ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені



бет3/6
Дата13.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#134123
1   2   3   4   5   6

Негізгі ұғымдар: ес, есте сақтау, ерікті есте сақтау, еріксіз есте сақтау, ассоциация, аралас не іргелес ассоциациялар, ұқсастық ассоциациялар, қарама- қарсылық ассоциациялар, есте қалдыру, қайта жаңғырту, тану, қимыл- қозғалыс есі, эмоциялық-сезімдік есі, бейнелі- көрнекілік есі, сөздік- мағыналық ес, елес, ұмыту.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Ес дегеніміз не?

2. Ассоциация дегеніміз не?

3. Есте сақтаудың негізгі түрлерін атаңыз?

4. Естің жеке ерекшеліктері қандай?

5. Елес дегеніміз не?

6. Елестің типтерін атаңыз.

Әдебиеттер:


  1. Тәжібаев Т. Жалпы психология. А., 1995.-167-182 беттер.

  2. Алдамұратов Ә. Жалпы психология. А., 1995.-41-46 беттер.

  3. Жарықбаев Қ. Жалпы психология.-А., 1993.-129-146 беттер.

  4. Немов Р.С. Психология. М., 1998.-217-260 беттер.

  5. Рубинштейн Р.С. Основы общей психологии. М., -256-295 беттер.

  6. Столяренко Л.Д. Основы психологии.-М., 1997.-35-43 беттер.


Тақырып. Ойлау.

Дәріс жоспары:

1. Ойлаудың жалпы сипаты..

2. Ойлаудың физиологиялық негіздері.

3. Ойлау түрлері.

4. Ойлау формалары.

5. Ойлау тәсілдері.

5. Ойлау саласындағы дара айырмашылықтар.



Дәрістің қысқаша мазмұны.

Ойлау дегеніміз–сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс– қатынастарының мида жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Сонымен, жекеден жалпыға және жалпыдан қайта жекеге көпсатылы ауысу ерекше психикалық процесс ойлау негізінде жүзеге асады.

Ойлау процесі елестермен де тығыз байланысты.Адамның ойы әрқашан да сөз арқылы білдіріледі Ой сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғарғы формасы болса, ал сөз ойды басқа адамдарға жеткізетін құрыл болып табылады.

Ойлаудың физиологиялық негіздері И.П.Павловтың бірінші және екінші сигнал жүйесі жөніндегі іліміне байланысты түсіндіріледі. Ойлау –ми қыртысының күрделі формадағы анализдік-синтездік қызметінің нәтижесі, мұнда үлкен ми сыңарлары қыртысында құралатын уақытша жүйке байланыстары жетекші роль атқарады

Ойлаудың психологиялық теориялары. Ойлау–аса күрделі психикалық процесс. Осы зерттеумен бірнеше ғылымдар айналысады. Солардың ішінде логика мен психологияның орны ерекше. Бірақ екі осы ғылымның ойды зертеудегі әдіс–тәсілдерінде өзіндік айырмашылықтары бар. Ойлау психологиясы арнайы түрде XX-шы ғасырда ғана жасала бастады. Осы уақытқа дейін үстемдік еткен ассоциативтік психология барлық психикалық процестер ассоциациялар заңы бойынша өтетін және сананың құрылуы аз не көп күрделі комплекстердің ассоциациялары арқылы біріктірілген қарапайым сезімдік түсініктерден тұратын ережеден бастау алады.

Ойлаудың ассоциативтік теориялары.



    • Құрылымдық психологияға сәйкес жеке сезімдік елестер психологиялық тәжірибенің бастапқы элементтері болып табылады. Осындай жеке сезімдер елестер арасында ерекше байланыстар немесе ұқсастық, контрастылық, уақыт пен кеңістікте сәйкес келу сияқты аасоциациялар орнайды. Осылайша, ассоциативтік психологияда ойлау сезімдік елестердің ассоциациясы ретінде түсініледі.

    • Кеңестік психологияның ойлау теориясы мен зерттеу әдіснамасына қосқан маңызды үлесі адамның сыртқы, практикалық, ішкі, ақыл–ой іс-әрекетінің байланыстарын бөліп көрсету мен құрылымдық ұқсастығын анықтау болды.

Ойлаудың негізгі түрлері.

Шығу тегі мен пайда болуы (генезі) бойынша ойлау келесі түрлерге жіктеледі:

- Көрнекі-әрекеттік ойлау–мәселені шешу жағдаятын шынайы түрлендіретін, бақыланатын қозғалыстық әрекет арқылы іске асатын ойлау түрі.

- Көрнекі–бейнелік ойлау–жағдаят тек бейне жоспарында ғана түрленетін ойлау түрі.

- Сөздік–логикалық (пайымдаушы) ойлау–тілдің және тілдік құралдардың көмегімен шығарылатын ұғымдарды, логикалық құрылымдарды пайданумен сипатталатын ойлаудың негізгі түрлерінің бірі. Ойлаудың негізгі формалары. Ойлау ой операцияларымен қоса, ой формаларынан да тұрады. Ойдың бастапқы формасы болып ұғым есептеледі. Ұғым дегеніміз–заттар мен құбдылыстар туралы ой. Шындықтағы заттардың қарапайым байланысы пікірлерден көрінеді. Пікір бұл бір зат туралы мақұлдау не оны жоққа шығаруда көрінетін ойлаудың формасы. Ойлаудың ең күрделі және жоғарғы формаларының бірі–ой қорытындылары. Ой қорытындылары дегеніміз–бірнеше пікірлерден жаңа пікірлер шығару тәсілі. Ой қорытындысының негізгі үш түрі бар: 1) дедукциялық, 2) индукциялық, 3) аналогиялық ой қорытындысы.

Дедукция дегеніміз–жалпыдан жекеге қарай жүретін ой қорытындысы. Индукцияжекеден жалпыға қарай жасалатын ой қорытындысы. Аналогия дегеніміз–ұқсастық бойынша ой қорытындыларын жасау.

Ойлау тәсілдері. Ойлау күнделікті өмірде кездесетін міндеттерді шешуден басталатын болғандықтан, адамда ойлаудың тәсілдері болады. Мұндай тәсілдерге талдау мен біріктіру, салыстыру, абстракциялау мен нақтылау, қорыту жатады.

Талдау деп белгілі бір затты, құбылысты, процесті оның құрамды элементтеріне, бөліктеріне, сипаттарына ажыратуды айтады. Жеке элементтерді немесе бөліктерді бір бүтін етіп біріктіру әдісін біріктіру деп айтады. Абстракциялау - ойлау әдістерінің ең күрделі түрі. Заттардың бірқатар қасиеттерін ойша дерексіздендіріп, қандай да болса, бізге керек қасиетін бөліп алып қарауды абстракциялау деп атайды. Абстракцияға қарама-қарсы процесс-нақтылау. Егер, біз белгілі бір затты айтсақ немесе ол заттың нақты белгісін атап көрсетсек, мұнда нақтылау деп аталатын процесс болады. Теориялық материалды дәлелдеуде нақтылаудың мәні күшті. Жалпылау дегенміз- бір текті заттардың, құбылыстардың ортақ қасиеттерін оймен біріктіру. Жалпылау үшін заттардың ерекше маңызды белгілерін таба білу керек.

Ойлау саласындағы дара айырмашылықтар. Кез келген психикалық процесс тәрізді ойлаудың да өзіндік
параметрлері қасиеттері болады. Осындай ойлаудағы жеке дара
ерекшеліктерді білдіретін ойлаудың қасиеттері сан алуан болады.
Солардың ішінде негізгілері мыналар:

Ойдың сыңшыдлыгы - адамның өз және өзге адамның ойларын объективті бағалай алу, барлық жасалатын қағидалар мен тұжырымдарды түпкілікті және жан-жақты тексере алу қабілеті.

Ойлаудың асығыстығыадам сұрақты, мөселені ж.ан-жақты ойластырып алмай, оның бір жағын бөліп алып, асығыс шешім қабылдауға тырысуы, белгілі бір дәрежеде ойластырылмаған жауаптар мен пікірлерді беруі.

Ойлаудың тездігіадамның жаңа жағдаятты тез түсіне алып, тез ойлау негізінде дүрыс шешім қабылдай алуы.

Ойлаудың дербестігі - адамның жаңа міндеттерді, мәселелерді шығара алумен және басқа адамдардың көмегінсіз өзі мәселенін дүрыс шешілу жолын табумен сипатталады.

Ойлаудың икемділігіойлаудың оны шектейтін жатталып қалған, таптаурын шешу тәсілдерінен тәуелсіздік дәрежесін білдіреді.

Ойлаудың тереңдігі — күрделі сұрақтардың мәніне терең шоғырланып, зерттей алуы.

Ойлаудың кеңдігіадамның, зерттелетін мәселенің маңызды жақтарын түсірмей, түтас қамтып, талдай алу қабілеті.



Негізгі ұғымдар: ойлау, көрнекі-әрекеттік ойлау, көрнекі–бейнелік ойлау, сөздік–логикалық ойлау, ұғым, пікір, ой қорытындысы, дедукциялық, индукциялық, аналогиялық, абстракция, анализ, синтез, салыстыру, нақтылау, жалпылау.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:



    1. Ойлау дегеніміз не?

    2. Ойлау әрекетінің кезеңдеріне тоқталыңыз.

    3. Ойлау түрлерін атаңыз.

    4. Ойлау формаларына (ұғым, пікір, ой қорытындылары) анықтама беріңіз.

    5. Абстракция дегеніміз не? Мысал келтіріңіз.

    6. Нақтылау деген не? Мысал келтіріңіз.

    7. Жалпылау деген не?

Әдебиеттер:

      1. Жарықбаев Қ. Психология. А., 1993.-146-162 беттер.

      2. Тәжібаев Т. Жалпы психология. А., 1995.-182-192 беттер.

      3. Алдамұратов Ә. Жалпы психология. А., 1995.-47-51 беттер.

      4. Немов Р.С. Психология. М., 1998.-273-311 беттер.

      5. Рубинштейн Л.С. Основы общей психологии.-М.,-309-349 беттер.

      6. Столяренко Л.Д. Основы психологии.-М., 1997.-45-57 беттер.


Тақырып. Сөйлеу.

Дәріс жоспары:

1.Сөйлеу және тіл.

2.Сөйлеудің физиологияық механизмі.

3. Сөйлеудің түрлері.

Дәрістің қысқаша мазмұны

Адам баласының сана-сезімінің дамуында дыбысты тілдің пайда болуының маңызы зор болады. Сөйлеудің пайда болуы нәтижесінде адам организмі анатомиялық өзгерістерге түсіп, дыбыс артикуляциясына қабілеті бар сөйлеу аппараты жасалады. Осының арасында адам жеке дыбыстарды ғана емес, түрлі дыбыс тіркестерін, тиісті мән- мағынасы бар сөздерді айта алатын қабілетке ие болады.

Тіл, сөйлеу - ежелден бері жеке адамның да, қоғамдық ой санасын дамытып жетілдіруге аса маңызды роль атқарады. Сөз ойлы да, мәнерлі де болуы тиіс. Адамдардың арасында қатынас құрамы ретінде тілдің қызмет атқаруы, оның негізгі қызметі. Тіл сондай-ақ адам сана-сезімінің, оның психологиясының көрсеткіші де. Тіл адамды қимыл- әрекетке де итермелейді. Бұл – оның атқаратын екінші қызметі.

Тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізуді сөйлеу деп атайды. Сөйлеу –пікір алмасу процесінде жеке адамның белгілі тілдің пайдалануы. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі сөздерді сыртқа білдіре аламыз. Сөзді қабылдау және оны ұғыну бір-бірімен тығыз байланыста. Сөзді дұрыс қабылдамай тұрып, оны ұғынуға болмайды. Қабылдау мен ұғыну бір мезгілде жүріп отырады, бірінсіз-бірі іске аспайды.

Адамға тән сөйлеу әрекетінде екі сипат болуы шарт. Бұларсыз сөйлеу өзінің қызметін дұрыстап атұқара алмайды. Мұның біріншісі- сөйлеудің мазмұндылығы, екіншісі, оның мәнерлігі. Сөздің мазмұндылығы дегеніміз- екінші біреуге жеткізілетін ойдың айқындығы. Сөздің мәнерлігі дегеніміз- адамның сөйлеу кезіндегі эмоциялық қалпын білдіре алуы, яғни әрбір сөйлемді өзінің сөзімен айта алуы.

Сөйлеу әрекеті үлкен ми сыңарларының анализдік, синтездік қызметінің нәтижесі. Бұл біріншіден, сөйлеу органдарындағы қозғалыстарды, жазылған әріптердің түрлерін, тілдегі дыбыстарды нәзік таңдаудан; екіншіден, сөздік сигналдарының бөлшектенген элементтерін байланыстырудан көрінеді.

Француз ғылымы Брокка «адамдардың ми сыңарларының сол жақ бөлігінде (маңдай қыртысының төменгі жағында) адамның дыбыстап сөйлей алуын басқарып тұратын нерв орталығы бар, ал сөзді қабылдау көптеген анализаторлардың (көру, есту, қозғалыс т.б. ) бірлескен қызметін қажет етеді» дейді. Сөзді қабылдау, оның мәнісіне түснуде мидың есту, көру, сипау, сипай-сезу, қозғалыс зоналарының бірлескен қызметін реттеп отыратын сол жақ ми сыңарының төбе, самай, желке бөліктерінің қызметі де ерекше.

Сөйлеу бірнеше түрлерге бөлінеді. Алдымен сыртқы және ішкі сөйлеу болып үлкен екі топқа бөлінеді. Сыртқы сөйлеу ауызша (бұл тілдің ең көп және кең тараған түрі) және жазбаша сөйлеу болып, ал ауызша сөйлеудің өзі диалог және монолог болып екіге бөлінеді.

Диалог және монолог сөздері көбінесе беттің мимикасының өзгеруімен, ымдау сипатындағы түрлі қозғалыстармен қосарласып отырады. Адам мұны көмекші құрал ретінде ғана пайдаланады.

Сөйлеудің ерекше бір түрі - жазбаша сөйлеу. Жазбаша сөйлеу арнаулы әдістер арқылы меңгерілетін сөйлеудің түрі. Жазбаша сөйлеу адам баласы хат танырлықтай дәрежеге жеткенде, ауызша сөйлеудің біршама дамыған кезінде ғана пайда бола бастайды.



Негізгі ұғымдар: сөйлеу, ішкі сөйлеу, сыртқы сөйлеу, жазбаша сөйлеу, ауызша сөйлеу, диалогты, монологты.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:



  1. Сөйлеу дегеніміз не?

  2. Сөйлесу дегеніміз не?

  3. Ішкі сөйлеу дегеніміз не?

  4. Диалогты сөйлеу дегеніміз не?

  5. Тілдің атқаратын қызметтерін атаңыз.

Әдебиеттер:

    1. Жарықбаев Қ. Психология. А., 1993.-162-178 беттер.

    2. Тәжібаев Т. Жалпы психология. А., 1995.-192-206 беттер.

    3. Алдамұратов Ә. Жалпы психология. А., 1995

    4. Немов Р.С. Психология. М., 1998.-311-335 беттер.

    5. Рубинштейн Р.С. Основы общей психологии. М.,-381-417 беттер.



Модуль 3. Жеке адамның психологиялық ерекшеліктері.

Тақырып. Психикалық жағдайлар (зейін, тұлғаның эмоциялық-еріктік жақтары).

Дәріс жоспары:



    1. Зейін туралы жалпы түсінік.

    2. Ерік туралы түсінік және оның тұлғаның іс-әрекетінде алатын орны.

    3. Эмоция және сезім.

    4. Адамдағы жоғары сезімдер.

Дәрістің қысқаша мазмұны.

Зейін деп – адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуын көрсететін құбылысты айтады. Зейін бізге сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын анығырақ және толығырақ бейнелеу үшін, психикалық әрекетіміздің оларға бет алып жинақталуы үшін керек. Егер зейін болмаса, заттарды, құбылыстарды жақсылап, толығырақ сәулелендіруге болмас еді. Адамдардың зейіні ырықты, ырықсыз және үйреншікті болып үшке бөлінеді.

Зейіннің қасиеттері: зейіннің тұрақтылығы, аударылуы, бөлінуі, көлемі және алаң болушылық деп бөлінеді.

Ерік адамның практикалық және танымдық әрекетін ретке келтіруден көрініп, соларды жүзеге асырудан тұрады. Ерік табиғатын материалистік түсіну әрекеттер мен қылықтардың қозғаушы күштері адамның өзіде емес, сыртқы ортада жатады деген жайтты сөзсіз мойындаудан көрінеді. Адамның ерік- жігерін белсенді түрде өзінің әрекеті ретінде қарастырмайды, өздігінен ассоциация заңдары бойынша пайда болатын әрекеттер деп түсінеді.Ерік туралы эмоциялық теорияны ұсынушы неміс психологы В.Вундт. Оның көзқарасы бойынша, ерік эмоциялық сезімдердің тек бір түрі ғана болып табылады. Ерік ең күшті сезімдердің, аффектердің ерекше варианты. Жағымды сезімдер ерікке негіз болып, оларды тудырып отырады. Әрине ерікті эмоцияның бір түрі деп айтуға болмайды. Өйткені ерік пайда болу үшін, оған адамның түрлі жағымды сезімдері түрткі болмайды, керісінше адамның мұқтаждықтары себеп болады. Америка психологы Джемс ерік адамда пайда болған ойдың еріксіз қимылға айналуы дейді. З.Фрейд пен Э.Фроммның психоаналитикалық зерттеулерінің нәтижесінде «ерік адам қылықтарына дем беруші» ерекше қуат деген түсінік ғылымға енді.

Еріксіз әрекеттердің физиологиялық негізі болып табылатын шартсыз байланыстар тізбегі - инстинкт әрекеті ырықсыз орындалады.

Ерік құрылымы: ниеттің туындауы мен мақсат белгілеу; талдау талқылау кезеңі мен сеп-түрткілер (мотив) таласы; шешім қабылдау; орындау.

Сезімдер- адамның өзіне, өзге адамдарға, айналадағы заттар мен құбылыстарға көңіл – күйінің қатынасын білдіретін және оларды бейнелейтін психикалық процесс. Сезім - өте күрделі психикалық процестердің бірі. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді. Адам сезімдері тарихи әлеуметтік сипатта болады. Демек, Адамның өмірі қоғамға байланысты, оның әрекеті де қоғамдық саналы әрекет.

Эмоция - адамның органикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыру мен қанағаттандырмауға байланысты туатын психикалық күйлер. Эмоцияларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Оардың бір тобы – жағымды, не ұнамды эмоциялар деп аталады.

Адамның шамадан тыс зорлануын психологияда стресс – ( «стресс» - ағылшын сөзі, шамадан тыс зорлану деген мағына береді) деген терминімен белгілейді. Күрделі эмоциялардың бірі көңіл. Кейпіне қарап адамдарды шат, жайдары, жылы жүзді, ызалы, түсі суық деп ажыратады. Адамның көңіліне айналасын қоршаған дүние әсер етіп отырады. Көңіл – күй деп – біршама бәсең, бірақ әжептәуір ұзағырақ, психикалық процестер мен адамның барлық мінез – құлқында көрінетін жалпы эмоциялық жағдайларды айтады. Аффектер дегеніміз – қысқа уақытқа созылса да бұрқ етіп, қатты көрінетін эмоцияның бір түрі. Аффектілік жағдайдың тууы ми қыртысында күшті қозу бөлігінің болуымен байланысты.

Адамгершілік сезімдер: достық, жолдастық, адалдық, ар – намыс, борыш, жауапкершілік, т. б. Интеллектік сезімдер: тану процестерімен, ақыл – ой әрекетімен байланысты білуге құмарлық, күдіктену, сенімділік, жаңашылдық, болжау. Эстетикалық сезімдер: адамның шындықтағы қандай болмасын бір сұлулықты сезінуі.



Негізгі ұғымдар: зейін, ырықты зейін, ырықсыз зейін, үйреншікті зейін, зейіннің тұрақтылығы, аударылуы, бөлінуі, көлемі, алаң болушылық, ерік, мақсат, талдау талқылау, түрткілер (мотив), шешім қабылдау; орындау, эмоция, сезім, адамгершілік сезім, интеллектуалды сезім, эстетикалық сезім, аффект, көңіл-күй, стресс, фрустрация.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:



  1. Зейін дегеніміз не?

  2. Зейіннің түрлерін атаңыз және оларға анықтама беріңіз.

  3. Зейіннің қасиеттерін атаңыз және оларға анықтама беріңіз

  4. Ерік дегеніміз не?

  5. Еріктік әркетті сипаттаңыз.

  6. Эмоция дегеніміз не?

  7. Сезім дегеніміз не?

  8. Адамдағы жоғары сезімдерді атаңыз.

  9. Аффект дегеніміз не?

  10. Стресс дегеніміз не?

Әдебиеттер:

  1. Тәжібаев Т. Жалпы психология. А., 1995.-114-119, 212-223 беттер.

  2. Жарықбаева Қ. Психология.А., 1993.-84-97, 194-221 беттер.

  3. Немов Р.С. Психология. Т-1.М., 1998.-201-2017, 435-511 беттер.

  4. Рубинштейн Р.С. Основы общей психологии. М., 2000

  5. Столяренко Л.Д. Основы психологии. М., 1997.-67-71 беттер.


Тақырып. Темперамент.

Дәріс жоспары:

1. Темперамент жеке адамның қасиеті ретінде..

2. Темпераменттің физиологиялық негізі.

3. Темперамент туралы теориялар.

4. Темпераменттің негізгі типтері.



Дәрістің қысқаша мазмұны.

Темпераменттің физиологиялық негіздерін ғылыми тұрғыдан дәйекті етіп түсіндірген И.П.Павловтың ілімі темпераментті ғылыми сара жолға түсірді. Соңғы жылдары көрнекті орыс психологы Б.М.Тепловтың лабораториясында жүйке жүйесінің типтері одан әрі зерттеле түсті. Бұл зерттеулерде И.П.Павловтың жүйке жүйесінің төрт түрлі типі туралы ұғымы адамдардың жеке өзгешеліктерін, әсіресе, оның темпераменттерін анықтауда ерекше маңызды ғылыми теория екені дәлелденді.

Темперамент жайлы ғалымдардың пікіріне тоқталсақ: темперамент - жүйке жүйесінің тума қасиеттерінен туындайтын адамның жеке өзгешеліктерінің бірі. Ол адамдардың эмоциялық қозғыштығынан, қимыл-қозғалысынан, жалпы белсенділігінен жақсы байқалады.

Темперамент туралы алғашқы ой-пікірлер ғылымда өте ерте кездің өзінде-ақ айтыла бастады. Ежелгі Грецияның белгілі ғалымы, дәрігер Гиппократтың еңбектерінде бұл жөнінде біраз пікірлер айтылған. Гиппократтың ойынша, әртүрлі темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесіндегі төрт түрлі сұйық затқа байланысты деген. Олар: денені жылытып тұратын - қан, салқындататын - сөл, құрғататын - баурдағы сары өт және оған дымқылдық беретін қара өт. Осы төрт түрлі сұйықтың араласуының пропорциясын грекше «красис», латынша бұл терминді темпераментум деп атап кеткен. Сөйтіп, Гиппократ адамдағы темпераменттердің әртүрлілігі ағзадағы осы төрт түрлі сұйық заттың бір-бірінен аз- көптілігіне байланысты деп түсінген. Мәселен, қанның пропорциясы көп болса - сангвинник (латынша «сангиус»), ал сөл көп болса – флегматик (грекше «флегма»), ал ағзада қара өт көп болса – меланхолик (грекше «мелай-нехоле»), сары өт көп болса – холерик (грекше «холеот») темпераменті деп аталған.

Ал Рим дәрігері Гален темпераменттің санын он үшке жеткізді. Гален ағзада жылылық басым болса, адамның темпераменті күшті болатынын, денесі салқын болса, темпераменті баяулайтынын айтқан. Орта ғасырдағы ғалымдар темпераментті ағзадағы химиялық заттардың құрамына байланысты түсіндіруге тырысты. Кейіннен темперамент ағзаның түрліше физиологиялық өзгешеліктеріне, атап айтқанда, қан жолы жүйесінің құрылысына, зат алмасуға, ішкі секреция бездеріне, т.б. көрсеткіштерге байланысты деген пікірлер таратады. Темперамент туралы теориялар XIX ғасырдың аяқ кезінде кең өріс алады. Неміс анатомы Гейне темпераменттің түрліше болуы жүйке жүйесінің тонусына байланысты десе, орыс астрологы Н.Л.Зеланд ми қабықшаларындағы молекулярлық қозғалыстың жылдымдығы мен біркелкілігіне байланысты деген. Ал орыс педагогы П.Ф. Лесгафт темпераменттерді қан сауыттарының жуандығы мен кеңдігіне байланысты деді.

Темпераменттің типтері. И.П.Павлов жүйке жүйесінің типтері туралы ілімі бойынша әртүрлі темперамент өкілдерін былайша сипаттады:

Сангвинник – эмоциялық қозуы шапшаң, күшті, бірақ тұрақсыз. Оның көңіл-күйі әп-сәтте өзгереді. Ол - әсершіл адам, ұнатқан, сүйген нәрсесіне елігіп, әуестенуі де оңай. Ақкөңіл, көпшіл, сөзшең, қайырымды.

Холерик – эмоцияға берілуі шапшаң, сезім күйлері оқыс ауытқып, құмарта көтеріп кететін шыдамсыз, күйгелек кісі. Ол әп-сәтте күйіп-піседі. Ашуланса, бұрқ-сарқ етіп, қызу екпіні сарқылып барып басылады. Іске шапшаң кіріседі, бастаған ісін аяқтап шығады. Қимыл әрекетті сүйеді, тез қозғалады. Сезімтал болғандықтан, түрлі әсерге тез беріліп, ызақор, ашуланшақ болады.

Флегматик – эмоциялық қозуы әлсіз, көңіл-күйі байсалды, желікпейді, ашуланбайды, орнықты қалпында ұзақ сақталады. Оның жадырап қуануы да, жабырқап қайғыруы да қиын. Аз қозғалады, сылбыр не баяу қимылдайды. Іс-әрекеті тиянақты, бастаған ісін аяқтайды. Байсалды, орнықты келеді. Өте сақ, сенімі тұрақты, бір қалыпты, салқынқанды, жай темппен сөйлейді.

Меланхолик – эмоциялық көтерілуі табанды, күшті, тұрақты болады. Сыртқы көрінісі әлсіз келеді. Әр нәрседен ауыр әсер алады. Көңіл-күйі баяу, жабырқау, сыртқы жағдайдан сескеніп, үрейленіп тұрады. Кедергі кездессе уайымдайды. Өкпелегіш, сөзге сараң, жайбасар келеді. Адамдармен қарым-қатынасы жоқ, ұялшақ, тұйық.

Зерттеуші Б.М.Теплов былай дейді: «Темперамент ерекшеліктеріне тәуелді адамдар іс-әрекеттің соңғы қорытындысымен ажыратылмайды, олардың қорытындыға жету қабілетімен ажыратылады». Осы ойды дамыту барысында психологтар зерттеу жүргізді және іс-әрекетті орындау амалымен, темперамент ерекшелігінің арасындағы байланысты анықтайды. Әрбір адамда қандай да бір қызметті орындауда қызметтің жеке даралық стилі өндіріледі. Қызметтің жеке даралық стилі адамда өздігінен пайда болмайды, ол оқу, тәрбие процесінде қалыптасады. Негізгі ұғымдар: темперамент, меланхолик, сангвигик, флегматик, холерик.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1.Темперамент дегеніміз не?

2.Темперамент типтерін атаңыз.

3.Темперамент типтеріне психологиялық сипаттама беріңіз.

Әдебиеттер:



      1. Тәжібаев Т. Жалпы психология. А., 1995.-223-229 беттер.

      2. Алдамұратов Ә. Жалпы психология. А., 1995

      3. Жарықбаев Қ.Психология.-А., 1993.-226-236 беттер.

      4. Немов Р.С. Психология. Т-1.М., 1998.-394-405 беттер.

      5. Рубинштейн Р.С. Основы общей психологии. М.,-613-620 беттер.

      6. Столяренко Л.Д. Основы психологии. М., 1997


Тақырып. Мінез.

Дәріс жоспары:



  1. Мінез туралы түсінік.

  2. Мінездің психикалық құбылыс ретіндегі ерекшеліктері.

  3. Мінез бітістері.

  4. Мінездің қалыптасу заңдылықтары.

Дәрістің қысқаша мазмұны.

Мінез – жеке адамның өзіне тән қылық әрекетінде, тіл қатынасында тұрақты қалыптасатын дара ерекшеліктерінің жиынтығы. И.Кант мінезді темпераментпен салыстыра отырып, оны адамда жүре пайда болатын қасиет деп анықтады. Сондай-ақ, ол адамның даралық қасиеттеріндегі туа пайда болатын ерекшеліктер мен жүре пайда болатын ерекшеліктерді бөліп көрсетеді. Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен тығыз байланысты. Осылар мінездің дамуы үшін шешуші роль атқарады. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады.

Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен (мектеп, балар мекемелері, оқу, өндіріс коллективі, қоғамдық ұйымдар т.б.) тығыз байланысты. Осылар мінездің дамуы үшін шешуші роль атқарады. Мінез өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады. Мысалы, ешбір бала туысынан еңбек сүйгіш, не жалқау, тәртіпті, не ұстамсыз болып тумайды. Оның мінезі ұзақ жылға өмір сүру барысында өмірдің сан алуан ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасып отырады.

Мінездің қалыптасуындағы басты шарт - өмірлік мақсат, мұраттың нақтылығы. Мақсаттың болмауы не оның шашыраңқылығы – мінезсіздіктің белгісі.

Мінез ерекшеліктері адам қызығушылығымен тығыз байланысты, бірақ оның бұл қызығулары мәнді әрі тұрақты болуы шарт. Адам мінезі сан алуан. Бұл іс-әрекетте айқын көрінеді: біреудің барша қимылы – шапшаң, екіншісі – асықпайды, бірақ ісі тыңғылықты, үшіншісі – іске ойланбастан асым салады, кейін барып ойланады да, жағдайға қарай ісін ретіне келтіреді. Адам мінезінде көрінетін мұндай ерекшеліктер – мінез бітістері деп аталады. Қандай да бітіс әрекет – қылықтың тұрақты, қайталанып отыратын нақты белгісі.

Мінез бен темперамент ұқсастығы адамың физиологиялық ерекшеліктеріне, яғни жүйке жүйесінде болған тәуелділіктен. Мінездегі ұстамдылық – ұстамсыздық – ұстамдылық, қозғалғыштық – салғырттық т.б. тікелей темпераментке байланысты. Бірақ мінез темпераментке түгелдей тәуелді емес.

Адамның өмір жолы мен әрекетінің сипаты түрліше болатындықтан, оның мінез бітістерінде басқа біреуде қайталанбайтын жеке ерекшеліктер көптеп кездесіп отырады. Адамның сансыз мінез бітістерінің кейбірін белгілі топтарға жинақтауға болады. Олар мына төмендегідей: адамның өзіне - өзі қатынасын білдіретін мінез сипаттары да осы топтың негізгі бір жағы. Бұларға кішіпейілділік, қарапайымдылық, өзін-өзі сынай алу, талап қоя білушілік және бұларға қарама-қарсы өр-көкіректік, мақтаншақтық, жасқаншақтық т.б. жатады. Мінез бітістерінің келесі тобын адамның өзіне - өзі меңгере алу қабілетіне орай қалыптасқан өзгешеліктері құрайды. Бұл топты мінездің еріктік сапалары. Бұларды да адамның жалпы бағыты мен дүниетанымына, жоғарыда көрсетілген мінез бітістерінің мазмұнынан тыс қарауға болмайды.

Мінезде жеке бітістер және сапалармен қатар тұлғаның қоршаған ортаға икемдесуін қамтамасыз етуші жалпы қылық тәсілі – мінез типтернін ажыратуға болады. Мінез типін анықтауда нақты адамдар мінезінің жалпы да мәнді, өмірлік қажетті тараптары ескеріледі.

Мұндай адамдардың ішкі жан дүниесі дөрекі қарапайымдылыққа негізделген: тіршілік үшін болған әрекет-қимылы тіке, бірбеткей. Күнделікті күйбең мүдделеріне жетуде ойланып-толғануды білмейді, өз мүдделерін шектей алмайды. Олар үшін кедергі біреу-ақ – сыртқы; ішкі сапалық, жандүниелік қиыншылықтарды өлшестіруге ақылы жетпейді, бар көздегені – мол, оңай олжа, бір мезеттік игілік. Бұл адамдардың барша ынта – ықыласы, нақты, қалыпты жағдайды пайдаланумен қажеттерін мейлінше толық қамтамасыз ету. Ыңғайласу, жағымпаздықпен ішкі дүниесін тысқы жағдайларға бағындыру – мұндайлардың негізгі мінездік болмысы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет