ПОӘК 042. 18-24 10/03 2013 18. 09. 2013ж. №1-ші басылым


Ветеринариялық лаборатория



бет6/10
Дата13.06.2016
өлшемі0.83 Mb.
#131212
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Ветеринариялық лаборатория (латынша Laboro – работаю, жұмыс істеймін) - әртүрлі объектілерді, олардың қасиеттерін, құрылымын, оларда болатын химиялық және биологиялық процесстерді зерттейтін мекеме.

Негізгі құрамы:



  • республикалық, обылыстық, қалалық, аудандық және ауданаралық малдәрігерлік лабораториялар;

  • ғылыми-зертеу және оқу орындарының құрамдарына кіретін ғылыми-зерттеу мекемелері.

Малдәрігерлік лабораториялардың негізгі міндеттері:

  • ауруларды жою және олардың алдын алу үшін малдәрігерлік-санитарлық іс-шараларды дайындау, ұйымдастыру;

  • мал азықтарын, суды, ет-сүт өнімдерін және т.б. азықтық заттарды диагностикалық зерттеулерден өткізу;

  • малдәрігерлік мекемелерге, жеке мал мамандарына тиісті көмек көрсету;

  • қажетті әдістемелік нұсқаулар дайындап шығару;

  • малдәрігерлік объектілерде радиологиялық зерттеулер жүргізу.

Малдәрігерлік лабораториялар өз міндеттерін орындау үшін төмендегідей іс-шараларды іске асырады:

  • шаруашылықтардан келіп түскен материалдарды бактериологиялық, биологиялық, серологиялық, токсикологиялық, патолого-анатомиялық, гистологиялық және т.б. зерттеулерден өткізеді;

  • шаруашылықтарда және жеке меншіктерде аллергиялық және т.б. қажетті зерттеулерді жүргізеді;

  • материал жіберген мекемелер мен жеке адамдарға зерттеу нәтижелерін, қорытындыларын жеткізеді;

  • жеке шаруашылықтардың, елді мекендердің ветеринариялық-санитариялық және эпизоотиялық жағдайларын зерттейді;

  • малдәрігерлік лаборатория жұмыс істейтін аймақтардағы малдәрігерлік іс-шаралардың тиімділігін талдап, анықтайды;

  • өзіне тиісті аймақтарда мал ауруларын жою және олардың алдын алу үшін жүргізілетін ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды дайындау және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді;

  • малдәрігерлік мекемелерде және жеке мал мамандарына, сондай-ақ шаруашылық және фермерлік қожалықтарда, жеке кәсіп иелеріне мал ауруларымен күресу жөнінде кеңес береді;

  • алдыңғы қатардағы малдәрігерлік мекемелердің, шаруашылықтардың, фермерлердің, жеке кәсіпкерлердің тәжірибелерін және ғылым жетістіктерін насихаттап, кеңінен көпшілік арасына таратып отырады.

Ветеринариялық лабораториялардың құрылысы және штаты жергілікті жағдайларға және жүргізілетін зерттеулердің көлеміне байланысты әртүрлі болып келеді. Мәселен, обылыстық ветеринариялық лабораторияларда бактериологиялық, серологиялық, протозоологиялық, химико-токсикологиялық, клинико-диагностикалық, патологоанатомиялық, радиологиялық, мал азықтарын және тамақтарды тексеретін бөлімдер болады. Кейбір лабораторияларда шаруашылық және эпизоотологиялық бөлімдер қарастырылады. Ал ауданаралық және аудандық лабораторияларда міндетті түрде бактериологиялық, серологиялық және химико-токсикологиялық бөлімдер болады.

Малдәрігерлік лабораторияны директор – малдәрігері басқарады. Бөлімдерінде – меңгеруші-малдәрігері, лаборант және препаратор немесе санитар болады. Жергілікті жағдайларға байланысты бөлімдерде арнайы маман малдәрігерлері болуы мүмкін.

Типтік жоба бойынша обылыстық ветеринариялық лабораторияда келесі құрылыстар болуы керек: лабораториялық корпус, радиоактивті суды сақтайтын резервуары бар радиологиялық лаборатория, виварий, гараж, залалсыздандыратын дәрілерді сақтайтын қойма және сарай, өлексені және патологоанатомиялық материалдарды жағатын пеш. Лаборатория жарық, кең болуы керек. Төбесінің биіктігі 3 м, сеңкесінің кеңдігі - 2,5-3 м, терезелерінің көлемі - 2,2-2,4 м. Әрбір терезеде оңай және жеңіл ашылатын желдеткіш болуы керек. Терезелердің көлемі жалпы бөлменің 15-20 % -дай мөлшерде болуы қажет. Есіктерінің ені 1 м, биіктігі - 2,25 м. Едені линолеуммен, плитамен немесе пластикатпен жабылады. Қабырғаларын майлы бояумен боялады. Бу көп болатын бөлмелердің қабырғаларын плитамен қаптаған жөн. Арнайы зерттеулер үшін жеке бөлмелер қарастырылады.

Бактериологиялық кабинет – көлемі 23-32 м², бактериологиялық зерттеулер жүргізуге бейімделіп, арналған бөлме. Онда шынымен қоршалған, 7-8 м² көлемде бокс болады. Кабинет және бокс бактерицидті лампалармен қамтамасыз етіледі. Бактериологтың жұмыс үстелі линолеуммен, пластикатпен немесе шынымен қапталады. Үстелде барлық қажетті реактивтер, приборлар, аппараттар және материалдарды дайындауға, бояуға, микроскоп арқылы тексеруге қажетті заттар болады. Бокста сондай үстелде зерттелетін материалды қоректік ортаға себуге және қайталап өсіруге қажетті құрал-саймандар болады. Бактериологиялық кабинетте микроорганизмдерді өсіру үшін термостат қойылады.

Жақсы жабдықталған бактериологиялық кабинеттерде люминесцентті микроскопқа арналған қараңғыланған бокс болады. Сондай-ақ араластырғыш аппараттар, центрифугалар, анаэробтарға арналған микроанаэростаттар және т.б. лабораториялық заттар болуы керек.



Қабылдау бөлмесі – көлемі 9-15 м² болып келетін, зерттелетін материалдар түсетін бөлме. Бөлмедегі линолеуммен, пластикатпен немесе шынымен қапталған үстелдің үстінде эмальды ванночкалар, пинцеттер, қайшылар, скальпель, залалсызданратын сұйық құйылған ыдыстар орналастырылады. Онда зерттелуге түскен материалдар қабылданып реттеледі. Жеке үстелде ол материалдар тіркеліп, материал иесіне тиісті құжаттар беріледі.

Мал соятын бөлме – көлемі 17-25 м² болатын, жақсы желдетілетін және жарық бөлме болуы керек. Едені су өткізбейтін, майлы бояумен боялған, немесе плитамен қапталған болады. Бөлме суық және ыстық сумен, су ағындысымен қамтамасыз етіледі. Онда ұсақ малдарды соятын, инструменттерді қоятын үстелдер; хаттама жазуға арналған қозғалмалы үстел және инструменттерді, халаттарды, перчаткалар мен реактивтерді сақтайтын шкафтар орналастырылады.

Асколи кабинеті – көлемі 11-14 м² болатын сібір жарасына арналған материалдарды зерттейтін бөлме. Онда преципитация реакциясына керекті пробиркаларға арналған штативі бар үстел, пастер және өлшегіш пипеткалар, биологиялық препараттар және басқа да қажетті материалдар болады. Қанның сары суын және антигендерді пробиркаларға құю үшін Кольцовтың немесе Флоринскийдің аппараттары, автоклав болуы қажет.

Серологиялық кабинет – көлемі 20 м² болатын, серологиялық реакция қоюға арналған бөлме. Онда лабораториялық үстелдер; қыздырылатын прибиорлар мен су ваннасына арналған үстел; лабораториялық ыдыстарды, биологиялық препараттарды, реактивтер мен басқа да материалдарды қоятын шкафтар болады.

Бактериологиялық асхана – көлемі 13-16 м² болатын, қоректік орталар дайындауға, оларды сүзіп, құюға; материалдарды залалсыздандыруға керекті қыздырғыш приборлар мен аппараттарға арналған үстелдер мен ыдыстарды, реактивтерді, дайындалған қоректік ортаны және тағы да басқа материалдарды сақтайтын шкафтар орналастырылған бөлме.

Автоклав бөлмесі. Көлемі 13-15 м² болатын, қоректік заттарды, ыдыстарды, патологиялық материалдарды залалсыздандыратын автоклав орнатылған бөлме.

Жуу бөлмесінің көлемі 15 м²-тан кем болмауы керек. Онда ыдыстар мен инструменттер жуылып, кептіріледі. Ыдыстар мен инструменттердегі зиянды бу мен газдарды соратын шкаф орналастырылған, ыдыстарды хром қоспасымен, сілтілік ертіндімен, таза сумен жууға арналған үстелдер бар. Үстелдердің үстіңгі жағында тақталар мен ыдыстарды кептіруге арналған сөрелер орналастырылады.

Клиникалық диагностикалық кабинет. Көлемі 17,7 м² болатын қанды, асқазан сөлін, зәрді, нәжісті және басқа да қажетті материалдарды клиникалық-диагностикалық мақсатта зерттеуге арналған бөлме. Бөлмеде қажетті зерттеулер жүргізуге арналған арнайы үстелдер, аппаратуралар және реактивтер болады.

Гистологиялық кабинет. Көлемі 16,6 м² болатын, патологиялық-гистологиялық зерттеулерді жүргізуге арналған бөлме. Онда гистологиялық кесінділер жасауға қажетті барлық аспаптар (микротомдар, арнайы лаборатроиялық үстелдер, қажетті ыдыстар, бояулар, реактивтер, ыңғайлы жұмыс орны) орналастырылады. Сондай-ақ залалсыздандырылып, ұзақ уақыт сақтауға арналған препараттар бар банкілер қойылатын шкафтар мен музей витринасы болғаны жөн.

Химикалық-токсикологиялық кабинет. Көлемі 30,4 м² болатын, сорғыш шкафтар мен лабораториялық үстелдері бар; мал өнімдерінен дайындалатын азықтарды, суды, топырақты және басқа да патологиялық материалдарды зерттеуге бейімделген бөлме.

Азық лабораториясы. Көлемі 18,5 м² болатын; етті, сүтті, балықты, жұмыртқаны және басқа да заттарды санитарлық-гигиеналық зерттеуге арналған бөлме.

Мал азығының сапасын тексеруге арналған кабинет. Көлемі 14,2 м² болатын, мал азығының құрамын (белоктарды, тұзды, каротинді, витаминдерді, сүрлемнің қышқылдығын, азықтың құрамындағы қоспаларды) және сапасын зерттейтін бөлме. Ол бөлме сорғыш және лабораториялық шкафтар, үстелдермен қаматамасыз етіледі. Онда азықтарды минералсыздандыратын және жағатын электр приборлары болуы қажет.

Гельминттік-протозоологиялық кабинет. Көлемі 15,4 м² болатын, гельминтологиялық, арахно-энтомологиялық және протозоологиялық зерттеулер жүргізуге арналған бөлме. Бөлмедегі үстелдерге гельминтологиялық, гельминтолярвоскопиялық, арахноэнтомологиялық және протозоологиялық зерттеулер жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар орналастырылады.

Кейбір лабораторияларда биостимуляторлар және басқа да препараттар дайындауға арналған өндірістік бөлімдер болады. Оның көлемі типтік жоба бойынша 31,6 м². Онда термостат бөлмесі мен бокс болуы қажет.

Жоғарыда келтірілген кабинеттерден басқа республикалық, обылыстық лабораториялық корпустарда, типтік жоба бойынша, дәрігер эпизоотолоктарға, реактивтерге, басқа қажетті материалдарға, ыдыстар мен приборларды сақтауға арналған кабинеттер қарастырылады. Сондай-ақ, фотолаборатория, душ, шешінетін орын болуы қажет.

Мал өнімдерінің, азықтардың, судың және де басқа материалдардың радиоактивті ыластықтарын зерттеу үшін республикалық, обылыстық ветеринариялық лабораторияларда, радиоактивті бөлінген суды сақтайтын қоры бар, радиологиялық бөлімдер құрылады. Бұл бөлімдер ветеринариялық лабораторияның жалпы корпусынан бөлек орналастырылады, немесе жеке кірер есігі болуы керек.



Радиологиялық бөлім типтік жоба бойынша келесі бөлмелерден тұрады: қабылдау бөлмесі (6,36 м²); препаратор бөлмесі (9,9 м²); радиометрлік аппарат бөлмесі (16,3 м²); қызметкерлер бөлмесі; қойма; желдеткіш, душ және санитарлық бөлме.

Радиологиялық бөлімді жоспарлауда, аппараттарды орналастыруда қойылатын негізгі талап қызметтегі адамдардың өмірінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаның ыластанбауы.



Тәжірибеге қолданылатын жануарларды ұстау үшін типтік жоба бойынша жеке құрылыс – виварийлар қарастырылады. Лабораторияның өз ішінде ауруды жұқтырмас үшін және індетті аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында төмендегідей ережені сақтау қажет:

  • материалдармен жұмыс істегенде ешқашан жалаң қолмен оларды ұстауға болмайды. Ол үшін пинцет, инелер, ілгіштер және басқа да инструменттер пайдаланылады;

  • індетке қатысты бөлмелердегі барлық заттар залалсызданырылуы қажет, сұйық материалдарды резина грушы арқылы алады, пипеткалар мақтамен тығындалады. Індетпен байланысты барлық жұмыстар бокста, жалынды пайдалана отырып жүргізіледі. Індетті материалдар салынған пробиркалар, колбалар, бактериологиялық ыдыстар материалдың сипатына қарай белгіленіп, культураның аты, номері, алынған датасы жазылады;

  • егер індетті материал қоршаған заттарға тиіскен болса, онда ол заттар мұқият залалсыздандырылады. Ластанған жерді спиртті пайдалана отырып жаққан дұрыс. Ласанған заттарды, материалдарды тіркеп, бір ыдысқа жинайды да, сол күннен қалтырмай залалсыздандырады. Індетке байланысты барлық жағдайларды арнайы жұрналға тіркейді;

  • бөлімде жұмыс істейтін адамдардың денесін індеттен қорғау үшін арнайы пленка, аяқ киім, фартуктар, комбинезондар, қолғаптар, бахилдар және резина етіктер пайдаланылады. Радиоактивті заттар тыныс жолдары арқылы ішке түспеуі үшін арнайы маскалар, бір реттік респираторлар пайдаланылады.


Тақырыбы: Лаборатория жұмысындағы қауіпсіздік техникасы және көрсетілетін алғашқы көмек.

Мақсаты: Қауіпсіздік техникасымен және қатерлі жағдайда көрсетілетін алғашқы көмекпен таныстыру.
Лабораториялық жұмыстарда еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздікті сақтау. Химиялық, медициналық, ветеринариялық, бактериологиялық және басқа да лабораторияларда жұмыс істеу ешқашан қауіпсіз болған емес. Ертеден қазіргі біздің уақытқа дейін жеткен историялық деректер нешетүрлі ауыр қайғылы жағдайлардың болғанына куә. Техниканың дамуы кезеңінде бұрын белгілі емес қауіпті факторлардың пайда болуы қауіпсіздікті ауырлатпаса жеңілдетпейді. Қазіргі ғылыми бағытта электроэнергиясыз, жоғарғы қысымсыз, терең вакуумсыз, жоғарғы және төменгі температурасыз, әртүрлі улы заттарды, қауіпті бактерияларды, вирустарды, риккетсийлерді қолдабайынша жұмыс жүргізу мүмкін емес. Олардың көбі жарылудың, өрттің, радиацияның және індетті таратудың негізгі себептері болуы мүмкін. Міне сондықтан да еңбекті қорғау жүйесін қамтамасыз ету өте қажет. Адамдар мен малдардың денсаулығын сақтау және қорғау өзара тығыз байланысты бөлімдерден тұрады:

  1. еңбекті қорғаудың құқықтық және ұйымдастыру мәселелері;

  2. өндірістегі санитарлық-гигиеналық сақтық;

  3. өртке қарсы ұйымдастырылатын қауіпсіздік мәселелері;

  4. қауіпсіздік техникасы.

Еңбекті қорғаудың құқықтық және ұйымдастыру мәселелері еңбекті қорғау заңдылықтарына; өндірістік жарақатты тексеру, есептеу және талдау іс-шараларына; еңбекті қорғау туралы стандарттар мен нұсқауларға; қызметтегі адамдарды қауіпсіз жұмыс істеу әдістерін оқыту жүйесіне; қауіпсіздік тезникасын ұйымдастыру және еңбекті қорғау шараларының іске асуын бақылауға алу шараларына сүйенеді.

Өндірістік санитария дегеніміз адамдар мен малдарды ауруға шалдықтыратын немесе жұмысқа қабілеттілігін төмендететін өндірістің зиянды факторларын қалыпты деңгейге дейін төмендетуге немесе жоюға бағытталған ұйымдастыру іс-шараларының және сол үшін техникалық мүмкіншіліктерді ұтымды пайдаланудың тиімді жүйесі.

Еңбек гигиенасы – медицина мен ветеринария саласындағы сақтандыру мәселесі. Ол – адамдар мен малдардың жұмысқа қабілеттілігін жоғарлатудың және кәсіптік аурулардан сақтандырудың ғылыми негізі және тәжірибе жүзінде іске асыру.

Өртке қарсы қауіпсіздік мәселесінде өртті болдырмау, бола қалған жағдайда оны өршітпеу және тез арада өшіруге барлық жағдайды жасау, өрт кезінде адамдардың қауіпсіздігін және мал басының сақталуын қамтамасыз ету туралы іс-шаралар қарастырылады.

Қауіпсіздік техникасы – жұмыстағы адамдардың жарақаттануына немесе кенеттен денсаулығының нашарлауына себеп болатын қауіпті факторларды жою үшін ұйымдастырылатын іс-шаралар мен техникалық мүмкіншіліктерді ұтымды пайдалану жүйесі. Ол жүйе еңбекті қорғаудың негізгі саласы бола отырып, келесі мәселелерді шешеді:

  • жұмыстағы адамдарға еңбек қауіпсіздігі туралы ережелерді және нұсқауларды оқытып, үйрету;

  • мекемені және соның маңайындағы құрылыстарды техникалық қауіпсіздік жағдайда ұстау;

  • жаңадан алынған немесе өндіріске жаңадан қосылған құрылыстарды қорғау және сақтандыру техникаларымен қамтамасыз ету;

  • жұмысшыларды өндірістік қауіпті және зиянды факторлардан қорғау туралы ұжымдық және жеке бастық мәселелерді шешу. Ондай нұсқаулармен әрбір жұмысшылармен, қызметкерлерді қамтамасыз ету.

Қауіпсіздік техникасы туралы іс-шаралар «Еңбек туралы заңның» тиісті баптарына негізделіп іске асырылады. Қалыптылық құжаттардың негізінде еңбектің қауіпсіздігін реттейтін мемлекеттік және салалық стандарт жүйелері жатыр.

Әрбір мекемелерде, ұжымдарда еңбек қауіпсіздігі туралы оқулар, нұсқаулар, аттестациялар, жеке кабинеттер ұйымдастырылады. Насихат жүргізуде плакаттар, радио, кинофильмдер, дәрістер және кеңестер кеңінен қолданылады.

Өндірістік құрал-саймандардың техникалық қауіпсіздігі оларды құрастыру кезінде және олармен жұмыс істеу барысында қамтамасыз етілуі қажет. Серия бойынша шығарылатын өндірістік құрал-жабдықтар еңбек қауіпсіздігі жөніндегі стандарттық жүйеге сай болуы керек. Жұмыс барысында қосымша техникалық қауіпсіздікті қажет етпейтін жабдықтардың маңызы өте зор.

Техникалық қауіпсіздікті сақтау іс-шараларының ішінде ұжымдық және жеке басты қорғау мәселелері негізгі роль атқарады. Ондай нұсқаулар өндірістік қауіпті және зиянды факторларға қарсы сенімді және тиімді болуы шарт. Әсіресе желдеткіш жүйесінің, радиациялық қорғаныстың тиімділігі; электр қондырғыларының, жұмыс орнының жарықтануының талапқа сай болуы; арнайы киімнің, қорғаныс көзілдірігінің сапалылығы үнемі қадағалауда болуы керек. Бұл талаптарды орындамау ешқандай ақталуға жатпайды. Тіпті кейбір жағдайда қауіпсіздік туындамаса да негізгі ережені бұзуға болмайды. Үйткені ондай дағды бара-бара әдетке айналып кетуі салдарынан кейіннен үлкен қатерге апарып соғуы мүмкін. Дағдыға айналған кішкентай кемшіліктің өзі өндірістік жарақатқа, кәсіптік ауруға және әртүрлі апаттық жағдайға ұшыратуы ықтимал. Өндірістік ситуацияда кездесетін барлық қауіпті жағдайдың алдын алу мүмкін емес. Сондықтан әрбір қызметкер жұмыс барысында кездесетін кез келген қауіпті жағдайға қарсы тұруға дайын болуы керек. Лабраторияда істелетін барлық жұмыстар нақтылы, ұқыпты, асығыссыз орындалуы шарт. Жұмыс орнында тек сол кезде ғана қажетті реактивтер, приборлар, құрал-саймандар рет-ретімен орналасуы керек. Жұмысқа тек орындалатын жұмыстың барлық барысы анықталғаннан кейін ғана кіріседі. Бактериологиялық зерттеулер жүргізгенде және улы заттармен жұмыс істегенде тамақ ішуге, темекі тартуға болмайды. Улы заттармен жұмыс істегенде резина қолғапты, қорғау көзәйнегін пайдаланады. Індетті жарақатты материалдарды пинцет, қысқыш, ине, тұзақ, ілгіш, корнцангтар арқылы алады. Сұйықты пипетка арқылы алғанда резина грушаны пайдаланады. Індетті материалға қатысты барлық ыдыстар, операторлардың қолдары, үстелдер залалсыздандыратын ертіндімен мұқият жуылады.

Өте қатерлі материалдармен жұмыс жеке бөлмелерде қосымша қорғау заттарын пайдалану арқылы жүргізіледі. Артық буды, газды, ұшқыш химиялық зататрды уақытында шығарып отыру үшін сорғыш шкафтар болуы қажет.

Реактивтер, химиялық заттар сақталатын ыдыстарда олардың аты, заты толық жазылған этикет болуы шарт. Оны түзетуге, ескісін алмай жаңасын жапсыруға тиым салынады. Этикетсіз реактивтерді, химиялық заттарды қолдануға болмайды.

Химиялық реактивтердің, органикалық ертінділердің, микробиологиялық зерттеудің қоректік заттарын, радиоактивті қалдықтарды раковинаға құюға тиым салынады. Оларды арнайы бөлінген орынға жинап, белгілі тәртіп бойынша жояды.

Жұмыс істеп тұрған аппараттарды, электр приборларын, газ жаққыштарды ешуақытта бақылаусыз қалтыруға болмайды. Толық жұмысқа қосылмаған, бірқалыпты жұмыс істемейтін, немесе көрсеткіштері дұрыс емес аппараттарды асығыстықта басқа біреуге тапсырып қалтырып кетуге болмайды. Жұмыс аяқталғанда, лабораторияны жабар алдында, барлық аппаратуралар мен приборлардың толық жұмыстан шығарылғанын тексеру қажет. Сулар мен газдар жабылып, электр жүйесі ажыратылуы керек.

Жеке басты, толық бір ұжымды қауіптен қорғайтын заттар мен нұсқауларға ерекше көңіл аударады.

Жеке басты қорғауға приборлар, арнайы киімдер және радиоактивті, улы, бактериалды заттардың зиянды әсерлеріне қарсы қолданылатын препараттар жатады. Әсер ететін заттардың ерекшеліктеріне байланысты жеке басты қорғау заттары механикалық, қызулық, жарықтық, дыбыстық, химиялық, биологиялық болып бөлінеді. Олардың ішінде көбірек тарағандары: противогаздар, респираторлар, дыбысқа қарсы қолданылатын приборлар, қорғаныш көзілдіріктер, арнайы киімдер, антидоттар, радиацияға қарсы қолданылатын препараттар, жеке бастың химиялық заттарға қарсы қолданылатын пакеттер, қорғайтын майлар, пленкалар және т.б. Жеке басты механикалық факторлардың зиянды әсерлерінен қорғайтын броножилеттер, каскалар, шлемдер, байлағыш ремендер кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар қолдан жасалатын мақта-марлі байлағышы, шаң-тозаңға қарсы тканьнан жасалатын маскалар, қара әйнекті көзілдіріктер, су өткізбейтін жамылғыштар, синтетикалық тәждебиктер және т.б. Мұндай қолдан жасалатын қорғау заттарының әсерлері уақытша екенін естен шығармау керек.

Арнайы киімдер – жеке адамның жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін, оны қауіпті және зиянды өндіріс факторларынан қорғайтын киімдер. Оларды арнайы белгілі бір профессияға арналған, немесе әр саладағы ұқсас профессияларға арналған деп бөледі. Арнайы курткалар, шалбарлар, комбинезондар, костюмдер, халаттар, тондар, плащтар, фартуктер, жилеттер, қолғаптар бір-бірімен қатарынан және қосымша аяқ киімдермен, бас киімдермен және басқа да қорғаныс заттарымен қатарынан қолданылады.

Жалпы 12.04.015-76 ГОСТ-ы бойынша арнайы киімдер қорғау қасиеттеріне байланысты 16 топқа және 36 топ ішіндегі бөліктерге жіктеледі. Әрбір топтағы киімдерге нақтылы талаптар қойылады.

Жоғарғы деңгейдегі улы және өте қауіпті заттарға арнайы киімдер пленкадан немесе арнайы заттармен қанықтырылған материалдардан тігіледі. Олар улы заттарды өз бойларына сіңірмеуі және тігістері арқылы улы заттар өтпейтіндей болулары қажет.

Қорғау және қауіпсіздік үшін:



  • радиоактивті заттардан – денені толық жабатын және жеңіл залалсыздандыруға болатын мақтақағаз және лавсан материалдарынан істелген киімдер;

  • органикалық ертінділерден, мұнай және оның өнімдерінен, майлардан – мақтақағаз және синтетикалық торшалармен өңделген, органикалық қосылыстарға тұрақты материалдардан істелген арнайы киімдер;

  • зиянды биологиялық факторлардан – денені толық жабатын мақтақағаздан жасалған киімдер және бетті шыбын-шіркейден қорғайтын торшалар қолданылады.

Арнайы киімдерге қойылатын талаптар – олар қорғау, жұмыс істегенге қолайлы болу, эстетикалық, гигиеналық талаптарға сай болуы.

Мәселен, обаға қарсы тігілген костюм арнайы киімдердің қатарына жатады. Ол киім тек обадан ғана сақтап қоймайды, басқа да індетті аурулардан сақтандырады. Ол пижамадан, комбинезоннан, обаға қарсы халаттан, бас киімнен, мақта-марлі маскасынан, респиратордан, противогаздан, қорғау көзілдірігінен, резина етіктен, резина қолғаптан және орамалдан тұрады. Оған қосымша резинкаланған полиэтилді фартук, жеңдік және екінші қос қолғап болады.



Комбинезон бір түсті тығыз материалдан тігіледі. Алдыңғы түймелері толық түймеленеді. Аяқ жағы, қолдардың ұшы байланады. Қыста оны қалың киімнің сыртынан киетін болғандықтан көлемі үлкен болады.

Обаға қарсы тігілетін халаттың көлемі үлкен, ұзын, етектері айқастырылып жабылатындай, алдыңғы жағынан байлап бекітетіндей болуы керек. Жеңдерінде байлайтын бау, бас киімі (капюшон), немесе оба байлауышы мойынды, иекті, ұртты, маңдайды толық жабатындай болады.

Мақта-марлі маскасы ұзындығы 125 см, көлденеңі 50 см марлінің орта тұсына ұзындығы 25 см, көлденеңі 17 см мақта салынып, оның қалыңдығы 1,5-2,0 см етіліп жасалады. Оның екі жақ шеттерінен мақтаға дейін қиық жасалады. Масканы қағазға орап залалсыздандыруға болады. Қорғау көзілдірігі ретінде жақсы герметикалық жағдай туғызатын кез келген көзілдірікті қолдануға болады.

Орындалатын жұмыстың түріне қарай қорғау костюмінің 4 негізгі түрлері бар:



  • бірінші түрі – толық обаға қарсы костюм. Оның құрамында пижама және комбинезон, копюшон немесе үлкен байлауыш, оба халаты, мақта-марлі маскасы, резина қолғап, көзілдірік, носки, етік және орамал болады;

  • екінші түрі – жеңілдетілген обаға қарсы костюм. Оның құрамында тек көзілдірік қана болмайды. Басқасы жоғарыда аталғандай;

  • үшінші түрі пижамадан, халаттан үлкен байлауыштан, резина қолғаптардан, носкилерден, галоштардан және орамалдан тұрады.;

  • төртінші түрі пижамадан, халаттан, медициналық қалпақшадан, кішкене байлауыштан, носкилер мен тапочкалардан тұрады.

Костюмдердің індет бар немесе қауіпті жерлерде қандай түрлерін қолданудың, оларды қалай киюдің арнайы нұсқаулары болады. Өлексені сойған кезде қосымша клеенкадан тігілген фартук, жеңдік пайдаланылады. Ал резина қолғаптар мен орамал фартуктың белдігіне қыстырылады. Костюмнің бірінші түрімен 3 сағат (ыстық уақытта 2 сағат) жұмыс істегеннен кейін бір сағат демалу керек.

Жұмыс аяқталғаннан кейін костюмді ақырын еппен, қатаң түрде нұсқауда көрсетілген ретімен шешеді. Костюмнің әрбір бөлігін шешкен сайын қолғапты қолды залалсыздандыратын ертіндіге жуып отырады. Етікті, фартукты залалсыздандыратын ертіндіге жақсы қанықтырылған тампонмен жақсылап сүртіп алады. Орамалды залалсыздандыратын ертіндіге, ал көзәйнекті 70 %-ды спиртке батырып қояды. Оператордың қолдарын 70 %-ды спиртпен тазалалап сүрткеннен кейін, сабынды сумен мұқият жуады. Оператор костюмді толық шешінгеннен кейін душ қабылдауы керек. Костюмді әрбір қолданғаннан кейін қайнату, автоклавқа салу арқылы, немесе залалсыздандыратын ертіндіні қолдану арқылы залалсыздандырады.

Ветеринариялық аппаратуралармен жұмыс істегендегі қауіпсіздік техникасы. Ветеринариялық аппаратуралармен жұмыс істегенде ол аппаратураның конструкциясына, орнатылған бөлмесіне, қолдану тәсіліне байланысты операторға әртүрлі зиянды әсерлерінің болуы мүмкін. Оған жататындар: электр тоғының соғуы; иондық, электромагниттік, ультракүлгін, инфрақызыл сәулелердің, ультрадыбыстың, лазер сәулесінің деңгейлерінің жоғарылауы; аппаратуралардың үстіңгі жағындағы төменгі немесе жоғарғы температура; жарылыс және өрт қауіптіліктері; жұмыс орнындағы қатты шуыл, тербеліс; механикалық жарақат; биологиялық және химиялық зиянды әсерлер.

Ветеринариялық аппаратуралармен жұмыс істегендегі техникалық қауіпсіздіктің негізі – аппаратураларды жұмыс жағдайында ұстау, оларды қолдану жөніндегі нұсқаулар мен ережелерді қатаң сақтау. Сондай-ақ приборлар мен аппаратураларды пайдаланудың жалпы және салалық ережелерін бұлжытпай орындауды қадағалау. Осыларды тиянақты орындау үшін уақытында нұсқау беріп отыру және электр жүйелі аппараттармен жұмыс істеуге тек 19-дан жасы асқан, денсаулықтары дұрыс адамдарды ғана жіберу керек. Ол үшін белгілі бір уақытта жұмысшыларды аттестациядан өткізіп отырады және аппараттар мен приборларды уақытында тексеруді ұйымдастырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет