Оқыту әдiстерi - педагогикалық үрдіске қатысушылардың білімді меңгеруге бағытталған бiрлескен әрекеттерiн ұйымдастырудың тәсiлдер жүйесі. Әдiстеме ұғымы нақты бір іс-әрекетті орындау үшін қолданылатын әдістер мен тәсілдер жиынтығы деп түсіндіріледі. Әдістеме бір істі атқарудағы әдiстер мен тәсiлдердiң кешенiн пайдалану тәртiбiн бiлдiредi.
Оқыту әдiстемесi – пәндi оқытудың ғылыми дәлелденген әдiстер, ережелер, тәсiлдер жүйесi және оқыту теориясын қолдану болып табылады. Оқыту технологиясы – оқыту үрдісiнiң диагностикалы қойылған мақсаттарына қол жеткізу құралдары, алдын-ала жоспарланған оқыту үрдісінің практикалық түрде жүйелiлiк пен бiрiздiлiк негізінде іске асырылуы. Педагогика ғылымында және білім беру мекемелерінің тәжірибесінде педагогикалық технологиялар ұғымы жиі қолданылады. В.П. Беспальконың пікірінше педагогикалық технология - белгіленген бiлiм беру мақсаттарын табысты жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн тәрбие мен оқыту үрдістерін жандандырудың теориялық тұрғыдан негiзделген құралдар мен әдiстер жиынтығы.
В.М. Монаховтың пайымдауынша педагогикалық технология – мұғалiм мен оқушы үшiн жағымды жағдайды қамтамасыз ететiн оқу үрдісiн жобалау, ұйымдастыру және өткiзуде барлық бөлшегiне дейiн ойластырылған бiрлескен педагогикалық iс-әрекет үлгiсi. Г.К.Селевконың негіздеуінше педагогикалық технология – көздеген мақсаттарға қол жеткізетін, уақыты мен кеңістік тұрғысынан бағдарламаланған, ғылыми негізде құрылған педагогикалық үрдістің барлық компоненттерінің қызмет ету жүйесі.
Педагогикалық технологиялар – оқушылар мен ұстаздардың субъект-субъектілі қарым-қатынастарына негізделген, олардың өз-өздерін өзектендіруге, өз-өздерін дамытуға бағытталған, диагностикалық қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі тиімді әдістер мен құралдар жиынтығының үйлесімді қызметі.
С.С.Кашлев педагогикалық технологиялардың төмендегідей қызметтерiн топтастырып қарастырады:
1) Педагогикалық технологияның ұйымдастырушылық-iс-әрекеттiк қызметiне:
- педагогтың педагогикалық үрдістiң әрбiр бөлiгiнде нақты немен айналысуын анықтайтын ұйымдастырушылық iс-әрекетi;
- оқушының педагогикалық үрдістiң әрбiр кезеңінде не iстеу керектiгiн нақтылайтын педагогтың ұйымдастырушылық iс-әрекетi;
- педагог пен оқушының бiрлескен әрекетiнiң өзара ұйымдастырылуы;
- баланың өзiндiк белсендiлiгiн дамытатын өзiнiң iс-әрекеттерi ұйымдастырылуы жатады.
2) Педагогикалық технологияның жобалау (болжау) қызметiне:
- педагогикалық үрдістiң шынайы жағдайын диагностикалауы;
- педагогикалық үрдіске қатысушылардан күтілетін нәтижелерiн болжай алуы;
- педагогикалық әрекеттестiктi модельдеуі;
- педагогикалық технологияны жүзеге асыру үрдісiнде бала мен педагогтың даму деңгейiн болжау үрдістері жатады.
3) Педагогикалық технологияның коммуникативтік қызметiне:
- мұғалiм мен оқушының қарым-қатынастық мүмкiндiктерiн дамытуы;
- педагогикалық үрдіске қатысушылардың, мұғалiм мен оқушының арасында ақпарат алмастыруы;
- педагог пен тәрбиеленушiнiң өзара түсiнiстік жағдайын жасауы;
- балалар арасындағы интерактивтi қатынас үшiн қолайлы жағдайды қамтамасыз етуі;
- педагогтар мен ата-аналардың коммуникативтік iс-әрекеттерінің тиімділігін арттыруы жатады .
Достарыңызбен бөлісу: |