Периодонт қабынуының клиникалық сипаттамасы.
Периодонттың жедел қабынуы.
Қабынудың бұл түрі жедел дамиды және клиникалық белгілері тез ауысып отырады. Осыған байланысты қабыну үрдісінің дамуын екі кезеңге бөлу (уыттану және жалқықтану) негізді деп келісуге болады.
Периодонттың жедел қабынуы, уыттану сатысы (бірінші кезеңі). Уыттану сатысы қабыну үрдісінің алғашқы кезінде байқалады және сырқат тістің өз бетімен сыздап ұзақ ауыруымен сипатталады. Сырқат тіспен ас шайнағанда, қарсы тісі тигенде ауыру сезімі күшейе түседі. Бастапқы кезде тісі сырқат адам мазаландырған тісін анық көрсете алады. Температуралық тітіркендіргіштер ауыру сезімін күшейте немесе бәсеңдете әсер ете алмайды. Қарап тексергенде сырқат тісте тісжегі қуысы анықталады және ол сауыт қуысымен байланысқан. Сүңгілеп байқағанда ауру сезімі жоқ, тік қағып байқағанда тіс ауырады. Тіс төңірегіндегі жұмсақ тіндер ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Кейде тіс қуысы жабық болуы мүмкін және тістің ЭҚ. 100 мка жоғары болады. Периодонттың дәрі әсерінен дамыған жедел қабынуы кезінде сырқат тісте уақытша немесе тұрақты пломбы тұруы мүмкін.
Патологиялық анатомиясы. Микроскопиялық зерттеу кезінде периодонт тінінде қан тамырларының кеңейіп, қанға толғаны (воспалительная гиперемия) байқалады. Тамырлар төңірегіндегі тінде сарысулы жалқықтың сіңуіне байланысты домбығу байқалады (воспалительный отек). Сонымен қатар бірлі-жарымды полинуклеарлармен бірге лимфоц9иттерден және гистоциттерден тұратын қан тамырларына жақын орналасқан клеткалар шоғыры (клеточные инфильтраты) анықталады.
Қабыну үрдісінің толастамай, одан әрі күшеюіне байланысты клеткалық метаболизм бұзылып, сүт қышқыл жиналуы әсерінен тіндерде ацидоз дамиды. Мұның өзі қан тамырларының өткізгіштігін жоғарылатып, жалқықтануды күшейтеді және лейкоциттердің сыртқа шығуына жағдай туғызады.
Жалқықтану сатысы (фаза экссудации) – екінші кезеңі. Бұл кезде периодонтта жалқықтану үрдісінің күшейіп, периодонт саңылауында қысымның артуына байланысты толассыз мазалайтын, солқылдатып, ауыртатын сезім пайда болады. Ауыру сезімі бір деңгейде тұрады немесе бірте-бірте күшейе түседі және көрші тістерге беріледі. Тіспен ас шайнағанда, қарсы жақ тіс немесе тіл тиіп кеткенде қатты ауырады. Кейде тісі сырқат адам оны өсіп кеткендей сезінеді және қозғалмалы бола бастағанын байқайды. Мұның себебі – түбір ұшы периодонтындағы коллаген талшықтарының домбығуы және жартылай ыдырап бұзылуы нәтижесінде периодонттың тісті ұясынан шығармай ұстап тұру қызметінің бұзылуы.
Қарап тексергенде сырқат тісте тісжегі қуысы анықталады, сүңгілеп байқағанда ауыру сезімі болмайды, сауыт қуысы көбінесе ашық. Температуралық тітіркендіргіштер ауыру деңгейіне ешқандай әсер етпейді. Сауыт қуысы жабық болған сирек жағдайда тістің ЭҚ 100 мка жоғары. Кейде тісте ұлпа қабынуын емдеу сатысында қойылған уақытша пломбы болуы да мүмкін. Қағып тексергенде сырқат тіс қатты ауырады (барлық бағытта), аздап қозғалмалылығы бар. Тіс төңірегіндегі қызыл иектің кейде қызарып домбыққаны байқалады, түбір ұшы аймағындағы ауыспалы қатпарды сипап тексергенде ауырады.
Кейбір жағдайларда жақ сүйегін қоршаған жұмсақ тіндерде коллатералды домбығу байқалады, ауыспалы қатпар тығыздалып (инфильтрат пайда болуы нәтижесінде) тегістелгені анықталады. Осыған орай дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмесе, тіс аймағындағы периостың жедел қабыну белгілері дамиды. Бұл кезде организмнің реактивтілігіне байланысты дене қызуы көтеріліп, тісі сырқат адамның басы ауырып, жалпы жағдайы нашарлайды. Кейде қанда да өзгерістер орын алуы мүмкін (лоейкоцитоз – 15-20·109 л ЭШЖ-жоғарылайды). Сырқат тіс жағындағы төменгі жақ асты, кейде иекасты лимфа түйіндері ұлғайып, ауыратын болады. Периодонттың жедел қабынуы кезінде рентгендік зерттеу периодонт саңылауындағы өзгерістерді анықтай алмайды. Дегенмен, жалқықтану сатысында периодонттың қоршаған қатты сүйек қабатының бүтіндігі сақталғанмен, кемік сүйек суретінің анықтығы төмендегіні байқалады және бұл өзгеріс периодонт қабынуы басталуынан біраз күн (7-10 күн) өткен соң орын алады.
Жоғарғы кіші және үлкен азу тістер периодонтындағы жалқық Гаймор қуысына ауысып, онда қабыну тудыруы мүмкін.
Периодонттың жедел қабынуы 2-3 тәуліктен екі аптаға дейін созылады және диагнозын нақтылау аса қиындық тудырмайды. Периодонттың жедел қабынуының улану сатысын пародонттың жедел шектеле қабынуынан, қызыл иек бүртігінің жедел қабынуынан (папиллит) ажырата білу керек. Ал жалқықтану сатысын ұлпаның жедел іріңді қабынуынан, периодонттың созылмалы қабынуының өршуінен, пародонталдық абсцестен ажырату керек. Бұл аурулардың сараптамалық диагнозын студенттер өз беттерімен құру керек. Пародонталдық абсцесс туралы мәлімет беруге болады. Бұл кезде абсцесс дами бастаған қызыл иек қатты сыздап немесе солқылдап ауырады (кейде тісі ауырғандай болады), тіс аздап қозғалмалы болады. Қарап тексергенде тіс сауыты көбіне бұзылмаған (кейде тісжегі қуысы болуы мүмкін), көлденең қағып тексергенде ауыру сезімі бар, температуралық тітіркендіргіштерге жауап береді, төңірегінде әр түрлі тереңдікте пародонталдық қалта болады. Қызыл иек қатты қызарып, томпиып ісінген, сипап тексергенде қатты ауырады, консистенциясы қатты немесе орталық аймағында аздап былқылдау белгісі (флюктуациялану белгісі) сезіледі. Кейде пародонталдық қалтадан іріңді жалқық бөлінеді. Рентгендік суретте абсцесс аймағындағы альвеола өсіндісінде пародонттың қабынуына тән өзгерістер анықталады. Ал периодонттың жедел қабынуы кезінде рентген суретте 1-2 тәулкттен кейін-ақ өзгерістер байқалады және олар тісті қоршаған кемік сүйектің суретінің анықтығының жойылуымен сипатталады (сүйек мойындағы инфильтраттану үрдісіне байланысты).
Патологиялық анатомиясы. Периодонттың жедел қабынуының жалқықтану сатысы кезінде қабыну ошағындағы тіндерде лейкоциттермен инфильтраттану үдей береді. Микроскопиялық зерттеу кезінде қабыну белгілерімен қатар тінде полиморфты-ядролы лейкоциттермен жаппай инфильтраттану байқалады. Лейкоциттердің қан тамырларынан көптеп периодонт тініне ауысуы оның ыдырауға ұшырап, іріңді ошақтың (бір немесе бірнешеу) пайда болуына әкеп соғады. Іріңді ошаққа (іріңдікке) жақын жатқан периодонт, сүйек және қызыл иек аймақтарында реактивті қабыну үрдісі (қызару және домбығу) анықталады. Сүйек қабы қалыңдаған, кейде іріңді жалқықпен сылынып кеткен, сүйек мойында қанға толу және ошақты іріңдеу үрдістері орын алады (сурет).
Сонымен қатар қабыну ошағының төңірегіндегі альвеола сүйегінің сорылуға ұшыраған аймақтарында клеткалы-талшықты құрылымдардың пайда болғаны байқалады. Қабыну ошағынан алыстау орналасқан сүйек тінінде клеткалы элементтердің көбеюі орын алған. Жедел қабыну ошағында қышқыл мукополисахаридтің мөлшері көбейеді, керісінше бейтарап мукополисахаридтің мөлшері өзгеріске ұшырамайды. Ал қалыпты және қабыну инфильтратындағы клеткалардағы рибонуклеопротеиндердің мөлшері бастапқы кезде жоғарылап барып, кейінірек төмендейді.
Периодонттың жедел қабынуының жалқықтану сатысы кезінде дәрігерлік жәрдем дер кезінде көрсетілмесе, жиналған жалқық шығуға жол іздей бастайды. Ең тиімді жолы түбір өзегі арқылы өтіп, жалқықтың сауыт қуысына жиналуы (түбір ұшы тесігі кең және ашық болған жағдайда), бұл мүмкін болмаған жағдайда периодонт саңылауы арқылы өтіп, қызыл иек сайымен сыртқа бөлінеді (сурет), тіс ұясының түбір ұшы аймағындағы қатты сүйек қабатын бұзып, кемік сүйек арқылы өтіп, сүйек қабығы астына жиналады немесе жұмсақ тіндерге өтіп, қабыну үрдісін (одонтогендік қабынбалы үрдістер) туындатуы.
Достарыңызбен бөлісу: |