Педагогиканы ң жалп ы негіздер І


Акселерация, оның әлеуметтік және педагогикалық мәні



бет5/5
Дата13.06.2016
өлшемі374.5 Kb.
#134113
1   2   3   4   5

Акселерация, оның әлеуметтік және педагогикалық мәні. Адамның өсіп жетілуінде белгілі заңдылық болады. Ал бұл заңдылық әр балада әр қалай болады. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін олардың жас және дара ерекшеліктерін білу қажет.

Мектептегі кезеңнің өзі бастауыш (6 -10жас), тоғыз жылдық (10 – 15жас), орта мектеп оқушылары (15 – 17 – 18жас) болып үшке бөлінеді. Баланың денесінің өсіп-жетілуінің негізгі көрсеткіштері баланың өсімталдығы, салмағының артуы, бұлшық еттерінің шынығуы, кеңейіп ұлғаюы, әр жас кезеңде түрлі өзгерістерге түседі. Өсіп дамып келе жатқан баланың ағзасында болатын барлық өзгерістерді жүйке жүйесі мен секреция бездерінің қызметі реттеп отырады. Балаладың дене және психикалық дамуында соңғы жылдары айқындалған күрделі өзгерістердің бірі ағзаның жедел дамуы. Бұл құбылыстардың акселерация (лат. Жеделдеу) деп аталады. Акселерация құбылысы тұрғысынан қарағанда қазіргі жеткіншек балалардың бойы биік, иықтары қисыңқы, кеудесі қысқа, аяқтары ұзын келеді. Осындай тез өсетін ағзаға жүрек-тамыр жүйесінің дамуы бірнеше есе қалыс қалады да, өз міндеттерін атқара алмайды. Ал баланың психикалық жетілу деңгейі артта қалады. Сондықтан ер немесе қыз бала қоғам, отбасы алдындағы өзінің борышын, ар-намысын, міндеттерін, жауапкершілігін түсіне білмейді. Осы мәселені ата-аналар, мұғалімер ескеріп отыруы қажет. Осыған байланысты кейбір мәселелерді мектеп жиһаздарына, сырт және аяқ киімдерінің үлгілері, дене шынықтыру және жаттықтыру кешендерін қайта қарау т. б. шешіледі. Акселерация ақыл-ой дамуына ықпал жасайтындығы байқалуда. Сонымен адамның дамуы, онымен бірге өзара байланысты бірнеше факторлар ықпал жасайтын күрделі педагогикалық-психологиялық үрдісс болып табылады.



Белсенділік, оның түрлері және тұлға дамуындағы ролі. Адам белсенділігінің табиғатын тани білу, еңбек және моральдық белсенділік дәрежесі бойынша адамның қоғам мен ұжым үшін жарамдылығын жете анықтау мұғалімнің басты міндеті.

Белсенділік деп адамның іс-әрекеті үстіндегі жағдайын айтады. Тіршілік және іс-әрекеттері барысында адамның қарым-қатынас жасау, таным және өзіне-өзі тәрбиелеу белсенділігі дамиды.

Бала белсенділігінің ең алғашқы формасының бірі қарым-қатынас жасау белсенділігі. Бұл адамның бүкіл өмірінде дамитын белсенділік. Балалардың жас ерекшелігіне сәйкес, басқа адамдармен қарым-қатынас жасау белсенділігінің мазмұны өзгеріп тұрады.

Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеу ісін жетілдіру үшін олардың жас және дербес еске алып, оқу-тәрбие жұмысының барысында сана-сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге мұғалімнің басты міндеті. Мұғалім оқушыны білімге, өнерге қызғушылық ынтасын, спорт ойындарына құштарлығын анықтайды. Баланың өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігін қоғамдық пайдалы жұмыстарға байланысты тапсырмалар беріп, орындау арқылы дамытуға болады. Кейбір баланың ерік қасиеттері тұрақсыз болады. Ол бірінші қиыншылықты сезінісімен-ақ, қоғамдық тапсырманы орындаудан бас тартады. Мұндай сангвиник балаға көмек бере отырып, оның намысына тимей, тапсырманы орындауын табандылықпен талап ете білу керек.

Адамның еңбекке және адамдармен қарым-қатынаста көрсеткен белсенділігіне қарап, оның қоғам және ұжымға жарамдылығын жете анықтау мұғалімнің басты міндеті. Бала туралы синтездік, кешендік ғылым болып тадылатын педалогия ғылымының басты «айыбы» - балалар мәселелері мен әр типті мектептердегі шәкірттердің жан дүниесін зерттеуде анкета мен тест әдістерін шамадан тыс пайдаланудағы, сондай-ақ осы ғылымның «Бала ой-өрісінің дамуы түрліше болады»-деп санауы.

Жас ерекшеліктері туралы ұғым. Белігіл кезеңдерге бөлінуі. Сана-сезімнің , дене күш қуатының дамуы адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты. Адамдар өмірде көп өмір сүрген сайын - бойлары өсіп, денелері дамып, ақыл-саналары дамып, білімдері нығая бастайды. Балалардың жас ерекшелігін есепке ал, оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі принциптердің бірі.

Соңғы жылдары симпозиумда қабылданған жас кезеңдерінің схемасында, яғни, жаңа туған баладан бастап, жасөспірімдік шаққа дейінгі өзгерістер кіреді. Олар мынадай сатыдан тұрады:

1. Жаңа туған бала (1 – 2 ай)

2. Нәрестелік шақ (2 айдан 1 жылға дейін)

3. Ерте сәбилік шақ (1 – 3 жас аралығы)

4. Мектепке дейінгі балалық шақ (4 – 7 жас аралығы)

5. Бастауыш мектеп жасы (7 – 11 - 12 жас аралығы)

6. Жеткіншек шақ (11 – 12, 14 – 15 жас аралығы)

7. Жасөспірімдік шақ (15 – 17 жас аралығы)
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар

1. Бала дамуына әсер ететін әлеуметтік, биологиялық, психологиялық факторларды атаңыз.

2. Акселерация деген не? Оның әлеуметтік және педагогикалық мәні неде?

3. Белсенділіктің түрлері және оның тұлға дамуындағы ролі.

4. Жас ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз.
Әдебиет.


  1. Возрастная и педагогическая психология/Под ред. А.В.Петровского. – М., 1984.

  2. Караковский А.П. О подростках. – М., 1970.

  3. Керимов Л.К. Педагогические основы индивидуализации и перевоспитания трудных подростков. – А., 1994.

  4. Ковалев С.В. Подготовка старшекласников к семейной жизни. – М., 1992.

  5. Крутецкий В.А. Основы педагогической психологии. – М., 1972.

  6. Щербаков А.И. Психологические основы формирования личности. – М., 1967.

  7. Эльконин А.Б. Возрастные и индивидуальные особенности младших подростков. – М., 1974.

  8. Юсупов И.М. Психология взаимопонимания. – М., 1980.



Тоғызыншы тақырып

Мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларды дамыту мен тәрбиелеудің ерекшеліктері
Мақсаты: мектеп оқушыларының жас мөлшеріне қарай және жеке басына тән ерекшеліктері туралы түсінік қалыптастыру және осы ерекшеліктерді оқу-тәрбие процесінде ескеру.

Тірек ұғымдар: жеке тұлға, жас мөлшері, жеке ерекшеліктер.

Жоспар.

  1. Мектепке дейінгі жастағы балалардың дамуы мен тәрбиеленуінің ерекшеліктері.

  2. Кіші мектеп жасындағы балалардың дамуы мен тәрбиеленуінің ерекшеліктері.

1. Адамның мектепке дейінгі кезінде, жасөспірім шақта және әлеуметтік ортада қалыптасқан есейген шақ кезеңдеріндегі мінез-құлқы ерекшеленеді.

Мектепке дейінгі балалық шақта жас баланың 4-7 жас аралығындағы өзіне тән ерекшеліктері, оның айналасында болып жатқан құбылыстарды жіті аңғарып, көргені мен сезгендерін зердесіне хаттай жазатынын ескерген жөн. Әрдайым қозғалыс үстінде жетіле дамыған балалардың денесі мен салмағы да өсіп отырады. Баланың 4 жастағы салмағы 15-16 кг, ал бойы 100 см болса, 5 жастағы салмағы 17-18 кг, бойы 106-107 см болады.

4-5 жасар балалардың салыстырмалы ойлай алатын қабілеттері ерекшелене түседі. Әжептәуір санамақтарды игеріп, аз және көп сандарды айдың, күннің, жылдың мезгілдерін айыратын халге жетеді. бұл жастағылардың ойыны, әрбір әрекеттері мазмұнға айналып, белгілі бір мақсаттарды орындауға ұмтылыс жасайды. баланың мектепке 6-7 жасында баруы негізінен биологиялық және физиологиялық заңдылықтарды басшылыққа алудан деп түсіндіріледі. Дендері сау болып дүниеге келген балалар қашан да алғыр, зерек, ұғымтал болып келеді. Олар айналасындағы құбылыстарды тез байқап, қабылдауға бейімделеді. Жете түсінген құбылыстарын өмір бойы ұмытпайды.

Мектепке дейінгі тәрбие – жалпы педагогиканың бір саласы. Мектепке дейінгі педагогика – мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту туралы және оның негізгі заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Бұл кезеңде баланың дамуы тез, үдемелі болғандықтан, әлсіз де нәзік, кінәмшіл болып келеді. Бала осы шақта сөйлеуді меңгереді.

Бұл кездегі бала тәрбие мен қоғамның, ортаның ықпалын қабылдағыш, тез әсерленгіш, ми қатпарлары шартты байланыстардың шапшаң құрылуына қабілетті болады да, тұрақтанады, орталық жүйке жүйесі икемді болып келеді. Адамдардың тіршілігі, айнала табиғат туралы алғашқы түсініктері дамиды.

Мектепке дейінгі тәрбиенің жалпы міндеті – дене, ақыл-ой, адамгершілік, еңбек, эстетикалық тәрбиенің тұтастығын қамтамасыз ету. Осы кезде игерген баланың рухани байлығы өмір бойына із қалдырып, оның дұрыс дамуына негіз болады.

Баланың ішкі әсерленуіне тұқымқуалаушылық жолымен ауысқан әр балаға тән табиғи қасиеттері жүйке жүйесінің даму дәрежесімен, типі, темпераменті мен дене даму ерекшелегіне ықпал етеді. Баланың дұрыс дамуына тиімді тәрбиелік басшылық пен жағдай қажет. Оған дұрыс жасалған күн тәртібін сақтау, ағзаны нәрлі тамақпен қамтамсыз ету, олардың іс-әркетін ұйымдастыру, оқыту, үйрету, тәрбиелеу енеді. Бала әрекетінің негізгі түрі ойын болып табылады. Ойын үстінде баланың ой-өрісі кеңейеді, ақыл-ойы дамиды, мінез белгілері мен адамгершілік қасиеттері қалыптаса бастайды. Еңбек әркеті де ұйымдастырылуы тиіс: өз бетімен тамақтануы, киінуі, ойыншықтарын орнына қоюы, үй шаруашылығына көмек беруі. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеуде балабақшаның маңызы үлкен.

2. Кіші мектеп жасындағы балалардың салмағы бір жылда 2-2,7 кг өседі. 6 жастан 12 жасқа дейінгі аралықта бала денесінің салмағы екі есе артып, 18 кг-нан 36 кг-ға дейін артады. Осы жаста бала миының көлемі де ұлғаяды, яғни ол 5 жаста үлкен адам миының 90 % болса, 10 жаста 95 %-на тең болады.

Жүйке жүйесінің жетілуі жалғасады, мидың жарты шарында икемділік күшейеді. Баланың білім алудағы іс-әрекеті (манипуляциялық, пәндік, ойын арқылы) де бірте-бірте дамиды. Бала тек білім алуды ғана емес, оны қалай меңгеруді де үйренеді. Білім алудағы баланың маңызды іс-әрекеті – бұл оның өз-өзіне деген рефлексиясы, жаңа жетістіктерін және болған өзгерістерді қадағалай алуы.

Бала мектеп табалдырығын аттағаннан кейін, оның әлеуметтік жағдайы өзгереді, бірақ ішкі әлемі, психологиясы әлі мектепке дейінгі қалыпта болады. Баланың негізгі іс-әрекеті әлі де ойын, сурет салу, ойыншықтарды құрастыру болып қала береді. Осы жастағы баланың құштарлығы өзін қоршаған әлемді тануға және осы әлемнің құрылысын өзінше бейнелеуге бағытталған. Бала ойнай жүріп тәжірибеден тұрады, себеп-салдарлық байланыстар мен тәуелділіктің себебін ашуға тырысады. Образды ойлау – бастауыш сынып жасындағы негізгі ойлау түрі болып табылады. Осы жастағы бала өзінің атқаратын жұмысын өзі де жоспарлай алады. Олар интеллектуалды тапсырмаларды назарында ұстауға, қиялдауға қабілетті. Ол шығармашылық қабілеттің дамуының маңызды психологиялық алғышарты және әлеуметтік кеңістіктің нормативін игерудің тәсілі.

Ақыл-ойдың дамуына оқу іс-әрекеті ерекше әсер етеді. Әсіресе оқу жүйесінде сөйлеу қабілетін меңгерудің және дамытудың айқындауыштық маңызы бар. Сөйлеу қабілетін бағдарлама бойынша дамыту мақсатында баланы оқытудың және дамытудың мынадай түрлері бар: 1) нормаға сәйкес әдеби тілді меңгеру, 2) оқи және жаза алу. Тіл меңгеру базасында жаңа әлеуметтік қатынастар пайда болады, олар баланың ойлау жүйесін байытып және өзгертіп қана қоймайды, сонымен бірге, оны жеке тұлға ретінде қалыптастырады.

Мектепке барған алғашқы жылдарында балалар әлі де үлкендер тарапынан қамқорлықты қажет етіп тұрса да, бірте-бірте ата-аналарынан өздерін алшақ ұстайды. Бастауыш мектеп оқушысы үшін ең маңызды тұлға – педагог.

Мектеп оқушыларының өз арасындағы қарым-қатынастары үнемі өзгеріп отырады. Баланың 3-6 жастағы қарым-қатынастары неізінен ата-аналардың бақылауында болатын болса, 6-12 жас аралығында мектеп оқушылары көп жағдайда ата-ана назарынан тыс қалады. бастауыш сынып жасындағы балалардың достық қарым-қатынастары негізінен қыз бала мен қыз баланың, ер бала мен ер баланың арасындағы достыққа әкеледі.

Осылайша, бастауыш сынып жасы баланың мектепке баруымен айқындалады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар.


  1. Оқушының «дамуы», «тәрбиесі», «жеке тұлғалық қалыптасуы» деген түсінікті ашыңдар.

  2. Мектепке дейінгі жастағы балалардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін атаңыз.

  3. Мектепке дейінгі жастағы балалардың дамуы мен тәрбиеленуінің ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз.

  4. Кіші мектеп жасындағы балалардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері қандай?

  5. Кіші мектеп жасындағы балалардың дамуы мен тәрбиеленуінің ерекшеліктерін есепке алу қалай жүзеге асырылады?



Әдебиет:

  1. Возрастная и педагогическая психология/Под ред. А.В.Петровского. – М., 1984.

  2. Караковский А.П. О подростках. – М., 1970.

  3. Керимов Л.К. Педагогические основы индивидуализации и перевоспитания трудных подростков. – А., 1994.

  4. Ковалев С.В. Подготовка старшекласников к семейной жизни. – М., 1992.

  5. Крутецкий В.А. Основы педагогической психологии. – М., 1972.

  6. Щербаков А.И. Психологические основы формирования личности. – М., 1967.

  7. Эльконин А.Б. Возрастные и индивидуальные особенности младших подростков. – М., 1974.

  8. Юсупов И.М. Психология взаимопонимания. – М., 1980.


Өзін-өзі тексеруге арналған тест сұрақтары

  1. Бастауыш мектеп жасындағы баланың салмағы бір жылда неше кг-ға өседі?

а) 2-2,7 кг;

б) 3-3,2 кг;

в) 1-1,5 кг;

г)2,8-3 кг;

д) 0,5-1 кг.

2. Бастауыш мектеп жасындағы баланың негізгі ойлау түрі –

а) абстрактілі;

б) образды;

в) абстрактілі-образды;

г) нақты;

д) образды-абстрактілі.

3. Бастауыш мектеп жасындағы баланың ақыл-ойының дамуы қандай іс-әрекетке бағынышты?

а) ойын;

б) оқу;


в) қарым-қатынас;

г) еңбек;

д) шығармашылық.

4. Бастауыш мектеп жасындағы баланың көзқарасының қалыптасуына басым әсер ететін кімдер?

а) ата-аналар;

б) педагогтар;

в) жолдастары;

г) қыз балалар;

д) қоғам.
Оныншы тақырып

Орта және жоғары мектеп жасындағы балаларды дамыту мен тәрбиелеу ерекшеліктері
Мақсаты: мектеп оқушыларының жас мөлшеріне қарай және жеке басына тән ерекшеліктері туралы түсінік қалыптастыру және осы ерекшеліктерді оқу-тәрбие үрдісінде ескеру.

Тірек ұғымдар: жеке тұлға, жас мөлшері, жеке ерекшеліктер, акселерация, дарындылық, девиация.

Жоспар.


  1. Орта және жоғары мектеп жасындағы баланың дамуы мен тәрбиеленуінің ерекшеліктері.

  2. Жастық шақ - әлеуметтік-психологиялық құбылыс.

  3. Жеке тұлғаның өзіндік ерекшеліктері және оның педагогикалық процесте ескерілуі.

1. Педагогикалық тәжірибеде баланың жан-жақты дамуы мен мінез-құлқы жағына қалыптасуының жасөспірімдік шағы (10-15 жас) ең қиын кезең болып есептеледі. Жасөспірімдердің мінезіндегі ауытқушылықтар осы жастағы соматикалық және психикалық дамуда жатыр. Бұл кезде баланың бойы тез өседі. Жүректің көлемінің өсуі бойдың өсуін қуып жете алмайды, сондықтан да қан жүретін тамырлар әлдеқайда жіңішке болады, қан қысымы артады. Бала жасөспірім шаққа өткен кезде оның нерв жүйесінің құрылым морфологиялық жағынан жетіліп болады. Оның әрі қарай дамуы ағзаның барлық қызметіне және екінші сигналды жүйенің жетілуіне бақылау жасауды күшейтеді. Жасөспірім өзін қоршаған әлемге баға береді және оған деген өзінің қарым-қатынасын орнықтырады. Ол өмірдің тұрмыстық қарым-қатынастарына еніп, енді тек өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша ғана емес, сонымен бірге өзі теориялық жағынан игерген қағидалар бойынша қарым-қатынасқа түседі және адамдардың мінез-құлқын, қоғамдық құбылыстарды бағалауда сыни көзқарасқа бейім болып келеді.

Бұл жастағылардың қажеттілігі - өздерінің айналадағы адамдарға деген қарым-қатынасын, әлемдегі өз орнын табу. Жасөспірімдер қоғамдық-өндірістік еңбекке қатысады. Ол тек еңбек арқылы қоғамдық өмірде өз орнын таба алады, өзін бекітеді. Жасөспірім өзіне дос болатын адамды өз ұжымындағы жолдастарының арасынан табады. Жасөспірімдермен жұмыстағы негізгі педагогикалық идея: іс-әрекет түрлеріндегі жетістіктерге жағдай жасау, құндылықтарын қалыптастыру.

2. Жасөспірім шақтың біраз бөлігі орта мектептің жоғары сыныбына сәйкес келеді және жеке тұлғаның қалыптасу процесінде айтарлықтай маңызды роль атқарады. Бұл жаста (15-17) адамның тұлғалық жағынан пісіп-жетілу кезеңі аяқталады, оның өмірге көзқарасының негізгі сипаттары қалыптасады, болашақ кәсібін таңдау міндеті жүзеге асырылады.

Бозбалалық шақ әрқашан да өтпелі кезең, жыныстық жағынан жетілу болып табылатын физиологиялық үрдіс деген ұғыммен тығыз байланысты. Физиологиялық үрдіс шартты түрде екі кезеңге бөлінеді:

1) пубертаттық кезеңнің алдындағы немесе дайындық кезеңі;

2)өзіндік пубертаттық кезең, бұнда жыныстық жетілудің негізгі процестері жүзеге асырылады;

3) пубертаттық кезеңнен кейінгі кезең, бұл кезде адам ағзасы толық физио-биологиялық жетілу деңгейіне жетеді.

Жастық шақ – ақыл-ой қабілеттілігі артуының маңызды кезеңі. Олардың ойлау қызметі әлдеқайда белсенді және еркін. Олар мұғалімдерге сын көзбен қарайды. Бір нәрсені қорыта айтуға, жеке деректердің негізінде жатқан жалпы қағидалар мен заңдылықтарды іздеуге құштар.

Жастық шақтағы маңызды психологиялық процесс - өзіндік ақыл-ойдың және өзіндік «Мен» бейнесінің қалыптасуы болып табылады.

Жоғары сынып оқушыларымен жүргізілетін жұмыстағы жетекші педагогикалық идея: жеке тұлғаның өзіне тән құштарлықтарына сәйкес оның негізгі мүмкіндіктерін іске қосу үшін, жүзеге асыру үшін жағдай жасау, өз болашағының әлеуметтік-мәнділік жағын анықтап алуы үшін көмектесу.

Бұл кезеңде тәрбиенің маңызды қызметі оқушының өз мамандығын таңдауына көмектесу, өзінің отбасын құруына дайындау және азаматтық көзқарасы тұрғысынан әлеуметтік, Отанға деген белсенділігін қалыптастыру болып табылады.

3. Әрбір оқушының танымдық іс-әрекетінің, әсерленушілігінің, ерік-жігерінің, мінезінің, жүріс-тұрысының тек өзіне ғана тән сапалық ерекшеліктері болады. Жеке ерекшелік - адамның өз басындағы қасиеттерінің бір-бірімен сәйкестікпен түйісуі, оның басқа адамдардан өзгешелігі осы қасиеттері арқылы көрініс табады. Жеке даму жолы оның бойына табиғат берген қасиеттерге және тіршілігінің жағдайына байланысты болады. Мектеп оқушыларын олардың қабілеттеріне қарай екі ерекше бағытқа бөледі:

- қыз балалар мен ер балалардың даму ерекшеліктері;

- дарынды балалар мен педагогикалық жағынан қараусыз қалған балалар.

Дарындылық – адамның интеллектуалдық мүмкіндігімен байланысты болатын қабілеттіліктердің бірлігі, оның іс-қимылының деңгейі мен өзіндік ерекшелігі. Қабілеттілік – бірдей күш пен бірдей уақыт аралығында, бір адамның басқа адамдарға қарағанда жоғары көрсеткіштерге ие болуын қамтамасыз ететін мүмкіншілік.

Психологиялық жағынан қараусыз қалған – ортаның келеңсіз ықпалынан және педагогикалық үрдістің жеткіліксіздігінен рухани көзқарасының дұрыс қалыптаспағандығы, сезімнің дәрменсіздігі, қоғамдық мінез-құлық дағдысының жоқтығы айқын әрі үнемі байқалып тұруы. Мұндай балаларды девианттар деп атайды.

Мектеп оқушысының жеке ерекшелігі – оның жас мөлшеріне, жыныстық және рухани дамуына, жан-жақты тұтас жетілген жеке тұлғалық қасиетінің қалыптасуына органикалық жағынан байланысты өзіне тән ерекшелігі. Осыған орай, олармен жеке жұмыс жүргізу педагогикалық үрдістің маңызды бөлігі болып табылады.

Жеке ерекшеліктерді есепке алу – бұл әрбір жеке тұлғаның қызығушылығын, бейімділігін, сапасын, қасиетін, талабын және мүмкіншілігін ескере отырып, өскелең ұрпақтың әлеуметтік қалыптасу процесінде сәтсіздіктер мен қателіктерді барынша кеміте отырып тәрбиелеуде педагогикалық құралдардың, әдістемелердің және түрлердің барлығын пайдалану.

Темперамент – адамның психикалық қызметі мен мінез-құлқының қуатын анықтайтын жеке ерекшелігі. /сангвинник, флегматик, холерик, меланхолик/.

Тәрбие беруде де, оқытуда да әр балаға жеке қарым-қатынас жасау маңызды, себебі әр балада оның рухани қажеттілігінің, өзіндік қызығушылығының көрінісі ретіндегі жеке ерекшелігі айқын көрініс береді. Жеке қарым-қатынас әр баланың бейімділіктері мен қабілеттерінің ашыла түсуіне жақсы жағдай жасау үшін аса маңызды, сондай-ақ ол оқу бағдарламасының талаптарын орындаудағы қиыншылықтарды жеңуде де зор роль атқарады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар.


  1. Мектеп оқушыларының жас мөлшеріне қарай және жеке басына тән ерекшеліктері туралы не білесіз?

  2. Жас және жеке ерекшеліктерді оқу-тәрбие процесінде ескерудің мәні неде?

  3. Орта мектеп жасындағы баланың дамуы мен тәрбиеленуінде қандай ерекшеліктер бар?

  4. Жоғары мектеп жасындағы баланың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін атаңыз.

  5. «Жастық шақ - әлеуметтік-психологиялық құбылыс» дегенді қалай түсінесіз?

  6. Жеке тұлғаның өзіндік ерекшеліктерін білу және оны педагогикалық процесте ескеру мұғалімге не үшін қажет?

  7. Жеке ерекшеліктер дегеніміз не?

  8. «Акселерация», «дарындылық», «девиация» ұғымдарына сипаттама беріңіз.


Әдебиет:

  1. Возрастная и педагогическая психология/Под ред. А.В.Петровского. – М., 1984.

  2. Караковский А.П. О подростках. – М., 1970.

  3. Керимов Л.К. Педагогические основы индивидуализации и перевоспитания трудных подростков. – А., 1994.

  4. Ковалев С.В. Подготовка старшекласников к семейной жизни. – М., 1992.

  5. Крутецкий В.А. Основы педагогической психологии. – М., 1972.

  6. Щербаков А.И. Психологические основы формирования личности. – М., 1967.

  7. Эльконин А.Б. Возрастные и индивидуальные особенности младших подростков. – М., 1974.

  8. Юсупов И.М. Психология взаимопонимания. – М., 1980.


Өзін-өзі тексеруге арналған тест сұрақтары

  1. Жасөспірімдік шақ қай жас кезеңін қамтиды?

а) 9-11 жас;

б) 10-15 жас;

в) 11-14 жас;

г) 9-12 жас;

д) 8-14 жас.


  1. Жасөспірімдердің қажеттілігі -

а) өздерінің айналадағы адамдарға деген қарым-қатынасын, әлемдегі өз орнын табу;

б) қызығушылық;

в) материалдық жағдайы;

г) құндылықтарын қалыптастыру;

д) физиологиялық даму.


  1. Адамның тұлғалық дамып-жетілуі қай кезеңде аяқталады?

а) мектепке дейінгі кезеңде;

б) кіші мектеп жасында;

в) бастауыш мектеп жасында;

г) жасөспірім шақта;

д) жоғары сынып жасында.


  1. Жастық шақтағы маңызды психологиялық процесс - ?

а) өзіндік ақыл-ой және өзіндік «Меннің» қалыптасуы;

б) кәсіпті таңдау;

в) ақыл-ой қабілетінің бәсеңдеуі;

г) жыныстық жетілу;

д) пәнге деген қызығушылық.


  1. Бұл кезеңдегі тәрбиенің маңызды қызметі қандай?

а) оқушының өз мамандығын таңдауына көмектесу, өзінің отбасын құруына дайындау;

б) балалармен жеке жұмыс жүргізу;

в) пәнге деген қызығушылығын арттыру;

г) танымдық мүмкіндіктерін дамыту;

д) эмоциональдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

МАЗМҰНЫ:
Кіріспе..............................................................................................5



Бірінші тақырып.

Педагогиканың ғылым ретіндегі жалпы түсінігі...................................6



Екінші тақырып.

Педагогика адам туралы ғылымдар жүйесінде........................14



Үшінші тақырып.

Педагогиканың әдіснамалық негіздері.....................................20



Төртінші тақырып.

Педагогиканың аксиологиялық негіздері.................................23



Бесінші тақырып.

Әдістер жүйесі және ғылыми педагогикалық

зерттеулердің логикасы.............................................................28

Алтыншы тақырып.

Педагогикадағы мақсат қою.........................................................35



Жетінші тақырып.

Тұлғаның дамуы, тәрбиеленуі, қалыптасуы

мен әлеуметтенуінің өзара қатынасы..........................................44

Сегізінші тақырып.

Бала - тәрбиенің субъектісі. Тұлға дамуының

кезеңдерге бөлінуі..........................................................................50

Тоғызыншы тақырып.

Мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларды дамыту мен тәрбиелеудің ерекшеліктері....................................57



Оныншы тақырып.

Орта және жоғары мектеп жасындағы балаларды дамыту мен тәрбиелеу ерекшеліктері...............................................................61


Материалдарды компьютерде беттеген: Нуржанова Р.А.

Техникалық редакторы: Мустахапова Б.М., Ахметжанова Д.М.
Көлемі 4,5 б.т. Таралымы 510 дана. Офсет қағазы.

Бағасы келісім бойынша.




Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспа бөлімі



Нариманов көшесі, 34 үй



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет