Әдебиеттер: (3,6,8,9,17)
3-тақырып: Экологиялық талаптарына сәйкес жануарларды топтарға бөлу.
1. Экологиялық талаптарына сәйкес жануарларды топтарға бөлу (жәндіктер экологиясы, қосмекенділер экологиясы, құстар экологиясы, сүтқоректілер экологиясы)
Негізгі тіршілік орталары және жануарлардың тіршілік ортасына бейімделуі
Біздің жер шарымызда тіршілік тараған негізгі төрт орта бар. Ең бірінші орта – су, тіршілік ең алғаш рет суда пайда болып дамыған. Бұдан соң тірі организмдер жер бетіндегі ауалы ортада және топырақта тіршілік етуге бейімделді. Тіршілік тараған төртінші еркше орта ретінде тірі ағзалардың өзін атауға болады: Әрбір тірі ағзаның денесінің ішкі және сыртқы мүшелерінде көптеген паразит және симбиоз өсімдіктер мен жануарлар мекендеп өмір сүреді. Сондықтан тірі ағзалар да басқа бір тірі ағзалардың тіршілік ететін ортасына айналады.
Аталған тіршілік орталарының (су, жер беті, топырақ және тірі ағзалар) әрбіреуі өзіне тән экологиялық сипаттарымен ерекшеленеді.
Су жануарларының экологиялық сипаты
4.1.1 Тіршілік ортасы ретінде судың экологиялық ерекшелігі
Су тірі ағзалардың құрамында ең мол кездесетін, ең қарапайым химиялық зат. Жасуша цитоплазмасының 70%, медуза салмағының 95%, ұлудың 92%, бактериялардың 76-86%, адамның салмағының 70%-ын су иеленеді.
Су – тіршілікті демейтін, тіршілік үшін бірден бір қолайлы жағдайларды өзіне қалыптастырған орта. Судың тіршілік үшін қолайлы болуының себебі, біріншіден судың физикалық қасиеттеріне байланысты. Жер шарындағы заттардың ішінде табиғи жағдайда сұйық (су), қатты (мұз) және газ (бу) деген үш түрге айнала алатындығы судың негізгі қасиетінің бірі. Судың физикалық қасиеттерінен атайтын болсақ оның молекуласының ассиметриялық құрылымда болуының биологиялық, экологиялық үлкен мәні бар. Молекуласы симметриялы емес болғандықтан оның оң және теріс зарядтарының ауырлық орталығы ешбір сәйкесіп қабаттаспайды. Сондықтан да судың молекуласы тұрақты электромагниттік қасиет сақтайды. Электромагниттік қасиеті тұрақты сақталатындықтан су басқа көптеген заттарды ерітіп (ыдыратып), ағзаға қажетті көптеген реакциялардың жүрілуіне мүмкіндік туғызады. Судың әмбебап еріткіш бола алатынының негізі де осында.
Су тірі ағзаның денесінде бос және байланысқан су деген екі түрде кездеседі. Ағзадағы судың басым бөлігі (шамамен 95%) басқа заттармен қосылыс түзбей, бос түрде кездеседі. Бос су ағзада үздіксіз жүрілетін әртүрлі реакциялардың ортасы ретінде және химиялық заттармен әрекеттесіп оларды еріткіш ретінде маңызды рөл атқарады. Реакциялардың нәтижесінде ағзада пайда болған керексіз заттарды сыртқа бөліп шығаруға да бос су жұмсалады. Сутегінің осал байланысы арқылы ақуызбен қосылыс түзілген судың молекулалары байланысқан суды құрайды. Тірі ағзаның денесіндегі судың 4-5% байланысқан су иеленеді. Байланыстағы су цитоплазманы құрайтын коллойд сұйықтағы ақуыздың сыртын қоршаған су қабыршағын (яғни сольват қабыршағын) түзеді. Бұл қабыршақ ақуыздың молекулаларын бір-бірінен ажыратып тұратындықтан ақуыздың ұйысуынан сақтайды. Сольват қабыршақты түзетін байланысқан су тұздарды ерітуге кіріспейді және өте төмен температурада (-40°С шамасында) қатады. Осыншама төмен температурада қататындықтан жасуша цитоплазмасындағы ақуыздардың суықтық әсерінен ірімеуіне (коагуляция) пайдасын тигізеді.
Судың жылу сыйымдылығы мол –ауаның жылу сыйымдылығынан 4есе артық.Судың жылу өткізгіштігі де жоғары, басқа сұйықтардан едәуір артық және жылдам өткізеді. Судың булану температурасы да жоғары (100°С). Бұл аталған физикалық қасиеттері суда тіршілік ететін жануарларға жағымды әсерін тигізеді. Атап айтсақ суда температураның өзгерісі баяу жүріледі: судың температурасы кенет ысып немесе кенет суып кетпейді. Қандай бір фактордың кенет өзгерісіне жануарлар (және барлық тірі ағзалар) төзе алмайтындықтан суда жүрілетін температураның баяу өзгерісі жанды ағзаларға жағымды әсерін тигізеді. Судың жылу өткізгіш қабілеті жоғары болғандықтан оның терең қабатына дейін күн сәулесінің жылуы тарай алады. Булану температурасы жоғары болғандықтан ағзаның бойындағы ылғал ыстық күндерде тез буланып кетпей, тірі ағза ылғалын тұрақты сақтауына ықпалын тигізеді және сүтқоректі жануарлар терлеу арқылы денесін салқындатуға мүмкіндік туғызады.
Су үздіксіз қозғалыста болатындықтан суда еріген минералдық заттар және жылу біркелкі тарайды. Тұнық судың 30 метрлік терең қабатына дейін күн сәулесі және күндізгі жылу толық жете алады.
Судың тірі ағзаларға, экологиялық жайлы орта болуына оның жарық өткізгіш қасиетінің де маңызы зор. Атап айтсақ судың 150-200 метрлік терең қабатына дейін күн сәулесінің фотосинтездеуге қабілетті жарығы өте алады. Бұл қабат фотосфера белдемі, яғни судың жарық белдемі деп аталады. Ал шамамен 200 метрлік тереңдіктен бастап жарықтың мөлшері біртіндеп азайып 2000 метрлік тереңдікке күн сәулесінің 1% ғана жетеді. Бұл белдемді д и с ф о т о с ф е р а яғни судың күңгірт белдемі деп атайды. Судың 2000 метрден терең төменгі қабатына күн сәулесі өтпейді. Мүлдем қараңғылыққа бөленген бұл белдемді афотосфера яғни қараңғы белдем деп атайды. Бұдан біз судың жарық өткізу қабілеті де жоғары екенін көреміз. Сондықтан судың 150-200 метрлік терең белдеміне дейін фотосинтез толық жүре алады. Ал 2000 метрлік тереңдікке дейінгі белдемде судың терең қабатына дейін өте алатын көк және күлгін сәулелер арқылы фотосинтез жүргізе алатын кейбір балдырлар тіршілік етеді.
Судың тығыздығы мен тұтқырлығы өте жоғары. Судың меншікті салмағы 1,0 г/см3 , тығыздығы ауаның тығыздығынан 800-1000 есе артық. Осыншама тығыз болғандықтан су жануарлардың қозғалысына кедергілік көрсетеді. Яғни жануарлар суда жүзу үшін судың тығыздық күшін жеңуге мәжбүр болады. Және судағы гидродинамикалық кедергіге аз ұшырау үшін денесінің сырты ұдайы сілемейленіп тұрады. Сондықтан жылпылдақ болады және де су жануарларының басым бөлігінің денесі сүйір келеді.
Судың тығыздығы мол болғандықтан судағы жануарлар мекендеп тұрақтау үшін тірек болатын төсеніш субстратты қажетсінбейді. Ал жер бетіндегі барлық жануарлар үшін тұрақтанатын төсеніш (субстрат) міндетті түрде қажет. Өйткені ауаның тығыздығы аз болғандықтан ауада тұрақтап тұра алмайды: ауада ұшып тіршілік ететін жануарлардың барлығының көбейіп жетілетін, тұрақты мекендейтін орны (субстраты) жерде немесе суда болатын себебі осыған байланысты.
Тереңдеген сайын судағы қысым көбейеді, жарық және оттегі азаяды. Терең суда мекен ететін жануарлар осының бәріне морфологиялық және физиологиялық тұрғыдан бейімделуге тура келеді. Терең суда тіршілік ететін жануарлар судың қысымына биохимиялық жолмен бейімделу қабілеті дамыған. Олардың ферментінің құрамындағы қысымға сезімтал ферменттер азайып, қысымға төзімді дегидрогеназа қатарлы ферменттердің мөлшері көбейетіндігі дәлелденген.
Судың әртүрлі тереңдіктегі қабаттарында жануарлардың тіршілігіне қажетті экологиялық жағдай әртүрлі екенін оның жоғарыда сипатталған қасиеттерінен көруге болады. Қандай бір суды негізінен бенталь яғни судың түбі және пелагиаль яғни судың іші (су қабаты) деген екі бөлікке бөледі. Осыған сәйкес судың түбінде тіршілік ететін жануарлар мен өсімдіктер бентос ағзалар деп, ал судың бетінен түбіне дейінгі ішкі қабатында ішкі белдемдерінде тіршілік ететін ағзалар пелагос деп аталады. Теңіз мұхиттардағы пелагос ағзалар судың тереңдік белдеміне сәйкес:
а) эпипелагиаль (200 метрге дейінгі тереңдікті қамтитын, беткі саяз белдемі); б) батипелагиаль (bathys – терең; 200-2000 метрлік тереңдікті қамтитын, мәңгі күңгірт, қарауытқан қабат);
в) абиссопелагиаль (2000 метрден терең, мүлдем қараңғылық басқан су белдемі). Батипелагиаль және абиссопелагиаль белдемдерде өсімдік болмайды, тек қана микроорганизмдер мен жануарлар тіршілік етеді.
Жануарлардың суда тіршілік етуге бейімделуі
Судың тығыздығы мол болғандықтан су тереңдеген сайын ондағы қысым да көбейеді. Әрбір 10м тереңдікке батқан сайын 1 атмосфералық қысым қосылып отырады. Мұхиттың ең терең жері 11 км-ге тең. Ондағы қысым 1000 атмрсфераға жетеді. Су тереңдеген сайын қысым күрт өзгеретіндіктен суда тіршілік ететін жануарлар құрлықта тіршілік ететін жануарлармен салыстырғанда қысымның өзгерісіне төзімді (эврибат) келеді. Әр түрлі тереңдікте тіршілік ететін кйбір жануарлар судың беткі қабатындағы 1-2 атмосфералық қысымнан бастап судың терең қабатындағы бірнеше жүз атмосфералық қысымда да тіршілік ете алады. Сондықтан олар теңіз, мұхиттардың жағасынан бастап абиссалдық белдемнің 6-7 км-лік терең қабатында да мекендей алады.
Бірақ теңіз, мұхиттарда тіршілік ететін жануарлардың басым бөлігі белгілі бір деңгейдегі қысымда ғана өмір сүре алады – яғни стенобионт. Әсіресе таяз суда немесе өте терең суда тіршілік ететін жануарлар қысымның ауытқуына төзімсіз болады. Мысалы, құмқазар (Arenicola) дейтін буылтық құрт, теңіз табақшасы (Patella) дейтін былқылдақ денелі жәндіктер теңіздің жағалық белдемінде ғана тіршілік етеді (2-суреттің 1-6).
Ал көптеген түрлі балықтар, басаяқты ұлулар, шаяндар, теңіз жұлдызшалары, т.б. тек 4-5 км-лік тереңдікте 400-500 атмосфералық қысымда ғана тіршілік етеді.
Судың тығыздығы жоғары болғандықтан көптеген гидробионттар оны тірек болдырып қалқып жүреді. Мұндай қалқыма тіршілікті ағзалар планктон ағзалар дейтін ерекше экологиялық топты құрайды. Планктонның құрамына қарапайым денелілер, медузалар, сифонофор, тарақшалар, қанатаяқты ұлулар, алуан түрлі кішкене шаяндар (мұртшааяқты, ескекаяқты), балықтың, бақаның уылдырығы және т.б. көптеген жануарлар жатады.
Планктон ағзалар өздігінен белсенді жүзіп жүре алмайды. Олар судың толқыны мен ағынын пайдаланып енжар қалқу арқылы қозғалады. Су түбіне шөгіп кетпей қалқып жүру үшін планктондарда өздерінің қалқымалығын жақсыратуға бағытталған бейімделушіліктер дамыған. Қалқып жүруге бейімделген сипаттарын атасақ: 1) денесінің мөлшерін азайту, жалпаю, ұзару, көптеген өскіндер мен тікенектер пайда болу арқылы және пішіні домалақ шар тәріздес, қол шатыр тәріздес болып өзгеру арқылы суды тірек етіп сүйенетін ауқымын ұлғайтады; 2) денесіне ауа көпіршіктері мен майды көптеп жинау, сүйек қаңқасы біртіндеп кішірею немесе түгелдей жойылуы арқылы, денесінің салмағын азайту негізінде суға батып кетпеуіне бейімделген. Мысалы, көптеген бір жасушалы планктон жәндіктердің цитоплазмасы ауалы көпіршіктерге (газовые вакуоли) және май тамшыларына бай болатыны медуза, планктон, құрсақаяқты ұлуларда ауаға толы қапшықтар болатыны планктондық тіршілікке бейімделгенін дәлелденді. Судың бетінде, анығырақ айтқанда, ауалы ашық орта мен судың аралығында тіршілік ететін планктондық жануарлардың жеке бір экологиялық тобы н е й с т о н деп аталады. Нейстондарға масаның, жүзбе қоңыздық дернәсілдері, суаршын қандалалар, кейбір шыбындар мен өрмекшілер және кейбір құрсақаяқты ұлулар және т.б. жатады. Нейстон жәндіктер судың толқыны мен ағынын пайдаланып енжар қозғалумен қатар кейбіреуі белсенді түрде өздігінен қозғала алады.
2-сурет. Теңіз жануарларының экологиялық топтары және тіршілік нысаны.
Планктон: Шар тәрізділер: 1-трохофора; 2-балықтың уылдырығы. Қолшатыр тәрізділер: 3-медуза; 4-тікен терілілер типіне жататын, қалқыма тіршілік ететін голотурия. Қауырсын тәріздес өскіндері арқылы қалықтап жүретіндер: 5-көпқылтанақты буылтық құрт; 6-ескекаяқ шаянша.
Нектон: Жылантәріздес пішінділер: 7-жыланбалық; 8-теңіз жыланы. Сүңгуір пішінділер: 9-кальмар; 10-найза балық. Ескеаяқтылар пішіндес: 11-түлен; 12-пингвин.
Нектобентос: Жалпақ пішінділер: 13-каракатица; 14-түйетабан (балық). Су түбінде жүріп және суда жүзіп қозғалатындар: 15-жамбас шаян; 16-асшаян.
Бентос: ағаш пішінділер: 17-гидроид колониясы; 18-мшанка. Қап тәрізді пішінділер: 19-кеуек; 20-асцидия. Су түбіндегі батпаққа батып тіршілік ететіндер: 21-қосжақтаулы ұлу; 22-жүрекше теңіз кірпісі.
Экологиялық ерекшелігі тұрғысынан нейстонға ұқсас тағы бір топты п л е й с т о н жануарлардың тобы құрайды. Олардың денесі жартылай суға батып, жартылай су бетінде ашық ауалы ортада тіршілік етеді. Немесе судың беті тынық кезде денесінің жарты бөлігін су бетіне шығарып атмосфералық ауамен дем алады да, су бетінде дауыл басталған кезде төмен түсіп су ішінде тіршілік етеді. Плейстонның мысалы ретінде сифонофорларды атауға болады.
Судың тығыздық күшін және ағысын жеңіп белсенді түрде жүзе алатын жануарлардың экологиялық тобын н е к т о н (nektos-жүзуші) деп атайды. Нектон тобына балық, дельфин, пингвин, кальмар, жыланбалық, су жыландары, т.б. суда еркін жүзетін жануарлар жатады. Суда еркін жүзу үшін олардың денесінің пішін: сүйірленіп, бұлшық еттері жақсы жетілген. Нектон тобының кейбіруі иіріліп жиырлу арқылы (су жыландары, жылан балық т.б), кейбір өкілдері реактивті қозғалыспен (кальмар), тағы біреулері – ескек аяқтарымен және жүзбе қанаттарының көмегімен суда жүзу арқылы қозғалады. Қандай жолмен қозғалуына қарамастан олардың бәрінің денесі сүңгуір қайық тәріздес сүйір келеді (2-суреттің 7-16).
Бентос жануарлар судың түбінде мекендейді. Олар су түбіндегі тас, құм, батпаққа бекініп немесе су түбінде қозғалып жүріп тіршілік етеді. Сондықтан планктондармен салыстырғанда аяқтары қатты затты тірек етіп қозғалуға жақсы бейімделген. Текең судың түбінде мекендейтін жануарлар аса көп мөлшердегі (100 – 1000 атмосфералық) қысымда тіршілік ете алады. Мысалы, тікентерілілердің (Echinodermata) кейбір өкілдері (теңіз жұлдызы, офиур) 4000-10000 метрлік тереңдікте табылған. Олар 400-1000 атмосфералық қысмда өмір сүре алады.
Зообентостардың құрамына кеуектер (Spongia), ішекқуыстылар (Coelenterata), құрттар (Vermes), былқылдақденелілер (Mollusca), шаянтәрізділер (Crustacea), мшанкалар (Bryozoa), иықаяқтылар (Brachiopoda), тікентерілілер (Echinodermata), асцидия (Ascidiae) және кейбір балықтар кіреді (2-суреттің 17-22).
Су жануарларының тыныс алу ерекшеліктері
Суда тыныс алу ауамен салыстырғанда айтарлықтай күрделі жағдайда жүріледі. Ауамен салыстырғанда судағы оттегінің мөлшері аз: 1л су 10миллитрден артық оттегін сіңірмейді. Бұл ауадағы оттегінің мөлшерінен 21 есе аз. Оттегі суда негізінен екі түрлі жолмен пайда болады. Біріншіден, судағы өсімдіктерде (көбінесе балдырларда) жүрілген фотосинтездің нәтижесінде бөлініп шыққан оттегі суға сіңеді. Екіншіден, ауадығы оттегі диффузиялық жолмен суға сіңеді. Сондықтан судың терең қабатымен салыстырғанда беткі қабатында оттегінің мөлшері мол болады. Судың жылылығы және тұздылығы өскен сайын ондағы оттегінің мөлшері азаяды. Мұхит, теңіздердің 50-1000 метрлік терең қабатындағы оттегінің мөлшері беткі қабаттарымен салыстырғанда 5-10есе аз болады. Судың жануарлар мен микроағзалар көп шоғырланған белдемінде тұтынушылар көбеюіне байланысты оттегінің тапшылығына ұшыраушылық та кездеседі. Теңіздер мен мұхиттың түбінде оттегі жоқтың қасы.
Судың әртүрлі қабатында оттегінің қанымдылығы бірдей емес болуына байланысты көптеген жануарлар су қабаттарындағы оттегінің азайып-молайып ауытқуына төзімді болады. Бұлар эвриоксибионт жануарлар тобына жатады. Бұларға тұщы судың түтікшеқұрты (Tubifex tubifex) деп аталатын буылтық құрт, құрсақаяқты ұлудың кейбір түрлері (M: Viviparus viviparus), балықтардан сазан, оңғақ, мөңке қатарлы балықтар жатады. Алайда оттегі жеткіліксіз суда тіршілік ете алмайтын және судағы оттегінің мөлшерінің азайып-көбейіп ауытқуына төзбейтін с т е н о к с и б и о нт жануарлар да аз емес. Бұған жәндіктерден көктемші (Plecoptera), біркүндік (Ephemeroptera), балықтардан патшабалық, албырт, талма, кірпікшелі құрттардан таусұламасы қатарлы жануарлар жатады. Сонымен қатар оттегі жетіспеген жағдайда зат алмасуын шегінше азайтып, тіршілік ететін ортасы оттегінің қанымдалғанша белсенсіз, қозғалыссыз тіршіліктің түріне (аноксибиоз) ауысу арқылы қолайсыз мезгілді аман өткізетін жануарлар да кездеседі.
Су жануарлары не денесінің терісі арқылы, не желбезек, өкпе, трахей түтікшесі қатарлы арнайы тыныс мүшелері арқылы тыныс алады. Арнайы тыныс мүшесі дамыған жағдайдың өзінде су жануарларының тыныс алуына тері жамылғысы қосалқы түрде кіріседі. Мысалы; үйіршек деген балық оттегінің 63 пайызын терісі арқылы денесіне сіңіріп тыныс алатыны тәжірибе арқылы дәлелденген. Терісі арқылы тыныс алатын жануарлардың денесі ұзын, жалпақ және әр түрлі өскіндері көп болуы арқылы терісінің жалпы сыртқы ауданын үлкейтеді. Бұл оттегіні көп сіңіріп алуына жәрдемдеседі. Кейбір жануарлар оттегі жетіспеген жағдайда тыныс алатын мүшелерінің ауданын үлкейтуге мәжбүрленеді. Ол үшін керіліп денесін созу (түтікше құрт), қармауыштарын созып ұзарту (гидра) тәрізді әрекеттер жасайды. Су түбінде отырмалы тіршілік ететін жануарлар және қозғалысы аз жануарлар өз төңірегіндегі пайдаланылған суды оттегі пайдланылмаған жаңа сумен ауыстыру үшін тербелу, айналу тәрізді қозғалыстар жасайды.
Кейбір жануарлар суда да, ауада да тыныс алуға қабілетті (қостынысты балықтар, сифонофорлар, өкпелі ұлулар, кейбір шаяндар). Алғаш құрлықта пайда болып, тарихи дамуының соңғы дәуірінде суда тіршілік етуге ауысқан – екінші реттік су жануарлары атмосфералық ашық ауамен тыныс алады. Сондықтан олар тыныс алар кезінде ұдайы су бетіне шығуға мәжбүрленеді (кит, ескекаяқты сүтқоректілер, су қоңыздары, масалардың дернәсілдері, т.б.).
Суда оттегінің жетіспеуі кейде су жануарларын жаппай қырғынға ұшыратады. Оттегі жетіспеуінен қырылуы көбінесе тоғандарда, өзендер мен көлдерде кездеседі. Қысқы қырғын әдетте судың үстін мұз басып, суға сырттан ауа кірмеуінен туындайды. Ал жазғы қырылу судың жылынуына байланысты. Жылы ауада оттегі нашар ериді, сондықтан су оттегінің тапшылығына ұшырайды. Мысалы, Перудің жағасына 10-12 жылда бір рет экватордың жылы ағысы жақындайды. Осы кезде зоопланктондар мен балықтар жаппай қырғынға ұшырайды. Оттегінің жетіспеуінің сыртында метан, күкіртті сутегі, көмірқышқыл газы және басқа да улы газдардың суда көбеюінінен жануарлар қырылады. Бұл газдар көбіненесе судың түбінде органикалық заттардың шіруінен және өндіріс қалдықтарының әсерінен көбейеді.
Судың тұздылығы, оның су жануарларына әсері
Жануарлардың ағзасы дұрыс дамып жетіліп, қалыпты мөлшерде қызмет атқару үшін олардың жасушалары мен ұлпаларының құрамында оттегі, сутегі, көміртегі қатарлы биологиялық макромолекула түзуші негізгі заттектермен қатар азот, фосфор, күкірт, калий, кальций, магний, темір, натридің болуы міндетті түрде қажет. Бұл заттектердің ағзаға атқаратын міндеті 1-кестеде көрсетілді. Басқа да түрлі заттектер ағзада аз мөлшерде болса да болуы қажет.
Тұщы өзен мен көлдердің басым көпшілігінің суының құрамында ең аз дегенде 0,01-0,02% еріген тұздары болады.
Тұздылығы 0,05% - дан аспайтын суды тұщы су, 0,05-1,6% аралығында болса – тұздылау, 1,6% - дан артық болса тұзды су деп бөледі. Суда еріген тұздар өзен суымен ағып барып теңіз, мұхиттарға жиналады. Сондықтан теңіз, мұхиттардың суы тұзға бай. Мұхиттың 1л суында 33-38г (орташа мөлшері 35г/л) тұз болады, яғни тұздың концентрациясы 3,5 пайызды құрайды. Су әмбебап еріткіш болғандықтан көптеген түрлі тұздарды ерітіп, сіңіреді.
Жауын-шашыны аз, жазы ыстық далалық аймақтарда суда еріген тұздардың жауын-шашын суымен сұйылып, концентрациясының азаюымен салыстырғанда судың булануының нәтижесінде тұздың концентрациясының молаюы біршама жылдам жүрілетіндіктен өзінен өзен, бұлақ ағып шықпайтын көлдердің тұздылығы мол болады. Мысалы, Қазақстанның далалық аймақтарында жиі кездесетін көлдердің тұздылығы өте жоғары, Павлодар облысындағы Маралды көлінің тұздылығы 270г/л, Қызылдақ көлінің тұздылығы 320 г/л-ге жетеді.
1-кесте Тірі ағзаға міндетті түрде қажет заттектер
және олардың атқаратын қызметі
Заттек
|
Химиялық белгісі
|
Ағзада атқаратын негізгі қызметі.
|
Азот
|
N
|
Ақуыз нуклеин қышқылдарын түзуге қатысады.
|
Фосфор
|
P
|
Нуклеин қышқылы, фосфолипидтер және сүйек ұлпасын түзуге қатысады.
|
Калий
|
K
|
Ерітінді түрде жануарлар жасушасында кездесетін негізгі заттек. Жасушада жүрілетін зат алмасу үрдісін реттеуге қызмет атқарады.
|
Күкірт
|
S
|
Көптеген түрлі ақуыздардың құрамына кіреді.
|
Кальций
|
Ca
|
Жасуша қабықшасының өткізгіштігін реттейді, сүйек ұлпасының құрамына кіріп сүйектің беріктігін қалыптастырады.
|
Магний
|
Mg
|
Көптеген түрлі ферменттердің қалыпты мөлшерде қызмет атқаруына көмектеседі.
|
Темір
|
Fe
|
Гемоглобиннің және әртүрлі ферменттердің құрамына кіреді.
|
Натрий
|
Na
|
Жасушааралық сұйықтардың құрамында ерітінді түрде кездеседі. Жасушаға әртүрлі заттардың кіруін және одан шығуын реттейді.
|
Құрлықтағы тұщы су мен теңіз мұхиттың тұзды суының тұзының құрамында да айырмашылық бар. Мұхит, теңіз сулары натрий, магний, хлорид, сульфат иондарына бай. Тұщы суларда кальций және корбонат иондары басым болады.
Сулы ортада тіршілік ететін жануарлар үшін өзінің денесіндегі судың мөлшерін тұрақты ұстап, денесіне мөлшерден тыс артық су кіруіне кедергі жасау мәселесі туындайды. Егер жасушасындағы судың мөлшері қалыпты жағдайдан асып кетсе ол жасушаның ішкі осмостық қысымын өзгертеді де жасушада жүрілетін қызмет бабы бұзылады.
Теңіз, мұхитта тіршілік ететін көптеген жануарлардың денесіндегі тұздың концентрациясы оны қоршаған сулы ортадағы тұздың концентрациясымен бірдей болады. Судың тұздылығы өзгеруіне сәйкес олардың денесіндегі тұз иондарының концентрациясы сыртқы ортаның (судың) концентрациясымен теңеуге бағытталып өзгереді. Мұндай жануарлардың тері жамылғысының өткізгіш қабілеті жақсы болғандықтан денесінің ішкі сұйықтарындағы (цитоплазма, жасушааралық сұйықтар т.б.) тұздылық оларды қоршаған судың тұздылығынан аз болса суда еріген тұз иондарын көптеп қабылдап, яки денесіндегі тұздылық судың тұздылығынан көп болса тұз иондарын тері жамылғысы арқылы суға бөліп шығару арқылы теңіз, мұхиттық суының тұздылығымен денесінің тұздылығын теңестіреді. Басқаша айтқанда, мұхит теңіздегі кейбір жануарлардың денесінің ішкі сұйықтарындағы тұздың мөлшері сыртқы судың тұздылығымен бірдей болады. Бұларды п о й к и л о о с м о с т ы жануарлар деп атайды. Пойкилоосмостық (грекше, poikilos - әртүрлі, тұрақсыз; osmos – қысым) жануарларға денесінің су мен тұздылығын реттейтін арнайы механизм дамымаған су жануарлары жатады. Пойкилоосмостық сипат теңіз, мұхиттарда тіршілік ететін көптеген төменгі сатыдағы омыртқасыз жануарларға тән. Судың тапшылығына ұшырап, тұздылығы артқан жағдайда олар белсенсіз - анабиоз күйге түсіп тіршілігін жалғастырады. Әсіресе теңіз жағасындағы көлшік, шалшықтарда, теңіз мұхиттардың жағалық (литораль) белдемінде тіршілік ететін талшықтылар, инфузориялар, шаяншалар және кейбір көптікенекті бунаққұрттар да жиі кездеседі.
Денесіндегі сұйықтардың осмостық қысымын тұрақты молшерде сақтау арқылы судың тұздылығы азайып, молайып өзгеріске түскен кезде денесіндегі тұздың деңгейін тұрақты сақтай алатын жануарлар г о м о й о о с м о с т ы қ жануарлар тобын құрайды. Бұл топтың жануарларының денесіндегі сұйықтардың (мысалы, қан плазмасының) концентрациясы олар тіршілік ететін судағы тұздардың концентрациясынан аз немесе көп те болуы мүмкін. Егер жануарлардың қанындағы немесе ұлпалық сұйықтарындағы тұздың концентрациясы олардың тіршілік ететін суындағы тұздың концентрациясынан әрқашан кем болатын болса, ондай жануарлар г и п о о с м о с т ы жануарлар, ал егер судағы тұздың концентрациясынан артық болса - ги п е р о с м о с т ы жануар деп атайды. Теңіз балықтары және кейбір теңіз шаяндары мен былқылдақ денелілері ұлпаларындағы сұйықтың қысымын гипоосмостық бағытта қарқынды түрде реттей алатындықтан олардың денесіндегі тұздық концентрациясы теңіз суының концентрациясынан 2,5-4 есе аз болады. Тұщы судың балықтарының ұлпалық сұйықтарында кездесетін тұздардың концентрациясы теңіз балықтарындағыдан кем болмайды. Бұдан әрине, олардың гиперосмостық реттеу жасайтынын аңғарамыз. Гомойоосмостық жануарлардың денесіндегі тұздың құрамы мен мөлшерін реттеуге жануарлардың тері жамылғысы, бүйрегі қатарлы, зәр бөлетін мүшелері қызмет атқарады.
Судың тұздылығының азайып, көбеюіне төзімі аз жануарлар с т е н о г а л и о н д ы қ жануарлар деп аталады. Су жануарларының басым көпшілігі тұздылықтың ауытқуына төзімсіз келеді. Тұздылықтың ауытқуына төзімді жануарлар э в р и г а л и о н д ы қ жануар деп аталады. Эвригалиондық жануар онша көп емес. Өзендердің тұзды көлдер мен теңіз, мұхиттарға құятын құйғанында (эстуарии) тіршілік ететін кейбір жануарлар және теңіз, мұхиттарда тіршілік етіп, өзен, көлдердің тұщы суына уылдырық шашатын кейбір көшпенді балықтар тұздылыққа да, тұщылыққа да төзімділігімен (эвригалиндық) ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |