқандық қатынастар хақындағы әңгімелер жинағы). –Құраст. А.Естенов. – Алматы: Баянжүрек, 2006. 79-б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада қазақ халқының ұлттық-рухани тұтастығының негізі болып саналатын отбасының әлеуметтік ролі қарастырылған. “Үш жұрт”, “этноәлеуметтік роль” ұғымдарына сипаттама берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |