Қарамолада жазылған ереже
Ең алғаш қолданыла бастаған қазақ қауымы өкілдерінің өз зердесінен туған тұңғыш заң нұсқасы – Тәуке ханның жеті жарғысы саналып келеді. Десе де қазақ даласында тұңғыш жарық көрген праволық құжат 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын заң нұсқасын Абай жазып, Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері сьезінде қабылданып, бекітілгенін білсек те, тереңдеп, дендеп зерттей алмай келеміз. Семей губерниясына қарасты бес ояздың би - болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде 1885 ж. мамыр айында өткен төтенше съезіне биыл 130 жыл толып отыр. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтоына тұспа-тұс келсе де, Ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойы қарсаңында тақырыпқа сұранып тұрған бұл айтулы шара туралы ешқайсысы тіс жармады. Қазақ хандығы, қазақ тарихы жайлы не бір телеарналар, басылым беттері тұщымды хабар бере алмады. Қазақстан бойынша жоғары оқу орындары мен арнаулы оқу орындары Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында әртүрлі іс-шаралар өткізіп жатқанымен қазақ тарихында ойып орнын алатын мерейлі Қарамолада жазылған ереже жайлы жақ ашпады.
Кәзір кез келген оқу ордаларында заң факультеттері мен арнайы заң туралы ғана білім беретін жетекші оқу орындары да үндемеді. Қазақ тарихында Шербешнай сьезі, Шар съезі, Қарамола съезі сияқты бірнеше атауға ие тарихи оқиға бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда өз бағасын алуы заңдылық қой. Диплом жұмысы кезінде, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде тақырып таба алмайтындар бұл жөнінде білмейтін де шығар. Әйтпесе Сәкен Өзбеков, Салық Зиманов сынды бір-ер ғалымнан кейін назардан тыс қалған Абайдың қайраткерлік қызметіндегі жұлынды саласы осы «Қарамола ережесі» болатын.
Бұл «Ереженің» 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шығарылған мұқият түптелген шағын кітапша түріндегі бір данасын белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов ғұмырының соңғы кезінде Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен. Құжатпен бірге белгілі қаламгер Сапар Байжановқа төмендегідей хат жолдайды: «Сапар, 1885 жылы Қарамолада бес дуанның сьезінде қабылданған ережені беріп отырады.
Өткен ғасырдың аяғында Қазан қаласында араб әрпімен басылып шыққан қазақ тіліндегі тұңғыш праволық құжат Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері Б.Байғалиев пен Ж.Ахмадиевтің күшімен қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, 1992 жылғы Абай журналының №3 санында тұңғыш рет жарияланды.
1885 ж. Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің ол күндегі әдеті бойынша бас қосқан Шербешнай сьезі болады. Осыған Абай да келеді. Семей облысына қарасты бес уездің сьезіне Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезді қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі аты-жөні дәлел болады. Орайы келгенде айта кетуіміз керек, ғалым Бейсенбай Байғалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» атты кітабында: «Құрметті қазақ» - ел ұғымындағы ауылдың сыйлы ақсақалы, кез келген беделді адамы емес, жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала губернаторы бекітетін атақ-дәреже. Бұл дәреже өкімет алдында ерекше еңбегімен көзге түскен қазақтарға ғана берілген» - дейді. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер, өздерін іштей ниеттес, тілектес болатын кісілерді басқа елдерден де тауып алған болады. Бұрын Абайдың өзге сырт елдегі достары көп болса, сол достарының қарсысында жүрген жауларының барлығы да енді Тобықты ішінде жіктеліп алғанда шұрқырасып келіп, оп-оңай Абайдың Тобықты ішіндегі жауларымен табысып, солардың қарасын көбейтіп, табын молайтады.
Шербешнайға жиылған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын адамдар Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады. Сонымен Жандарал келіп тобықты ішіндегі кісілерін жағалай жүріп, әрқайсысымен танысып келе жатып, Абайға келгенде; «Партияшыл, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің?» дейді. Абай «мен» депті. «Неге партия қыдасың?» дегенде; «Жалғыз мен партия қылмаймын, дүние түгел партия, жанды-жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-тартыспен тіршілік етеді. Дүниедегі тіршілік күрес, партия тіршілігі, әуелі өзіңіз де партия қыласыз» дейді. «Сені ел неге көп жамандайды?» дегенде; «Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан жалғыз жаманатты болмай тұрмайды. Қай қауымды алсаңыз да, жақсысынан жаманы көп емес пе? Бірақ, көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе?» депті.
Осы сөздерден кейін «Абайды не қылар екен» деп анталасып, асығып күтіп тұрған елдің барлығының көзінше жандарал Абайды өзіне тіккен үйге ертіп жүріп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Аздан соң, шәй ішіп шыққанда елге «сиезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын әперіңдер, сиезді жақсы өткізу үшін Абай сияқті кісіні төбе би сайлаңыздар» дейді. Сөйтіп, Семей губернасиясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезде Абай төбе би болып сайланады.
Бұл оқиға Абайдың білімділігі, жүйіріктігі арқасында мұнымен алысқан кісілердің әрқашан тең түсе алмай, ұлық алдына келгенде жеңіліп шығатыныны дәлелдейді.
Сьезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарады. Бұл жәрмеңкеде өткен сьезде Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы арнайы заң ережесін қабылдауды ұйғарады. Цеклинский Абаймен жолыққанда, Абай жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, бұл елдің өзінің ерекшеліктері бар екенін, атадан балаға ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары барлығын, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын айтады. Бұл кезде Абайдың басына қара бұлт үйіріліп, кейбір атқамінерлер Абайды осы жиында құртамыз деп келген еді. Керісінше, Абайдың патша ұлықтарымен жолыққаннан кейін оның зерек, терең білімді адам екеніне көздері жетіп, ешқандай қиянатқа бармайтынын түсінгеннен кейін әлгі адамдар Абайды төбе би етіп сайлайды. Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 100-ден артық баптан тұратын заңды жасайды. Абай қазақтың бұрынғы заңдарын жетік білетіндігін, сонымен қоса орыс заңдарын да терең меңгергенін көрсетіп, осылардың барлығын үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазып шығады. Абай қазақ елінің әдет-салтын, жете зерттей отырып, адам құқын жан-жақты қорғауға белсене қатысады. Осылайша үш күн, үш түн ішінде Қарамола сьезіне арнайы заң ережесі жасалып, билер талқысынан өтеді. Абай жазған қазақтың жаңа заң ережесі (73 статья) қабалданады. Абаймен бірге Қарамолада болған Мүсірәлінің куәлігі бойынша Абай тізген ереже бабы жүзден асады. Шамасы келгенше көпшілік үшін әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі жаңа ереже айтады.
Абайдың ел билеудің әділеттік, құқықтық жүйесіне сай заң нормаларын заман талабына сай жаңартады. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Абай қазақ қоғамында әділеттілік пен тұрақтылықтың белгісіндей болған, ежелден келе жатқан билер институтының адамгершілікті һәм құқықтық мұрасын барынша игерді. Сонау ХІІІ ғасырда билер атасы атанған Мөнке бидің тәжірибесін, «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке хан тұсындағы ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер дайындаған «Жеті жарғыдан» рухани сусындады. Мұның бәрі Абайды би ретінде ерте танылуына ықпал етті.
Бұған дейін Республикалық «Абай» журналының 1992 ж. №3 санында жарияланған Сапар Байжановтың нұсқасын жариялап отырмыз.
Достарыңызбен бөлісу: |