ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешені


Лекция 26. Техникалық регламенттерді жасау технологиясы



бет5/7
Дата09.06.2016
өлшемі465.5 Kb.
#123922
1   2   3   4   5   6   7

Лекция 26. Техникалық регламенттерді жасау технологиясы


Техникалық регламенттерді қолданудың мақсаттары мен қарастыратын мәселелері

Техникалық регламент стандарт пен ережелерге сілтемелер жасап, немесе осы құжаттардың мазмұнын қосу арқылы жасалған міндетті талаптарды орнататын құжат.

Техникалық регламенттерде белгiленген талаптар мiндеттi болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында тiкелей қолданылады және техникалық реттеу саласындағы тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу арқылы өзгертiлуi мүмкiн.

Техникалық регламенттерде айқындалған талаптар, Қазақстан Республикасының аумағына жануарлар мен өсiмдiктер не олардың өңделген өнiмдерi арқылы тарайтын аурулардың кiруiн болғызбауға бағытталған санитарлық және фитосанитарлық шараларды белгiлеу мен қолдануды қоспағанда, өнiмнiң шыққан елiне және (немесе) шыққан орнына қарамастан, бiрдей әрi тең дәрежеде белгiленедi және қолданылады.

Техникалық регламент мемлекеттiк саясат мүдделерiне, материалдық-техникалық базаның дамуына және ғылыми-техникалық даму деңгейiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес келмейтiн жағдайда уәкiлеттi орган мұндай нормативтiк құқықтық актiнiң күшiн жою немесе оған өзгерiстер енгізу рәсiмiн бастауға мiндеттi.

Техникалық регламентте оның қолданысқа енгiзiлу мерзiмi мен өтпелi кезең уақыты белгiленетiн шарттары көзделуге тиiс, бұл кезең iшiнде техникалық регламентті қолданысқа енгiзуге, нормативтiк немесе техникалық құжаттаманы әзiрлеуге және (немесе) түзетуге арналған мәселелер, сондай-ақ өнiм шығаруға байланысты мәселелер ескерiлуге тиiс.




2. Техникалық регламенттердің түрлері

Техникалық регламенттерге нормативтік-құқықтық және нормативтік актілер және құжаттар жатады, оның ішінде ҚР президенті және Үкіметі қабылдаған Заңдар, Үкімдер, бұйрықтар өнімдерге, процестерге техникалық нормалар кіреді.

- фармокопейлік мақалалар (оның ішінде мемлекеттік, уақытша), нормативтік құжаттар мен ТМД мемлекеттерінде және шетелде жасалған дәрілерге ҚР денсаулықсақтау саласындағы мемлекеттік басқару органымен бекітілген және танылған спецификациялар;

- малдәрігерлік, санитарлық, фитосанитарлық, гигиеналық және санитарлы-гигиеналық ережелер мен нормалар;

- құрылыстағы нормалар мен ережелер, оның ішінде мемлекеттік және мемлекетаралық;

- экология, энергетика, тасымалдау және автомобиль жолдары салаларындағы нормалар мен ережелер;

- өнеркәсіптік, радиациялық және атомдық қауіпсіздік бойынша нормалар мен ережелер;

- еңбекті қорғау бойынша ережелер мен нормалар;

- ҚР заңнамасымен орнатылған тәртіпте бекітілген мемлекеттік басқару органдарының ведомстволық нормативтік актілер мен құжаттар;

- ҚР аймағында қолдануға рұқсаты бар шетелдердің мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық, өңірлік және ұлттық стандарттары;

- мемлекеттік жалпығаміндетті білім стандарты;

- стандарттау, метрология, сертификаттау, аккредиттеу салаларындағы нормалар, ережелер мен рәсімдер;

- заңнамамен орнатылған тәртіпте бекітілген белгілі салада міндетті талаптарды орнататын басқа құжаттар.
3. Техникалық регламенттердің мазмұны, жасау тәртібі мен қолданылуы

Техникалық регламенттер зиян келтiру қауiп-қатерiнiң деңгейiн ескере отырып, өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ең төменгi қажеттi талаптарды белгiлейдi.

Ұзақ пайдаланған кезде жол берiлетiн қауiп-қатер деңгейiн анықтауға мүмкiндiк бермейтiн факторларға байланысты зиян келтiруi мүмкiн өнiмге қойылатын талаптарды айқындау мүмкiн болмаған жағдайда, техникалық регламентте тұтынушыны өнiмнiң ықтимал зияны туралы және оған байланысты факторлар туралы хабардар етуге қатысты талаптар болуға тиiс.

Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарда көзделмеген техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жұмыстарды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.

Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган жобаны, нормативтiк құқықтық актiге өзгерiстер мен толықтыруларды немесе оның күшiн жоюды әзiрлей бастаған кезден бастап бiр айдан кешiктiрмей, ресми басылымға және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге техникалық регламенттің жобасын әзiрлеу, оған өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе оның күшiн жою туралы белгіленген нысанда хабарлама бередi.

Егер техникалық регламентте белгiленген талаптар тиiстi халықаралық стандарттардың талаптарына сай келмесе немесе тиiстi халықаралық стандарттар жоқ болса немесе техникалық регламентте белгiленген талаптар өнiмнiң Қазақстан Республикасына импортының немесе Қазақстан Республикасынан экспортының жағдайларына әсер етуi мүмкiн болса, техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган уәкiлеттi орган арқылы:

1) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт қолданылатын өнiм тiзбесi, актiнiң мақсаты мен оны әзiрлеу қажеттiгi туралы хабарлайды;

2) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт туралы егжей-тегжейлi мәлiметтердi немесе мазмұны халықаралық стандарттар талаптарына сай келмейтiн нормаларын көрсете отырып, оның көшiрмесiн мүдделi тараптардың және шет мемлекеттердiң сауал салуы бойынша табыс етедi.

Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған кезден бастап оның жобасы мүдделi тараптардың танысуы үшiн қолжетiмдi болуға тиiс.

Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган:

1) жобаны жария талқылауды ұйымдастырады;

2) алынған ескертпелердi есепке ала отырып жобаны пысықтайды және оны уәкiлеттi органның ресми басылымына және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге орналастырады;

3) техникалық регламенттің жобасына алынған ескертпелердi мүдделi тараптарға олардың сауал салуы бойынша бередi.

Техникалық регламентті қабылдау күнi мен қолданысқа енгізу немесе күшiн жою күнi аралығында оның талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру үшiн қажеттi уақыт кезеңi көзделуге тиiс.

Техникалық регламентті қабылдау туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға, сондай-ақ Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Хатшылығына жолдануға тиiс.

Лекция 27. Мемлекеттік стандарттар
1. Мемлекеттік стандарттар, олардың сипаттамалары

Мемлекеттік стандарттар міндетті болып есептеледі, егер олар туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының заңдары мен техникалық регламенттерінде берілсе.

Мемлекеттік стандарттар:

- мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң жалпы ұйымдастыру-әдiстемелiк ережелерiн белгiлейтiн, негiзге алынатын стандарттар;

- өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң бiртектi топтарына, қажет жағдайда нақты өнiмге, көрсетiлетiн қызметке қойылатын талаптарды белгiлейтiн өнiмге, көрсетiлетiн қызметке арналған стандарттар;

- процестерге арналған стандарттар;

- өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi, процестердi бақылау әдiстерiне арналған стандарттар болып бөлiнедi.
2. Мемлекеттік стандарттарды жасау, қайта-қарау, жою тәртібі

Мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу, келiсу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және оның күшiн жою тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

Негізге алынатын мемлекеттік стандарттарды уәкілетті органның кәсіпорындары әзірлейді.

Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың нормалары мен стандарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарын әзірлеу кезінде негіз ретінде толық немесе ішінара қолданылуы мүмкін.

Мемлекеттік стандарттар өнімнің, көрсетілетін қызметтің шығарылған жеріне қарамастан, ерікті негізде тең дәрежеде қолданылады.

Қазақстан Республикасы экономикасының салаларындағы басым бағыттарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерінің, жеке және заңды тұлғаларының ұсыныстары негізіндегі стандарттау жөніндегі жұмыстардың жоспарлары мен бағдарламалары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен бекітіледі.

Мемлекеттік стандарттау жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

Мемлекеттік стандарттарды қажеттілігі салааралық сипаттағы өнім, жұмыс және көрсетілетін қызметтерге әзірлейді. Стандарттың бұл категориясын Қазақстан Мемстандарты, ал егер олар құрылыс, сәулет, құрылыс материалдары өнеркәсібі салаларына жатса - Қазақстан Мемқұрылысы қабылдайды.

Мемлекеттік стандарттарда стандарттау нысаны талаптарын орындауға арналған міндетті және ұсынылатын талаптар болады.

Өнімге, процестерге (жұмыстарга) және қызметтерге мемлекеттік стандарттар әзірленеді.

Стандарттарды әзірлеуді мемлекеттік стандарттау жоспарларына (бағдарламаларына) сәйкес немесе өзінің ынтасы бойынша стандарттау жөніндегі мемлекеттік және мемлекетаралық техникалық комитеттер, республиканың басқа мүдделі тұлғалары жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасында халықаралык стандарттарды қолдану тәртібі ҚР СТ 1.9 сәйкес болу тиіс.

Негізге алынатын (ұйымдастыру-әдістемелік) және жалпы техникалық стандарттар, қабылдау ережелері, сынамаларды іріктеу, бақылау әдістері, буып-түю, таңбалау, тасымалдау және сақтау стандарттары күшінің мерзімі шектелмей бекітіледі.

Өнімнің мемлекеттік стандарттары, технологиялық процестер мен қызметтер өнім мен технологияның жанару мерзімін ескеріп, шектелген мерзімге бекітіледі, бірақ 5 жылдан көп емес.

Бекітілген стандарттардың күшіне енгізілген күні стандарттарды енгізуді қамтамасыз ететін қажетті шаралардың іске асырылуын ескеріп, бірақ бекітілген сәтінен 1 жылдан ерте емес белгіленеді.

Стандартпен белгіленген талаптарды сақтауга қажетті жағдай болса кәсіпорындар мен мекемелердің оларды күшіне енгізу шегінде кез келген күннен стандарттарды алдын ала енгізуге құқығы бар, бірақ оларды бекіткен және мемлекеттік тіркеген күннен ерте емес.



Бекітілген стандарттар Қазакстан Республикасының мемлекеттік стандарттау жүйесінің Мемлекеттік тізіліміне Мемстандарт белгіленген тәртіпте енгізіледі, Стандарттарға белгі беру тәртібі ҚР СТ 1.5 сәйкес.

ҚР СТ 1.22 белгіленген тәртіпте әр бекітілгеп стандарт бойынша Стандарт ісі қалыптастырылады.

Әзірленетін стандарттар деңгейіне әзірлеуші мен бекіткен мекеме жауапты.

Стандарттарды жаңарту оларга өзгертулерді енгізу немесе мүдделі мемлекеттік басқару органдарынан, заңды және жеке тұлғалардан, стандарттарға немесе ұсыныстарға тексеру жүргізу негізінде қайта қарау жолымен жүзеге асырылады.

Стандарттарды тексеруді қолданыстағы стандарттар мөлшерін ғылым, техника және технологияның даму деңгейіне, экономика және тұтынушы қажеттілігіне және Қазакстан Республикасының қорғау қабілеті сәйкестігін анықтау, мемлекеттік стандарттаудың мақсатына толық жету үшін жүргізіледі.

Тексерген кезде стандарттардың қолданыстағы және енгізілетін мөлшерлер мен ережелерге сәйкесіп белгіленуі тиіс:

- заңды және басқа нормативтік-құқыктық актілерге, техникалық реттемелерге;

- Мемлекет аралык және халықаралык стандарттарына;

- стандарттау жөніндегі ережелер мен ұсыныстарға;

- қабылданған мемлекет аралық және халықаралык келісімдер мен конвенсияларға;

Стандарттарды тексеруді түскен ұсыныстарды және жоғарыда көрсетілген мәселелерді ескеріп әзірлеуші ұйымдастырады және жүргізеді.

Ұсыныстар ретінде өзгерту жобасы, қайта қаралган стандарттар жобасы немесе әлемнің жетекші елдерінің қолданыстағы халықаралық, аумактық және ұлттык стандарттары ұсынылуы тиіс.

Тексеру нәтижесі бойынша әзірлеуші-мекеме Мемстандартқа стапдарт жобасын (стандартқа өзгертулерді) немесе оны қайта қарау немесе жою ұсыныстарын дайындайды және жібереді.

Тексеретін объекттің деңгейі экономика және тұтынушы қажеттілігіне сәйкес болса және оларға стандарттың талаптары мен мөлшерлеріне қатысты өзгертулерді және толықтыруларды енгізу, оның күшінің мерзімін ұзарту және шектеу мерзімі қажет болмаса және де стандарт күшінің қалпына келуі Мемстандарттың ұйымдастыру-өкімгерлік құжаттарымен ресімделеді.



Стандарттарды басып шығару, ақпараттық және нормативтік қамтамасыз ету

Мемстандарт уәкілеткен мекеме бекігілген стандарттар және оларға өзгертулер туралы ақпаратты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарты» ай сайынғы ақпараттық сілтемелерінде жариялайды.

Стандарттарды басып шығару тәртібі және олардан көшірмесін алу, бекітілген стандарттар мен өзгертулерінің мәтіні туралы ақпаратты жариялау, ақпаратпен және мүдделі мекемелердің басып шығарылған стандарттарымен қамтамасыз ету ҚР СТ 1.8 белгіленген.

Лекция 28. Ұйым стандарттары
1. Ұйым стандарттарын әзірлеудің негізгі мақсаттары мен принциптері

Ұйым стандарттарының түрлері мен әзірлеу тәртібі ҚР СТ 1.14 сәйкес орнатылады. Бұл стандарт ұйым стандарттарын әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, жаңарту (өзгерту, қайта қарау) қолдану және жою тәртібін белгілейді.

Стандарт ережелері ұйым стандарттарын әзірлеуді және (немесе) қолдануды жүзеге асыратын, ұйымдастыру-құқықтық нысандарынан тәуелсіз, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан жеке және занды тұлғалармен қолданылады.

Стандарттарды әзірлеудің негізгі мақсаттары: - азаматтардың өмірі және денсаулығы, заңды және жеке тұлғалардың мүліктері, малдар мен өсімдіктердің өмірі, қоршаған орта үшін өнім, процесс, қызметтер (ары қарай өнім) қауіпсіздігі деңгейін жоғарылату;

- техникалық реттемелер талаптарын сақтауға көмектесу;

- табиғи және техногендік сипатты төтенше жағдайлар пайда болу тәуекелдігін есепке алып объектілер қауіпсіздігі деңгейін жоғарылату;

- ғылыми-техниқалық прогреске көмектесу;

- өнім, процесс және қызметтің бәсекеге жарамдылығын көтеру;

- ресурстарды үнемді пайдалану;

- техникалық және ақпараттық үйлесімдік;

- зерттеулер (сынаулар) мен өлшеулер, техникалық-статистикалық деректер нәтижелерін салыстыру;

- өнімнің өзара алмасуы.


2. Ұйым стандарттарының нысандары мен әзірленетін стандарттардың түрлері

Ұйымдар деңгейінде стандарттау нысандарына ұйымдар ішіндегі нысандар және жеткізілетін өнімді қоса, соның ішінде іргелі немесе қолданбалы зерттеулер және әзірлемелер болып табылатын өнім, процесс және қызметтер жатады:

- жаңа және жаңғыртылған өнім, технология және қызмет түрлері; ұйымдастыру- әдістемелік және жалпы техникалық нормалар;

- өнімнің құрамдық бөлігі, технологиялық жабдықтау және құрал;

- технологиялық процестер, сонымен қатар жалпы технологиялық нормалар мен оларға қойылатын талаптар;

- ұйымдастыру процестері және өндірісті басқару, сапа менеджменті жүйесін, экологиялық менеджмент, еңбек қауіпсіздігі менеджментін қоса;

- терминология, сыныптау және кодтау нысандары;

- технологиялық процестер (тәртіптер, реттемелер);

- бақылау (сынау) әдістері, өлшеу орындау әдістемелері.
3. Ұйым стандарттарын әзірлеу тәртібі
Стандарттарды әзірлеуді мүдделі жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады: соның ішінде: мемлекеттік органдар мен ұйымдар, өнімді дайындаушылар мен тұтынушылар (тапсырушылар), стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер, сертификаттау органдары, ғылыми-зерттеу және жобалық ұйымдар мен институттар, қоғамдық бірлестіктер (одақтар, қоғамдастықтар), оқу орындары.

Стандарттар жоспарлық немесе ынтагерлік тәртіпте әзірленеді. Стандарттар конкурс негізінде әзірленеді. Ондайда конкурс шарттары әзірлеуші тапсырушысы белгілеген ережелерге сәйкес анықталады, ал әзірлеушілермен олардың әзірлемесіне шарт жасалады.

Республикада міндетті түрде сәйкестікті растауға жататын қажетті өнім стандарттары техникалық реттемелер жоқ болса, осы талаптарға сәйкестігіне сәйкестікті растау, бақылау (сынау) әдістері жүзеге асырылатын талаптар, өнімді таңбалау және буып-түю ережелері болу тиіс.

Әзірленетін стандарттар тұрлері

Ұйымдар деңгейінде келесі түрлі стандарттар әзірленуі мүмкін:

- ұйымдастыру-әдістемелік және жалпы техникалық;

- өнім, процесс және қызмет стандарттары;

- қабылдау ережелері, сынамаларды іріктеу, бақылау (сынау, өл-шеу) әдістері, буып-түю, таңбалау, тасымалдау, сақтау.

Әзірлеу үшін негіздеме әзірлеуші-ұйым немесе тапсырушы жоспарына, немесе оларды әзірлеу қажеттілігі мақсаты және негіздемесі көрсетілген бөтен мекемелер әзірлемесі өтініміне кіретін, стандартарды әзірлеу тапсырмалары болуы мүмкін. Өніммен бірге стандарт жобасы, оны әзірлеуге техникалық тапсырмалар немесе қолданыстағы халықаралық, аймақтық, салалық, шетел мемлекеттерінің ұлттық стандарттары қоса жіберілуі тиіс.

Техникалық тапсырмада (оны дайындау қажеттілігінде) көрсетіледі: стандарттарды әзірлеу сатылары және оларды орындау мерзімі, стандарттар бөлімдері; стандарттауға белгіленген негізгі сипаттамалар мен нысан көрсеткіштері; стандарттармен бірге ұсынылатын құжаттар, келісілетін ұйымдар, олардың нормаларымен әзірленетін стандарттар талаптарын, тапсырушының басқа талаптарын үйлестіруге ұсынылатын-халықаралық стандарттар тізбелері.

Стандарттарды оларды ұсынған сәттен 15 күннен аспайтын мерзімде бекіту ұсынылады.

Техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілермен (ТР НҚА) үйлестіріліп пайдаланылатын ұйым стандарттары, сондай-ақ сарапталуға тиіс жеткізілетін өнімдерге арнап әзірленген стандарттар стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті органмен аныкталған ұйымдарда есептік тіркелуі және ресми ақпарат көздерінде жариялануы керек. Есептік тіркелуге ұсынылатын құжаттар жинағының құрамында өнімнің қауіпсіздігіне жауап беретін мемлекеттік органдардың келісімі және сараптамалық қорытындысының болуы міндетті.

Жеткізілетін өнімге әзірленген стандарттар бойынша ақпарат тоқсанында бір реттен сирек емес техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті органдармен анықталған ұйымға ҚР СТ 1.8 сәйкес «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандарты» (ҚР СТ АС) ай сайынғы ақпараттық сілтемесінде жариялау үшін жіберіледі.

Лекция 29. Мәтіндік өндірістік құжаттар


1. Мәтіндік өндірістік құжаттардың түрлері мен олардың қысқаша сипаттамалары

Тағам саласында мәтіндік өндірістік құжаттарға технологиялық нұсқау мен рецептура жатады.

Технологиялық нұсқау: Біртекті өнім топтарын немесе белгілі түрін өндіру процесін қамтамасыз ететін технологиялық операцияларды орындау тізбектілігі мен параметрлерді реттейтін технологиялық құжат.

Рецептура: Шикізат пен материалдар шығындарының нормаларын анықтау мен олардың қажеттіліктерін есептеуі бар өнімнің құрамын орнататын технологиялық құжат.

Технологиялық нұсқау (ТН) мен рецептура (РЦ) тағам өнімдеріне талаптар орнататын техникалық регламенттердің, стандарттардың немесе техникалық шарттардың негізінде дайындалады.

Стандарт жоқ болған кезде өнімге ТН мен РЦ бөлек құжаттар түрінде жасалады. Қажет болған жағдайда, мұндай құжаттарға өнімнің сапа және қауіпсіздік көрсеткіштері кіреді немесе сол құжаттарға сілтемелер жасалады.

Технологиялық нұсқау дайындалу технологиясы жағынан жақын біртүрлі тағам өнімдерінің бір немесе бірнеше нақты атауларына дайындалады.

ТН және РЦ бөлек технологиялық құжаттар түрінде жасалады. Егер өнімнің бір түріне, дайындалу технологиясы жағынан жақын тағам өнімдерінің бірнеше нақты атауларына ТН жасалса, онда РЦ тағам өнімінің бір нақты атауына жасалады.

ТН және РЦ орнатылатын сипаттамалар мен көрсеткіштер нақты тағам өнімінің сәйкестендіруін қамтамасыз етеді.

Технологиялық нұсқауда тағам өнімдерін дайындаудың технологиялық процесс шикізатты және жартылай фабрикаттарды қабылдау мен өндіріске жіберуден бастап дайын өнімдерді шығаруға дейін жазылады.

ТН және РЦ талаптары мен ережелері міндетті болып есептеледі.

ТН және РЦ атауы бір өнімге бір уақытта енгізіледі.

ТН және РЦ енгізу уақытын дайындаушы орнатады, бірақ бекіту күнінен ерте болуы керек, ал тіркеу жүйесі бар болғанда – тіркеу күнінен ерте болуы қажет.
2. Құжаттарды жасау және бекіту тәртібі

Технологиялық нұсқау мен рецептураны дайындау тәртібі

ТН және РЦ заңды және жеке тұлғалар, яғни тағам өнімдерін өндірушілер жасайды. Сонымен қатар басқа тұлғалар да ТН мен РЦ дайындай алады, ол үшін өндірушілермен келісілген түрде жасалу керек, оның ішінде ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдар да жасайды.

ТН мен РЦ кіретін дайын өнімнің нақты көрсеткіштері мен шығу нормалары зерттеулер жүргізу негізінде ҚР СТ 4.4 сәйкес орнатылады.

Рецептурада келесі мәліметтер болуы керек:

- өнімдердің органолептикалық және физико-химиялық қасиеттерінің қысқаша сипаттамалары;

- өнімді өндіруге қолданылатын шикізаттардың, жартылай фабрикаттар мен материалдарының тізімі, өндіру кезінде алмастыруға келетін қолданылатын шикізат пен жартылай фабрикаттар;

- дайын өнімді өндіруге қажетті шикізат, жартылай фабрикаттар мен материалдарын жұмсау нормалары;

- өндіру кезінде шығындардың нормалары;

- салмақ және басқа да негізгі физико-химиялық көрсеткіштер бойынша ауытқулар шектері мен сақтау мерзімі.

ТН бөлек құжаттар түрінде Республикада қолданыста бар техникалық регламенттер мен тағам өнімдеріне қауіпсіздік нормаларын орнататын, оның радиология, микробиология нормалары мен тұтынушыларға арналған ақпараты бар стандарттар.

ТН және РЦ орнатылатын тағам өнімдерінің атаулары ҚР СТ 1010 сай болуы керек.

ТН келесі бөлімдерден тұруы қажет:

- кіріспе бөлімі;

- дайын өнімнің сипаттамасы, оның ішінде өнімнің тағам және энергетикалық құндылығы жөніндегі мәліметтер;

- рецептура (егер ол болуы керек болса, бірақ бөлек құжат түрінде жасалмаса);

- технологиялық процестің және қажет болған жағдайда технологиялық сұлбаның сипаттамасы;

- негізгі технологиялық жабдықталуға қойылатын талаптар;

- шикізатты, жартылай фабрикатты, дайын өнімді қабылдау ережелері;

- шикізатты, жартылай фабрикатты, дайын өнімнің технологиялық процесінде бақылау әдістері мен құралдардың қысқаша сипаттамасы;

- өнімді өндіруге талаптар реттейтін басқару, нормативтік және технологиялық құжаттамалардың тізімі.

Керек болған жағдайда бөлек бөлімдерді біріктіруге және баяндалу тәртібін өзгертуге болады.

Технологиялық нұсқау мен рецептураны құру, баяндау және ресімдеу



Рецептураны баяндау және ресімдеу ҚР СТ 1.5 сай орындалуы қажет.

ТН мен РЦ кіретін бөлімдердің құрылымын дайындаушы-кәсіпорын анықтайды. ТН мен РЦ түпнұсқаны ұстаушы ұйымның басшысы бекітеді.

ТН, РЦ дайындауға басқа ұйым қатысқан кезде өтінім беруші мен дайындаушы арасында келісім-шарт жасалады. ТН мен РЦ бекіту алдында дайындаушы қызметтермен келісулер жүргізіледі, егер мұндай рәсім орнатылса. Өнім жұмысшы және (немесе) Республикалық дегустациялық комиссиялармен бағаланады, егер олар кәсіпорындарда немесе салаларда міндетті ретінде қарастырылса.

Емдәмдік (емдік, сауықтандыру) маңызы бар тағам өнімдеріне бөлек құжаттар түрінде жасалған ТН мен РЦ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау органдарымен және Тағамтанудың Қазақ Академиясымен келісуге жатады.

Рецептураларды басқа ұйымдармен келісу қажеттілігін сол құжатты бекіткен ұйым анықтайды.

ТН және РЦ жинақтарға енгізген кезде оларды келісу және бекіту жөніндегі мәліметтер жинақтың екінші бетіне жазылады, егер жинаққа кіретін барлық құжаттарға жатқызуға болса.

ТН мен РЦ жинағы қосымша компоненттерді және өзараалмастыратын шикізаттарды енгізудің жалпы ережелеріне және басқа да қажетті жалпы мәліметтерге сілтемелер жасау арқылы толтырылады. ТНғ РЦ жобаларының келісу мерзімі 15 күннен аспау керек.

Бөлек құжаттар түрінде ресімделген бекітілген технологиялық нұсқау мен рецептураларға белгіленулер қойылады және олардың құрылымы мынандай:

- құжаттың (ТН, РЦ) индексі;

- аймақтың немесе қаланың, ұйымның орналасқан жерінің (ТН, РЦ түпнұсқасын ұстаушы кәсіпорынның) коды;

- реттік нөмірі.

Реттік нөмірді түпнұсқаны ұстаушы кәсіпорын орнатады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет