Семей облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш адамдарының 1885- жылы май айында Шар бойында Қарамола сьезінде жазылған ЕРЕЖЕ»
1-БАП. Болыстық сьезде даулар үлкендігіне қарай, сомасына қарай бітіледі. Төтенше сьездерде ұлықтардың әмірі бойынша бір ояз бір оязбен кезектесіп бітіледі, әр ояздың барша билерімен емес.
2-БАП. Дауласқан әр екі тарап қалаған билерін таңдап алады. Бірақ, би есебін ереже бойынша ұлықтар шығарады. Сұраймыз, әр тараптан үш биден артық болмаса екен. Би шешімін шығармас бұрын үштік бимен жарасады. Егер даугерлер үштік би бітімен бітпеймін десе һәм бітім болмаса, сонда жоғарыда айтылмыш бойынша билер таңдап шығарады. Екі жағының билері таласып, жұп болса, төменде айтылмыш рет бойынша бітіреді. Әр ояздың халқы орталарынан бір төбе басы би шығарады. Бұған қызметтегі һәм қызметсіз де құрметті кісілер сайлануға мүмкін. Егер билердің бітімі талас болса, сайланғандар екі төбе би шығартып алады, тиісті ояз халқынан. Егер бұлардың арасында талас болса, қалған ояздардың төбе басына жеребе салынып, шыққан кісі бітімдеріне араласып, сол кісінің ауған жағының бітімі орнығып, мақұл болады. Осы рет бойынша ояздық төтенше сьездерде екі жағы тең талас болса, төбе басы би бір жағына ауып тоқтатады.
3-БАП. Жауапкердің шақыру бойынша келмегендіктерін старшын мен болыстар куәландырып, келмегендігінің мақұл яки емесін билер тексереді. Егерде келмеген себебі тексеру бойынша сыйымды болса, сыртынан билік шығарылады. Бір бидің яки сьездегі билердің сыртынан қылған биліктері тағайынсыз болмақ. Билік көшірмесі старшындар яки болыс арқылы мақұлданады. Егерде жауапкер разы болса, билік тағайынды болып, бұзылмайды. Егерде разы болмаса, екі жұма арасында алғаш билік айтқан биге қайтадан арыз қылады. Сонда би жауапкердің құзырына қайтадан билік айтады. Егер жауапкер тексерілу бойынша ағарса яки болыстық сьезге тыңдатса, сьез билерінің билігін ұнатпаса, сонда айыпты жағын шығынын қайтаруға міндетті қылып һәм жаза бұйырылады. Жалған айтқаны үшін жоғарыда айтылмыш рет бойынша болыстық сьезд сырттан билік құрады. Разы болмаған төтенше сьезге билігін сынатады. Әр төтенше сьездің билігі дер уақытында бұзылмайды.
4-БАП. Егер даугер шақырылған уақытында келмесе, сұралмыш дауын бос қалдырады. Сонда жауапкер арыз етсе, билердің ықтияры бойынша жауапкердің шығынын даугерден бұйырып береді. Бірақ даугер ықтиярлы дауын қайтадан сұрамаққа сол дауы билердің тексеруі бойынша жалған шықса, даудың сомасына қарай һәм жауапкердің қадіріне қарай шығынын тартады.
5-БАП. Бір старшын елдің ішінде даугер, жауапкерлердің барша жанжал, сұрау дауларын сол старшын елінің биі бітірмекке міндетті. Бірақ би өзін мынандай жағдайда билік айтудан босатады: егер дауласқан жағынан бірі туысқан жақыны болса, қайсы бірі ата-анасы, бір тума аға-інісі, әкесінің бір тума аға-інісі, жиені, немере баласы және туған құдасы һәм дұшпан, өштес адамдары, қайсы бірінің дұшпандықтары бұрын биге түсісіп, мойнына жаза салынып, анықталған болса, сыйымды болады.
6-БАП. Әр старшын, болыс, ояз араларында болатын барша дауларды даугер болысқа айтуға тиісті. Сонда болыс даугер, жауапкерді алдына шақырып, жауапкерге ереже бойынша ықтияр береді. Бір болыс елден разы болмаған екі биін шығармаққа онан қалған билерден даугер бірін тыңдап, билікке түсіп, сол би билік айтады. Болыстық сьезде билердің барлығы түгел болып билік айтады. Билік шығаруға мүмкін емес болған жағдайда төтенше сьездің би саны ұлық ықтиярында болады һәм билік шығарылмайды.
7- БАП. Береке бітім һәм салауат бітім қылуға мүмкін, салауат даудың уақытына қарай болады. Береке бітім һәм салауат сьездерде жасалғандай болса, келесі уақытта қайтадан сөз қозғау мүмкін емес. Әмме даугер мен жауапкер бөтен ояздікі болса, екеуінің арасында уағда қылуға мүмкін елге барып бітпекке, бірақ бұл уағданы қызмет иелері куәландыруы керек.
8-БАП. Бидің биліктерін болыстар орнына келтіруге міндетті болған себептен, сьезд біткен соң биліктің көшірмелерін тиісті болысқа мағлұм қылады. Егерде даугер жауапкерлердің ықтияры бойынша, екі ел арасында кесім малдарын ойластыруға уағда қылса, сол уағда сьезд басымен бірге шешіледі.
9-БАП. Бір би һәм сьезд биі биліктерін айғақ куәлігіне қарай бітіреді. Егер билер айғақ куәлігін мақұл көрмесе, онда оларды шақырмай-ақ істерді күмәнға салады. Яғни би куәні шақырып, тиісті жауабын алса, онда дауды күмәнға салуға мүмкін емес. Куәларды шақырудан бұрын куәліктен анықтау керек. Куә болуға жарамайды: ақылынан адасқандар, 18 жасқа толмағандар, әр жастағы әйелдер, жақын-туғандар, құдалар һәм өшпес дұшпан кісілер. Куәлардың сыйымды, сыйымсызын билер шақыртпай, бұрын айыруы керек. Дұшпандық тұрғыдан бос айтылған сөз қабыл алынбайды. Жұртқа белгілі дұшпандық мақұл көрінуі мүмкін, онан артық айыруға болмайды. Дауласушылардың куәлары бір болыс болса, олардың куәлігі сыйымды, сыйымсызын би тексереді.
10-БАП. Егерде көрсеткен куәға кісіні толымды көрмесе, сонда куәға айғақ орнына көруге мүмкін, егер жауапкер адам айғақтың сөзін қабыл көрмесе, айғақ сөзінің растығына дау сомасына қарай ел ара түсіп, бір кісі жан берсе керек. Қазақша айғақ жазасы деген дау аяғы күмәнмен тоқталады. Күмән өтпесе жауапкер күйеді, күмән өтсе ағарды. Жауапкер адам айғақ өтірік айтқаны үшін үстінен арыз беруіне болады.
11-БАП. Қазақ рәсімінде сүйінші алуға болады; бірақ, сүйінші алған кісі куәлікке жарамайды, айғақ болуға мүмкін.
12-БАП. Күмәнші растығын тексермекке һәм күмәншінің өтпек жерінің алыс, жуықтығына қарай күмәннің құнын билер кеседі.
13-БАП. Күмәннің саны – ер құнына төрт кісі, әйел құнын екі кісі өзге даулардың һәммасына бір кісі. Күмәнге дау соммасына қарай ел түседі. Бір түйеге екі елу басыдан, бір қараның дауына бір елу басыдан күмән ұсталады. Қанша қара болса, сонша елу басынан ұсталады. Дау соммасы қанша көп болса да, бір болыс елден күмән аспас күмәншіні даугер таңдайды. Күмәнге салатын бір елубасы яки бір болыс елін жауапкер көрсетеді.
14-БАП. Күмән жауапкердің елінің болыстық молдасының алдында құранмен кесім айтылады.
15- БАП. Күмән етілген уақытта даугердің көз болуы міндетті емес, бірақ молда даугердің келмегендегісін кітапқа жазып қойса керек.
16-БАП. Күмәннің уақыты сол уағдалы күннің күн батуына дейін.
17- БАП. Күмәнға ұсталмайды: молда, ел билеушілер, билер, қажылар, 18- жасқа жетпегендер, алпыс үштен асқандар. Төре қазақ үшін және қазақ төре үшін күмәнға жарамайды.
18-БАП. Жауапкердің ықтиярында: күмәнға өз елін ұстата ма яки рулас елін ұстата ма?
19-БАП. Күмәншіні күмәннен шығаруға болады, егер дұшпандығы халыққа мағлұм болып, бимен бірге күтілген болса.
20-БАП. Әр күмән болыстың, молланың құзырында болады. Молданың қаталдығы, зұлымдығы болса жұрт тексереді.
21-БАП. Жалған күмән еткен кісіге айып салынады – түйе бастатқан бір тоғыз.
22-БАП. Күмән етпесе, қанша нәрсе, қанша мал бұйырады, күмәнға кім ұсталған – барлығын толық етіп, билігінде анық етіп жазуға би міндетті.
23- БАП. Күмәннің құнын ұзартуға сыйымды себебі болса, болсы яки өз елінің бір биінің куәландыруы бойынша мүмкін болады.
24-БАП. Күмәнші, жаншы, төреші болып даугердің ықтияры бойынша билік айтады. Мұның билігін жауапкер бұза алмайды. Бұл билік көшірменің сыртына жазылады.
25-БАП. Құн, жесір даулары жиырма жылдан арғылары салауыт. Өзге даулар он жылдан арғылары салауат. Билік айтқан күнге дейінгі төрт жылға созылған даулардың анықталған малдардың толық басы қайтады.Шығынымен одан арғы үш жылғы даулардың анықталған молданың үш бөлігінің екі бөлігі тиеді. Қалған үш жылдағы даулардың анықталған малынан үш бөлігінің бір бөлігі тиеді. 75 жыл һәм одан арғы болған даулардың барлығы салауат. Осы сияқты болып құнның малы да алынады. Жиырма жылдық құн малы үшке бөлінеді – бір бөлігі билік айтқан күнге жуық жеті жылдағы дауға, екінші бөлігі одан арғы жеті жылдағы дауға, үшінші бөлігі қалған алты жылға.
26-БАП. Ойланып жүріп өлтірілген ердің құны жүз түйе болады. Мұның 25-і тайлақ, 25-і құнан атан, 25-і дөнен атан, 25-і бесті атан және ойланбай басқа себеппен өлтірілсе, оған 50 түйе құн. Мұның 25-і құнан, 25-і бесті атан.
Әйелдің құны - ер құнының жартысы. Қателікпен оқыстан өлтірілген кісіге құн жоқ. Және ері әйелін өлтірсе, оған құн жоқ.
27- БАП. Барымташыға һәм ұрыға өлсе құн жоқ.
28-БАП. Адам мүшесі мертіксе, үкімі шариғат бойынша айтылады. Шариғат айыруының қателігі болмасын деп сұраймыз. Бұл сөзді айырмаққа тапсырылса екен, Семейдегі Ахмед Уали Мұнасиф ұлына һәм Өскемен молдасы Мырзағали Ғаббас ұлына. Олардың айырып берген шариғаты осы ережеге тіркеліп жазылса екен.
29- БАП. Балиғатқа толмаған қызды зорласа, айыпқа лайықты қалың малының үш бөлігінің бір бөлігін береді. Балиғатқа толған қызды зорласа, ат шапаннан түйе бастатқан тоғызға дейін айып береді. Күйеудегі әйелді зорлағанға бір тоғыздан үш тоғызға дейін. Ойнас қылған еркек, әйелге екеуіне де дүре соғылсын, айып жоқ. Мұндай істер тексеріледі; егер әйелдің күйеуі яки әйелдің өзі, яки туысқаны, яки әке-шешесі арызданса, осы баптың басында жазылған екі дауды сьезд билері бітіреді.
30-БАП. Күйеуі бар әйелді біреу алып қашса яки өзі қашса, ойнасымен бірге ондай әйел өз елінің сьезд билеріне тура қайтарылады. Билер әйел мен күйеуін жарастырады. Егер күйеуі әйелдің өзін алса. Ал алып қашушы жігіттен бір тоғыздан үш тоғызғам дейін айып салынады. Егер күйеуі әйелін алмаймын десе, әйел ойнасында қалады, бірақ алып қашушы әйелдің күйеуі төлеген толық қалың малын қайтарып береді. Әйел мөрден құр қалады. Егерде біреу біреудің айттырған жесірін алып қашса, алып қашушы қыз әкесәне толық қалың малын береді: елу жыртыс сот ақысымен. Егерде әкесі жасау беруге ықтияр болмаса, қыз жасаусыз қалады, және қыз әкесә бұрынғы күйеуінен алған қалың малын қайтарып, үстіне бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді. .
Достарыңызбен бөлісу: |