ҚОРЫТЫНДЫ
Болашақта Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен одан қалған асыл мұралары əлі де көп ізденістерді, ғылыми зерттеулерді керек етеді. Өйткені ғұламаның хикметтерінің қат-қабат сырлары əлі түгел түгелделіп ашылып болған жоқ. Себебі əр ғасыр, əр заман əрқалай оқып бағасын береді. Мəселе «Диуани Хикметтің» көпқырлы соқпағында, көпқабатты қыртыстарында жатса керек.
Халық жолында күн кешкен ұлы бабамыздың хикметтерін оқып үйрену, оқулық, хрестоматияларға енгізу, басқа тілдерге аудару келешекте жалғаса беретін тірлік болса керек. Алдағы уақытта кемеңгер ойшылдың даналық сөздерімен біздің балаларымыз да мектеп қабырғасында таныса алатын болады деген үмітіміз зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың өзі Ясауи ілімін терең насихаттау қажеттігіне баса мəн беріп отыр.
Өлең ырғағы тұрғысында Ясауи хикметтері қазақ халық поэзиясына өте жақын. Сондай-ақ осы екі поэзия үлгісінде тілдік бейнелеу құралдарының да ортақтығы мол. Содан болса керек, туыстас халықтардан шыққан ғалымдардың өзі Қожа Ахмет Ясауиді қазақ ақыны деп айтқан кездері бар. Осыған қатысты Х.Сүйіншəлиев былай дейді: «Татар зиялылары да Йасауиді жақсы білген. Əсіресе мұсылманша оқығандары ақын сөздеріне ерекше назар салған. Олардың ішінде Ахметті дана ғұлама санағандары да болған. Кейбірі — Ахмет Йасауидей данышпан адамды туғызған қазақ халқына рақмет айтуға тиіспіз деген. Сөйтіп, олар Ахметті қазақ санаған. Мұндай пікірлерді біз «Шора» журналынан кездестірдік» [19].
Сондықтан да келешекте Ясауидің «Диуани Хикметі» мен қазақ фольклоры туындыларының тілдік тұрғыдағы байланыстарының бұдан өзге де мысалдары көптеп табылатыны даусыз сияқты.
Қазіргі таңда өткен тарихымызды қайта қарап, талдап-таразылап жатқан кезімізде бұрын есімі белгілісі бар, белгісіз болып келгені бар атақты тұлғалардың есімдерін білудеміз. Бірақ кейбірінің аттары бұрмаланып жазылып жүргені көзді де, көңілді де қарықтырады.
Ғұлама Ясауи есімін сан-саққа құбылтып жазып келдік: Жасауи, Иасау, Иассауи, Йасауи, Иссауии деп əркім əрқалай атады. Қай басылымда қалай жазылғанына мысал келтіруге бір еңбекте мүмкін емес екенін ескеріп, қысқа қайыруға тура келді. Бұған академик Ə.Қайдар өз дəлелдерін келтіріп, Ясауи (немесе Яссауи) деп жазу керек деген байламын айтып еді. Соны көзі шалған, түсінген адамдар солай деп жүр. Қазір Ясауи атындағы Түркістан халықаралық қазақ-түрік университеті де бар. Демек, осыған табан тіреп, əр түрлі атап құбылта бермеуіміз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |