3. Еліктеуіш сөздердің фонетика-морфологиялық сипаты.
3.1. Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктері
Еліктеу сөздердің лексика-семантикалық ерекшеліктері болуымен қатар, басқа сөз таптарынан саралап көрсететін фонетикалық құрамында өзгешеліктер бар.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінен, көркем әдебиеттерден жиналған материалдарға сүйеніп, еліктеу сөздердің бір буынды негізге түбірлерінің фонетикалық өзгешелігін үш түрге бөлуге болады. 1). Дыбыстық құрамы, 2). Буын жігін, 3). Айтылу ырғағы.
1. Негізгі түбір еліктеу сөздердің дыбыстық құрамы.
Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамы басқа сөз таптарындағы сияқты ала – құлаланып келмей, бір ізге келген жүйе бар. Дыбыстардың бірыңғайласып келуіне қарай мынадай топтарға бөлуге болады.
1. Еліктеу сөздердің соңғы дыбысы сонор «ң» дыбысына аяқталады. Мысалы: зың, дың, маң, шаң-шұң т.б.
2. Еліктеу сөздердің соңғы дыбысы «р» дыбысына аяқталып, үнемі дыбыстық еліктеуіш болып келеді. Мысалы: сыр, пыр, тыр, дыр, қор, гүр т.б.
3. Еліктеу сөздердің соңғы дыбысы «и» дыбысына бітеді. Мысалы: жон-жон, шап-шап, сып-сып, лүп-лүп т.б.
Сөйтіп еліктеу сөздердің негізгі түбірлерін соңғы дыбысына қарап 15 топқа бөлуге болады.
2. Еліктеу сөздердің буын құрамы
Еліктеу сөздердің жалаң түрлері 2, 3, 4 дыбыстан құралып бір буынды болып келеді. Еліктеу сөздердің 2 дыбыстан құралған «ашық, тұйық» буынды түрлері аз. Мысалы: су, гу, зу, ыр, ыс т.б.
Еліктеу сөздердің көпшілігі 3, 4 дыбыстан құралып «бітеу буын» болып келеді. Мысалы: а) быр, баж, гүр, зыр т.б. б) бырт, сылқ, қорс т.б.
Туынды еліктеу сөздер 2-3 буынды сөздер болып келеді. Мысалы: арбақ, томпақ т.б.
3. Еліктеу сөздердің айтылуы
Еліктеу сөздер –сөз таптарының ішіндегі интонациялық ырғаққа өте бай категорияның бірі. Еліктеу сөздердің құбылып айтылуы, омоним сөздермен салыстырылғанда анық, айқын байқалып отырады. Мысалы: тап, топ, шап сөздерінің айтылуы «тап күресі», «тап болып келді», «атқа мініп шап» деген сөздермен бірдей емес, соңғы тіркестегілер қарқынсыз.
3.2. Еліктеуіш сөздердің морфологиялық сипаты
Еліктеу сөздер морфологиялық құрлысына қарай жалаң, күрделі болып бөлінеді.
Жалаң еліктеу сөздер негізгі және туынды болып екі салаға бөлінеді.
Негізгі еліктеу сөздер деп айналадағы табиғат құбылыстарын құлақпен есту арқылы қабылданған дыбыстар мен көзбен көру арқылы қабылданған елес –көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін түбір сөздерді айтамыз. Олар: ар, ыр, арс, борс, бырс, былқ т.б. Туынды еліктеу сөздер деп негізгі еліктеу сөздерден және басқа атауыш сөздерден жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді айтамыз. Мысалы: алшаң, елпең, жалтаң, қалбаң, қызараң т.б. Туынды еліктеуіш сөздер жасайтын жұрнақтар мыналар:
1. –ы, -ың, -ің, -аң, -ең. Мысалы: арс-аң, борт-аң, томп-ақ, жалт-ақ т.б.
2. –лаң, -лең, -алаң, -елең т.б. жұрнақтары етістіктерге жалғанып, туынды еліктеу сөздер жасайды. Мысалы: бұралаң, ирелең т.б.
Күрделі еліктеу сөздер деп жалаң еліктеу сөздердің я негізгі, не туынды формаларының қайталануы не қосарлануы арқылы жасалған түрлерін айтамыз. Олар:
1. арс-арс, борт-борт, быж-быж т.б.
2. арс-ұрс, жарқ-жұрқ т.б.
3. арбаң-арбаң, алшаң-алшаң т.б.
4. арбаң-ербең, олпаң-солпаң т.б.
Еліктеу сөздерден жаңа сөздер жасалады. Мысалы: тарсыл, гүрсіл, бажыл т.б.
Еліктеу сөздерден басқа сөз таптарын жасайтын басты жұрнақтар:
1. –ыл, -іл (дүріл, гүріл)
2. –ыр, -ір (жалтыр, былбыр)
3. –аң, -ен, -ың, -н (адыраң, ыржаң) т.б.
4. –ғыр, -гір (даңғыр, шіңгір) т.б.
5. –ым, -ім, -ы, -і сияқты өнімі өте аз жұрнақтар да бірді-екілі еліктеу сөздерден туынды сын есім жасалады. Мысалы: сылқым, қыжым, салпы, таңқы т.б.
Еліктеу сөздерден түрлі жұрнақтар арқылы туынды бейнелік етістіктер жасалады. Мысалы: зырла, гуле, пыш-пышта т.б. Олардың семантикалық мағыналарында негізгі дыбыстық бейнелік сипаттар аз да болса сақталып отырады.
1. –ла, -ле, -да, -де, -та, -те жұрнақтары негізгі, туынды қайталана жасалатын еліктеу сөздерге талғаусыз жалғанып туынды етістік жасайды. Мысалы: қалқта, солқта, зырла, гуле, делдеңде т.б.
Еліктеу сөздерден көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы да күрделі етістік жасалады. Мысалы: сарт ету, сылаң қағу, кілт ету, ыржың қағу т.б.
Сөйтіп еліктеу сөздер морфологиялық тұлға жағынан өзіндік ерекшелігі мол, тілімізде жаңа сөздер жасауға негіз, ұйытқы болатын өнімі көп сөз табының бірі.
4. Еліктеу сөздердің синтаксистік ерекшелігі
4.1. Еліктеу сөздердің тіркесетін сөздері.
Еліктеу сөздердің жалаң, күрделі түрлері етістік, зат есімдермен тіркесе береді. Еліктеу сөздер кез келген етістікпен тіркесе бермейді, өз мағыналарына қарай белгілі етістіктермен ғана тіркеседі.
Еліктеу сөздер көмекші етістікпен тіркеске түскенде, белгілі бір жағдайда ғана тіркеске түсе алатын арнаулы көмекші етістіктері болады. Олар негізінен «ет, қақ, бол, бер, қой, сал, ұр, тарт» сияқты етістіктермен тіркесіп келе береді. Мысалы: Қаққан қол домбырада жып-жып етті (І.Ж.). Бүрсеңдеп қызыл сирақ дір-дір қағады (І.Ж.). Дал- дал болды қара жердің сауыры (М.Х.). Асқардың қолынан шап беріп ұстай алды (С.М.). Бұдан әрі Қобыланды қит-қит салып шуу деді.
Еліктеу сөздердің негізгі етістіктермен тіркесуі
Еліктеу сөздер дербес, толық мағынасы бар етістіктермен де тіркеседі. Негізгі етістіктермен тіркесетін еліктеу сөздер- қосарланып, қайталанып келетіндері және жалаң тұлғалы еліктеулер.
Негізгі (еліктеу) етістіктермен тіркесетін еліктеу сөздер өз алдына сөйлем мүшелерінің қызметінде жұмсалады. Мысалы: Лиза жалт қарады (С.Е.).
Еліктеу сөздер күрделі етістіктермен де еркін тіркеске түседі. Мысалы: Немістер жапыр-жапыр жата кетісті. Еліктеу сөздердің зат есімдермен тіркеседі. Еліктеу сөздердің жалаң, күрделі түрлері зат есіммен тіркесіп, жеке сөйлем мүшесі бола алады. Мысалы: Қар суы жырған шұрқ –шұрақ жыралар жиілепті (Ғ.С.).
Қорыта келе еліктеу сөздер негізгі, көмекші етістіктермен, зат есім сөздермен ғана тіркеседі, басқа сөз таптарымен тіркесе алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |