3 Шығармашылық пен ғылыми таным өзара байланысы
Әр адам дүниедегі заттарды өз жасына, өмірден алған тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне, тіпті мінез-құлқына байланысты сана-сезіміндегі қалыптасқан категорияларды (ұғымдарды) пайдаланып қабылдайды. Мысалы, жеңіл машинамен әуестенетін адамның санасында неше түрлі солар жөнінде ақпараттар бар. Егер ол бұрын көрмеген машинаның жаңа моделін көшеде байқаса, оның жанына келіп, бұрынғы білімдерін пайдаланып, бір минуттан кейін сол көлік жөнінде белгілі бір пікірге келеді, яғни ол оны игереді. Ал басқа адам ол машинаға көңіл де аудармауы мүмкін. Музейге қойылған мәрмәрдан жасалған жас әйелдің дене бітімінен бір адам асқан сұлулықты, жетілгендікті көрсе, екінші надан адам оны нәпсілік тұрғыдан қабылдауы мүмкін.
Енді елестетуге келер болсақ, оның санаға тіпті жақындығы байқалады. Өйткені көзге елестетін зат, я құбылыс көз алдыңда жоқ, бірақ сіз оны елестете аласыз. Мысалы, жақсы көретін досыңызды, я болмаса ауылдағы туысыңызды дәл қазір жаныңызда болмағанмен көзге елестетуге болады.
Адамның сана-сезімінің тағы да бір керемет ерекшелігі - өткендегіні есте сақтау. Физиологиялық түрғыдан келгенде, ол адам жүйкесінің өткендегі болғанды ақпарат ретінде сақтау қасиеті болып табылады. Оның негізгі екі түрін көрсетуге болады. Біріншісі сезімдік бейне болса, екіншісі - сөздік-ұғымдық түрі.
Сонымен сезімдік таным бізге заттардың айнадағыдай бейнесін бермейді, оның қалыптасуына адамның қажеттілігі мен мүддесі, мақсат-мұраты мен идеалдары, неше түрлі сезім толқындары, қысқасы, бүкіл жан дүниесі қатысады.
Енді абстрактіліқ ойлау формаларына келер болсақ, онда ең бірінші ұғымдарды атап өтуіміз қажет. Ұғымдарда заттар мен құбылыстардың адамға деген жалпы, мәнді, қажетті жақтары бейнеленеді. Уақытында көркем түрде Г.Гегель ұғымды табиғаттың жаны деген болатын. Өйткені қайсыбір ұғым мазмұнына заттың біршама мәнді қасиеттері кіріп, оның көлемін сондай қасиеттері бар көп заттар кұрайды. Ұғымдар, бір жағынан, дүниедегі заттар мен құбылыстардың бізге керек сан алуан қасиеттерінің бар екенін және олардың бір-бірімен байланыстарының байлығын бейнелесе, екінші жағынан, адамның танымдағы белсенділігі мен нәтижелілігін, ой мен білімнің құнарлы күшін көрсетсе керек.
Жалпы алғанда, ойлау дегеніміз ұғымдарды ретімен байланыстырып, белгілі бір пікірге келу, пайымдау болып табылады. Мысалы, адам - ойлай алатын пенде десек, оның негізгі қасиеттерінің бірін көрсетеміз. Бірнеше бір-бірімен байланысты пікірлерді салыстырып, белгілі бір қорытындыға келуге болады. Мысалы: Адам ойлай алады; Нұрлан - адам; Нұрлан ойлай алады.
Алғашқы екі пікірді қорытудан үшінші пікір пайда болды. Сонымен адам ойланған кезде белгілі бір зат жөніндегі сезімдік деректерді ұғыммен қамтуға тырысады. Соның нәтижесінде сезімдік әртүрліліктің бірлігі анықталады, яғни зат жөнінде жаңа білім пайда болады. Егер сезімдік деректер әралуандықты көрсетсе, ұғым олардың бірлігін алға тартады. Мұны біз ғылыми тілде категориалдық (ұғымдық) синтез (біріктіру) дейміз. Кейбір әдебиет беттерінде оны дискурсивтік ойлау әдістері дейді.
Сонымен қатар адам таным қабілеттерінің бірі ретінде интеллект деген ұғымды келтіруге болады. Ол адамның ең жоғарғы, бүкіл Дүниені біртұтас ретінде қамтуға бағытталған, яғни философиялық дәрежеге көтерілген ойлау қабілеті болып есептеледі.
Енді интуиция (көкей көз) мәселесіне келер болсақ, ол -тікелей шындыққа жету, оның ақиқаттығын анық та айқын көру, ешқандай дәлелдеуді талап етпеу. Мәселенің қиындығы сол саған ашылған шындықты басқаға жеткізу болса керек. Ол үшін оны тағы да ой елегінен өткізу қажет. Ал мұның өзі интуиция адамның бүкіл сана-сезімімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Қайсыбір көкей көз арқылы берілген шындық сол мәселемен талай күндер, я жылдар бойы айналысқан, оның бүкіл жан-тәнін баурап алған адамға келеді. Ал оның өзі сол мәселенің шешілуі тіпті адамның саналы түрде ғана емес, сонымен қатар бисаналық жолмен жүріп шешілгенінің көрінісі емес пе?
Танымның негізгі мақсаты - акиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны практикалық өмірде пайдалануға жол ашылады.
Көбінесе шығармашылық іс-әрекет адамның танымдық қабілеттеріне негізделеді: шығармашылықтың құрамдас бөліктері сезімдік елестердің құрамында да, ақыл-ой түсініктері мен бейнелерінде де орын алады.
Шығармашылық философиямен қатар көптеген ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады: психология, ғылымтану, өнертану, ақпарат теориясы, педагогика және т.б. Сәйкесінше шығармашылық көріністерінің көптеген түрлері топтастырылады: көркем шығармашылық, ғылыми-шығармашылық, өндірістік-техникалық шығармашылық, діни шығармашылық, күнделікті-тұрмыстық шығармашылық – басқаша айтқанда адамның практикалық және рухани іс-әрекетінің барлық түріне қатысты. Қазіргі күндері адамның шығармашылық іс-әрекетін арнайы зерттейтін ғылымды жасау мәселесі туындап отыр. Субъектінің әлемге деген қатынасының іске асуы танымда ғана жүрмейді. Танымның өзі мақсаты бойынша шығармашылықпен тығыз байланысты. Таным мен шығармашылықсыз адам өзінің универсалды өмірлік жолында жүзеге аспай қалуы мүмкін еді. Таным мен шығармашылық адамның қандай да бір қажеттіліктерін қанағаттандыратын құрал емес, ол адамды адам ететін зат.
Қазіргі кезде әрбір адам күн сайын күрделілену процессінен өтіп жатқан және иерархияланған әлеуметтік рольдер мен функционалды байланыстар жүйесіне енеді. Адамның рольдік мінез-құлығы стандартталуға ұшырап, онда әрекеттер мен сананың жақсыз дайын бейнелері көбейе түсуде. Жақсыз функцияларды атқарудың өзінде де жеке тұлғалық-адами шыңда болу үшін – адам әлемге және өзіне деген шығармашылық қатынастың жоғары деңгейіне ие болуы тиіс. Басқаша айтқанда индивид жоғарыда сипатталған жағдайларда адам бейнесін сақтап, ситуацияны басқаруға қабілетті болуы үшін оның шығармашылқ деңгейі жоғары болуы қажет.
Шығармашылық процессте негізгі рольді қиял процессі иеленеді. Принциптік түрде жаңаны ескіден логикалық жолмен шығаруға болмайды.
Қиял түрлері:
- ырықты-ырықсыз (А.А.Ухтомскийдің доминантасы);
- қайта жаңғыртушы-шығармашылық;
- өнімсіз-өнімді.
Қиял іс-әрекетінің кейбір жақтары:
Достарыңызбен бөлісу: |