Реферат зерттеу еңбегі Қазақстан тарихындағы бетбұрысты тарихи кезең 1924-1926 жылдарғы ұлттық мемлекеттік үшін күрестің жай-жапсарына соның ішінде Қазақстанның территориясының жиналақталуы мәселесіне арналған


ІІ Тарау. Сырдария және Жетісу облыстарының



бет3/6
Дата25.02.2016
өлшемі499.5 Kb.
#20366
түріРеферат
1   2   3   4   5   6

ІІ Тарау. Сырдария және Жетісу облыстарының

құрылуының қысқаша тарихы және олардың

халқы мен аумағы.
Жетісу және Сырдария облыстары "Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы" 1867 ж. 11 шілдедегі уақытша ережеге сәйкес құрылған.

Жетісу облысы қазіргі Алматы, Жамбыл және Семей облыстарының бір бөлігін, Солтүстік Қырғызстанды алып жатты. 1867-1872 жылдары Түркістан генерал-губернаторлығына, 1882-1897 жылдары Далалық (орталығы Омбыда) генерал-губернаторлығына, 1897-1918 жылдары Түркістан генерал-губернаторлығына, 1918-1924 жылдары Түркістан АКСР-на кірді. Жетісу облысының құрамында ол тарапылардың алдында Алматы (бұрынғы Верный), Жаркент, Лепсі, Талдықорған (бұрынғы-Қапал) және Пішпек уездері болды.

Сырдария облысы да 1867 жылғы 11 шілдедегі уақытша ережеге сәйкес құрылып, Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында болды. Ережеге сәйкес Сырдария облысының құрамына Қазалы, Перовск (Акмешіт), Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент, Жизақ, Ходжент уездері кірді. 1886 жылы Ходжент және Жизақ уездері Самарқанд облысына берілді. 1886 жылы облыстың жері 403253 кв.верст болып, онда 1.919400 адам тұрған. 1910 жылы Сырдария облысының халқы 2097896 адамға жетті. Облыс орталығы Ташкентте 234289 адам, Әулиеатада 19303 адам, Түркістанда 19705 адам, Шымкентте 15711 адам тұрды. [25]

1924 жылғы ақпандағы мәлімет бойынша осы екі облыстың межелеу кезінде Қазақстанға өтетін жер көлемі 602713 кв.версті. құрады. Бұл аумақ Орта Азиядағы жаңа республикалар аумағынан әлде қайда көп. Мысалы Түркімен КСР-нің аумағы 388325 кв.верст, Өзбек КСР-і аумағы 158980 кв.верст. болды.

Қазақстанның Түркістан аумағы Ауғанстан жерінен де үлкен еді. Ауғанстанның аумағы 483295 кв.верстті құрады.

Қазақстанның Түркістан аумағы Арал теңізінің бір бөлігін қамтып, Амудария арқылы Өзбекстан мен Түркіменстанның сауда, өнеркәсіп орталықтарымен байланыс жасауға ыңғайлы да қолайлы орналасқан еді. Солтүстігінде бұл өлке Балқаш көліне тіреледі. Шығысында Қытаймен шекараласты. Мұнда алып Қызылқұм және Мойынқұм құмдары байтақ далада керіліп жатыр.

Түркістан АКСР-ның аумағындағы Сырдария және Жетісу облыстарында 1468724 адам тұрды. Олардың 159813-і қала тұрғындары, 1308850 мыңдайы ауыл тұрғындары болды.

Сырдария облысында 778811 адам, соның ішінде қалаларда 82696, ауылда 696113 адам тұрды.

Жетісу облысында 679361 адам, соның ішінде қалаларда 77675, ауылда 602186 халық тұрды.

Самарқанд облысының Қазақстанға өткен 6 болысында 10552 адам мекендеді.

Жалпы Қазақстан қармағына берілген Жетісу және Сырдария облыстарына бұрынғы Түркістан АКСР халқының 28%-і өткен.

Бұрынғы Сырдария облысынан Қазақстанға мына уездер өтті: Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері толығымен, Әулиеата уезінің 38 болыстығының 24 болысы, Ташкент уезінің 37 болыстығының 17 болысы, Мырзашөл уезінің 8 болыстығының 2 болысы өтті.

Халықтың негізгі бөлігін жергілікті көшпелі мал шаруашылығымен және аздап егіншілікпен айналысатын қазақтар құрады. Қазалы, Ақмешіт, Түркістан уездерінде қазақтардан өзге халықтар жоқтың қасында еді. Қазалы уезінде 84964 адам тұрса, соның 1,4%-і ғана орыстар болды. Ақмешіт уезінде 102771 адам тұрса, соның 2,5%-і, Түркістан уезінде 79800 адам болса, соның 0,2%-і ғана орыстар болды.

Ташкент, Шымкент, Әулиеата уездерінде орыстар ертерек келіп қоныстануына байланысты, мұнда олардың саны біршама көп болды. Оның үстіне бұл уездерде отаршыл орыстарды қызықтыратын шұрайлы жерлер өте көп еді.

Ташкент уезінде орыстар халықтың 7.9% құрады. Әулиеата уезінде орыстар 13.7% немесе 18000 адам болды, Шымкент уезінде орыстар 13.8% құрап, 20000-дай адам болды.

Жалпы Сырдария облысының тұрғындарының 90.6% жергілікті халық құрады. Онда 9% аса орыстар, қалғандары басқа аз халықтар өкілдері болды.

Жетісу облысы туралы мәліметтердің жиынтығын Т. Рысқұловтың 1923 жылы көктемде "Джетысуйские вопросы" атты кітабынан алуға болады. Сол кезде Түркістан АКСР-ы Халық Комисарлары Кеңесінің төрағасы болған Т.Рысқұлов Жетісу облысына сапарының қорытындысы ретінде осы шағын кітабын жазды. Облыстың сипатын Т.Рысқұлов: "Бұл типтік түрдегі қазақ облысын бейнелейді. Мұнда қазақ өмірінің тамыры басқа жердегіден қаттырақ бүлкілдеп соғады және қазақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері көзге ұрғандай айқын көрінеді" [26] — деп жазды.

Т.Рысқұловтың дегенінше Жетісу облысында 1915 жылы 1223 мың халық тұрды. Осы халықтың 883 мыңы қазақтар, 200 мыңы орыстар, 86 мыңы тараншы (ұйғырлар). 20 мыңы дұнғандар, 10 мыңы татарлар. 21 мыңы өзбектер болды. [26.8]

1915 жылғы дерек бойынша Жетісу облысы 353 мың кв.верст.жерді алып жатты. Оның егіншілікке жарамды жері 18 мың кв.верст болды. Патша үкіметі Жетісудың шұрайлы жерлерін тартып алған болатын. Әсіресе, Жетісу қазақ әскері негізгі шұрайлы жерлерге игілік етті.

1921-1922 жылғы жер-су реформасы кезінде бұрын патша үкіметі тартып алған жерлердің бір бөлігі жергілікті халыққа қайтарылды."

1923 жылдың басында Жетісу облысындағы оқу-ағарту ісінің халі өте мүшкіл болды. Ол туралы Т.Рысқұлов: "Ол жердегі не халыққа білім беру бөлімі, не ондағы халық ағарту комиссариатының инспекторы облыстағы мектептердің санын дәл білмейді" [26.21] — деп жазды.

Оқытушылар жоқ, оқулықтар жоқ дерлік. Кейбір жас мұғалімдер ауылдарға барып, халықтан 2-3 айда "еңбек ақысын" жинап алып қайтып кетіп жатады. Бірақ халықтың оқу-білімге құштарлығы жақсы. Т.Рысқұлов ұзын ырғасы жүріп өткен 500 верстен аса жол бойында (қалалар мен үлкен селоларды қоспағаңда) өзіміздің газетіміздің бірде-бір санын ұшырастыра алмағанын атап көрсетеді". [26.23]

Қазақтар арасында мал ұрлау, жылқы ұрлау өте өршіп тұр. Кейбір байлар кәсіпқой ұрыларды ұстайды.

Бай-манаптардың экономикалық жағдайының көтерілуіне байланысты кедейлердің әйелдерінің байларға тиіп кетуі басталған. Бұл кейде зорлау, кейде еркін түрде жүріп жатты. Денсаулық сақтау ісі тым жоқтың қасында болды. Түрлі індеттер, аурулар халықты баудай түсіріп, өлім көбейген.



ІІІ Тарау. Сырдария және Жетісу облыстарының

Қазақстанға қосылуының тарихи жағдайы
1924 жылы 14 қазанда "Советская степь" газетінде "Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу және Түркістандағы Қазақ облыстарының Қазақстанға қосылуы" деген баяндамаларға тезистер жарияланды. [27]

Сондай-ақ республиканың басшы үкімет органдары даярлаған "Түркістанның қазақ аумағын Қазақ АКСР-не біріктіру мәселесі және Орта Азияны ұлттық принцип бойынша мемлекеттік межелеу проблемасы" деген баяндама тезистері жасалды. Осы тезистер соңына Меңдешев, Корастелев, Қожанов деп қол қойылған "Түркістан қазақ аумағын Қазақ АКСР-не біріктіру мәселесі және Орта Азияны ұлттық принцип бойынша мемлекеттік межелеу проблемасы бойынша баяндамалық жазбаны" даярлауға негіз болған. Ол кезеңнің жұмыс стилінің ерекшеліктерінің бірі жоғарғы партия, кеңес органдарында талқыланатын мәселелердің тезистері алдын-ала даярланатын немесе баспасөзде жарияланатын.

Тезистерде айтылған ойлар мен пікірлер баяндамада тереңдетіліп, ерекше бағыт ретінде қорғалып отырған.

Осы айтылған тезистер мен баяндамада республиканы сол кезде басқарып отырған қайраткерлердің ұлттық-мемлекеттік межелеуді Қазақстан мүддесі тұрғысынан жүргізудің тұтастай жүйелі бағытын негіздегенін айқын көреміз.

Тезистер 4 бөлімнен және 30 тармақтан тұрады.

Тезистердің 2-тармағында болашақ Қазақ Республикасының шекарасын анықтаудың негізіне КСРО-да қалыптасқан тәжірибеге сәйкес үш принцип қойылуы тиіс:

І.Аудан жағдайының табиғи-тарихи бірыңғайлығы;

2.Оның экономикалық жағдайының бірлігі;

З.Халықтың ұлттық-мәдени және тұрмыстық жағдайының бірлігі, осы соңғы принцип басым рөл атқарады, алдыңғы екі принцип оған тәуелді болып келеді де, тек ерекше жағдайларда ғана маңызға ие болады.

Содан соң 1920 жылғы 26 тамыздағы РКФСР БОАК пен Халком кеңесінің "Қазақ АКСР-ын құру туралы" декреті бойынша Түркістандық қазақтардың өз еркімен Қазақ АКСР-на қосыла алатындығының құқықтық негізі қаланып қойылғаны еске алынады.

1920 жылғы 4-12 қарашадағы Кеңестердің Бүкіл қазақтық I жалпы құрылтай съезі Түркістан Республикасының қазақтар мекендейтін аумағының Қазақстанға қосылу қажеттігін көрсетіп, қазақтардың жерінің бұл екі бөлігінің бірігуі Қазақ АКСР-ның мемлекеттік аппараты нығайған жағдайда Түркістан ОАК-мен келісе отырып жүргізілетіндігі туралы шешімін шығарды.

1921 жылы қаңтарда Әулиеата қаласында Түркістан қазақтарының I съезі шақырылып, онда осы мәселе талқыға түсті. Съездің қаулысында "...съезд түркістандық қазақтарды Қазақ Республикасына біріктіру туралы қаулы етеді. Бірақ қазіргі кезде Түркістанда қазақ кедейлері мүдделі болып отырған жер реформасының асығыс жүргізіліп жатуына байланысты, Түркістандық қазақтарды Қазақ Республикасына біріктіруді ашық қалдырып, оны шешуді Қазақ ОАК-і мен Қазақ бөліміне тапсырады. Толық біріккенге дейін екі республикада қазақ халқына қатысты іс-шараларды өзара келісіп жасауы тиіс. Тұрақты түрде байланыс орнату және ақпарат алмасып тұру үшін республикаларда өзара өкілдіктер құрылуы керек. Түркістан республикасынан өкілді таңдауды Түркістан ОАК-тің Қазақ бөліміне тапсырылсын". ("Первый Краевой съезд Киргизской бедноты Туркестанской Республики. Ташкент, стр.20. Тургосиздат. 1922 г.").

Тезистердің жазба баяндама жобасында Қазақ АКСР-ы мен Түркістан АКСР-ы арасындағы шекараның қолдан жасалғандығы, оның біртұтас қазақ даласын екіге бөліп тұрғандығын, оның шаруашылығын да екі бөліп тастап, онсыз да аз мәдени күштерін жіктеп, жалпы қазақтың бірлігін жоққа шығарып отырғандығын көрсетіп берді. [28]

Екіншіден, суды және жерді пайдалану барысында ылғи кездесіп қалатын Ақтөбе-Сырдария, Сырдария-Ақмола, Сырдария-Қостанай, Семей-Жетісу қазақтары арасындағы бір мемлекет ішінде болса тез шешімін табатын тоқтаусыз дау-жанжалдарды осы уақытқа дейін Ташкент пен Орынбордың арасының тым шалғай жатқандығы және басқа көптеген қиындықтарға байланысты қанағаттандырарлық түрде шешуге мүмкіндік бермей келді.

Сондықтан Түркістан қазақтарының Қазақ АКСР-на бірігуі өз уақытындағы әрі кезек күттірмес мәселе ғана емес, саяси мәні жағынан да мақсаты әрекет болып табылды, себебі Түркістандағы бір-біріне теңдес екі халықтың (қазақтар мен өзбектердің) саяси және экономикалық құрылыста бір-бірімен бақталас болуы, ондағы топтық моменттерді әлсіретіп, оның орнына ұлттық моменттерді күшейтіп отыр.

Оның үстіне Түркістан қазақтарының Қазақ республикасында жүргізіліп жатқан саяси бағыттан тысқары әрі шеттеп қалуы, оларға Түркістанның бұрынғы тұрғындарының ерекшелігіне қарай негізінен өзбек ұлты табиғатына сай келетін қазилар институты т.б. сияқты нормалардың қолдануы, онда тұрып жатқан қандастарымызды саяси жағынан кейін тартады, олардың таптық жіктелуін кешеуілдетеді, бұл жерде өсіп келе жатқан, оқып жатқан жастарға кері әсерін тигізеді деп атап көрсетілді.

Тезистерде Қазақ Республикасының ежелгі жерлерін қосып алу жөніндегі талабы анық жазылды. Тезистердің 7-ші тармағында: "ұлттық белгісіне қарай іс жүзінде Қазақ АКСР-ы үшін немесе оның типографиялық көлемі үшін межелеуді жүргізу жалпы қазақ аумағы ұтымы тұрғысынан жүруі тиіс және оған қазақ халқы немесе онымен туыстас мәдени ұлттық топтар: қырғыздар, қарақалпақтар, құрамалар, абсолютті басым немесе салыстырмалы басым тұратын кеңістіктер жатады".

Бұл тармақтан қазақ қайраткерлерінің мәселені тереңнен, тым әріден қойып отырғанын анық байқап отырмыз. Олар қалыптасқан тарихи қолайлы жағдайды сәтті пайдалана отырып, тек қазақтар мекендеп отырған жерлерді ғана емес, олардың ата қонысы болған, кейіннен қазақпен бірге "ауылы аралас, қойы қоралас" тұрып жатқан қырғыз, қарақалпақ және құрамалар тұратын елді мекендерді де Қазақ республикасы аумағына әділ түрде біріктіруді мақсат етті. Бұл тезистер даярланған кезде қырғыз халқының болашағы туралы мәселе қалай шешілетіні белгісіз болатын.

Қырғыздар автономиялы облыс ретінде құрылған күнде қай республика құрамына кіретіндігі әлі шешілмеген-ді. Ал Қарақалпақ автономиясы туралы мәселе әлі көтерілмеген кез еді. Сондықтан да бауырлас, тілі ең жақын қырғыз бен қарақалпақ халқының тағдыры қазақтармен етене болуы заңды да табиғи нәрсе болатын, сондай-ақ құрамалар жөнінде де айтыс-тартыстар жүріп жатты. Құраманың этникалық жағынан алып қарағанда қазақтардың бір тармағы екеңдігіне қазақ қайраткерлерінің күмәні болмады. Осы тезистерде қойылған басты бағыттарды іс жүзінде асыру үшін көп ұзамай қазақ қайраткерлері мен зиялылары мүдделі іс үшін күреске белсене кірісіп кетті.

Тезистердің 8-ші тармағының да мәні үлкен. Онда межелеу барысындағы ең төменгі әкімшілік бірлік қандай болуы керек деген сұраққа анық жауап берілген. "Қазақ аумағы деп айтылатын аумақтарды анықтағанда, қалыптасқан практика бойынша негізгі есептік бірлік ретінде қазіргі болыстық аумақ алынады", — делінген. Осы принцип межелеу барысында негізгі принцип болды. Орта Азия республикалары мен автономиялы облыстарының бәрінде де бөлініс кезінде негізгі әкімшілік бірлік ретінде болыстық аумақ алынды.

Межелеу барысында даулы аумақтар көп болды. Ол жерлерде тұрып жатқан халықтың этникалық құрамын анықтау қиынға түсті. Сондықтан тезистердің 9-шы тармағында егер нақты тексерілген деректер болмаса қазіргі кезде Түркістан Республикасының статистика басқармасы басшылыққа алып отырған. Бүкіл ресейлік халық санағының деректері әбден қайшылықты әрі пайдалануға жарамсыз, сондықтан оларды тек революцияға дейінгі халық санағы деректерімен салыстырып пайдалану қажет екендігіне назар аударылады. Кейінірек мұндай қайшылықты деректер көптеп кездесті әрі олар көптеген аумақтардың тағдырының дұрыс шешілуіне кері әсерін тигізді.

Оған мысал ретінде Түркістан Орталық статистика басқармасының Ташкент уезінің үш болыстығына байланысты 1920 жылғы Бүкіл ресейлік халық санағында жіберілген қайшылықтары мен қателіктері дәлел. 1911 жылғы халық санағы бойынша бұл болыстықтарда қазақтар абсолютті түрде басым болса, қазіргі кезде мұнда өзбектер басым болып кеткен. [28]

Бұлар Ташкент уезінің Зәңгі ата, Ниязбек және Шыназ болыстықтары. Бұл болыстықтарда:

а) 9 жыл бұрын (1911 жылы) қазақтардың бірнеше ауылдық қауымдары, 1920 жылғы деректер бойынша өзбектер болып кеткен;

б) бірнеше қазақ ауылы қауымдары тіптен тізімге кірмей қалған;

в) қала тізімінде тұратын өзбектер, қалалық өзбектер 1920 жылғы тізім бойынша егіншілікпен айналысатын жеріне орай болыстықтар тізіміне кіріп кеткен.

Оның үстіне бұл қиындықтарды Түркістан республикасы Орталық статистика басқармасындағы мынадай деректер қиындата түсті. Қазақтар шаруашылық жағдайына орай көшіп-қонып жүруіне, шашырап кеткендігіне байланысты 1920 жылғы тізімге кірмей қалды немесе әдейі кіргізілмей қойылған.

Мысалы, Мырзашөл уезінің Иіржар болыстығында ежелден тұратын қазақтардың Түрікстатистика басқармасының есебі бойынша Түркістан Жер халкоматы жерге орналастыру басқармасының тексерілген деректеріне қарағанда тура екі есеге кеміп кеткен. Мұндай деректер басқа уездер мен болыстықтарда да көптен орын алған. Сондықтан Қазақ АКСР-ы үкімет орындарының мұндай деректерге сақтықпен қарап, қайта тексеру қажет деген талабы әбден орынды еді.

Тезистерде Қазақ АКСР-на өтуге тиісті аумақтар дәл көрсетілді. Тезистердің 13-ші тармағында: "ҚАКСР-ның жаңадан құрылатын Өзбек республикасымен болашақ мемлекеттік шекарасы айтылған прициптерге орай, аумақтардың этнографиялық жайы мен кеңістігін анықтай отырып, Сырдария және Жетісу облыстарының қазіргі шекарасы аумағында өтуі тиіс. ҚазАКСР-на Самарқанд облысының қазақтар мекендейтін Жизақ уезі (Атақорған, Көктөбе, Қорғантөбе, Қызылкөл, Пістемтау, Шардара болыстары) кіруі тиіс болды.

Жетісу облысының қырғыздар мекендейтін бөлігі Қырғыз автономиялы облысына өтеді". Бұл тармақта Қазақстан жағы Өзбекстанмен болашақ шекараны Сырдария мен Жетісу облыстарының сол кездегі аумағымен тұтас күйінде өтетіндігін нақты көрсеткен.

Жетісу облысының қырғыздарға кететін бөлігі Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына кірмейді.

"Көрсетілген шекараға, ҚазАКСР-на кіруге тиіс аумақтармен бірге этнографиялық бағыттағы негіздерге орай, межелеудің принциптеріне сәйкес табиғи, тарихи және экономикалық принциптерге орай, төмендегі баяндамада одан әрі дамытылатын ойлар негізінде Ташкент қаласы және оған тартылатын өзбек болыстықтарымен бірге Ташкент уезі және Мырзашөл уезі кіреді», — деп көрсетілді тезистердін 14-ші тармағында. Содан әрі тезистерде Ташкент қаласының тарихи жағынан Қазақстанға берілу қажеттігі туралы талаптар дәлелденді.

Ташкент қаласына және оған тартылып жатқан Ташкент және Мырзашөл уездерін қазақ жағы да өзбек жағы да өзіне тартуға тырысты. Қазақ жағының тезистерде келтірілген пікірінше: "Кеңестік аудандастыру жүйесі мен кеңестік ұлт саясаты жағдайында бұл орталықтың қай мемлекетке қатыстылығы, оның әірбір ұлттың экономикасы, саяси және мәдени өміріне қатысты маңызы мен рөліне қарай анықталады".

Ташкент қаласы облыс орталығы ретінде, тек сол қала тұрғындарының еңбегімен жасалмаған, ол сол облысқа тартылған барлық халықтың да еңбегінің нәтижесі, сондықтан да қай мемлекетке қатыстылығын анықтағанда бүкіл облыстың экономикалық және демографиялық жағдайы еске алынуы тиіс. Қазақстан жағының Ташкентке ұмтылыс жасағандағы дәйегінің бірі онда сарт пен өзбектерден гөрі кейінгі кезде европалықтар басым бола түсуде (соңғы жаңа деректер бойынша Ташкенттің жаңа европалық бөлігінде 250000 тұрғын бар. "Турк правданың" мамырдағы саны).

Сарттар мен өзбектер түркі тілдес жергілікті халықтарға қарағанда Ташкентте басым көпшілікті құрағанымен, өзге халықтардың бәрін қосқанда басым бола алмайды. Қала іргесінде тұрған облыста қазақтар сан жағынан басым және мұның өзі қазақтардың бұл қалаға құқығын жоймайды.

Ташкент қаласының солтүстік Түркістанмен экономикалық, мәдени, саяси және сауда-өнеркәсіптік байланыстарының қалыптасқан арнасы бұл байырғы қаланың тарихи тағдырында айрықша орын алады. Ташкент қаласының тағдырын тек өзбек халқына еншілеп қана қарау шындыққа келе бермейді.

Түркі дәуірінде Ташкент көшпелі қазақтар мықтап игерген кент болды, бұл өңірде сарттар да басқа халықтар да өмір сүрді, қала сарт саудагерлері, қолөнершілері көптеп тартылған бірден-бір орталық болған. Ташкенттің сайын даламен ежелден келе жатқан қарым-қатынастары, қазақтардың саяси ықпалы күшейе түскен кезде онан әрі нығайды.

Солтүстік далалық Түркістан үшін, түркістандық қазақтар үшін Ташкенттің маңызының ерекшелігі тағы да мынада: ол қазақтардың сұраныстарын қанағаттандыратын ресми мекемелері орналасқан бірден-бір мәдени орталық. Қазақтардың мәдени мүдделерін білдіретін жеткілікті материалдық негіздері бар Ташкенттен өзге мәдени орталығы жоқ, ал Ташкент қаласы өзбектер үшін Самарқанд, Бұқар, Қоқан сияқты қалалармен салыстыра қарағанда екінші қатарда тұрды.

Түз халқымен экономикалық, әсіресе, сауда-саттық жасап, тығыз қарым-қатынаста, байланыста тіршілік еткен Ташкент қаласы халқының құрамы жағынан тек өзбектікі ғана емес, дұрысы интернационалдық қала. Түркістанның солтүстік қазақтарының негізгі әкімшілік, саяси орталығы болып табылады. Оны болашақ Қазақ АКСР-нан бөліп тастау, бұл республиканы маңызды экономикалық орталықтан ғана емес бірден-бір жеткілікті дәрежеде қуатты әкімшілік-саяси орталықтан да айырады.

Қазақстан үкіметіне ең алдымен Ташкент қаласы өзбектердің жеке ұлт ретінде қалыптасып, Түркістанда орнығуынан әлде қайда бұрын пайда болғандығын куәләндыру қажет еді.

Қала Түркістанды арабтардың жаулап алуына дейін болған (751 ж). Мұның өзі Ташкентті өзбектердің тұрғызбағанын куәләндіреді. Қаланың өсіп, өркендеуі көптеген халықтардың тағдырымен тығыз байланысты болды. Ташкент 200 жылдай қазақтар билеген қала болды. Қазақтардың Ташкентті толық билеген кезеңі 1598-1798 жылдар. Содан соң 50 жылдай Ташкент Қоқан хандығына қарады. Ташкентті орыс отаршыларынан қолдарына қару алып қорғауға да қазақтар көп үлес қосты. Ташкенттің тәуелсіздігі үшін күресті ұйымдастырушы молда Әлімқұл да, Садық Кенесарыұлы да қазақтар еді.

Қазақ үкіметі өз тезистерінде Ташкенттің тарихи жағынан тек "өзбек қаласы" деген түсінікті жоққа шығаруға тырысты. [27. 124-125]

Көп айтыс-тартыс "құрамалардың" қайсы этникалық топқа кіретіндігіне байланысты болды. Қазақстан үкімет органдары "құрамының бірыңғай қазақ халқының топтарының бірі" деп санады. "Құраманы" өз алдына бөлек халық, болмаса бөлек түркі немесе маңғол тайпасы деудің де еш негізі жоқ. "Құрама" сөзі қазақ тілінде әр түрлі аралас бөліктерден құралған деген ұғымды білдіреді. Қазақтар арасында түрлі топтардан тұратын Кіші жүздің "Жеті ру", болмаса "Қырық ру" ұғымдары бар. Егер "құраманың" құрамды бөліктеріне назар аударсақ, онда оның құрамында түрлі тайпа, ру және аталар өкілдерін көрген болар едік. Оның құрамында Ұлы жүзге кіретін үйсін, дулат, ысты, қыбырай, жалайыр, қаңлы, шанышқылы, тутамғалы, сіргелі т.б., Орта жүзге кіретін найман, арғын, қоңырат т.б., Кіші жүзге кіретін шекті, шөмекей, табын, тама, т.б. ру, тайпалар толып жатыр. Осыдан барып "құрама" этникалық тобы құрылған. Шынында ол аты айтып тұрғандай қазақтың үш жүзінің бөліктерінен құрылған топ, сондықтан да құрамалар қазақ болып табылады. Олардың тұрмысы, тайпалық-рулық құрамы жағынан қазақтармен бірлігі анық көрініп тұр.

Қазақстан жағының "құрама" этникалық тобы туралы түсінігі және бағыты осындай болды.

"Құраманың" қай этникалық топқа жататындығы ұлттық мемлекеттік межелеу барысында көп қайшылықтардың көзі болды. Ең бастысы "құрама" ерекше этникалық топ ретінде санға кіріп, санатта жүрді. Даулы аймақтарда "құрамалардың" саны мен олардың еркі шешуші рөл атқарып кеткен кез де аз болмады. "Құрама" атауы ұлттық белгі ретінде жүріп, белгілі бір аумақтың қай республикаға қосылатынына едәуір әсер етті.

Ташкент уезінің ұлттық белгісіне қарай құрамы мынадай болды:







Абсолютті саны

% саны

қазақтар

құрама


сарттар,өзбектер,

тәжіктер

соның ішінде:

қазақтар және

оларға қосылған

құрама


166282

17588


134.130

183.876


50.58

5.33


40.32

55.91


(Сырдария облстаткомының 1911 жылғы ресми мәліметі. 1921 есепке табиғи өсімді есептеп арналған).

Бұл кесте қазақтардың саны Ташкент уезінде өзбек, сарт, тәжікті қоса есептегендегі санынан 10% көп, ал "құрамамен" қосқанда 15%-тен асатынын көрсетеді.

Осындай жағдай Мырзашөл уезіне де қатысты болды. Ташкент және Мырзашөл уездері бірыңғай шаруашылық жүйені құрайтын. Мәселе Мырзашөл уезінде де қазақтардың басым болуында және мұнда егіншілікпен айналысатын қазақтардың өз жерлерінен айрылып қалу қаупі көп екендігінде және бұл аумақтардың Өзбек республикасына өтіп кету қаупінің күштілігінде еді.

Оның үстіне осы жылғы суландыруға қатысты бұл уездер бойынша жоспарлар қазақ елді мекендеріне тиесілі болды. Мырзашөл және Ташкент уездеріне қатысты ирригациялық жүйе шамамен 915000 десятина жерді құрады. Мұнда суландыруға орай мақта шаруашылығын дамыту үшін тамаша табиғи климаттық, жағдай бар еді. Қазақстан жағының пікірінше Ташкент және Мырзашөл уездерін жоғалту арқылы қазақтар "жалғыз мәдени жарамды жер бөлшегінен айрылар еді" деп санады. Оның үстіне Өзбектер онсыз да Түркістанның мәдени оазистерін жеткілікті түрде алды деп санады Қазақстан жағы.

Жизақ уезінен Қазақстанға берілетін 6 қазақ болыстары Мырзашөл уезімен бір деңгейде жатыр, бір тектес халықты құрады, ирригациялық мүмкіндіктері де бірдей, халқы да бірыңғай көпшілік қазақтар болды. Сондықтан да бір жүйеде жатқан, бірыңғай қазақтар тұратын өлкені бөлшектеу Қазақстан жағының заңды наразылығын тудырды.

Мырзашөл уезінің 1920 жълғы санақ бойынша Жизақ уезінін Қазақстанға берілетін 6 болысының халқымен қоса алғандағы саны мынадай. (Қазақтардың саны төмендетіліп көрсетілуі мүмкін);

Қазақтар - 19.878

Өзбек, сарт, тәжіктер - 14.538

Орыстар - 9.510

Қазақстан жағы ұстанған бағытында саналы түрде Ташкент және Мырзашөл уездерінің қай мемлекетке тиесілігін шешкенде Ташкент қаласы халқының санын назарға алмайтынын мәлімдеді. Біз, деп мәлімдеді Қазақстан үкімет орны басшылары, осы кезде аксиомаға айналған қарапайым ақиқатты басшылыққа аламыз, ол бойынша қалалық орталықтар тек сол қала тұрғындарының ғана жасағаны емес, ол сол қаланың өркендеуіне атсалысқан басқа да облыс халықтарының еңбегі болып табылады. Сондықтан да Ташкент қаласының кімге тиесілі екендігін оның іргесіндегі облыс халқының демографиялық, жағдайының ескеруіне қарай шешілуі тиіс.

Себебі қазақ, түркімен, башкұрт сияқты халықтар тарихи жағынан негізінен ауылшаруашылығымен айналысып, қалаларда аз тұрған. Солай екен деп олар орап жатқан қалаларды оларға бермеуге бола ма? Егер солай болса Башқұртстан-Уфаға, Қазақстан-Орынборға ие бола алмас еді. Кеңес өкіметінің ұлт саясатының әділдігіне сенім артқан Қазақстан жағы орысы көп Уфаны-Башқұртстанға бергендіктен, орысы көп Орынборды Қазақстанға астана еткендіктен, аумағында Ташкент облысының халқының 70%-ін қазақтар құрағандықтан Ташкент қаласының да Қазақстанға берілуін әділетті деп санады.

Өзбек қайраткерлерінің Ташкентке ие болуға ұмтылысын орынсыз, негізсіз дей отырып, Қазақстан жағы Ташкент ең алдымен мал өнімдерін даярлау орталығы болғандығын дәлелдеуге тырысты.

Ал мал өнімдерін тапсырушы жартылай көшпелі қазақтар, сондықтан Ташкент түркістандық қазақтардың өнім өткізу рыногы. Ташкенттегі қазақтардың сауда айналымының көлемі, оның өзбектер тұратын аумақтарымен салыстырғанда әлде қайда артық болғандығын дәлелдеді.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Ташкент әкімшілік орталық болғанымен, Түркістан үшін экономикалық орталық бола алмады. Бұл оның экспорттық және импорттық сауда жағдайынан анық көрінеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет