Тері қабатының жағдайын бағалау
Тері жамылғысы жағдайын бағалау кезінде оның түсіне, пигментация немесе терінің түлеуі, бөртпелер, тыртықтар, тырналулар, ылғалдығы және серпімділігі, сонымен бірге ойық жараның пайда болуы және басқа да ақаулы элементтердің бар-жоқтығына көңіл бөлеміз. Тері жамылғысының түсі тамырлардың қанға толу дәрежесіне, қалыңдығына және терінің тұнықтығына байланысты. Дені сау адамдардың терісі бозғылт-қызғылт түсте болады. Аурулар кезінде ол бозарған, қызарған, көгерген, сарғайған және т.б. болуы мүмкін [26, 32].
Тері түсі
Бозарған тері түсі тері тамырларының қанға толуы жеткіліксіз болуына байланысты болады (тамыр түйілуі, қан кету салдарынан қан көлемінің азаюы, анемия).
Терінің қызаруы (қызарған жер) қысқа уақытқа болуы мүмкін (ұялу, ашулану, қобалжу), психикалық қозу әсерінен болады. Бір аймақтың қабыну процесі болғанда, дене температурасы көтерілгенде, жылы процедуралардың әсерінен қан тамырлардың кеңеюінде және теріге қанның келуінде, бірқатар дәрілік заттарды қолданғаннан кейін (никотин қышқылы, нитроглицерин және басқ.) және басқалары кезінде болуы мүмкін.
Тері жамылғысының көгеруі (көгерген түс) қанның оттегімен нашар қанығуы немесе қанайналымның баялауына байланысты болады. Көгеру жалпы және жергілікті болады. Жалпы көгеру өкпе, жүрек аурулары кезінде кездеседі. Бұл кезде терісі көгілдір-көк немесе қара-күлгін түсте болады. Жергілікті көгеру тамырда қанның іркілуі мен оның кері ағуының қиындауы салдарынан болады. Егер еріннің, мұрын, құлақ ұшының, құлақ қалқанының, бетінің көгеруі болса, оны акроцианоз деп атайды.
Қола тәрізді немесе қошқыл-қоңыр түс зат алмасу бұзылыстары (бүйрек үсті безі жеткіліксіздігі), инфекциялар, онкологиялық ауруларда кездеседі.
Пигментация – күшейген (гиперпигментация) немесе жетіспеушілігі (депигментация). Гиперпигментацияға секпіл, қалдар жатады. Пигментацияның болмауы витилиго деп аталады.
Терісі мен шырышты қабаттың сарғаюы өт пигменттерінің (билирубин) тері және шырышты қабатта жиналуы салдарынан болады, ол өт жолының бітелуі (өт тас ауруы кезінде таспен, рак кезіндегі ісікпен), бауыр аурулары (гепатит, цирроз) немесе эритроциттердің гемолизі (бұзылуы) кездерінде бауырдан өт бөлінуі бұзылуынан дамиды. Терінің сарғаюы көп мөлшерде кейбір дәрілік заттарды (акрихин, хинин және басқ.) қабылдауда, бірқатар тағамдарды (сәбіз, цитрустар) қолданғанда болуы мүмкін, бірақ бұл кезде көздің склерасы сарғаймайды.
Тері жамылғысын қарағанда бөртпе бар-жоқтығына көңіл бөлу қажет, ол жұқпалы аурулардың көрінісі болуы мүмкін (везикулалар, күлдіреу, түлеу және басқ.).
Әлсіреген және қажыған ауыр жағдайдағы науқастарда терінің өлі еттену ошақтары - ойық жаралар пайда болады. Науқасты тыңғылықты қарау дер уақытында ойық жараның бірінші белгілерін анықтауға мүмкіндік береді және әрі қарай дамуының алдын-алу үшін емді бастау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |