Әлішер Науаи (1441-1501) саяси ой-пікірлерінде халықты қыспаққа алған, қанаған рухани, діни басшыларды сынады. Халыққа қызмет етуді ең жоғарғы игілік дейді. Патшалардың қаталдығын да өткір сынайды. Дін мен оның қызметшілерін жек көрген. Дамып отырған феодализм жағдайында сауатты монарх басқарған мемлекет идеясын ұсынды. Бір орталыққа бағынған монархияны жақтады. Тұтасымен алғанда саяси ой-пікірлерінің өзекті мәселелері – мәдениетті дамыту, халыққа қызмет көрсету, жемқор феодалдарды сынау, халықтар достығы идеясы болды.
Закавказьенің ой-пікірлері. Закавказьеде феодализмнің дамуы араб басқыншыларына қарсы бағытталған күреспен қабат келді. Әзірбайжандағы Бабек бастаған шаруалар соғысы (816-837) маздакизм идеясын ұстады. Антифеодалдық, антиисламдық сипатта өрістеді. Феодалдық тәуелділік пен феодалдық жер меншігін жоюды, шаруаларды азат етуді, «баршаға бірдей теңдік» орнатуды көздеді.
Көрнекті ойшыл, ақын Низами Глянджеви (1141-1209) феодалдық қоғамның әлеуметтік және саяси құрылысын өткір сынады, езілген халықты жақтады. Шахтардың билігі зорлыққа негізделгенін айтты. Достықты, еңбекті мадақтады, ағартушылық монархиясын қолдады. «Хосров пен Шырын», «Жеті сұлу» поэмаларында осындай монархияны жырлайды. Патшалар халық үшін өмір сүруі керек дейді. «Искандер-наме» поэмасында аңызға айналған үлгілі қоғамдық құрылысы бар елді суреттейді. Онда мемлекет те, мемлекеттік құрылыс та жоқ, мүлік пен әлеуметтік жағынан тең адамдар бар жағдайды армандайды. Соғыс атаулыны айыптап, бейбітшілікті дәріптейді.
Шота Руставели (ХII-ХIII) «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты поэмасында күшті, тәуелсіз, бір орталыққа бағынған мемлекетті дәріптейді. Сауатты басшының идеалын қолдаған, бірақ оның билігін дарынды мемлекет қайраткерлерінің кеңесі шектеп отыруы қажет дейді. Сыртқы жаулармен күрес идеясы да бар.
Арменияның саяси ой-пікірлері туралы сөз еткенде, оның IХ-Х ғғ. Византияның, сельжуктердің шапқыншылықтарына душар болған кезеңінен бастаймыз. Бұл тұста Арменияның өз феодалдарының соғыстары да қанауды күшейткенін атау қажет. Қанаушыларға қарсы және антифеодалдық идеология ретінде «Давид Сасунский» эпосы шықты. Эпостың басты идеясы – соғысқа кінәлілер елді билеушілердің өздерінен басқа ешкім емес.
Достарыңызбен бөлісу: |