2 Таным түсінігі
Таным үрдісі адамның ырқымен (воля) де тығыз байланысты екенін байқаймыз. Ол адамды таным жолында белгілі бір мақсаттарға, нәтижеге жеткізуге көмектеседі. Адам өз ырқы арқылы бүкіл күш-жігерін жинақтап, оны зерттеуге ұмтылдырады. Алайда ырық әрқашанда сананың ең алдымен моральдық құндылықтардың бақылауында болуы қажет. Ол әсіресе бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдарында қажетті. Өйткені адам дүниеге тереңдеген сайын табиғаттың орасан зор күштерімен кез болып, ар-ұжданы дамымаған ғалымды сол күштерді өз мүддесіне жаратуға бағытталған пейілі мен іс-әрекетін тудыруы ғажап емес. Мұндай жағдайда, ол адамзатты үлкен қайғы-қасіретке, тіпті бұрын-соңды болмаған апатқа әкелуі мүмкін. Көне Грек елінде өз атын тарихта қалдыруды армандаған, бірақ қолынан ұлы іс келмейтін Герострат деген кісі Артемида құдайына арналған ғажап кесенені жағып жіберген екен. Сол сияқты бүгінгі уақытта ғылым саласында қызмет етіп жатқан геростраттар жок деп кім айта алар екен?
Таным үрдісінде аса бағаланатын нәрсе - ол адамның таланттылығы. Біріншіден, ол адамға берілген табиғи дарынмен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Егер біреу көркемөнерге жақын болса, екінші - математика, физикаға, үшінші - тілдерді игеруге ынтық болуы мүмкін. Адамдардың бұл қабілеттері белгілі бір әлеуметтік жағдайларды жасау, сонымен қатар түлғаның қажымас еңбегінің арқасында талантқа, яғни шығармашылық қабілетіне айналуы мүмкін. Кері жағдайда, адам табиғи дарынын таланттық деңгейге көтере алмай, оны сөндіріп алуы да ғажап емес.
Танымның негізгі мақсаты - акиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны практикалық өмірде пайдалануға жол ашылады.
Практикамен тығыз байланысты келесі мәселе - дүниетану жолындағы ашылған білімнің ақиқаттығы. Әңгіменің қиындығы мынада: қайсыбір білімнің екі жағы бар. Біріншісі - адамның биологиялық табиғаты, яғни оның түйсіктері, жүйке мен ми ерекшеліктері, сонымен қатар нақтылы-тарихи жағдайдағы қоғам құрылымы, оның мәдени ерекшеліктері, ғылыми акпаратты өңдеп,пайдалану тәсілдерімен байланысты. Екіншісі, танымда бейнеленетін объективтік шындықтың өз қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтау болмақ. Танымның осы екі жағы бір-бірімен өте тығыз байланыста екені сөзсіз. Олай болса, біздің білім мазмұнының қай жақтары жеке адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз түрде зерттеліп жатқан заттың шынайы қасиеттеріне сәйкес келеді? Бұл сұрақ білім ақиқаттығы мәселесінің өзегін құрайды.
Әрине, жалпы түрде алғанда өзімен-өзі өмір сүріп жатқан шынайы білім дүниеде жоқ. Ол - адам, әлеуметтік топ, я болмаса жалпы қоғамның білімі. Ол бітімі жағынан субъективті. Сонымен қатар онда дүниедегі зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі бізге тәуелсіз мәндік жағы ашылады. Осы түрғыдан алғанда, ақиқат деп дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның санасында сәйкес бейнеленуін айтамыз.
Сонымен қатар біз мына нәрсені ұмыт қалдырмауымыз керек. Дүниені зерттеуде адамзат шегіне жеткен ақиқатқа ешқашанда жете алмайды, өйткені ол - шексіз үрдіс. Сондықтан да ақиқат жөніндегі ілімде оның объективтік, салыстырмалы, абсолютті, прагматистік, когеренттік т.с.с. жақтары ерекше бөлініп алынып талданады.
Объективтік ақиқат деп адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз, яғни заттың өзіндік қасиеттерін бейнелейтін білім мазмұнын айтамыз. Мысалы, айдың жерді айналып тұрғаны - объективтік ақиқат. Біз қандай әрекет жасасақ та, оны тоқтата алмаймыз, ол бізге тәуелсіз түрде өмір сүріп, жерді айналып тұр.
Абсолютті ақиқат деп дүние жөніндегі толық сарқылып шегіне жеткен білімді айтуға болады.
Педагогика саласында әр пәнді қалай үйрету керегі жөнінде неше-түрлі әдістер шығарылған. Мұндай мысалдарды шексіз көбейте беруге болар еді. Сол сияқты ғылыми салада да неше түрлі әдістер жасалып, нәтижелі қолданылады. Танымдағы сезімдік және ақыл-ой сатылары ғылымда зерттеудің екі деңгейін құрайды. Олар - эмпирикалық жэне теориялық білім. Олар, әрине, бір-бірімен өте тығыз байланысты.
Қайсыбір зерттеу эмпирикалық сатыдан, яғни ғылыми деректерді жинаудан басталады. Ол үшін зерттелетін зат (объект), я болмаса құбылысты (феномен) бақылау қажет. Аса назар аударатын нәрсе - ғылымдағы бақылаудың ерекшелігі, өйткені ол «tabula rasa» - таза такта емес. Таным субъектісі (ғалым, я болмаса ғылыми қауымдастық) зерттелетін объект жөнінде белгілі бір пікір, түжырым, идеяға ұқсайтын көзқараспен мақсатқа лайықты бақылауға кіріседі. Тәжірибелік таным барысында ғылыми деректер жиналып, салыстырылып, белгілі бір жүйеге келтіріледі.
Әрі қарай ғылым теориялық деңгейге - тәжірибелік білімді үгым, тұжырым, заң т.с.с. ғылыми кұралдар арқылы өңдеуге көтеріледі. Теориялық таным арқылы біз зерттелетін заттың ішкі тұрақты байланыстары мен заңдылықтарын аша аламыз.
Енді теориялық білімнің құрылымына келер болсак, оларға проблема (мәселе), гипотеза (болжау), теория, заңды жатқызуға болады.
Таным үрдісінде белгілі бір сатыда тежеу, түсініксіз, адамды абыржуға әкелетін ахуал пайда болады. Осы сәтте проблема дүниеге келеді. Оны шешпейінше, адамнан тыныштық кетеді.
Сондықтан кейбіреулер проблеманы - білмейтінімізді білу дейді. Мұндай ахуалдың пайда болуының негізінде сан алуан қайшылықтар жатыр. Ол белгілі бір құбылыс жөнінде екі әртүрлі пікірдің пайда болуынан, я болмаса ескі теория мен жаңадан ашылған ғылыми деректің арасындағы қайшылық т.с.с. себептерден болуы мүмкін. Көп жағдайда мәселенің шешілуі - оны дұрыс қоя білумен байланысты. Ол үшін, әрине, барлық жиналған ғылыми деректер мен тұжырымдарды тағы да ой елегінен өткізіп, проблеманы айқын сезіну қажет. Шешілген проблема ғылыми білімді тереңдетіп, сонымен қатар жаңа проблемаларды тудырады.
Достарыңызбен бөлісу: |