Қабылдау бөліміндегі санитарлық – эпидемиялық тәртіп:
Әрбір ауруханаға түскен науқастың терісін, тамағын, дене температурасын мейірбике міндетті түрде жұқпалы аурулар белгілеріне тексеру керек. Тамағын көруге шпательді қолдану керек, қолданған шпательді 1% лизоформин ерітіндісіне бір сағатқа салып қойып, термометрді 1% лизоформин ерітіндісіне 15 минутқа салып, науқасты жатқызған кушетканы 1% лизоформин ерітіндісімен екі қайтара 15 минут үзілісімен сүртіп алу қажет. Тексеріп болғаннан соң қолды сабындап жуып, жеке сүлгімен сүртіп, сүлгіні тәулігіне бір рет ауыстырып отыру.
Аурухана ішіндегі инфекцияның алдын алу мақсатында науқастарды санитарлық тазалаудан өткізу керек. Арнайы санитарлық тазалауды өз бөлмесінде жүргізу керек, оның бірнеше түрі болуы мүмкін: толық ванна, жартылай ванна, жекелеген мүшелерді жуу.
Дәрігерлік алдын ала тексеру бөлмелері әр науқастан кейін ауыстырып тұруға арналған жаймалармен қамтамасыз етіледі. Жедел дәрігерлік жәрдем көрсетуге арналған қажетті аспаптар болуы тиіс.
Қабылдау бөлімшесінің барлық бөлмесінде тікелей табиғи жарық болуы қажет. Сырқат киініп - шешінгенде тоңып қалмау үшін бөлменің температурасы 25˚С-тан төмен болмауы керек. Сырқаттың киімдерін сақтайтын бөлме қабылдау бөлімшесіне жақын орналасуы қажет.
Түскен науқастардытіркеу және қажетті құжаттарды толтыру қабылдау бөлімшесінде жүргізіледі. Қабылдау бөлімінің мейірбикесі барлық медициналық құжаттарды толтырады.
Егер сырқат ауыр күйде немесе ессіз жағдайда түссе, мағлұматтарды оны әкелген адамнан алады. Қабылдау бөлімшесіне ауыр күйде түскен сырқатты тез арада арнайы бөлімшеге жібереді, онда мамандандырылған жәрдем көрсетіледі. Сырқаттардың көпшілігі медициналық құжат толтыруға, алғашқы дәрігерлік алдын ала тексеру мен санитарлық жуып-шаюға жағдайы көтеретін күйде түседі. Түскен сырқаттардың құжаттары мен құнды заттары өртенбейтін шкафта сақталады, заттар қабылдау бөлімшесінің қамбашысының немесе аға мейірбикенің жауапкершілігінде болады.
Егер сырқаттың жай - күйі орташа дәрежеде болса, мейірбике оның денесін, әсіресе шап терісінің қыртыстарын, қолтық астын, әйелдердің емшек бездерінің астын дезинфекциялайтын ерітінділердің (камфора спирті, иіс суы) біріне батырылған дымқылданған сүлгімен сүртеді.
Ауруханалардың қабылдау бөлімшесінде сырқатты жуып-шаюдан өткізу үшін қажетті құрал-жабдықтар, зарарсыздауға арналған құралдар болуы тиіс. Олар арнайы осы мақсатта бөлінген шкафтарда немесе жәшіктерде сақталуы керек.
Науқас қабылдау бөлімшесінде барынша аз уақыт болуы тиіс. Жұқпалы ауруы бар деп сезіктенген сырқаттардың диагнозын тездетіп қойып, эпидемияға қарсы емдеу шараларын қабылдау үшін бактериологиялық сынамаларды алу қажет.
Науқасты санитарлық жуып-шаюдан кейін, оны ауруына сәйкес аурухананың арнайы бөлімшесіне жібереді.
Қабылдау бөлімшесінің қызметкерлері науқасты аурухананың күн режимі мен ішкі тәртібімен таныстыруға, туысқандарымен кездесетін күндері мен сағаттары туралы айтуға, сырқаттың аурухана режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны жөнінде сыпайы түрде ескертуге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |