ПОӘК 042. 18-24 10/03 2013 18. 09. 2013ж. №1-ші басылым


Жазым бола қалған жағдайда көрсетілетін бірінші көмек



бет7/10
Дата13.06.2016
өлшемі0.83 Mb.
#131212
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Жазым бола қалған жағдайда көрсетілетін бірінші көмек.
Бірінші медициналық көмек – қайғылы жағдайда, жарақатта немесе кенеттен ауру пайда болғанда адамдарға жедел көрсетілетін қарапайым іс-шаралардың жиынтығы. Ең бірінші кезекте әсер еткен себепті жояды, одан кейін қанның ағуын тоқтатады, жасанды дем береді, шина салады және ол адамды тезірек емдеу орнына жеткізуді ұйымдастырады.

Мұндай жағдайға ұшыраған адам мүмкіншілігінше өзіне өзі көмектесуі немесе жолдасының көмектесуі мүмкін. Уақытында және сапалы көрсетілген бірінші көмек адамды ары қарай емдеу нәтижесіне, тіпті адамның өміріне өз әсерін тигізеді.



Қан ағу лабораториялық жағдайда жиі кездеседі. Жарақаттанған қан тамырларының түріне байланысты капиллярлық, веноздық, артериалдық қан ағу түрлерін ажыратады. Капиллярлық және веноздық қан ағуда қан қоңыр түсті, тамшылап немесе біртұтас ағады. Мұндай жағдайда жарақатты қатты қысым түсіре таңып тастау керек. Артериалды қанның түсі қызғылт, қан тамыр соғысына ұқсас ағады. Ондай жағдайда аяқтарды буыннан бүгіп ременьмен немесе винтпен қатты таңып байлап қояды, кейде жгут салады.

Бірінші көмек көрсеткенде төмендегідей ережені сақтау керек:



  • жарақатқа сілті немесе улы зат түскен болса оны сабынды сумен жуады да, ақ стрептоцид салып стерильді бинтпен таңып тастайды;

  • жарақатты маймен майлау немесе оған ұнтақ себу оның жазылуына кедергі жасайды, жазылуы ұзаққа созылады;

  • жара ластанған жағдайда оны жарадан тысқары қарай тазалауға болады. Тазаланған бөлікті таңбас бұрын йод ертіндісімен майлаған дұрыс;

  • йод жараның ішіне түспеуін қадағалау керек;

  • жараға қолмен тиіспеу керек, ондағы ұйыған қанды қолмен алуға болмайды, қатты қан ағуы мүмкін;

  • жарадағы бөгде заттарды тек дәрігер ғана алуға міндетті.

Жараны қысым түсіре таңу. Таза материалмен, марлімен немесе стерильді бинтпен қан ағып тұрған жараны таңады. Егер стерильді материал болмаса, онда тінге йодтың тұнбасын тамызған жөн. Содан кейін бинт, мақта, таза орамалды пайдаланып, қатты таңып тастайды. Егер қан аяқ жақта ақса, онда аяқты жоғары көтеріп қояды. Ауыр жағдайда, қан көп аққанда ауруды жатқызып қояды.

Капиллярдан аққан қан өздігінен тоқтауы да мүмкін. Тек қанның ұюы нашарлағанда қауіпті болады. Ондай жағдайда таңу мен қабат қанның ұюын жылдамдататын препаратты қолданған жөн. Аяқта, мойында, бас жақта артериалық қан аққанда жарақаттың жоғарғы жағынан артерияны қысады. Мәселен, беттің төменгі жағындағы аққан қанды жақ артериясын қысу арқылы, шекеде немесе маңдайда аққан қанды шеке артериясын қысу арқылы тағы сол сияқты тиісті қан тамырларын қысу арқылы тоқтатады.

Алдыңғы және төменгі аяқтардан аққан қанды уақытша тоқтату үшін жгут қолданылады. Егер арнайы резинадан істелген жгут болмаса, онда ең қолайлы зат резина шланг. Жгут қойылатын жерге теріні қыспас үшін тығыз материал немесе бірнеше қабат бинт қойылады. Жгутты киімнің сыртынан да қоюға болады. Бірінші оралымды онша қатты қыспай, ал келесі оралымдарды қаттырақ қысып таңады. Оралымдарды қанның ағуы тоқтағанша орайды. Қанның ағуы тоқтағаннан кейін орауды байлап тастайды. Тін бозғылттанып, шеткергі артериялардың соғысы болмауы керек. Егер жгут нашар таңылған болса, онда қанның ағуы үдей түседі. Жгутты 1-1,5 сағаттан артық ұстауға болмайды. Міндетті түрде жгут салынған уақыт белгіленеді. Жгуттың орнына бинтті, орамалды, галстукты, белдікті пайдалануға да болады. Олардын тұзақ істеп, жарақаттан 5-7 см жерге салады да оған таяқшаны кигізіп, сол арқылы бұрап қанның аққаны тоқтағанша қатайтады.

Күйік ыстық немесе балқыған заттармен, сондай-ақ өте төменгі температурадағы заттармен де (сұйық немесе қатты көміртегі диоксидімен, сұйық оттегімен) және сілтілік заттармен (сілтілер, қышқылдар, броммен) туындауы мүмкін.

Сақтандыру шаралары:



  1. Ыстық сұйық құйылған ыдысты екі қолмен ұстап орнынан ауыстырады. Онда орамал салынған бір қолы ыдыстың астында болады да, ал екінші қолы ыдыстың ұстауға қолайлы жерінен бекітіп ұстайды. Көп ыдыстарды тасымалдау үшін ағаштан жасалған тасымалдағышты қолдануға болады.

  2. Сілтілік ертінділерді, қышқылдарды, аммиакты құю үшін грушы бар шыны сифон немесе еңкейтуге қолайлы штатив қолданылады. Олар болмаса міндетті түрде екі кісі шараны іске асыруы керек. Ыдысты екі жағынан ұстайтын тұтқасы бар корзинаға орналастырады. Өздері арнайы киімдер – резина алжапқышты, қолғаптарды, қорғау көзілдірігін пайдаланады.

  3. Күкірт қышқылын сұйылту үшін қышқылды жіңішке ағынмен суық суға, оны араластыра отырып қосады. Ешуақытта суды концентратты күкірт қышқылына құюға болмайды!

  4. Қышқылдар мен сілтілерді тек сұйытылғаннан кейін ғана бейтараптауға болады.

  5. Сілтінің бөлшектерін пинцетпен, қысқышпен немесе фарфор қасығымен ұстайды. Қолға резина қолғап киеді.

  6. Сілтілік ертіндіні ауыз арқылы соруға болмайды. Ол үшін арнайы қондырғыларды немесе грушаны пайдаланады.

  7. Сүзіндіні қыздырар алдында мұқият араластыру қажет. Себебі әртүрлі тығыздықтағы астыңғы және үстіңгі тұнбалар әртүрлі температурада қайнап, ертінді шашырауы мүмкін.

  8. Бром, сутегінің қаныққан ертіндісі, фторлысутегі қышқылы және басқа да сілтілік сұйықтар бар шыны ыдыстарды өте сақтықпен ашу керек. Ашқан кезде оның аузын өзіңізден қарсы жаққа қарату керек.

Күйік жарақатының тереңдігіне қарай 4 сатысын ажыратады. Сонымен қатар күйіктің көлемі де үлкен роль атқарады.

Күйіктің І-ші сатысында күйік кезінде өте қатты, күйдіргі ауырсынғандық байқалады. Одан кейін жылдам арада қызарып, терінің ісінгендігі пайда болады. 2-3 күннен кейін қызарғандық пен ауырсынғандық жоғалады, 4-5 күнде терінің беті қабыршықтанып түседі де, күйік ешқандай із қалдырмай жазылып кетеді.

Күйіктің ІІ-ші сатысында терінің жарақаттануы оның бүртікті қабатына дейін жетеді. Алғашқыда өзгерістер жоғарыдағыдай, артынан ішінде мөлдір серозды сұйығы бар күлдіреуіктер пайда болады. Ол сұйық бара-бара ылайланады, желеге ұқсас зат түзіледі. 3-4 күннен кейін күлдіреуіктер жарылады. Егер жара індеттен таза болса 7-10 күннің ішінде эпителий өсіп, тыртықсыз жазылады. Асқынған жағдайда жараның жазылуы созылады, күйген жерде грануляциялық тін өседі. Жазылғаннан кейін оның орнында көбінесе тыртық қалады.

Күйіктің ІІІ-ші сатысында тері өлі еттеніп кілкілдек пайда болады. Өлі еттер түскеннен кейін оның орнына грануляциялық тін өседі де тығыз тыртық пайда болады. Көлемді күйікте организмнің қатты уланғаны байқалады. Дененің үштен бір бөлігінің күюі өмірге қауіпті.

Күйіктің 1V-ші сатысы өте ауыр жарақат. Онда тіндер күлге айналып үгілуге дейін барады.

Отпен күйгенде көрсетілетін бірінші көмек. Жараны індеттен сақтау үшін бірінші кезекте оның бетін құрғақ асептикалық таңғышпен жабады. Ондай таңғыш болмаған жағдайда таңатын материалды спиртпен (арақпен) ылғалдап пайдаланады. Күйіктің І-ші сатысында күйген жерді содамен, крахмалмен және т.б. қолда бар заттармен майлаған да жеткілікті.

Химиялық заттармен күйгенде көрсетілетін бірінші көмек жарақаттаған химиялық заттың түріне байланысты болады. Қышқылдан болған күйікті суық сумен жуады немесе сілтілік ертінділерді (сабынды су, сода ертіндісі) қолдануға болады. Сілтінің әсерінен болған күйікті сумен жуады да, артынан сірке қышқылының әлсіз ертіндісімен шайып, сол ертіндімен ылғалданған асептикалық байлағышпен таңып тастайды.

Электрмен жарақаттанғанда бірінші кезекте электр тоғының көзін тоқтатады. Жергілікті жарақатқа құрғақ таңғыш пайдаланады да, ауырсынғандықты басатын препарат береді. Дем алысы тоқтап қалса, қолдан дем береді; жүректің қызметі тоқтағанда жүрекке жанама массаж жасайды.

Барлық жағдайда да бірінші көмек көрсетілгеннен кейін ауруды емдік-сақтық мекемесіне жеткізеді.



Тақырыбы: Фарфор, кварц, пластика ыдыстарын жұмысқа дайындау.

Мақсаты: лабораториялық ыдыстардың түрлерімен таныстыру.

Қажетті материалдар: әртүрлі фарфор, кварц, пластика ыдыстары, воронкалар, колбалар, бюкстер, пробиркалар.
Фарфордан, кварцтан, пластикадан жасалған ыдыстар

және отқа төзімді ыдыстар.
Фарфор бұйымдары шыны ыдыстарға қарағанда химиялық реакцияларға және қызуға жоғарғы төзімділігімен сипатталады. Фарфордың әр түрлерінің құрамына 20-60 % каолин, 20-40 % кварц және 20-60 % дала шпаты кіреді. Оларды жағу 1200-1400ºС-да жүргізіледі. Көптеген фарфор бұйымдарын глазурьмен қаптайды. Фарфордан жасалған ыдыстардың кемшілігі олар ауыр, мөлдір емес және шыны ыдыстарға қарағанда қымбатырақ.

Стақандар (бокалдар) – сиымдылығы 50-4000 мл, құйылатын тұмсығы бар, сегіз номерлі цилиндрге ұқсас ыдыс. Су және құм банналарында, асбес торы арқылы газ оттығында заттарды еріту, араластыру және қыздыру үшін қолданылады.

Буландыру үшін қолданылатын тарелкалар – дөңгелек, жұқа қабырғалы, тұмсығы бар, аласа бойлы ыдыс. Сиымдылығы 28-4600 мл сегіз размері бар. Олардың диаметрлері 3-4 - 50 см және одан да үлкен болуы мүмкін.

1-ші кесте

Буландыруға арналған фарфор тарекаларының көрсеткіштері

Номерлері

1

2

3

4

5

6

7

8

Сиымдылығы, мл

28,8

65,0

140,0

311,0

471,0

1010,0

2106,0

4600,0

Биіктігі, мм

56

72

93

120

156

202

260

366

Тарелканың ішкі беті толық, ал сыртқы беті ½ - ¼ бөлігінде глазурмен қапталады. Мұнда әртүрлі ертінділерді буландыруға болады. Буландыруды су және құм банналарында, асбес торын қолдана отырып электр плиткалары мен газ оттықтарында іске асыруға болады.



Келі түйгішімен (ступка пестигімен). Қалың қабырғалы, дөңгелек, тұмсықты ыдыс. Ішкі беті глазурсыз, кедір-бұдыр. Қатты заттарды, биологиялық тіндерді ұсақтауға және араластыруға қолданылады.

Ұстайтын шығыры мен тұмсығы бар ыдыс (кружка) – қабырғасы қалың, тұмсықты биік цилиндр. Сиымдылығы 250 мл – 2 л аралығында. Қышқылдарды, концентрациялы сілті ертінділерін құю және араластыру үшін қолданылады. Онда құм баннасында немесе асбес торшалары арқылы сұйықты 300ºС-ға дейін қыздыруға болады.

Тиглдердің биігі және аласасы болады. 5 биік және 6 аласа номерлері бар. Олар бір-бірінен номерлері және сиымдылықтары арқылы ажыратылады. Олар тұндаларды кептіру, күлге айналдыру және шанышқылау үшін қолданылады. Оны біртіндеп қыздыра отырып керекті температураға дейін жеткізеді. Тұнбаны шанышқылауды муфель пешінде температураны біртіндеп 1200ºС-ға жеткізіп барып іске асырады. Операция аяқталғанда оны ауада суытады да эксикаторға орналастырады. Суыту үшін қызған тиглді суық қысқашпен ұстауға, металл немесе керамикалық қондырғыларға қоюға болмайды. Оларды суығанша асбес торшаға қойған дұрыс. Фарфор тиглдерінде сілтімен, натрий карбонатымен, фторлы сутегі қышқылымен жұмыс істеуге болмайды. Олар фарфорды бүлдіреді. Тигелдегі зат шашырап төгілмес үшін кейде қақпақ қолданылады.

Бюхнер воронкасы. Цилиндрлік және конустық бөліктерінің арасында көп тесігі бар аралық қалқа қойылған ыдыс. Сиымдылығы 68-2720 мл аралығында төрт размері шығарылады. Олар ыстық және суық түріндегі бейтарап, қышқыл және сілті ертінділерінің тұнбаларын қағаз сүзгіштер арқылы сүзу үшін қолданылады. Сүзу үшін таза воронканы резина тығын арқылы Бунзен колбасына қосады. Көп тесікті қалқанға екі айналым, диаметрі воронканың ішкі диаметрінен 1 мм кем, сүзгіш қағазды орналастырады. Оны аздап дистілденген сумен ылғалдау керек. Сонда сүзгі қағаз қалқанның бетіне толық жабысады да оған бөгде заттардың түсуіне жол бермейді.

Қасықтар және шпателдер. Қасықтар құрғақ заттарды өлшеу үшін алуға бейімделген. Шпатель – екі жақ басы күрекше тәрізді кеңейтілген аспап. Бір жағының күрекшесі кішілеу болып келеді және олардың үштері өткірленген. Олар сүзгілерден тұнбаны алу және заттарды өлшеуге салу үшін қолданылады.

Жоғарғы температурадағы отқа төзімді ыдыстар. 1200ºС-дан жоғарғы температурада қыздыру керек болғанда отқа төзімді материалдардан жасалған тигелдерді қолдануға болады. Оған жататындар: кварц, графит, шамот, гессен балшығы, платина, көптеген металл тотықтары, кейбір металлдардың карбидтері және басқалар.
Кварц ыдыстары.
Алынатын материалдарына және олардың тазалығына байланысты кварц бұйымдарының екі түрін ажыратуға болады:

  1. Беті бұдырлы немесе жадағай мөлдір емес түрі;

  2. Шыны тәрізді мөлдір түрі.

Кварц ыдыстарының ерекшелігі олардың жоғарғы температураға төзімділігі және көптеген химиялық заттарға химиялық инерттілігі. Оларды еш қауіпсіз жалаң жалында қыздыруға, бірден суық суға салып суытуға болады. 1200ºС-ға дейін қыздырғанда пішінін өзгертпейді. Себебі кварц 1600-1700ºС температура аймағында ғана балқиды.

Кварцтан колбалардың барлық түрлерін, пробиркаларды, стақандарды, буландыру үшін қолданылатын тарелкаларды, тигелдерді т.б. дайындауға болады.



Пластикадан және басқа да материалдардан жасалатын ыдыстар.
Полиэтилен, полипропилен, фторопласт және басқа да мөлдір және жартылай мөлдір, химиялық заттардың әсерлеріне төзімді материалдардан жасалатын ыдыстар соңғы кезде кеңінен қолданылуда. Олардан колбалар, пипеткалар, жуғыштар, пробиркалар, цилиндрлер, воронкалар, түтіктер т.б. бұйымдар дайындалады. Сондай-ақ, лабораториялық анализдерге қажетті биологиялық сұйықтардың сынақтарын алу және оларды тасымалдау үшін бір рет қолдануға болатын ыдыстар да дайындалады. Оларды көбінесе үй температурасында пайдалануға болады. Пластмассадан жасалған ыдыстар аз ылғалданады, бірақ кейбір химиялық заттарды өз бойына мықты сіңіреді.
№ 4 –ші лабораториялық сабақ
Тақырыбы: Ыдыстарды тазалаудың химиялық әдістері.

Мақсаты: Лабораториялық ыдыстарды тазалаудың әртүрлі әдістерімен таныстырып, тәжірибе жүзінде істеуге үйрету.

Қажетті материалдар: әртүрлі лабораториялық ыдыстар, қажетті химиялық реактивтер, кристаллизаторлар, эксикаторлар және т.б.
Марганец қышқыл калий ертіндісімен жуу. Бұл ертіндінің 4-5 %-ды концентрациясы қолданылады. Ертінді өте күшті тотықтырғыш, әсіресе оны қыздырғанда және аздап күкіртқышқылын қосқанда.

Ертіндіні кір ыдысқа құяды да, оған концентратты күкірт қышқылын қосады (3-5 мл 100 мл ертіндіге). Ертінді 50-600ºС-ға дейін қызады. Егерде ыдыстың қабырғасында қоңыр дақ пайда болса, оны 5 %-ды күкіртті қышқыл натрийдің, темір тотығының, Мордың тұзымен немесе қымыздық қышқылының ертінділерімен сүртіп кетіреді. Артынан ыдысты сумен жуып алады.



Тұз қышқылының қоспасымен және сутегінің тотығымен жуу. Химиялық ыдыстарды жуу үшін өте қолайлы тотықтырғыш Комаровскийдің қоспасы. Оның құрамында бірдей көлемде 6н. тұз қышқылы мен 5-6 %-ды сутегі тотығының ертінділері бар. Ертіндіні аздап қыздырғанда әсері жоғарылайды, шыныға әсері жоқ. Тұз қышқылының орнына сірке қышқылын қолдануға болады. Ертіндімен жуылған ыдысты артынан сумен жуып алады. Ал ертіндіні екінші рет қолдануға болады.

Күкірт қышқылымен және сілті ертінділерімен жуу. Ыдыс суда ерімейтін заттармен ластанғанда егер хром қоспасы болмаса, онда концентратты күкірт қышқылымен немесе концентратты сілті ертіндісімен жууға болады. Ол үшін кір ыдыстың төрттен бір бөлігін сілтінің ертіндісімен толтырып, 5-10 минуттай шайқау керек.

Күкірт қышқылы мен сілтінің концентратты ертінділерімен жұмыс істегенде өте сақтық керек, қышқылды су ағарға құймайды. Оларды күні бұрын дайындалып қойған шыны ыдыстарға құяды және қышқылдар мен сілтілерді бөлек-бөлек ыдыстарға құяды. Жұмыс аяғында жиналған сұйықтарды арнайы шұңқырға төгу керек.



Хром қоспасымен жуу. Лабораторияларда ыдыстарды жуу үшін күшті тотықтырғыш хром қоспасы жиі қолданылады. Хром қоспасын дайындау үшін концентратты күкірт қышқылына 5 % екіхромды қышқыл калийдің кристаллды ұнтағын қосып фарфор тарелкеде ұнтақ толық ерігенше еппен су баннасында қыздырады. Дихромат натрий ертіндісін де қолдануға болады.

Хром қоспасын бірнеше рет қайталап пайдалануға болады. Оның кәдімгі қара-қызғылт түсі қара-жасыл түске айналғанда оны ауыстыру керек. Қоспаны тазаланатын ыдысқа құйып, бірнеше сағатқа қалдырады. Көбінесе түнгі сағаттарда. Кейде ыстық қоспа да пайдаланылады. Артынан қоспаны құйып алып, ыдысты таза сумен және дистілденген сумен бірнеше рет шаяды. Оны жуған судың лакмус қағазына реакциясы бейтарап болғанша қайталайды.

Ластанған ыдыстарды азот тотығының ертіндісі де өте жақсы тазалайды. Оны алу үшін 1,5 мл концентратты азот қышқылын 0,5 мл эталномен араластырады.

Сілтілік калийдің этанол ертіндісі де өте жақсы жуатын сұйық. Оны дайындау үшін 40-50 грамм қатты сілтіні фарфор стақанында 500 мл суға ерітеді. Ертінді суығаннан кейін оған шикізат ретінде 1 литр спирт қосады.

Ферменттермен жұмыс істегеннен кейін лабораториялық ыдыстарды бірдей көлемдегі азот және күкірт қышқылдарының қоспасымен жуған қолайлы. Ыдысты артынан сумен және дистілденген сумен жуып алады.



Пластмассадан жасалған ыдыстарды 2-5 %-ды үшнатрийфосфат ертіндісімен, гидрокарбонат натрийдің әлсіз ертіндісімен немесе хлорлы сутегі қышқылының ертінділерімен жуған дұрыс. Мұндай жағдайда концентратты қышқылдар мен сілтілерді және күшті тотықтарды қолдануға болмайды.

Лабораториялық ыдыстарды қолмен, щеткамен немесе арнайы жуғыш машинамен жуады. Пипеткаларды сифон арқылы жуатын аппарат бар. Олар қол жұмысын жеңілдеткенімен оны толық айырбастай алмайды.


№ 5 –ші лабораториялық сабақ
Тақырыбы: Лабораториялық ыдыстарды кептіру.

Мақсаты: Лабораториялық ыдыстарды кептірудің әртүрлі әдістерімен таныстыру, оның маңызына көңіл аудару.

Қажетті материалдар: әртүрлі лабораториялық ыдыстар, кептіргіш тақталар, эксикаторлар, кептіргіш шкафтар, спирт-эфир және т.б.
Лабораториялық ыдыстарды арнайы таяқшалары бар тақталарда, торларда, қысымдағы ауамен, кептіру шкафтарында 80-100ºС температурада кептіруге болады. Ал жылдам кептіру керек болса спиртпен және эфирмен немесе олардың қоспасымен жуып кептіреді. Лабораториялық өлшегіш ыдыстарды, әсіресе пипеткаларды, бюреткаларды, микродозаторларды кептіру шкафтарында кептірмейді. Сондай-ақ пластмассадан жасалған ыдыстарды 40-50ºС-дан жоғарғы температурада кептіруге болмайды.

Ыдыстарды ағаштан жасалған таяқшаларды пайдаланып кептіру әдісі өте көп тараған әдіс деуге болады. Лабораторияларда раковинаның үстіңгі жағына орналастырылған таяқшасы бар арнайы тақтай ілулі тұрады. Жуылған ыдыстарды сол таяқшаларға іліп, толық кепкенше қалдырады. Ылғалды таяқшаларға шаң, кезкейсоқ ластар жиі жұғатындықтан оларды жиі-жиі сүртіп тазалап отыру қажет. Ыдыстар таяқшалардан ластанбас үшін оларды таяқшаларға кигізер алдында майлық қағазбен орап барып ілуге болады. Ыдыстарды арнайы жасалған торшаларда кептіру өте қолайлы.



Ыдыстарды кептіруге арналған тақталар. Таяшалары бар тақталардың кемшілігі олардағы ыдыстардың таяқшалармен ластану мүмкіншілігі. Сондықтан ыдыстың тазалығы өте қажет аналитикалық лабораторияларда ыдыстарды кептіруге арналған үстелдерді пайдаланған дұрыс. Ол үстінде әртүрлі диаметрлі көп тесіктері бар кәдімгі үстел. Жуылған ыдысты тиісті диаметрдің үстіне төңкеріп орналастырады. Столдың астына ағындысы бар елеген қоюға болады.

Ауамен кептіру. Жуылған ыдысты ауаның ағынымен де кептіруге болады. Егер арнайы ауаның қысымын тудыратын аппарат болмаса, онда кәдімгі ұсталар қолданатын үрлегіш мехті, ауа ағынын тудыратын электр приборларын, резина грушаны қолдануға болады. Қысымдағы ауамен резина түтікше арқылы төңкерілген жуылатын ыдыстың түбінен бастап үрлейді. Түтікшенің 10 см-дей аяқ жағы ыдыстың сыртында қалуы керек.

Спирт-эфирмен кептіру. Ыдыстың сыртын құрғата сүртіп, алдымен ішін этил спиртімен шаяды да, артынан диэтилэфирмен жуады. Эфирдің буын суық ауамен кетіреді.

Эксикаторда кептіру. Жуылған ыдысты ерекше тазалықта ұстау керек болғанда ұсақ шыны ыдыстарды эксикаторда кептіруге болады. Судың буын жақсы сіңіретін силикагелмен толтырылған вакуум-эксикаторларды пайдаланған жақсы. Эксикаторға суды сіңіретін қатты заттарды салады. Күкірт қышқылын салуға болмайды.

Ыстық ауамен кептіру ыдысты жылдам кептіру керек болғанда қолданылады. Кейде ыдысты электр плиткасының үстінде, оттықтың жалынымен кептіреді. Ондай жағдайда сақтық керек. Біркелкі қыздырмаған жағдайда шыны сынып кетуі мүмкін. Ыстық ауамен кептіргенде ыдысты үнемі айналдырып отырады. Өлшегіш ыдыстарды от жалынында қыздыруға болмайды.

Кептіргіш шкафта кептіру де ыдысты жылдам кептіру үшін жақсы. Ыдыстарды олардың ішіндегі су толық ағып болғаннан кейін орналастырады. Кептіру 80-100ºС-да жүргізіледі. Шкафтың тақтасына таза сорғыш қағаз салып қойған дұрыс. Ыдысты төңкеріп қойған жағдайда су буының ұшуы баяулайды, сондықтан ыдысты мүмкіншілігінше жатқызып қою керек. Кептіргіш шкафтан алынған ыдысты бірден қолданбайды, оның сууына уақыт бөледі.

Лабораторияларда жүргізілетін барлық зерттеу жұмыстары әртүрлі конструкциядағы арнайы жұмыс үстелдерінде жүргізіледі. Жұмыс кезінде операторға барлық қолайлы жағдай туғызылуы қажет. Үстел үстінде артық заттар болмауы, олардың үсті, тартпалары таза болуы, жарықтың жеткілікті болуы, барлық реактивтер мен ыдыстардың этикеттері болуы керек. Жұмыс аяқталғаннан кейін үстел таза қалпына келтіріледі.



№ 6 –шы лабораториялық сабақ
Тақырыбы: Суды дистілдеу және ионсыздандыру.

Мақсаты: Зарарсыздандырудың негізгі әдістерімен таныстыру, оны іс жүзінде көрсету, дистиляторлардың құрылысымен және жұмыс істеу принципімен таныстыру.

Қажетті материалдар: әртүрлі стерилизаторлар, шприцтер, инелер, пышақтар, қайшылар, автоклав, ултракүлгін шамдары, пробиркалар және т.б.
Дистілденген су (Agua destillata) – ондағы ерітілген қоспалардан қайнату арқылы тазартылған су. Ондай су малдәрігерлік мақсатта еріткіш ретінде дәрілік заттардың ертінділерін дайындау үшін кеңінен қолданылады. Кейбір дәрілік заттардың ертінділерін дайындау үшін дистіденген суды залалсызданырады. Ондай суды кәдімгі ішетін судан арнайы аппараттар – аквадистилляторлар арқылы алады. Алдымен суды ашық қазанда 15-30 минут қайнату арқылы немесе арнайы химиялық заттарды қолдану арқылы ондағы ұшқыш заттарды ұшпайтын түріне айналдырады. Ол суды дистілдеу арқылы ұшпайтын қосылыстардан тазалайды. Дистілденген судың бірінші бөлігін қолданбайды. Осындай жолмен алынған дистілденген суды оған шаң-тозаң, бөгде қосылыстардың түсуінен сақтайды. Дистілденген су түссіз, иіссіз, дәмсіз, рН 5,0-6,8 болып келеді. Оны буландырғанда құрамындағы құрғақ қалдық 0,001 %-дан аспауы; құрамында нитриттер, нитраттар, хлоридтер, сульфаттар, кальций және ауыр металл тұздары болмауы керек. Жоғарғы тазалықтағы су алу үшін дистілденген суды екінші рет қайтадан дистілдейді, бидистілденген су алынады (Agua bidestillata).

Суды органикалық заттардан тазалау үшін екінші рет дистілдеудің алдында оған жуықтап 0,1 мл калий перманганат ертіндісі мен бірнеше тамшы күкірт қышқылын қосады. Осындай құрамында органикалық заттардың ізі де жоқ суды апирогенді су деп атайды. Бидистілденген суды арнайы кварцтан, қалайы, күміс немесе платинадан жасалған ыдыстарда сақтайды.

Суды тазалау үшін ион алмастыратын қара майлар жиі қолданылады. Ол үшін суды катиониттер және аниониттермен толтырылған колонкалар арқылы кезекпен өткізеді. Осындай жолмен алынған суды минералсызданған су деп атайды. Құрамында минералды заттары жоқ сулар ішуге жарамайды.

Дистілденген су алу үшін күші мен өнімділігі әртүрлі бірнеше аппараттар қолданылады. Мысалы, Д-1 дистилляторы арқылы сағатына 4-5 л; ал Д-25 784 моделді дистиллятор арқылы сағатына 25 л су дайындауға болады. Бірақта олардың барлығының жұмыс істеу принціпі бір – су буын қайтадан суға айналдыру, конденсациялау.

Дистилляторлардың жұмыс істеу принціпі: электр қыздырғыш элементтер арқылы су қайнатылып буға айналдырылады. Ол камераның сырты жылулықты сақтау және операторды күюден сақтандыру үшін қапталған. Түзілген бу сыртынан суық сумен қамтамасыз етілген конденсаторға түсіп суытылады. Осындай жолмен алынған су қажетті ыдысқа жиналады. Оның тазалығы тиісті аппарат арқылы экранда беріледі. Бу түзілетін камерада судың деңгейі үнемі бір қалыпта ұсталып тұрады. Ол үшін арнайы теңелткіш құралы іске қосылады. Су түспей қалған жағдайда электр қыздырғыштар автоматты түрде сөнеді. Приборды ұзақ уақыт қолданбаған жағдайда ондағы суды толық ағызу үшін ағызатын кран бар. Дистиллятор ұзақ уақыт жұмыс істеу үшін оның түтікшелеріндегі қайнатпаларды тазалап отыру керек.

Апоригенді су алу үшін қосымша жабдықталған «АА-1» аппаратын қолдануға да болады. Онда суды буландыратын камераға химиялық реагенттер қосылады. Ондағы қысымды реттеу үшін артық буды сыртқа шығаратын тесік бар. Судың деңгейін қадағалау үшін суөлшегіш шыны қондырылған. Химиялық реагенттердің дозасы цилиндр тәрізді екі шыны түтікшеден тұратын, әрқайсысы 100 мл сиымдылықты дозатор арқылы реттеліп отырады. Химиялық реагент ретінде «ХЧ» марганец қышқыл калий, алюмокалий квасцысы, фосфор қышқыл натрий препараттары қолданылады.

Дистілденген суды сақтау үшін көбінесе шыны бутыльдер қолданылады. Бірақта оны ұзақ уақыт сақтағанда шынының сілтілік реакциясы болатынын ескерген жөн.

Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың жетістігі дистілденген судан да таза су алуды жолға қойып отыр. Өте таза су алу үшін жаңа әдістер іске асырылуда. Ол әдістер бойынша суды ионсыздандыру, адсорбциялау және микросүзгіден өткізу қатарынан қолданылғанда дистілденген судан да таза су алуға болатындығы іс жүзінде дәлелденген.

Суды ионсыздандыру үшін оны иониттермен толтырылған колонкалар арқылы өткізеді. Ондағы катиониттер оң зарядты иондарды, ал аниониттер теріс зарядты иондарды байланыстырады.

Микросүзгілерде диаметрі 0,3 мкм бөлшектерге дейін ұсталады. Сонымен қатар иониттер микроорганизмдерді де ұстауға қабілетті. Бірақ, еске алатын жағдай, иониттерді ұзақ уақыт қолданғанда микроорганизмдердің керісінше көбеюі де мүмкін. Сондықтан оларды жиі ауыстырып отыру қажет. Аппарат жүйесінде сағат механизмі бар. Ол жұмыс режімін автоматты түрде қадағалауға мүмкіндік береді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет