Муниципалдық кәсіпорын – мүлкі жергілікті бюджет қаражаты есебінен құралатын кәсіпорын. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының меншігінде болады. Тікелей шет елден қаржыландырылатын кәсіпорын – бейрезидент бірліктердің бақылауындағы кәсіпорын, бейрезидент-корпорациялардың филиалдары, шет мемлекеттердің немесе бейрезидент бірліктер топтарының бақылауындағы корпорациялар, белгілі бір экономикалық аумақта ұзақ мерзімде жұмыс істейтін бейрезидент кәсіпорындардың бөлімшелері.
Унитарлық кәсіпорын – өзіне бекітілген мүлікті меншіктенуге құқығы жоқ коммерциялық ұйым. Ол мемлекеттік және муниципалдық (жергілікті) кәсіпорын болуы мүмкін, осыған орай оның мүлкі мемлекеттік немесе муниципалдық меншікте болады, бұл мүлік оған шаруашылықты жүргізу немесе оралымды басқару құқықтары негізінде тиесілі болады. Шаруашылықты жүргізу құқықтары негізінде құрылған унитарлық кәсіпорынды өкімет немесе жергілікті өзін-өзі басқару органы құрады. Оның жарғысын осы орган бекітеді, жарғылық қорының (шаруашылық серіктестіктердегідей немесе акционерлік қоғамдардағыдай жарғылық капитал емес) мөлшерін айқындап, жасақтайды. Унитарлық кәсіпорынның басшысын мемлекеттік немесе муниципалдық орган тағайындайды және ол осы органға есеп беріп тұрады. Кәсіпорын өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді. Егер унитарлық кәсіпорын мүлкі оралымды басқару құқығы негізінде құралса, онда ол қазыналық кәсіпорын болып табылады. Унитарлық кәсіпорын өзінің қарамағындағы мүлікті дербес иеленеді, пайдаланады, билейді, бірақ бұл орайда мүлікті меншіктенуші кәсіпорынға тиесілі мүліктің сақталуын бақылайды. Ол мүлікті меншіктенушінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
Ұжымдық кәсіпорын – мемлекеттік кәсіпорынды құнын төлеп алған жағдайда немесе мүлікті еңбек ұжымы заңды жолмен сатып алған жағдайда құрылатын шаруашылық бірлік. Мұнда меншік ұжымдық сипатта болады және мүлік қызметкерлердің салымдарына бөлінеді. Қызметкер салымының құрамына оның мемлекеттік немесе жалгерліккәсіпорынның мүлкіне салған сомасы мен оның ұжымдық кәсіпорын құрылып, жұмысын бастағаннан кейінгі мүліктің көбеюіне қосқан үлесі кіреді. Салымға еңбек ұжымы мен кәсіпорын бағынатын орган арасындағы келісімде жұмыс нәтижелерін басшылыққа ала отырып айқындалатын мөлшерде пайыз есептеліп төленеді. Кәсіпорын таратылған жағдайда бюджетпен, банктермен және басқа несиегерлермен есеп айырысқаннан кейін қалған мүліктен қызметкерге оның үлесі (салымның құны мен табыстың бөлігі) төленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |