Мемлекеттік фармакопея - заңды күші бар, дәрілердің қауіпсіздігі мен сапасы жөніндегі стандарттар мен ережелердің арнайы жиынтығы (МФ).
Қазіргі фармакопеяның басылымдары МФ Х және МФ ХІ (1 және 2 том). Қазақстанның алғаш МФ-сы 2009 жылы шықты. Фармакопеяда дәрілік заттар мен препараттардың физикалық және химиялық қасиеттері, өзі екендігін анықтайтын физико-химиялық, фармакологиялық және биологиялық әдістер, ересектер мен балалар үшін улы ( «А» тізімі) және күшті ( «Б» тізімі) әсер ететін дәрілік заттардың жоғары реттік және тәуліктік мөлшері көрсетілген кестесі берілген. Сонымен қатар дәрілік заттарды сандық анықтау әдістері, алкоголеметриялық кестелер, тамшылардың және т. б. кестелері, сондай-ақ дәрілік заттардың сақталу мерзімі мен босатылуы, дәрілік түрлердің дайындау әдістері, биологиялық стандарттар көрсетілген.
Дәрілік заттардың номенклатурасы өзгеруіне байланысты, фармакопея басылымдары жаңарып отырады. «А» -тізімге уыттылығы жоғары, белгіленуі, қолдану тәсілі, дозалануы, сақталуы ерекше сақтықпен қадағаланатын дәрілер кіреді. Сонымен қатар бұл тізімге нашақорлық тудыратын дәрілер жатады. «Б» -тізімге жататын дәрілерді қолдану, белгілеу, дозалау тәсілі сақтықпен қадағаланады, өйткені дәрігердің бақылауынсыз қолданған жағдайда, әртүрлі жағымсыз әсерлер туғызып, дертті асқындыруы мүмкін. Дәріханалар мен ауруханаларда «А» және «Б» тізіміндегі дәрілердің сақталуы мен босатылуы ДСМ бекіткен арнайы нұсқауы бойынша жүргізіледі. Бұл дәрілер басқа дәрілерден айырмашылығы бөлек сейфте немесе арнайы шкафта сақталып, есігінің ішкі бетіне «А» (улар-Venena), «Б» (күшті әсер ететін- Heroica) деп көрсетіледі.
Рецептің жазылу және босатылу ережелері Рецепт – дәрігердің, фельдшердің немесе акушердің дәрінің бір реттік мөлшері мен саны, оны қолдану тәсілі көрсетілген, арнайы дәрілік қалыпта дәрі-дәрмекті босату туралы дәріханаға (провизорға, фармацевтке) жазған жазбаша сұранысы. Рецептің медициналық, заңды және қаржылық (тегін немесе жеңілдікпен босату үшін) мәні бар. Рецепт жазу және босату ҚР Үкіметінің № 1693 Қаулысына (30. 12. 2011), № 396 (30. 03. 2012 ж) Қаулысы бойынша жүргізіледі.
1. Денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық қызметкерлер рецепті осы Ереженің 1 -ші қосымшасындағы үлгі бойынша бланкта көрсетілген медициналық көрсеткіштеріне сәйкес жазады. Рецепті рецепт жазған медициналық қызметкердің қолы және жеке мөрімен куәландырады.
2. Кейбір категориядағы науқастарға дәрі-дәрмектерді тегін немесе жеңілдікпен босату үшін рецепт бланкте Ереженің 2 -ші қосымшадағы үлгісіне сәйкес жазылады. Дәрі-дәрмектерді тегін немесе жеңілдікпен босату үшін қосымша сол емдеу мекемесінің бас дәрігерінің қолы мен жеке мөрімен куәландырылады. Фельдшер-акушерлік бекет (ФАБ) дәрі-дәрмектерді тегін немесе жеңілдікпен босату үшін сол фельдшер – акушерлік бекет меңгерушісінің қолы мен мөрі қойылады
3. ҚР рұқсат етілмеген және тіркелмеген дәрі-дәрмектерге рецепт жазылмайды.
4. Рецепте науқастың жасы мен дәрілік заттың құрамына кіретін ингридиенттердің әсер ету сипаты ескеріледі.
5. Тегін және жеңілдікпен босатылатын дәрі-дәрмектерге жазылатын рецептің мазмұны мен нөмірі науқастың амбулаториялық картасына жазылады. Ереженің 3 -ші қосымшасына сәйкес рецепт бланкілерін арнайы есепке алу кітабына тіркейді.
6. Рецепт түсінікті, анық, барлық бағандары міндетті түрде толық толтырылып, латын тілінде жазылады. Рецепті түзетуге рұқсат етілмейді.
7. Ереженің 4 -ші қосымшасына сәйкес рецепте негізгі қысқартуларды қолданып жазуға рұқсат етіледі.
8. Дәрілік заттың қолдану тәсілі, оны қабылдау жиілігі, мөлшері мен ұзақтығы мемлекеттік немесе ұлтаралық қатынас тілінде жазылады. Жалпы көрсеткішпен ( «Белгіле» , «ішке» , «Сыртқа» ) жазуға болмайды.
9. Бір рецептуралық бланкіде бір ғана дәрі жазылады.
10. Денсаулық сақтау ұйымдарында стационарлық көмек (ингаляциялық наркозға арналған дәрілерге, миорелаксанттарға және т. б. ) беруде қолданылатын дәрі-дәрмекке рецепт жазуға рұқсат етілмейді.
12. Рецептің жарамдылығы
13. Ұзақ уақыт емделуді қажет ететін науқастарға тегін немесе жеңілдікпен босатылатын дәрілік заттарға рецептің жарамды мерзімі 1 айға дейін. Рецепт бланкасында «Арнайы тағайындалуы үшін» деген штамп қойылады мерзімі жеті күнге дейін.
14. Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда немесе құрамында сиымсыз компоненттері бар дәрілерге жазылған рецепт жарамсыз деп есептелінеді.
15. Жарамсыз рецептерге «Рецепт жарамсыз» деген штамп басылып, ереженің 5 -ші қосымшасына сәйкес дұрыс жазылмаған рецептерді тіркейтін арнайы журналға тіркеледі.
16. Жергілікті денсаулық сақтау мемлекеттік басқармасымен келісім-шарты бар дәріханалық ұйымдар дәрілерді рецепт бойынша тегін немесе жеңілдікпен босатуға құқылы. 17. Дәрі-дәрмектерді рецепте көрсетілген мөлшерде босату үшін, дәріханада дәрі-дәрмек қорапшаларының бірігейлігін бұзуға рұқсат етіледі. Дәріханалық қорапшада босатып, онда дәріхана ұйымының атауы, дәрінің саны, мөлшері, сериясы мен жарамды мерзімі көрсетіледі.
18. ҚР Денсаулық сақтау ұйымдарында дәрі-дәрмектерге жазылған рецепт республиканың аумағында ғана жарамды, ал тегін немесе жеңілдікпен босатылатын дәрі-дәрмектерге жазылған рецепт республиканың әкімшілік-аймақтық бірлігі шегінде ғана жарамды.
19. Дәрілік затқа жазылған рецептің жарамды мерзімдері: 1) тегін немесе жеңілдікпен босатылатын – 3 жыл 2) қалғандары – 2 ай
20. Рецептің жарамды мерзімі өткеннен соң, жарамсыз деп саналады.
21. Рецептерді жою үшін құрамына ұйым жетекшісі мен дәріхананың материалдық жауапты қызметкерінен тұратын арнайы комиссия құрылады. Комиссия рецептерді жою туралы акт жазылып, онда жойылған рецептердің саны сөзбен көрсетіледі.
Рецептің құрылысы. ЕАМ штампы, Балаға немесе ересекке Рецепте рецептің жазылған күні (күні, айы, жылы); науқастың тегі, аты-жөні; дәрігердің тегі, аты-жөні көрсетіледі. Рецепте дәрігердің фармацевтке жазған үндеуі латын тілінде Recipe: (Rp. : ), яғни «Ал» : сөзімен басталып, дәрілік түрдің атауы, дәрілік заттың атауы мен оның мөлшері ілік септігінің жекеше түрінде (кейде табыс септігінде) жазылады.
Егер науқастың жағдайы ауыр болса және тез арада дәрілік көмек көрсету қажет болса, онда дәрігер рецептің жоғарғы оң бұрышына «Cito!» , “Statim!”, «Citissime!» (тез!, өте тез!, жылдам!) белгісін қояды. Мұндай рецептер бойынша дәрі-дәрмектер тез дайындалып, кезектен тыс босатылады.
Жазылымның қысқартылған және толық түрі бар. Жазылымның қысқартылған түрінде рецепте бірінші дәрілік түрдің атауы (Solutionis… Ерітіндісінің…; Suspensionis… Суспензияның; Unguenti… Жағылманың. . . с. с. ), дәрілік заттың атауы, концентрациясы мен мөлшері көрсетіледі. Ал жазылымның толық түрінде дәрілік препараттың құрамына кіретін дәрілік заттың барлық ингредиенттердің атауы мен мөлшері көрсетіледі. Қазіргі таңда дәрігерлер фармацевтикалық өндірістерде өндірілетін дайын дәрі-дәрмектерге рецепт официнальды жазылымның қысқартылған түрінде жазады. Ал дәрігердің нұсқауы бойынша дайындалған дәрілерге рецепт магистральды жазылымда жазылады.
Дәрілік заттардың мөлшері ондық өлшеу жүйесіндегі цифрлармен грамда көрсетіледі: 1, 0 – 1 грамм немесе 1000 мг 0, 1 – 1 дециграмм немесе 100 мг 0, 01 – 1 сантиграмм немесе 10 мг 0, 001 – 1 милиграмм 0, 0001 – 1 дицимиллиграмм немесе 0, 1 мг 0, 00001 – 1 сантимиллиграмм немесе 0, 01 мг 0, 000001 – 1 микрограмм немесе 0, 001 мг Сұйық дәрілік заттар миллилитрде, грамда немесе тамшыда көрсетіледі. Тамшыларды рим санымен (gtts. ) мысалы gtts. V (бес тамшы) деп белгіленеді. Әсер бірлікпен мөлшерленетін дәрілік заттардың көлемі (мөлшерін) ӘБ деп белгіленеді. Егер рецепте негіздің мөлшері көрсетілмесе, онда қажетті мөлшерге дейін (quantum satis) деп жазылады, яғни индиферентті (қосымша) заттарды қажетті мөлшерге дейін қосыңыз дегенді білдіреді. Егер дәрілік заттардың мөлшері бірдей болса, онда санын бір рет бірдей (āā) етіп алыңыз деп көрсетеді. Соңынан D. S. (Босат. Белгіле. ) сөзімен латын бөлімі аяқталып, сигнатурасы мемлекеттік немесе ұлтаралық қатынас тілінде (науқастың түсінікті тілінде) жазылады: 1) мөлшерін (1 ұнтақтан, 1 таблеткадан, 1 ас қасықтан, 20 тамшыдан және т. с. с. ) 2) дәрі-дәрмектерді қабылдау уақытын (күніне неше рет, тамақтан бұрын, тамақтан соң, тамақ үстінде, түнде және т. с. с. ), 3) препараттың қабылдау тәсілі (күре тамырға, тері астына баяулатып және т. с. с. ) науқасқа рецепті бермес бұрын дәрігердің қолы мен мөрі қойылуы тиіс.
Наркотикалық, психотропты дәрі-дәрмектерге рецепт ҚР Үкіметінің № 396 (30. 03. 2012 ж) Қаулысына. сәйкес жазылады. Наркотикалық дәрілерге рецепт амбулаториялық науқастарға емдеу мекемесінің штампы қойылған ҚР ДСМ департаменті бекіткен арнайы рецептуралық бланкта жазылуы тиіс. Наркотикалық дәрілерге рецепті дәрігер өз қолымен жазып, қолын қойып, жеке мөрімен куәландыруы тиіс. Сонымен қатар рецептегі дәріні тағайындауға, жауапты мекемесінің бас дәрігері немесе оның орынбасары қол қойып, емдеу мекемесінің дөңгелек мөрімен куәландырылады. Улы және наркотикалық дәрілерге арнайы қызғылт бланкте науқастың ауру тарихының диагнозы, нөмірі мен аурудың мекен-жайы көрсетіледі. Құрамына «А» тізімінің улы дәрі-дәрмектері, кодеин фосфат, этилморфин гидрохлориді, басқа дәрілік препараттар қоспасымен этаминал-натрий; клофелин таблетка түрінде, ұйықтататын дәрі-дәрмектер, психозға қарсы (нейролептиктер), антидепрессанттар, стериодты гормондар, транквилизаторлар, астматин және астматол, құрамында 8 -оксихинолин туындылары бар препараттар, заманиха тұндырмасы кіретін дәрі-дәрмектер арнайы рецептуралық бланкіде жазылып, емдеу-сауықтыру мекемесінің «Рецептер үшін» деген мөрімен, штампымен, дәрігердің жеке қолы және мөрімен куәландырылады. Рецептің бұл соңғы бөлімінің заңдық мәні бар. Дәрігер рецептке қол қоя отырып, берілген дәрілік препараттың науқасқа дұрыс белгіленгендігіне жауапты болады. Егер рецепте дәрілік заттың мөлшері МФ-да көрсетілген мөлшерден артық жазылса, улы және күшті әсер ететін дәрілік заттар дәріханадан жарты мөлшерде босатылады. Құрамында улы, наркотикалық дәрілік заттары, этанолы бар экстемпоральды дайындалған дәрілік түрлерді босатқан кезде, рецепт орнына науқасқа сары сызығы бар «Сигнатура» (рецепт көшірмесі) беріледі. Наркотикалық заттарға рецепт жазылған күннен бастап 7 күнге дейін жарамды. Этилморфин гидрохлоридінің көз тамшылары мен жағылмаларына, дәрігердің «Арнайы тағайындауы бойынша» нұсқауы болғанда, 1 г-ға дейінгі мөлшерде жазылуы мүмкін. Инкурабельді онкологиялық ауруларды емдеу үшін бір рецепте наркотикалық және ұйықтататын дәрілік заттардың мөлшері 2 есе артық жазылуы мүмкін. Барлық дұрыс жазылмаған рецепттер дәріханада қалып, «Рецепт жарамсыз» деген штампымен күші жойылады, арнайы журналға тіркеліп, ол туралы ақпарат тиісті емдеу-сауықтыру ұйымының басшысына 3 күн аралығында хабарлануы тиіс. Құрамында улы және наркотикалық дәрілік заттары бар дәрі-дәрмектерді, сондай-ақ этил спиртін дәріханадан алуға емдеусауықтыру ұйымдарының талабы латын тілінде жазылады. Емдеу-сауықтыру ұйымдарының улы және наркотикалық дәрі-дәрмектерге, этил спиртіне талаптары ұйым басшысының немесе оның емдеу бөлімі бойынша орынбасарының қолы мен мөрі, штампы бар бөлек бланкіге жазылуы тиіс. Тапсырыста бөлменің немесе бөлімнің атауы, спирттің концентрациясы (егу үшін, сыртқа қолдану үшін, ішке пайдалану үшін, көз тамшылары және т. б. ) міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |