С. Б. Жәутікова, Е. К. Умирбаева, Г. Н. Иманбаева «патологиялық физиология – 2» ПӘні бойынша ситуациялық есептер жинағЫ



бет4/10
Дата16.06.2016
өлшемі2.27 Mb.
#139893
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Есеп № 22

3 жасар В. деген балада физикалық дамуының кешеуілдеуі, тітіркенгіштік, ұйқысының бұзылуы, тәбетінің болмауы, шөлдеу, полиурия байқалған. Тәулік бойы 3-4 литрге дейін су ішеді.

Зәрінде қант анықталмаған. Вазопрессин енгізуге реакциясы теріс болған.

Балада анықталған су-тұз алмасуының бұзылыстарының даму механизмі қандай?


Есеп № 23

48 жастағы З. деген науқас әлсіздікке, тез шаршайтынына, дене терілерінің қарауытуына шағымданып ауруханаға түскен. Анамнезінен өкпе туберкулезімен ауыратыны анықталған.

Объективтік тексеру кезінде анықталғаны: науқас азғын, дене терісі, әсіресе, мойын, қол саусақтарының сырты, алақан сызықтары, бел аймақтары гиперпигментацияланған. Ауыз қуысының шырышты қабаттарында қарайған дақтар бар. Дене температурасы субфебрилді. Бұлшық ет күші күрт төмендеген. АҚ – сынап бағанасы бойынша 95/55 мм.


  1. Бұл көріністер қандай эндокриндік патология үшін тән?

  2. Науқаста бар өкпе туберкулезі мен дамыған эндокриндік патология арасында себептік байланыстардың болуы мүмкін бе?

  3. Бұл жағдайдағы терінің гиперпигментациясы мен артериялық гипотонияның даму механизмін түсіндіріңіз.


Есеп № 24

14 жастағы К. деген науқас тез шаршайтынына, тәбетінің төмендегеніне, лоқсуға, терісінің қарауытуына шағымданып ауруханаға түскен.

Ата-анасы бұл өзгеістерді жарты жыл бұрын науқастың ауырған скарлатина ауруымен байланыстырады және содан кейін тез шаршағыштық, әлсіздік, тәбетінің төмендеуі байқалғаның, тек тұзды тағамдарға әуестігін, соңғы кездері терісінің қарайғанын айтады.

Объективтік тексеру мәліметтері: айқын астения байқалған. Бұлшық ет күші әлсіреген. Терісі қою қоңыр түсті, мойын, бет, қол саусақтары терілерінің пигментациясы байқалған. Қызыл иегінде қарайған дақтар бар. Ішкі мүшелері жағынан қалыптан өзгерген айқын өзгерістер жоқ.



  1. Мұндай симптоматика қандай эндокриндік патология үшін тән?

  2. Науқастың тұзды тағамдарға әуес болуын қалай түсіндіруге болады?

  3. Науқасқа қандай диета ұсыну қажет: натрий, әлде калий тұздарына бай ма?


Есеп № 25

26 жасар А. деген науқас дәрігерге жалпы әлсіздікке, бас ауырсынуына, сыртқы келбетінің өзгеруіне, аяқ-қолдарының ұлғаюына шағымданып келген. Екі жылдың ішінде аяқ киім өлшемі 39-дан 42-ге дейін өскен.

Объективтік тексеруде анықталғаны: бет пішінінің іріленгені (массивті қабақ, бет сүйегі, үлкейген мұрын, ерін, құлақ) байқалған. Кеуде клеткасы бөшке тәрізді пішінде, бұғана сүйегі қалындаған. Қол-аяқ көлемдері ұлғайған. Ішкі мүшелері жағынан қалыптан өзгерген айқын өзгерістер жоқ. Пульс – минутына 78 рет, АҚ – сынап бағанасы бойынша 150/90 мм.


  1. Мұндай өзгерістер қандай гормонның тым артық болуы немесе жеткіліксіз болуы кездерінде дамиды?

  2. Бұл ауру қалай деп аталады, оның дамуына қандай себептер ықпал етеді?


Есеп № 26

35 жасар Р. деген науқас солқылдап бас ауыруына, жүрек соғуының жиілеуіне, аяқ-қолының қалтырауына шағымданған. Мұндай ұстамалы көріністер қобалжудан кейін пайда болады және 30 минутқа дейін созылады. Ұстаманың аяғына қарай ақшыл түсті зәрдің бөлінуі артады. Тексеру кезінде анықталғаны: АҚ – сынап бағанасы бойынша 210/180 мм. Пульсі минутына 120 рет. Қандағы глюкоза деңгейі 14 ммоль/л. Рентгенография жасағанда сол жақ бүйрек үсті безінің ісіктік өсуі анықталған.



  1. Науқаста эндокриндік жүйенің қандай ауруы дамыған?

  2. Науқастың шағымдарын қалай түсіндіруге болады?

  3. Тахикардия, гипертензия және гипергликемияның даму механизмі қандай?


Есеп № 27

50 жасар К. деген науқас ауруханаға әлсіздікке, ұйқышылдыққа, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, жиі бас ауырсынуына, іш қатуға шағымданып келген. Соңғы жарты жыл ішінде тәбетінің төмендеуіне қарамастан, қатты толып кеткен. Әрдайым тоңып жүреді. Бір жыл бұрын қалқанша безіне операция жасатқан.

Тексеру кезінде анықталғаны: науқас шамалы семіздік жағдайында, беті домаланған, қозғалыстары баяу. Пульсі минутына 58 рет, дене температурасы 35,4º С, негізгі алмасуы 27% төмендеген. Қандағы холестерин мөлшері жоғарлаған, глюкоза деңгейі – 3,8 ммоль/л.


  1. Эндокриндік жүйенің қандай ауруы дамыған?

  2. Есте сақтау қабілетінің төмендеуін, ұйқышылдықты немен түсіндіруге болады?

  3. Негізгі алмасудың төмендеуін және гипогликемияны немен түсіндіруге болады?

Асқорыту жүйесі
Есеп № 1

Екі топ жануарлар алынып, асқазан секрециясын ынталандыру мақсатында, бірінші топ жануарларына вагустық, ал екінші топжануарларына – стрессорлық стимуляция жасалды.

Вагустық стимуляцияға жауап ретінде бөлінген сөл стрессорлық стимуляция кезіндегі бөлінетін сөлмен бірдей болады ма?
Есеп № 2

Тәжірибелік иттерге асқазан секрециясын ынталандыру үшін инсулин және гистамин қолданған.

Ваготомиядан кейін қай заттың асқазан секрециясына әсері жойылады?

Есеп № 3

Тәжірибелік иттерді «жалған тамақтандырудан» кейін 7 минут өткенде құрамында шырышы, тұз қышқылы және пепсині жоғары сөл бөліне бастайды.

Егер алдын ала ваготомия жасалған болса, асқазаннан сөлінің бөлінуі байқалады ма?

Есеп № 4

Пилокарпинді қайталап енгізу арқылы тәжірибелік иттерде гиперсаливация туындатып, асқазан сөлінің асқорыту қабілетін зерттеген.

Тәжірибелік иттерде асқазан сөлінің протеолиздік белсенділігі өзгерді ме? Өзгерсе, қалай және неге өзгереді?
Есеп № 5

Тәжірибелік иттің И.П. Павлов бойынша бөлектенген асқазанына ас (ет) қабылдаған кезде, асқазан сөлінің секрециясы көптеген сағаттарға созылған. Бұл кезде бөлектенген асқазаннан 4 сағаттың ішінде қорыту қабілеті 3,9-ға тең, орташа 38 мл сөл бөлінген. Асқазанға тікелей фистулдық тесік арқылы ет енгізген кезде де бөлектенген асқазанда асқазан сөлі бөлінген, бірақ 4 сағаттың ішінде қорыту қабілеті 3,2-ге тең болатын 24 мл сөл ғана түзілген.

Тәжірибенің екінші жағдайындағы бөлінген асқазан сөлінің көлемінің және қорыту қабілетінің төмендеуін қалай түсіндіруге болады?

Есеп № 6

Асқазаны бөлектенген тәжірибелік иттерде ас (ет немесе сүт) қабылдау 5-6 сағат бойы асқазан сөлінің секрециясын шақыратыны анықталған.

Ал гастроэзофаготомия жасалған иттерге «жалған тамақтандыру» тәжірибесін жасаған кезде, асты қабылдау актысы асқазан сөлінің қарқынды секрециясын туындататыны анықталды, бірақ бұл секреция 10 минуттық «жалған тамақтандырудан» кейін тек шамамен 3 сағатқа ғана созылған.

«Жалған тамақтандыру» тәжірибесі кезіндегі асқазан секрециясы ұзақтығының қысқаруын немен түсіндіруге болады?


Есеп № 7

И.П. Павлов бойынша асқазаны бөлектенген тәжірибелік иттерде, ұлтабарына тұз қышқылының аздаған мөлшерін енгізгенде, жауап ретінде асқазан секрециясының жоғарлайтының байқаған.

Ал ваготомия жаслаған иттерде тұз қышқылын енгізуге жауап ретінде асқазан секрециясының жоғарлауы байқалады ма?
Есеп № 8

Салмағы 160-180 г болатын егеуқұйрықтарға күн сайын бұлшықетіне 100 г салмағына 0,5-1,0 мг есеппен гидрокортизон енгізілген. 10-15 инъекциядан кейін барлық жануарларда асқазанның секрециялық бөлімдерінде эрозия немесе ойық жара пайда болған.

Тәжірибелік жануарлар асқазанындағы «гидрокортизондық» ойық жараның пайда болу механизмін түсіндіріңіз.
Есеп № 9

Тәжірибе жүзінде асқазанның ойық жара ауруын алу үшін пилорустық сфинктеріне, аздап саңылау қалдырып, лигатура қояды (Шей әдісі).

Асқазанның пилорустық бөліміне лигатура қою арқлы алынатын асқазанның ойық жара ауруының даму механизмін түсіндіріңіз.
Есеп № 10

Ащы ішекке өттің түсуінің жеткіліксіздігі және айқын стеаторея байқалған науқаста көптеген геморрагиялар пайда болған.

Анықталған патологиялық үрдістердің өзара байланысты механизмдерін түсіндіріңіз.
Есеп № 11

Науқас А., 39 жаста, 5 жыл бойы айқан гиперсекреция және жоғарғы қышқылдықпен қосарланған созылмалы гастрит бойынша дәрігердің бақылауында болған.

Науқастың ащы ішегінде қуыстық және қабырғалық асқорыту бұзылыстары дамуы мүмкін бе?
Есеп № 12

Науқаста соматотроптық гормонның тұрақты жоғарғы өндірілуімен көрінетін диэнцефалдық патологиясы негізінде макросомия, акромегалия көріністері пайда болған. Осыған қосымша бір уақытта гастриттің белгілері де дамыған. Боасу-Эвальд сынамасы бойынша таңғы астаты қабылдаған соң 45 минут өткенде асқазанның секрециялық қызметін тексеру мақсатында 220 мл асқазан ішілік зат алынған. Тексерген кезде бос тұз қышқылының деңгейі 68 титрлік брлікке, жалпы қышқылдығы 87 титрлік бірлікке тең болған.



  1. Бұл жағдайдағы асқазанның секрециялық қызметінің бұзылу сипатын түсіндіріңіз.

  2. Жоғарыда көрсетілген организмнің гормондық балансының бұзылуы мен асқазанның секрециялық қызметінің өзгеруі арасында байланыс бар ма?


Есеп № 13

Ойық жара ауруымен ауыратын науқастың асқазан биоптатыны иммуноцитохимиялық зерттеу жүргізген кезде G-жасушалардың күрт жоғарлауы және D-жасушалардың төмендеуі анықталған.

Бұл жағдайдағы асқазанның ойық жарасы дамуының патогендік механизмі қандай?
Есеп № 14

Асқазанның субтотальдық резекциясын жасағаннан кейін 3 жыл өткенде науқаста өршімелі анемия дамыған. Қанды тексерген кезде анықталғаны: эритроцит – 1,9х106 1 мкл-де, лейкоцит – 3х103 1 мкл-де, тромбоцит – 100х103 1 мкл-де. Жұғындыда: мегалоциттер, гиперсегменттелген нейтрофилдер бар.

Анықталған қан патологиясы мен ертеректе жасалған асқазан резекциясы арасында байланыс бар ма?
Есеп № 15

Асқазанның субтотальдық резекциясы жасалған науқаста тағам қабыл-даған соң айқын әлсіздік, басының айналуы, тахикардия, гипотония байқа-лады. Сонымен қосымша гипергликемия, гипернатриемия, гипокалиемия анықталады.

Көрсетілген симптомдар кешеніне анықтамы беріңіз және ол симптомдардың даму механизмін түсіндіріңіз.
Есеп № 16

25 жастағы К. деген науқас өзінің балалық шағынан бері сүт тағамдарын қабылдай алмайтыны жайлы айтты. Науқастың айтуы бойынша, сүт тағамдары жиркеніш туындатады, ал қабылдаған кезде – құсу, асқазанда ауырлық сезімі, ішінің кебуі, іш өту байқалады.

Науқастың дене бітімі астеникалық, жағдайы қанағаттанарлық. Тағамды аз көлемде, көбіне нәруызды тағамдарды (ет, шұжық, жұмыртқа) қабылдайды.

Көмірсулармен жүргізілген сынама кезінде, сүтті қанттың 50 граммын қабылдау, глюкоза мен сахарозаға қарағанда, қанда қант деңгейін жоғарлатпаған.

Сүт, казеин, лактоглобулиндермен жасалған тері сынамалары теріс нәтиже берген. Қан сарысуын тексергенде G және E иммуноглобулиндер мөлшерінің нормамен салыстырғанда жоғарлағаны анықталмаған.

Науқастың сүт тағамдарын қабылдай алмау себебін және даму механизмін түсіндіріңіз.



Есеп № 17

34 жастағы Г. деген науқас ауруханаға тексерілуге келген. Өзін 4 айдан бері, яғни эпигастрия аймағының «сыздап» ауырсынуы пайда болғаннан бастап, аурумын деп санайды. Ауырсыну сезімі әсіресе аш қарында қатты мазалайды.

Асқазан ішндегі заттарға фракциялық тексеріс жүргізген кезде анықтал-ғаны: ашқарынға алынған көлемі - 140 мл, бос тұз қышқыл - 40 титрлік бірлік, жалпы қышқылдығы – 55 титрлік бірлік. Базалдық секрециясы: сағаттық кернеуі – 340 мл, бос тұз қышқылы - 33-54 титрлік бірлік, жалпы қышқылдығы – 48-72 титрлік бірлік, бос тұз қышқылының дебит-сағаты – 8 мэкв. Субмаксимальдық гистаминдік стимуляцияға жауап ретінде секреция-ның сағаттық кернеуі – 396 мл, бос тұз қышқылы - 65-80 титрлік бірлік, жалпы қышқылдығы – 80-95 титрлік бірлік, бос тұз қышқылының дебит-сағаты – 12 мэкв.

Алынған мәліметтер негізінде асқазанның секрециялық қызметін сипаттаңыз.



Есеп № 18

Науқас Г., 53 жаста, ауруханаға түскен кезде эпигастрия аймағының ауырсынуына, әсіресе ауырсыну ас қабылдаған соң мазалайтынына, кекіруге, лоқсу, құсуға, тәбетінің жоқтығына шағымданған.

Асқазан ішндегі заттарға фракциялық тексеріс жүргізген кезде аш қарыннан шырыш араласқан 10 мл сұйықтық алынған, бос тұз қышқылы – 0, жалпы қышқылдығы – 10 титрлік бірлік. Базальдық секрециясы: сағаттық кернеуі – 25 мл, бос тұз қышқылы - 5-10 титрлік бірлік, жалпы қышқылдығы – 15-20 титрлік бірлік, тұз қышқылының дебит-сағаты - 0,3 мэкв. Субмаксимальдық гистаминдік стимуляцияға жауап ретінде: секрецияның сағаттық кернеуі – 45 мл, бос тұз қышқылы – 15-25 титрлік бірлік, жалпы қышқылдығы - 30-40 титрлік бірлік, тұз қышқылы ның дебит-сағаты - 0,5 мэкв.

Алынған мәліметтер негізінде асқазанның секрециялық қызметін сипаттаңыз.



Есеп № 19

63 жастағы З. деген науқас эпигастрия аймағының ауырсынуына шағымданады. Ас қабылдаған соң ауырсыну күшейе түседі, асқазанында ауырлық байқалады. Жиі қабылдаған асын құсып тастайды. Соңғы 3-4 айда қатты әлсіреп, жүдеп кеткен.

Боасу-Эвальд бойынша бір реттік әдіспен асқазан қызметін тексерген. Таң ертеңгілік сынама астан соң 45 минут өткенде асқазан ішіндегі заттың 180 мл алынған. Ажырау коэффициенті, яғни тығыз қабатының (ұнтақталған нан) сұйық бөліміне қатынасы 1:5. Бос тұз қышқылы - 10 титрлік бірлік, жалпы қышқылдығы - 35 титрлік бірлік.

Сүт қышқылына реакциясы оң.



  1. Асқазанның секрециялық қызметінің бұзылу сипаты қандай?

  2. Асқазан сөлі анализінің көрсеткіштері асқазанның эвакуациялық қызметінің бұзылуын дәлелдейді ме?


Есеп № 20

Науқас М., 52 жаста, ауруханаға тексерілуге келген. Шамамен 3 ай бұрын тәбеті төмендеген, етке деген жеркеніштік пайда болған, жүдеген.

Анамнезінде 12 жыл бойы эпигастрия аймағында ауырсыну сезімі және жүрегінің қыжылдауы анықталған.

Фракциялық зондылау кезінде анықталды: ашқарында алынған асқазан сөлінің порциясы – 5 мл, бос тұз қышқылы – 0, жалпы қышқылдығы - 35 титрлік бірлік. Базальдық секрециясы: сағаттық кернеуі - 25 мл, бос тұз қышқылы - 0, жалпы қышқылдығы - 12-18 титрлік бірлік. Гистаминдік стимуляцияға жауабы: секрецияның сағаттық кернеуі - 20 мл, бос тұз қышқылы – іздері, жалпы қышқылдығы - 15-21 титрлік бірлік.



  1. Асқазанның секрециялық қызметінің бұзылу сипаты қандай?

  2. Ашқарынға алынған порциядағы бос тұз қышқылының болмауы кезіндегі жалпы қышқылдықтың жоғарлауын қалай түсіндіруге болады?


Есеп № 21

Науқас М., 52 жаста, дәрігер-гастроэнтеролог, эндоскопиялық зерттеулерді жиі өткізеді. Соңғы кездері эпигастрия аймағының сол жағында сыздап ауырсыну сезімдері болатының, ол ауырсынулардың семсер тәрізді өсінді аймағына және кеуде клеткасының сол жақ жартысына берілетінің байқаған. Стенокардияға байланысты дамыған ауырсынулар деп ойлап, валидол қабылдаған, бірақ ауырсыну басылмаған. Науқас ауырсынулардың тамақ қабылдаған соң 30 минут - 1 сағаттан кейін байқалатынына, оған қосылып қышқылмен кекіру, метеоризм болатынына көңіл аударған. Үлкен дәретті тұрақсыз – көбнесе іш өту байқалады. Ұйқысы нашарлаған, еңбекке қабілеттілігі төмендеген, тез шаршағыштық, ашуланшақтық, көңіл-күйінің болмауы, кейде депрессиялық жағдай байқалған.

Тексеру кезінде анықталғаны: дене бітімі дұрыс, нормостениктік, тері асты-май қабаты қалыпты. Тілі ағарып, өңезделген, бүртіктері тегістелген. Аузынан жағымсыз иіс шығады, пальпация жасағанда – эпигастрия аймағының сол жағы ауырсынады. АҚ – сынап бағанасы бойынша 140/80 мм, жүректің жиыоылу жиілігі – 70, тыныс алу жиілігі – 16, гемоглобин – 115 г/л, лейкоцит – 8х109/л. Зәрі мен нәжіс анализі қалыптыдан ауытқымаған. Асқазан сөлінің базальдық және стимуляциялық секрециясы күрт төмендеген. Асқазан сөлінде уреазаны анықтауға жасалған сынама оң нәтиже берген. Асқазан сөлінің протеолиздік белсенділігі жоғарлаған. Асақазан сөлінің құрамындағы фруктоза мен N-ацетилнейраминдік қышқыл мөлшері төмендеген. Рентгендік тексеру жасағанда асқазанның кардиальдық бөлімінің жоғарғы бөлігі аймағында «ойықша» симптомы анықталған.


  1. Науқаста қандай жағдай дамыған?

  2. Аурудың және клиникалық симптомдардың даму механизмі қандай?

  3. Бұл ауру кезінде қандай асқынулар дамуы мүмкін?

  4. Патогендік терапия принциптерін атаңыз.


Есеп № 22

Тәжірибелік жануарлардың бауырына экстирпация жасаған кезде қандарындағы қант көлемі күрт төмендейтіні байқалған. Адреналинді енгізу арқылы қандағы қант көлемін көтеру бағытталған әдістер ешқандай нәтиже бермеген, жануарлар гипогликемиялық кома жағдайынан өлімге ұшыраған.

1. Бауырдың экстирпациясы кезінде дамитын гипогликемияның даму механизмін түсіндіріңіз.

2. Осы жағдайда адреналин өзіне тән гипергликемиялық әсерін неге көрсете алмайды?


Есеп № 23

Көмірсусыз диетаға отырғызылған иттерде қарқынды кетонурия онай дамиды. Ал ас құрамына аз мөлшерде көмірсу енгізсе болды, кетонурия бірден төмендейді.

Тәжірибедегі жануарлардың асына глюкоза енгізген кезде кетонурияның төмендейтінің қалай түсіндіруге болады?
Есеп № 24

Тәжірибе жүзінде екі топ жануарлар алынып, бірінші тобын 10 сағат бойы, ал екінші топты – 28 сағат бойы ешқандай ас бермей, аш күйінде ұстаған.

Осындай ашығудан кейін жануарлардың қанындағы қант мөлшерін тексерген кезде барлығында ол көрсеткіш қалыпты жағдайдың төменгі шекарасын көрсеткен.

Жануарлар қанындағы қант деңгейінің қалыпты жағдайда ұсталынып тұру механизмі екі топта бірдей ме? Бұл механизмдердің дамуындағы бауырдың рөлі қандай?


Есеп № 25

32 жастағы К. деген науқасты тексеру барысында оған 40 г галактозаны қабылдауды ұсынған, содан кейін бөлінген зәр құрамынан галактоза мөлшерін зерттеген. Жиналған зәрдегі галактоза мөлшері 12 г болған.

1. Науқаста бауырдың қандай қызметі бұзылған?

2. Бауырдың функциялық жағдайын бақылау үшін тест ретінде галактозаны қолдану неге негізделген?


Есеп № 26

54 жастағы Л. деген науқас ауруханаға сарғаюдың белгісіз түрімен түскен. Дифференцациялық диагностика мақсатында науқастың қанындағы протромбин мөлшері анықталған, нәтижесінде қандағы протромбин мөлшерінің біршама төмендегені анықталған. Содан соң науқасқа 4 күн бойы 70 мг мөлшерде К витаминін тамыр ішілік енгізген және қандағы протромбин мөлшерін қайта тексерген. К витаминін енгізудің соңғы күні протромбин мөлшері 40 % жоғарлаған.



  1. Бұл алынған мәліметтер бауырдың белок синтездеу қызметінің біріншілік бұзылыстары туралы тұжырым жасауға негіз бола алады ма?

  2. Алынған мәліметтер қандай сарғаюдың дамығаның дәлелдейді?


Есеп № 27

Науқаста дамыған аминоацидурия сипатын анықтау үшін сарысудағы амин қышқылдарының азот деңгейі және зәрдегі жалпы азот тексерілген. Нәтижесінде сарысудағы аминоазот мөлшері - 17,9 ммоль/л, ал зәрдегі азот деңгейі – 179 ммоль/л болған.



  1. Алынған мәліметтер аминоацидурияның бауырлық шығу тегін дәлелдейді ме?

  2. Аминоацидурия бауырдың қандай қызметінің бұзылғанын көрсетеді?


Есеп № 28

42 жастағы науқас А., созылмалы маскүнемдіктен емделу үшін ауыруханаға түскен. Науқас жалпы әлсіздікке, оң жақ бүйірі мен эпигастрия аймағының ауырсынуына шағымданған.

Клиникалық-лабораториялық тексеру кезінде анықталғаны: бауыры ұлғайған, біршама тығызданған, шеттері доғалданған. Қандағы жалпы липидтер - 4,7 г/л; қандағы жалпы холестерин - 7,2 ммоль/л; эстерифицация-ланған холестерин - 0,8 ммоль/л; қандағы фосфолипидтер - 1,4 ммоль/л.


  1. Науқаста анықталған май алмасу көрсеткіштері бауырдың майлық инфильтрациясының дамығаның дәлелдейді ме?

  2. Маскүнемдік кезіндегі бауырдың майлық инфильтрациясының даму механизмі қандай?


Есеп № 29

Н. деген науқас, 46 жаста, ауруханаға түскен кезде әлсіздікке, тәбетінің жоқтығына, лоқсуға, оң жақ бүйірінің ауырсынуына шағымданған.

Клиникалық-лабораториялық тексеру кезінде терісі мен шырышты қабаттарының айқын сарғыштығы анықталған. Қанындағы тура билирубин мөлшері - 71,8 мкмоль/л. Зәрінде билирубин мен уробилин көп мөлшерде. Нәжісінде стеркобилин анықталған.


  1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

  2. Сарғаюдың бұл түріндегі гипербилирубинемия мен уробилинурия-ның даму механизмі қандай?



Есеп № 30

Науқас Д., 38 жаста. Оң жақ бүйірі мен эпигастрия аймағында байқалған ауырсыну ұстамасынан кейін, бір тәулік ішінде науқаста сарғаю пайда болған.

Клиникалық-лабораториялық тексеру кезінде анықталғаны: бауыры шамалы ұлғайған, пальпация кезінде ауырсынады. Қанында 5 мкмоль/л бос және 147 мкмоль/л конъюгацияланған билирубин анықталған. Зәр түсі қошқыл қара түсті, нәжісі түсіз.


  1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

  2. Бұл жағдайдағы зәр мен нәжіс түстерінің өзгеруін қалай түсіндіруге болады?


Есеп № 31

33 жастағы Р. деген науқаста бір апта бойы катаральдық өзгерістер, әлсіздік, басының ауырсынуы, субфебрильдік температура анықталған. Бір күн бұрын склерасының сарғаюына, зәр түсінің қоюлануына байланысты ауруханаға түскен.

Тексеру кезінде қанында 27,4 мкмоль/л бос және 51,3 мкмоль/л байланысқан билирубин анықталған. Зәр түсі қара қошқыл, лайлы, билирубинге реакциясы оң. Нәжісі шамалы ғана боялған.

1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

2. Науқастың қанында көп мөлшерде байланысқан билирубиннің пайда болуы нені дәлелдейді?
Есеп № 32

Науқас К., 14 жаста, ауруханаға түскен кезде жалпы әлсіздікке, оң жақ бүйірінің ауырсынуына, терісінің сарғаюына шағымданған.

Науқаста терісінің аздап сарғаюы балалық шағынан бастап байқалған. 3 ай бұрын оң жақ қабырға астында ауырсыну пайда болып, сарғаю күшейе түскен.

Объективтік тексеру кезінде анықталғаны: қан сарысуындағы билирубин мөлшері – 51 мкмоль/л, Эрлих диазореактивімен реакциясы тура емес. Зәрінде уробилин табылған. Нәжісі қарқынды боялған.



  1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

  2. Сарғаюдың бұл түріндегі гипербилирубинемияның даму механизмі қандай?


Есеп № 33

Науқас А., 12 жаста, ауруханаға түскен кезде лоқсу, құсуға, терісінің қышынуына шағымданған. Бұл симптомдар 8 күн бұрын айқындалған.

Тексеру кезінде анықталғаны: терісі мен шырышты қабаттары сарғайған, бауыры мен көк бауыры ұлғайған. АҚ – сынап бағанасы бойынша 100/60 мм, пульсі – минутына 60 рет, ырғақты.

Қан сарысуындағы билирубиннің жалпы мөлшері – 76 мкмоль/л, оның ішінде тура емесі – 20,5 мкмоль/л. Зәрінде билирубин, уробилин табылған.

1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

2. Науқастың зәрінде билирубиннің қандай түрі табылған?


Есеп № 34

Науқас Д., 39 жаста. Қатты тоңып қалып, ауруы жедел түрде басталап кеткен. Бірден жалпы әлсіздік, ентігу, тері мен шырышты қабықтардың шамалы сарғаю байқалған.

Лабораториялық тексеру кезінде анықталғаны: қан сарысуындағы билирубин – 70 мкмоль/л. Зәр мен нәжісінде көп мөлшерде уробилин, стеркобилин табылған. Зәрде билирубин анықталмаған.


  1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

  2. Науқастың қан сарысуында қандай билирубин табылған?


Есеп № 35

47 жасар Т. деген науқаста ұзақ уақыт бойы мазалап жүрген диспепсиялық синдромға тез дамыған қарқынды сарғаю қосарланған.

Клиникалық-лабораториялық тексеру кезінде анықталғаны: бауыры ұлғайған, өт қабы пальпацияланады.

Қанында 342 мкмоль/л билирубин анықталған, Эрлих диазореактивті реакциясы тура. Зәрде үлкен мөлшерде билирубин анықталған. Нәжісі түссіз.



  1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

  2. Бұл сарғаю кезіндегі қанда билирубин мөлшерінің жоғарлау механизмі қандай?


Есеп № 36

Науқас В., 32 жаста, ауруханаға жалпы әлсіздікке, ентігуге, терісінің сарғаюына, нәжісі мен зәрі түстерінің өзгеруіне шағымданып түскен.

Лабораториялық тексеру нәтижелері: қан сарысуындағы билирубин мөлшері – 68 мкмоль/л. Диазореактивті реакциясы - тура емес. Зәрінде билирубинге реакциясы теріс, ал уробилинді денешіктерге - оң.


  1. Сарғаю түрін анықтаңыз.

  2. Қандай өт пигменттері уробилиндік денешіктерге жатады?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет