Сабақтың тақырыбы: «Абай жолы» романы. Қайтқанда Оқу мақсаттары



бет7/14
Дата12.02.2024
өлшемі135.03 Kb.
#491657
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14
10.01.11-сынып .Қазақ әдеб.

Қазақтың тұңғыш эпопеясы


«Абай жолының» бас кейіпкері - Абай Құнанбаев. Біз ақынның өмірінің елу жылына айғақ боламыз. Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің барлық ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын, ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын... бәр-бәрін түгел шарлап өтеміз. «Халық» дегенде, бұл ұғымның негізінде ұлттың әдет-ғұрпы ғана емес, ұлттық рухы жататыны сөзсіз. Демек, «Абай жолында» кешегі қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі рухы сайрап білініп тұр.
19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ өмірінің бұл төрт кітаптан тыс қалған бір де бір қалтарысы жоқ. «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда жалпы жұрт мойындаған энциклопедялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр. Тағы бір күрделі ерекшелік - осынау кең құлашты халықтық эпопея бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қиғаш күресіне құрылған және осылардың бәрі диалектикалық қимыл-қозғалыс, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрсетілген. Мысал үшін шығарманың негізгі арқауындағы арналы тартысты алайық. Бәрінен бұрын мұнда жеке адамдар арасындағы психологиялық шиеленістер, қарым-қатынастағы қайшылықтар, әлдінің әлсізге қиянаты, зорлығы, қаныпезерлікке ұласқан қаталдығы (Қодар мен Қамқа оқиғасы); одан өрбіген ру мен ру арасындағы кескілестер - жер дауы, жесір дауы, құн, барымта, алыс-жұлыс, айқастар; осылардың жалпы жұртқа тиген зардабы - түрлі сипаттағы қаналулар: кедейленулер, қаңғып-тентіреулер, жұтқа ұшыраулар, жатақтардың пайда болуы, қазақ даласына орыс қоныстанушыларының келуі, жарлы-жақыбайлардың өзара ынтымағы, олардың үстемдерге қарсылығы, бұл қарсылықтар үстінде көрінген жалаңтөстер, олардың жазалануы, жер аударылуы, осы арқылы бірте-бірте ескі мен жаңаның ара жігі ажырап, күрестің жаңаша сипат алуы... Осылардың бәрі қара қылды қақ жарған әділдікпен адал, ақиқат шындық шеңберінде тағы да нақты және даму үстінде көрінуі - шын мәніндегі реалист-суреткердің айта қалғандай дарын күшіне, талант қуатына саяды. Эпопеяда ешбір адам жоғарыдағыдай тартыс арнасынан шет қалмайды. Бәрінің характерлері, сол қым-қиғаш күрес үстінде қалыптасады. «Абай кезіндегі қазақ даласында,- дейді автор,- күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал, оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар. Сондықтан, ақын Абайдың қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты - ескі мен жаңаның диалектик, қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болдым». Бұл - аса қиын әрі қатерлі адым. Күрес пен тартысты анық жауласқан қарама-қарсы екі жақ емес, туған әке мен баланың арақатысына құру бұрылтпас және көл-көсір психологиялық дәлелдер таппаса, көптің сана-сезіміне бір қарағанда жете қоймайтын нанымсыз нәрсе секілденеді. Реалист-суреткердің айта қалғандай шығармашылық күш-қуатының тағы бір керемет көрініс тапқан тұсы - осы ара: әке мен баланың өзара ымырасыз жауларға айналуы, нәтижесінде Абайдың әкеден біржола тұсау үзіп, іргесін ажыратуы. Оқырманды осыған қалтқысыз сендіруі - автордың қисапсыз шеберлігі болса, соның нәтижесінде көрінген «Абайдың қасиеті - өз табының тілегінен көп қиналыстар, толғанулар, тәнге-жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айырылуында, өз заманынан биік тұруында». Бұл - эпопеяның идеялықаласытақырыптық негізінің мызғымас мықтылығы. «Абай жолының» граниттей берік ірге тасы осынша шебер қаланған. Ал, сюжет пен композицияға келетін болсақ, мұнда да Әуезов суреткерлік шеберліктің үлгісін көрсеткен. Төрт кітаптың өн бойында адам образдарын жасауға қызмет етпейтін бір де бір деталь, штрих, керек десеңіз, бір де бір сызық жоқ. Бәрі де мінездеу мен мүсіндеу, жинақтау мен даралау міндеттерін атқарып тұр. Әр характердің жасалу тарихы бар. Әр образ тип дәрежесіне дейін көтерілген. Басты кейіпкерлер ылғи өрбу, өсу үстінде көрінеді. Ӏ-кітаптың басында қаладан аулына асығып келе жатқан бала шәкірт пен 4-кітаптың аяғында жарық дүниеден жөнеліп бара жатқан данышпан ақынның екі арасындағы қырық бес жыл тек қана Абайдың адам, азамат, ақын ретіндегі өзгеруімен, жаңғыруымен, жаңаруымен, құбылуымен, құлпыруымен өтетіні сияқты әрбір ірі, іргелі қаһармандар не ілгерілеп, не кері кетіп, не өрлеп, не құлдырап, не өліп, не тіріліп отырады. Статикалық түрде бір де бір құбылыс жоқ, бәрі динамикалық сипатта. Бұл сюжет мінсіздігінің нәтижесі.
Абай жолы
Осылардың бәрі композициялық бүтіндікке көшкен жағдайда жазушының тағы да адам таң қалғандай шеберлігі ширатылып шыға келеді Мұны Мүсірепов дәл аңғарған: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген - әр бөлімнің аттары. Осыны біріне бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл - үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл - Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда, Абайдың жолы - «қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда» болып шығады да, Құнанбайдың жолы - «қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі - көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл - Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы». 1-кітаптың композициясын бұдан артық дәл сипаттау қиын. Сол сияқты әр кітаптың жеке-жеке және төрт кітаптың жалпы композициясын да осы ретпен таратып-тұтастырып шығуға болар еді. Бірақ ол шарт емес. Бәрінің бірімен, бірінің бәрімен бірлігі секілді, бәрінің түзілісін бірінің құрылысымен сипаттауға әбден болады. Жаңағы пікір 1-кітаптың жалпы мазмұнына қатысты айтылды. Сол сияқты мұндағы полифониялық сырды, я болмаса көп проблемалылықты, олардың бәрі барып тоғысар үлкен арнаны да әлгі ретпен байыптап шығуға болар еді. Айталық, 1- кітаптың 1-бөлімідегі бірінші тарау:
1) «Үш күндік жолдың соңғы күніне барын салған бала шәкірт» астындағы жарау құлабестісін ағызып-ағызып алып, жаппақ жазықтың белінен-беліне көтеріліп, қасынудағылардан оза шауып, алып-ұшып келеді. Бұл арадағы тақырып - туған жер, идея - сағыныш.
2) Жолаушылар жайлаудағы ауылға жетті. Абай әйелдер кұшағыңда, жаппай, жағалай сүйіс, енді бірде әже қасында, әжесін өлеңмен алдап үшкіру, қуаныш-күлкі, бәрі мәз-мәйрам, мәре-сәре. Бұл арадағы тақырып - ана, идея - мейірім.
3) Абай үлкен үйге кірді, Құнанбай қасында, Құнанбайды қоршаған ақсақал-қарасақалдар арасында үнсіз, жым-жырт тыныштық, бірін-бірі баққан суық жүздер, әлдебір кеселді құпияны әркім өзінше іштей салмақтап, сілтідей тынып қалған. Бұл арадағы тақырып - әке, идея - мейірімсіздік...
Дәл осы ретпен жеке алғанда бір кітаптың, жалпы алғанда төрт кітаптың бар проблемасын ақтара-төңкеріп, өріп шығуға болар еді. Сонда эпопеяның бар саласын, ойы-қырын түгел шарлап, кезіп шығуға болар еді... Бұл эпопеядағы сан алуан сыр мен шындықты, оның ірілі-ұсақты детальдарын бір желіге көгендеу болса, енді жеке кейіпкердің, яки Абайдың өз тұлғасын тұтастырудағы бір ғана композициялық сәтті алып қарайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет