3. Халықаралық байланыстардың, оның ішінде сыртқыэкономикалық байланыстардың терең дамуы мемлекеттің әртүрлі құқыққатынастарға белсенді қатысуына әкелді. Осы құқыққатынастар екі түрлі сипатта болады. Біріншіден, мемлекет билік субъектісі ретінде болады, яғни бұл қатынастар жария-құқықтық сипатта болады; екіншіден, мемлекет жеке-құқықтық қатынастар субъектісі болады. Жеке-құқықтық қатынастарға мемлекеттің қатысуына ашық мысал ретінде 1992 жылдың 18 мамырындағы Қазақстан Республикасы мен америкалық корпорация «Шеврон» арасындағы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі құрылтай келісімі табылады. Мемлекет қызметінің шеңбері өте кең, сондықтан ол қатынастарға екі субъект ретінде қатыспайды, ол тұтастай қатысады. Егер мемлекетті азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде, яғни заңды тұлға ретінде қарастырсақ, онда оны басқа заңды тұлғаларға теңегеніміз, ол өз кезегінде егемендік қағидасына қарама-қайшы келеді.
Егемендік - әрбір мемлекеттің ажырамас қасиеті. 1975ж. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңесте Еуропаның даму жолдары туралы пікір-таласына белгілі бір қорытынды жасалды. Хельсинки Кеңесі мемлекеттердің қарым-қатынасы дербес теңдік, дербестікке тән құқықтарды қорғау қағидаларына негізделулері қажет екендіктерін растап берді.
Егеменді (дербес) теңдік қағидасы қарама-қайшы қоғамдық жүйелері бар мемлекеттердің тең құқықтарын мойындауды білдіреді. 1975ж. Қорытынды Актіде егемендікке тән құқықтардың толық тізімі берілмеген. Құжатта әлемдік бірлестіктің қауіпсіздігі үшін аса маңызы бар бірнешеуі ғана көрсетілген.
Ең алдымен, егеменді теңдік элементтерінің бірі - әрбір мемлекеттің заңи теңдік құқығы аталған. Егеменді теңдікті мойындау, мемлекеттердің тәуелсіздігін құрметтеу - мемлекеттердің әлемдік аренада бейбіт қатар өмір сүру саясатының басты элементі болып табылады. Осы қағиданы халықаралық құқықтың негізгі қағидалар жүйесіне енгізу бейбітшілікті сүйетін күштердің халықаралық қауіпсіздік үшін күресінің үлкен жетістігі болып есептеледі. Қазіргі заманның басты мақсаты - осы қағидалардың халықаралық проблемаларды шешу барысында сақталуын қамтамасыз ету. Бұл қағиданы халықаралық құқықта «тең алдында тең билік көрсете алмайды» деп атайды.
Егеменді (дербес) теңдік қағидасының негізі мемлекеттің иммунитеті. Әлемдік заң әдебиеттерінде және тәжірибеде мемлекет иммунитетін абсолюттік және шектеулік (функционалдық) деп бөледі. Абсолюттік иммунитет – бұл барлық егеменді мемлекеттерге және оның барлық қызметіне таралатын иммунитет. Мемлекет иммунитетінің бірнеше түрі бар. Ерекше атайтын иммунитет, заңнама күшіне бағынбау иммунитеті, яғни бір егеменді мемлекет екінші егеменді мемлекеттің заңнамасына бағынбайды, мемлекет өз қызметін ішкі заңнамаға және халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекет иммунитеті халықаралық құқықта көбінесе мемлекеттің және оның бағынышты органдарының басқа мемлекеттің билігіне бағынбауы түрінде түсіндіріледі. Осы жағдайда, мемлекет иммунитетіне сот иммунитеті, алдын ала қамтамасыз етуден иммунитет және орындаудан иммунитет кіреді.
Сот иммунитеті мемлекеттің басқа мемлекет соттарына сотты еместігін көрсетеді, яғни сотта шетел мемлекетіне қарсы талап берілмейді, ал егер мұндай талап қозғалса, ол қаралмай тасталуы керек. Осы себепке байланысты «Мұнай» бірлескен кәсіпорны туралы істі қарастырайық.
1991 жылдың көктемінде «Интеркаспий» қауымдастығы мен «Бидерман Интернешнл» (АҚШ) фирмасы арасында «Мұнай» қазақ-американдық бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде құрылтай келісіміне қол қойылды. Осы шартқа сәйкес өндірілген және тасымдалдануға дайын мұнайдан нақты үлестер мөлшері келесі: ҚР – 20%; «Интеркаспий» қауымдастығы – 50,4%; «Бидерман Интернешнл» (АҚШ) – 29,6% болды. 1992 жылдың қаңтар-ақпай айларында «Интеркаспий» қауымдастығымен, қазу және технологиялық жабдықтарды «Мұнай» БК-на алу мақсатында, 70000 тонна мұнай экспортталанды. Бірақ 70000 тонна мұнай үшін ақша қаражаттары Бидерман мырзамен Қазақстанға аударылған жоқ. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің №756 қаулысымен шарт біржақты бұзылды. Осыдан кейін, АҚШ-тың Калифорния штатының Шығыс Аймағының аймақтық сотына «Харальд Бидерман энд Бидерман Интернешнл ИНК» компаниясымен Қазақстан Республикасына қарсы 1 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде материалдық және моралдық зиянды өтеу туралы талап берілді. Бірақ, Бидерман өзінің талап арызын кейіннен алып кетті, бірақ егер талап осы сотпен қанағаттандырылса, онда Қазақстан Республикасы өзінің сот иммунитетіне байланысты сот шешімін орындаудан бас тартуға мүмкіндігі бар.
Бұл мысалдан мемлекеттер осындай талап арыздарды қарамайтын сияқты, бірақ ол бұлай емес. Жеке тұлға өзінің мемлекетіне дипломатиялық келіссөздерді шетел мемлекетімен жүргізуге ынта білдіруі мүмкін. Бұл жағдайда дауды шешу халықаралық құқық қағидаларына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Сонымен қатар, иммунитет қағидасының танылғанына қарамастан, мемлекет оған қарсы берілген талап арызды шетел мемлекетінің сотында қарастыруға келісімін бере алады.
Көбінесе жеке және заңды тұлғалар мемлекетпен келісім-шарт жасасқан кезде шартта аралық сот (арбитраж) жөнінде жағдайды көздейді (аралық сот (арбитраж) жөнінде ескерту). Бұл жерде де міндетті түрде нақты анықталған мемлекет келісімі қажет.
Алдын ала қамтамасыз етуден иммунитет деп шетел мемлекетіне талап болған кездің өзінде, мемлекет шетел мемлекетінің мүлкіне мәжбүрлеу шараларын (мүлкін арестке алуға, банктағы қаражаттарына қол жеткізуге тыйым салуға т.б.) қолдануға құқығы жоқтығын айтамыз. Тек шетел мемлекетінің нақты анықталған келісімі болған кезде ғана алдын қамтамасыз етудің шараларын қолдану мүмкін болады.
Орындаудан иммунитет деп мемлекетке қарсы шығарылған шешім оның келісімсіз мәжбүрлеп орындалмауын айтамыз. Мәжбүрлеп орындауды қолдану тек мемлекеттің нақты анықталған келісімі болған кезде ғана мүмкін болады.
Сонымен, иммунитеттің қарастырылған түрлерінің мазмұны процестің жеке сатыларымен байланыста және әртүрлі. Сонымен қатар, иммунитеттің үш түрі бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың байланысы мемлекет егемендігінің қағидасынан шығады. Араларындағы теңдік және мемлекеттердің тәуелсіздігі – иммунитеттердің барлық түрлеріне негіз.
Мемлекет және оның органдарының иммунитетімен қатар, заң әдебиеттерінде иммунитеттің жеке түрі ретінде мемлекет меншігінің иммунитеті табылады. Мемлекет меншігіне ешкімнің қол сұғуына құқығы жоқ, яғни ол меншік иесінің келісімінсіз мәжбүрлеп алына алмайды (арестке т.б.), оны шетел аумақта мәжбүрлеп ұстауға болмайды; ол басқа мемлекеттің және оның органдары мен жеке тұлғалары тарапынан талан-таражға салынбауы тиіс.
XX ғасырда шетелдік заң әдебиеттері мен практикасында мемлекет иммунитетін шектеуге бағытталған пікір орын алған. Осы теорияға сәйкес «функционалдық иммунитет» деп – мемлекеттің кейбір функцияларына ғана таралатын иммунитетті айтамыз, яғни мемлекет иммунитеті тек саяси билік субъектісі ретінде әрекет жасаған кезде ғана танылады (тек мемлекет өзінің егемендігі атынан ғана қызмет атқарған кезде танылады). Егер шетел мемлекеті азаматтық айналымда сыртқы сауда мәмілелерін жасасу кезінде өзінің флотын сауда мақсатында пайдаланса, онда ол осы мәмілеге қатысты иммунитетті қолдана алмайды. Мұндай жағдайда мемлекетке мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін. Сонымен, бұл теория егеменді мемлекеттерді заңды тұлғалар жағдайына қояды. Шетел мемлекетінің әрекеттері заңды тұлғалардың әрекеттері сияқты сот қарауына жатады.
Бұл теория бірнеше халықаралық келісімдерде бекітілді, бірақ кеңінен қолданылмайды. 1926 жылдың 10 сәуірінде Брюссельде мемлекеттік теңіз кемелерінің иммунитетіне қатысты кейбір ережелерді унификациялау туралы конвенцияға қол қойылды. Брюссель конференциясына Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Голландия, Германия, Дания, Испания, Италия, Норвегия, Польша, Румыния, Франция, Швеция, Югославия, Жапония мемлекеттері қатысты. Бұл конвенцияның мағынасы мемлекеттің меншігіндегі кемелер жүк тасымалдағанда жеке тұлғалар сияқты жауапкершілік режимін және міндеттемелерді көтеретіндігінен көрінеді, ал әскери кемелерге, мемлекеттік яхталарға және жария қызметтерді жүзеге асыратын сауда емес, қорғау, қамтамасыз ету т.б. кемелерге мемлекет иммунитеті таралады. Бұл конвенция тек оған қосылған мемлекеттерге ғана заңды күшінде болады. 1926 жылғы конвенция 15 мемлекетпен 2 Дүниежүзілік соғысқа дейін ратификацияланды, ал 1955 жылы оған Греция мен Франция қосылды. 1953 жылы Польша конвенциядан бас тартты.
Халықаралық актілерде функционалдық иммунитет теориясын бекітудің келесі қадамы - Еуропалық Кеңестің шегінде мемлекеттік иммунитет туралы Еуропалық конвенцияның қабылдауы табылады. Бұл конвенция Базелде 1972 жылдың 5 мамырында қабылданып, 1976 жылдың 2 маусымында Австриямен, Бельгиямен және Кипрмен ратификацияланғанннан кейін күшіне енді. Конвенцияда мемлекет азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушы бола тұра, сот иммунитетіне жүктелуге құқығы жоқ жағдайлар көзделген (1-14 баптар), ал басқа жағдайларда мемлекеттік иммунитет танылады (15 бап). Англияда 1978 жылы қабылданған мемлекеттік иммунитет туралы Заң осы конвенцияның негізгі ережелерін қайталайды.
Осыған ұқсас заңдар Канадада (1981 ж.), Пәкістанда (1981 ж.), Сингапурда (1979 ж.) және ОАР (1981 ж.) қабылданды. Қазақстан Республикасында осындай заң қабылдау қажеттігі өмірдің желісі. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан одақтық жартылай тәуелді мемлекеттен егеменді мемлекетке айналды. Осы уақыттан Қазақстан Республикасының толық халықаралық құқықсубъектілігі басталады. Қазақстан Республикасы кең сыртқыэкономикалық байланыстарды жүзеге асырып келеді, сондықтан мемлекеттік иммунитет туралы заңды қабылдау мемлекеттің халықаралық қатынастардағы тұрғысын толық бекітеді.
Сонымен, тағы бір атайтын жайт, мемлекетке тиесілі иммунитет оның органдарына да (министрліктерге, ведомстволарға, тағы басқа мемлекеттік мекемелерге) таратылады.
Өзін өзі бақылау сұрақтары
1. Жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін ашу;
2. Халықаралық дербес құқықтағы заңды тұлғалардың мәртебесі мен қызметін сипаттау;
3. Халықаралық дербес құқықтық қатынастарға мемлекеттің қатысуын қарау.
Ұсынылатын әдебиет
-
Богуславскиий М.М. Иммунитет государства. М., ИМО, 1962.
-
Галкин И. Совместные предприятия в Польше //Внешняя торговля, 1991. №10.
-
Деятельность совместных и инностранных предприятий. – Қаржы-Қаражат. Финансы Казахстана, 1998. №4.
-
Лунц Л.А., Марышев Н.А., Садиков О.Н. Международное частное право: Учебник. М.: Юрид. лит., 1984.
-
Международное частное право. Учеб. Пособие /Г.К. Дмитриева, А.С. Довгерт, В.П. Панов, Н.А. Шебанова и др. М.: Юрист, 1993.
-
Хлестова И.О. Проблемы юрисдикционного иммунитета инностранного государства в работе Комиссии Международного права //Советский ежегодник международного права, 1988. М., 1989.
Тақырып 12. Халықаралық дербес құқықтағы меншік және шетел инвестицияларын құқықтық реттеу
1. Меншік құқығы және халықаралық дербес құқық
2. Халықаралық дербес құқықтағы ұлттандыру
3. Шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу
1. Кез келген құқықтық жүйеде меншік құқығы институты орталық институттардың бірі, себебі ол басқа институттардың мазмұны мен нысандарын ашады. Сондықтан да, барлық мемлекеттердің Конституцияларында меншік институтының мазмұны ашылады. 1995 жылдың Қазақстан Республикасының Конституциясы меншіктің нысанына қатыссыз қол сұғушылықтан қорғайды.
Коллизиялық бастама - Lex rei sitae – мүліктің, заттың орналасқан жерінің заңы ретінде сипатталады және меншік құқығында қолданылатын негізгі қағидат болып келеді. Бұл қағидат халықаралық практикада жалпы танылған қағидат.
Меншік құқығының сұрақтары бірнеше халықаралық келісім-шарттарда көтерілген: 1958 жылғы Халықаралық сатып алу-сату туралы Гаага Конвенциясында, 1948 жылғы Әуе кемелеріне құқықтарды халықаралық тану туралы Женева Конвенциясында, Бустаманте кодексінде және т.б.
1958 жылдың Гаага Конвенциясында меншік құқығы туралы сұрақтар шешілген. Меншік құқығы және мүліктің, тауардың жойылу қаупі ауысқанда мүлік, тауар орналасқан мемлекеттің құқығы пайдаланылады, - деп жазылған Конвенцияда. Сатылатын тауарға меншік сұрақтары 1980 жылғы Тауарларды халықаралық сатып алу-сату шарттары туралы БҰҰ Конвенциясында өз реттеуін тапқан. 1948 жылғы Женева Конвенциясы меншікке қатысты сұрақтарды әуе кемесі тіркелген жерінің құқығымен реттейді. Бустаманте кодексі меншік құқығына қатысты сұрақтарды мүлік орналасқан жерінің заңы қағидасымен шешеді. Жылжитын және жилжымайтын мүліктің орналасқан жерінің заңымен оның иелену мерзімі сұрақтары да шешіледі.
Осы қағидамен көптеген мемлекеттердің меншік құқығы сұрақтары шешіледі. Германия мен Швейцарияда иелену мерзімі 10 жыл; осы мерзім өткен соң адал иеленуші оның меншік иесі болады (Германияның Азаматтық ережесінің 937-параграфы, Швейцарияның Азаматтық ережесінің 728-бабы). Бұл аталған нормаға сәйкес адал иеленуші – жеке және заңды тұлғалар Германияда немесе Швейцарияда орналасқан мүлікке меншік құқығын, осы мемлекеттердегі заңдарда көзделген иелену мерзіміне сәйкес оның меншік иесі болады. Қазақстанда да меншік құқығы мүлік орналасқан жерінің заңымен анықталады.
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы заттарды қозғалатын (жилжитын) және қозғалмайтын (жилжымайтын) деп бөледі. Бұл бөлу маңызды, себебі мұндай жіктеу затқа, мүллікке, тауарға қатысты қай мемлекеттің заңы пайланылатындығын дұрыс анықтайды.
Бұл жерде, аса көңілді мемлекеттің үкіметтерімен жасалған концессиялық шарттарға бөлу керек. Қазақстан тарихында мұндай бірнеше шарттар қазан төңкерісіне дейін және кеңес өкіметі кезінде жасалған. Кеңес өкіметі кезінде жасалған шарттар заңды түрде бұзылмаған, соның салдарынан концессионерлер мемлекетті тастауға мәжбүр болған. Бұл Қазақстандағы концессиялық шарттардың кең етек алмауының себебі.
Концессиялық шарттарды халықаралық деп атамауға болады. Бірақта, қалай болса да, мемлекет мұндай шарттарды бұзбау керек; егер мұндай шартты бұзу жария мүддеге байланысты болса, онда мемлекет концессионерге барлық залалдар мен жоғалтылған табыстың орнын толтыруға міндетті.
Шетел мемлекеттері мен жасалған екі жақты келісім-шарттарда Қазақстан әкелінген тауарларға меншік құқығының ауысуын Қазақстан заңы негізінде шешеді. Мәселен, 1992 жылдың 2 қарашасында жасалған Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық байланыс туралы келісімнен көруге болады.
Қазақстан Республикасының АК 259-бабындағы норманы: «Меншiк иесi меншiк құқығын тануды талап етуге құқылы», басқалай сипаттасақ, меншік иесі меншік құқығын жер бетінің кез келген аумағында тануды талап етуге құқылы. Қазақстанда алынған кез келген мүлік оның басқа аумаққа ауысуына байланыссыз алған меншік иесінің меншік құқығында қала береді.
Мүліктің орналасу жерінің заңы адал иеленушінің мүдделерін меншік иесінің виндикациялық талабы бойынша қарсы шыққанда қорғауда негізгі басымдылық болып келеді.
Егер қозғалмайтын мүлік Қазақстанның аумағында орналасса, онда меншікке қатысты сұрақтар да мүліктің орналасу жерінің негізінде шешіледі. Сыртқы сауда мәмілелеріне қатысты Қазақстанның заңы таңдау мүмкіндігін береді: шарт бойынша тараптар келісім негізінде мүліктің орналасу жерінің заңын немесе шарттың жасасу жерінің заңын пайдалану мүмкін.
2. Ұлттандыру – деп арнайы мемлекеттік органның шешімі негізінде жеке меншік иелерінің (отандық және шетел) мүліктерін мемлекеттің пайдасына алу, айналдыру. Шетел мемлекеттерінің заңнамасы қоғамдық мүдделердің негізінде өткізілетін ұлттандыруды өткізудің тәртібі мен тәсілдерін көздейді; міндетті шарт ретінде ұлттандырылатын мүліктің отандық және шетелдік меншік иесіне оның нақты құнын, адал төлемақысын төлеу табылады. Қазақстанда отандық меншік иелерінің мүлігін ұлттандырудың тәртібін белгілейтін норма жоқ. Бірақ, республикалық заңнама шетел кәсіпкерлерінің мүлкін ұлттандыруға тыйым салады. Мәселен, 1994 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Шетел инвестициялары туралы» ҚР Заңының 7-бабында былай деп жазылған: «Шетелдiк инвестицияларды Ұлт меншiгiне алуға, экспроприациялауға немесе оларға ұлт меншiгiне алу мен экспроприациялау (бұдан әрi - экспроприациялау) сияқты зардаптары бар өзге де шаралар қолдануға болмайды, бұған экспроприациялау тиiстi заң тәртiбiн сақтай отырып, қоғам мүдделерiне орай жүзеге асырылатын және пара-пар әрi тиiмдi өтем кемсiтпей дереу төленетiн жағдайлар қосылмайды». Жалпы алғанда, халықаралық жария құқық та, халықаралық дербес құқық та ұлттандыру сұрағына жағымсыз қарамайды. Бұл мәселен, 1952 жылдың 21 желтоқсанында қабылданған «Жаратылыс байлықтары мен ресурстарына еркін үстемдік ету құқығы туралы» БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясында көрсетілген, онда қоғамдық мүдделерді көздей отырып, ұлттандыру жүргізу нәтижесінде төлемақы жасалатын мемлекеттің ұлттандыруға құқығы танылған. Бірақ, біздің мемлекетте шетел инвесторларының мүліктерін ұлттандыруға тыйым салынады деген пікір қатаң ұстануда. Оның себебі, өткен ғасырдың 20-30 жылдары шетел концессионерлердің, кәсіпкерлердің мүліктері оның құны төленбей ұлттандырылды. Кеңестік құқықтық ғылым мұндай ұлттандыруды заңды деп таныды. Сонымен қатар, кеңестік ғылым жоғарыда аталған халықаралық-құқықтық актіге сілтеме де жасаған, шынында да, 1962 жылдың Резолюциясының 4 тармағында мемлекеттің қоғамдық мүддеге қатысты ұлттандыруды оның құнын толтыра отырып, жүзеге асыруы көзделген. Бірақ, норманы ары қарай оқысақ, онда «меншік иесіне оның құны халықаралық құқыққа сәйкес мемлекеттің заңы негізінде төленеді», - деп көрсетілген. Қазіргі таңда, мемлекетке үлкен қаражаттар керек жағдайда, біздің заңнама шетел азаматтарының меншігін ұлттандыруға тыйым салған.
Ақырғы 10-15 жылдың ішінде бірнеше Қазақстанның ірі кәсіпорындары шетел компанияларының қолына берілді. Мәселен, Қарағандының металлургиялық комбинаты ағылшындық «Испат Интернэшнл» фирмасына, АҚ Жезқазғанцветмет Оңтүстік Кореяның «Самсунг» фирмасына берілді.
3. Шетелдік инвестициялардың құқықтық режимі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, көптеген саясаткер және іскер топтардың көңіліне ілінді. Сыртқыэкономикалық қатынастардың кеңеюіне байланысты шетел инвесторларының Қазақстандағы өзгерістерге көңіл бөлуі және мемлекеттің кең байлығы шетел инвесторларының қатысуымен болатын қатынастарын реттейтін заңнаманың ары қарай жетілдіруін талап етті.
Ол өз орнын 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында тапты. 4-баптың 3-тармағында көрсетілгендей, Қазақстанмен ратификацияланған халықаралық келісім-шарттар оның заңдарына қарағанда басымырақ болады. Сонымен қатар, мемлекеттік меншік пен қатар, жеке меншікте мемлекеттің кепілдендірілген қорғауында болатындығы жарияланған. Шетел инвесторларының құқықтары Конституцияның 26-бабының 3-тармағына негізделеді: «Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн». Осы баптың 4-тармағы әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығын бекітеді.
Қазақстан Республикасымен алынған шетел несиелерін тартуды, пайдалануды, қызмет көрсетуді және оны жоюды мемлекеттік реттеуді нығайту мақсатында бір топ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік банктік мекемелер құрылған. 1995 жылдың 19 қантарындағы №2035 Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы экономикасына шетел капиталын тарту процестерін реттеу және мемлекеттік басқарудың тиімділігін көтеру шаралары туралы» жарлығында шетел инвестициялары саласында мемлекеттік басқару және реттеудің орталық органына – Экономика министрлігі, ал шетел қаржы көмегі және Қазақстанның сыртқы қарыздарын басқару бойынша – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі аталған. Осы жарлыққа сәйкес Қазақстанның қарыздарына және займдарына қызмет көрсететін банктердің қызмет аясын белгіледі. Халықаралық қаржы ұйымдарының және шетел мемлекеттерінің несиелері бойынша заемшы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі танылды.
Қазақстандағы инвестиция саласындағы бақылау мен басқарудағы мемлекеттік реттеуді нығайту мақсатында 1997 жылы Инвестициялар жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеті құрылды. Бұл орган Қазақстан Республикасына келетін тікелей инвестицяларды қолдайтын бірінші мемлекеттік орган болды. Комитеттің міндеттеріне отандық және шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі бірыңғай саясатты жүргізу, мемлекеттің экономикасының басымды салаларына тікелей инвестицяларды тартуды мемлекеттік қолдау және заңда көзделген шектерде өз өкілеттігінің мөлшерінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын басқару жатады.
Комитет Үкіметтің жер қойнауына лицензия беретін жұмыс органы болып табылады және жер қойнауын пайдаланушылармен контракт жасасатын Үкітеттің жалғыз ғана органы.
Комитеттің негізгі міндеттеріне жатады: Қазақстан Республикасының даму стратегиясының мақсаттары мен басымдылықтарын анықтау; Қазақстан Республикасының инвестициялық жағдайын жақсарту және тікелей инвестицияларды ынталандыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп инвесторлармен жұмысты тиімді жүргізу жүйесін құру және т.б. (1997 жылғы 4 желтоқсандағы Инвестициялар жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеті туралы Ереженің 7-тармағы).
Шетел әріптестердің сенімін жоғалтпау үшін Қазақстанның Үкіметі үкіметтік кепілдікке берілген несиелер бойынша қарыздарды жою бойынша шаралар қабылдайды. Мұндай жағдайларды тууы біріншіден, алынатын табыстың белгісіз мөлшерде болуы, үкіметтік кепілдіктердің негізсіз берілуі және тәжірибенің болмауы табылады. 1995 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасының премьер-министрімен шетел несиелері бойынша уақыты өтіп кеткен, заемшы-кәсіпорындардың қарыздарын жоюды қамтамасыз ету жөнінде үкіметтік комиссия құру туралы өкімі шығарылды. Комиссияның жұмыс органы болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік экспорт-импорт банкі белгіленді. Комиссия айына бір рет үкіметке есеп беруге міндетті болды. Бұл комиссия банкіге берілген несие алу бойынша жобаларды қарастыруды тоқтатуға құқылы және қарыздарды алу жөнінде шешім қабылдайды. Сонымен, Қазақстанда шетел инвсетицияларымен жұмыс істейтін қызмет бөлетін Экономика министрлігі және Қаржы министрлігі, Инвестициялар жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеті, екі банкі және бірнеше органдар қызмет істейді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өзінің инвестициялық саясатын және бағдарламаларын инвестицияларды тарту мақсатымен жүзеге асырады және мемлекет осы салада заңдар, қаулылар, жарлықтар қабылдайды. Қабылданатын заңдар мен өзге де құқықтық актілер инвестициялық саясатты жүзеге асырудың құралы. Мемлекет сыртқыэкономикалық, инвестициялық қызметті монополиялаудан бас тартса да, шетел мемлекетінің капталының қатысуымен құрылған кәсіпорындарды бақылауға міндетті. Қазақстанның бірінші «Шетелдік инвестициялар туралы» заңы 1990 жылы қабылданса, екінші заң Қазақстан Республикасы кезінде 1994 жылдың 27 желтоқсанында қабылданды, кейіннен 2003 жылдың 1 тамызында № 373 Заңымен күші жойылды.
Бұл заң шетелдiк инвестицияларды Қазақстан Республикасының экономикасына тартудың басты құқықтық және экономикалық негiздерiн белгiлеген, шетелдiк инвестицияларды қорғаудың мемлекеттiк кепiлдiктерiн бекiткен, оларды жүзеге асырудың ұйымдық нысандарын, шетелдiк инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiлеген. Заңда Инвестицияларға анықтама берілген: табыс алу мақсатында кәсiпкерлiк қызмет объектiлерiне салынатын мүлiктiк және санаткерлiк қазыналардың барлық түрi, оның iшiнде:
- жылжитын және жылжымайтын мүлiк пен мүлiктiк құқықтар, ұстап қалу құқығы, импортталған және өңдемей сатуға арналған тауарлардан басқалары;
- акциялар және коммерциялық ұйымдарға қатысудың өзге де нысандары;
- облигациялар мен басқа да борыштық мiндеттемелер;
- ақша сомаларын, тауарларды, қызмет көрсету және инвестицияларға байланысты шарттар бойынша кез келген өзге орындауды талап ету;
- авторлық құқықтарды, патенттердi, тауарлық белгiлердi, өнеркәсiп үлгiлерiн, технологиялық процестердi, ноу-хауды, нормативтiк-техникалық, сәулеттiк, конструкторлық және технологиялық жобалық құжаттаманы қоса, санаткерлiк қызмет нәтижелерiне құқық;
- қызметтi жүзеге асыру үшiн лицензияға негiзделген немесе мемлекеттiк орган өзге де нысанда берген кез-келген құқық. Қаралып отырған заң бойынша шетелдiк инвесторға жататын тұлғалар белгіленген, оларға: шетелдiк заңды тұлғалар; шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, шет елде тұрақты тұрғылықты жерi бар Қазақстан Республикасының азаматтары, бұл орайда олар шаруашылық қызметтi жүргiзу үшiн азаматтығын алған немесе тұрақты тұрғылықты жерi орналасқан елде тiркелген болуы керек; шет мемлекеттер; халықаралық ұйымдар жатады.
Алғашқы рет қазақстандық заңнамада бірлескен кәсіпорынның анықтамасы осы заңда берілген. Бiрлескен кәсiпорын – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, мүлкiнiң (акциялардың, үлестiң) бiр бөлiгi шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын. Заңның екінші бабында шетел инвестицияларының объектілері анықталған. Шетелдiк инвестициялар Қазақстан Республикасының заң құжаттарында осындай инвестицияларға тыйым салынбаған кез келген объектiлерге және қызмет түрлерiне салынуы мүмкiн.
Шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу ішкі заңнамамен қатар, халықаралық келісім-шарттармен реттеледі. Қазіргі таңда, келесі атаулары бар келісім-шарттар бар: капитал салымдарын көтермелеу және өзара қорғау туралы. Мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстанның да инвестициялық саясаты шетел мемлекеттерінің капитал салымдарын көтермелеуге бағытталған. ҚР-сы осындай келісім-шарттарды Түркиямен, Германиямен, Франциямен жасасқан.
Осы келісімдер бойынша Қазақстан өзіне келесі міндеттемелерді алды:
- шетел мемлекеттерінің фирмаларына қолайлы жағдай режимін қамтамасыз етуді;
- шетел фирмалары мен азаматтарының меншігіне тиісінше қорғау беру;
- ақша табыстарының аударымын кедергісіз қамтамасыз етуді.
Осындай келісімдерің маңызын келесі жағдайлардан көруге болады. Біріншіден, олар арқылы Қазақстан шет елдерде өзінің азаматтарының құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігін алады; өз кезегінде шетел мемлекеті осындай мүмкіндікті өз азаматтарына алады. Екіншіден, осындай келісімдер шетелдік инвесторлардың капиталдарына кепілдік, сенімділік және қорғау дәрежесін береді. Олар өзінің капиталдарына сенім артады, себебі олардың капиталын тек ішкі мемлекеттік заңнама ғана емес, сонымен бірге халықаралық құқықта кепілдендіреді. Үшіншіден, шетел мемлекетіндегі қазақстандық инвесторлар өздерінің капиталдарына қорықпай-ақ, олардың жағдайын ауырлататын ішкі мемлекеттік заңдар қабылданса да, халықаралық келісім-шарт қолданатындығына сенім артады. Бұл ереже мемлекеттердің өзара байланысындағы тұрақты шарт – халықаралық құқықтың императивтік нормасы.
Шетелдік инвестицияларды реттейтін келесі топ халықаралық келісім-шарттары: екі жақты табыстар мен мүлікке салық салуды жою туралы шарттар. Қазақстан мұндай келісім-шарттарды АҚШ-пен, Италиямен, Ұлыбританиямен, Польшамен, Венгриямен жасасты.
ТМД мемлекеттері шетелдік инвестициялар саны ұлғайсын деп есептесе, онда мемлекеттер оның ішінде Қазақстан үлкен кепілдіктер беруге тиіс. Қазақстан 1985 жылы қабылданған Инвестицияларды кепілдендіру жөніндегі агенттік туралы Сеул Конвенциясын қабылдады. Агенттіктің бас функциясы ретінде Сеул Конвенциясына қатысушы-мемлекеттердің инвестициялармен мүмкін болатын коммерциялық тәуекелдерге қатысты сақтандыру және қайта сақтандыру келісім-шарттарын жасасу табылады. Агенттік дамушы мемлекеттерге инвестицияларды тарту мақсатымен қосымша төлемдер жасауға құқылы. Қазіргі таңда, агенттіктің мүшесі болып 100-ден артық мемлекеттер табылады.
1965 жылдың 18 наурызында қабылданған «Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi» Вашингтон Конвенциясының (ИКСИД Конвенциясы) да маңызы зор. Бұл Конвенцияның қатысушылар саны да 100-ге жуық. Осы халықаралық келісім-шартта осы Конвенцияның жүзеге асыру механизмі бар. Мәселен, бұл актіде Халықаралық салу және даму банкісінің (МБРР) жанында инвестициялық дауларды шешу жөнінде Орталықты құру жағдайлары көзделген.
1992 жылы Қазақстан бірнеше халықаралық қаржы ұйымдарының мүшесі болу туралы Заң қабылдады.
Шетелдік инвестормен жасалған инвестициялар туралы Келісім-шарт инвестицияларды жүзеге асыруда үлкен роль атқарады. Шетелдік инвестицияларды реттейтін шарттар әртүрлі түрлерге бөлінеді: 1) концессиялық шарт; 2) өнімді бөлу туралы шарт.
Инвестиция деген не? Бұл ұғымды сипаттайтын әртүрлі пікірлер бар. «Инвестиция» деген сөз (investment) қазақ тіліне аударғанда «капиталдық салым, капитал салымы» деген мағына береді. Инвестициялар мемлекеттік және жеке болады. Олардың арасында келесідей айырмашылықтар бар. Мемлекеттік несиелер – бір немесе бірнеше мемлекеттермен бір мемлекетке берілетін заем немесе несиелер. Жеке инвестициялар – бір мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларымен екінші мемлекеттің осындай шаруашылық субъектілеріне берілетін инвестициялар.
Шетелдік инвестицияларға анықтама берген жөн. Шетелдік инвестициялар - Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының жарғылық капиталына қатысу, сондай-ақ оларға қатысты шетелдік инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешімдерді белгілеуге құқығы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына заемдар (несиелер) беру нысанында жүзеге асырылатын инвестициялар және Қазақстан Республикасының лизинг туралы заңдарында көзделген шарттармен лизинг нысаналарын беру.
Шетел инвестициялары заем және несие, тікелей және портфельдік деп жіктелуі мүмкін. Бірінші топ инвестицияларды ссудалық капитал деп атасақ, екінші топты – кәсіпкерлік капитал деп анықтаймыз. Тікелей шетелдік инвестициялар - оларға қатысты шетелдік инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешімдерді белгілеуге құқығы бар жаңадан құрылған және жұмыс істеп жатқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялар. Портфельдік шетелдік инвестициялар - шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялардың өзге де түрлері (акция, облигация және өзге де бағалы қағаздарды сатып алу).
Шетелдік инвестициялар келесі нысандарда жүзеге асуы мүмкін. Инвестициялау пайда (табыс) алу мақсатында кәсiпкерлiк қызмет объектiлерiне шетелдiк инвестициялар салуды жүзеге асыруға байланысты қызмет. Инвестициялау бірлескен кәсіпорынның акцияларын, басқа да бағалы қағаздарын сатып алу түріндегі үлестік қатысу нысанында бола алады. Инвестициялаудың келесі нысаны – шетелдік капиталға толығымен тиесілі кәсіпорынды құру табылады. Қазақстандағы шетелдік инвесторларға мемлекет мүлкін жекешелендіру процесіне қатысу мүмкіндігі берілген. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар кәсіпорындар құруға, филиалдар мен өкілдіктер ашуға т.б. заңдарда көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру құқылы.
Шетелдік инвесторлардың қызығушылығын Қазақстан экономикасының тау-кең және –мұнай-энергетика салалары тудырады. Осындай көптеген кәсіпорындар бар. Мәселен, Семей аумағында НАК Алтынмыс, БК Тенгизшевройл, БК Қазақтүркмұнай т.б.
Сонымен, Қазақстан аумағында 1500 жуық бірлескен кәсіпорындар бар.
Достарыңызбен бөлісу: |