Қазақтың Қанышы жайлы қызықты деректер
1. Ғұлама ғалымның шын есімі – Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.
2. Академик Қаныш Сәтбаевтың ең ірі жобасы «Ертіс-Қарағанды» каналы. Сәтбаев 1958-1959 жылдары өзі кәміл сенген істі, Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру жобасын екінші мәрте қозғап, кешенді істің Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енуіне мұрындық болған. Бірақ жобаның құрылысы 1961 жылы басталып, 1967 жылғы желтоқсан айында бірінші кезегі аяқталып, Ертіс суы Екібастұзды жанамалай, 475 метр өрдегі Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетті. Содан беріде Орталық Қазақстан алқабы иен суға шаш-етектен кенелді. Осы жұмыстың басында жанқиярлық еңбегін сарп еткен қазақтың Қанышы болатын.
3. Қаныш Сәтбаев өнердің сан-саласында озық болған. Музыка тыңдағанды ұнатқан. Биді қадірлейтін. Археолог ғалым Ә. Марғұланның айтуынша, Қаныш Сәтбаев полька, мазурка, вальс билерін билеуге қызыққан.
4. Қаныш Имантайұлы алғашқы қазақ мектептеріне арналып ана тілінде жазылған «Алгебра» оқулығының авторы. Алғашқы ғылыми еңбегіне жататын оқулық қолжазбасының көлемі – 1642 беттен тұрған.
5. 1947 жылғы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Советінің делегациясы құрамында Анлгияға барған. Сапар барысында қазақ ғалымын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.
6. Әйгілі Жыржыс қажы 1919 жылы қажылық сапарға аттанады. Қасиетті сапарында бабалар рухына тағзым етіп, Мекке-Медина қалаларында болады. Қажылық сапарында атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантаймен кездеседі.
Кейін Қаныштың әкесі Имантай Жыржыстың мешіт үйінде болып, сонда қайтыс болған.
7. Қаныш Сәтбаев қазақ археологиясының бәйтерегі, ғалым Ә. Марғұланды қуғын-сүргін азабынан құтқарып, Алматыдағы КСРО Ғылым Академиясының филиалына жұмысқа алады. Сондай-ақ Сәтпаев оған археологиямен айналысуға кеңес береді.
8. Ғұлама ғалым, академик Қаныш әкесі Имантайдың кіші жарынан туған. Бәйбішесі Нұрым Тасболатқызымен ширек ғасырға жуық тату-тәтті отасқанымен, орталарында бала болмапты. Нұрым бір қыз туған екен, оның өзі де жастай шетінеп кетіпті. Бір қызығы, Имантайдың бәйбішесі күйеуінің төсек жаңғыртуына қарсы болмай, кіші жарды өзі таңдап берген. Бәйбішенің таңдауы отыздан асқан Әлимаға түскен. Әлима – әйгілі Мұса Шорман әулетінің келіні болған, жасынан жесір қалған.
9. Қазақтың тау тұлғалы алыптары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Ұлы жазушы мен ұлық ғалым Семейдегі семинарияда бірге оқыған. Қаныш Имантайұлының көзін көрген Сіләмхан ақсақалдың айтуына қарағанда, екеуі бір жатақханада, бір пәтерде тұрған. Жастайынан бір-бірін тап басып таныған қос таланттың арасындағы адал достық соңғы сәтке дейін жалғасын тапқан.
10. Қаныш Сәтбаев алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген. Ол кішкентайынан тау-тастардан, қыраттардан әр түрлі түске боялған тастарды жинаған.
11. Қаныш айтқан екен: «Қазақстандағы ғылым дұрыс жолмен дамуы үшін оның штабында – ғылым академиясында халқының, өз Отанының мүдделеріне бар жан-тәнімен берілген адамдар қызмет етуі керек».
12. Қаныш Имантайұлы домбыра мен гитарада тамаша ойнаған. Қазақ және украин әндерін орындауды ұнатқан. Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы әуендерді тұңғыш рет тыңдаған белгілі музыка танушы-фольклорист Александр Затаевич Қаныштың орындауындағы 25 қазақ әнін жазып алған.
Қорытынды.
Бүгін біз сабағымызды қорытындылай келе, Қаныш Сәтпаев аталарыңның өмірбаянымен,еңбек жолымен дерлік таныстыңдар.Болашақта да аталарыңның жолын жалғайтын , елімізге елеулі қызмет ететін жас ұрпақтарымыз өсіп келе жатыр деп сенемін.
Осымен, балалар, біздің тәрбие сағатымыз аяқталды.
Достарыңызбен бөлісу: |